Жүзу – бойды өсіріп, ой сергітетін спорт түрі. Ол жүрек қағысын жиілетіп, қан айналымын жақсартады және бұл спорт түріне бала кезден дағдылау қажет деген пікір бар. Ұлыбритания билігі балаларды ерте кезден осы спорт түріне бейімдейді.

Жүзу Англияда мектеп бағдарламасына енгізілген. Әдетте бассейнге барар алдында сынып үшке бөлінеді. Жақсы жүзе алатындар жаттықтырушысымен бірге бөлек кетеді, су бетінде қалқуды ғана білетіндер тізеден келетін жерден жаттығады. Мүлде жүзу білмейтіндер де бөлек топ болып үйрене бастайды. Ағылшындықтарға қаршадайынан жүзу мәдениетін сіңірудің арқасында бұл спорт түрі бүгінде Ұлыбританияда танымалдығы жөнінен алдыңғы қатарда. Жүзу Ұлыбританияда ұлттық спорт деңгейіне көтерілген. Тіпті ол ағылшындық тұрмыс салтының міндетті атрибутына айналып кеткен.

Елімізде де жүзу спортына мән берілуде. Мысалы, қаладағы №264 мектеп-лицей оқушыларының оқу процесінде жүзуді меңгеруіне мүмкіндік қарастырылған. Аптасына бір мәрте суда жүзетін оқушылар іске асқан бастамаға риза. Ата-аналар да бассейннің талапқа сай екеніне көз жеткізген. Бассейнді тұрақты түрде ұстап тұру үшін қыруар қаржы керек екені түсінікті. Суды ауыстыру, тазалауға себілетін хлорлы дәрі әжептеуір қаржыны қажет етеді. Сондықтан болар елімізде мұндай мүмкіндік қарастырылған мектеп аз. Алайда мамандар «Жүзу спорты барлық мектепте жүргізілмейінше су спортынан аз уақытта жетістікке жете алмаймыз» деген ой айтады. Ал бұл уақыт еншісіндегі дүние.

Бірақ қазір баланың ақылы спорт секцияларында өзін дамытып, осы спортты меңгеруіне жол ашылғанын айту керек. Бұл, әрине, ата-анақалтасының қалыңдығына байланысты. Тіпті мұндай орталықтарда арнайы мамандардың көмегімен сәбилердің жүзуді үйренуіне жағдай жасалған. Мысалы, Ж.Әбдірашев көшесінде орналасқан «Аквадети» орталығының іске қосылғанына 4 жылға жуықтапты. Келушілер саны көп. Жаз мезгілінде жүзуді үйренуге келетін балақайлар екі-үш есеге көбейеді екен.

–Жалпы, бассейн басқа спортпен салыстырғанда екі есе күшті талап етеді. Суға қарсы жүзу арқылы дене шымыр болады. Бассейннен кейін баланы қандай спорт түріне апарсаңыз да, денесі жаттыққан болып барады. Себебі суда дененің әр бөлігі шынығады. Жүзу кезінде барлық бұлшықет жұмыс істейді. Суда не аяқпен, не қолмен кезек-кезек жүзе алмайсыз. Бәрі бір уақытта қимылдауы тиіс. Әр бұлшықет түрліше күш алады. Сол себепті бұлшықет өз формасына қарай қалыптасады, – дейді жаттықтырушылар.

Мұндай орталықтарға ДЦП, аутизм, даун синдромы сияқты диагноз қойылған балалар да келеді. Қарапайым балаларға қарағанда оларға салмақ салынбай, белгілі норма сақталады. Бағасына тоқталсақ, айына 12 рет келсеңіз, шамамен 33 000 теңге төлейсіз. «Бұл – шығын емес. Балаңыздың денсаулығына қажет капитал» дейді мамандар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!