Айсамал САНСЫЗБАЕВА,

ауыр атлетикадан әлем

                                      біріншілігінің жүлдегері:      

Ираклионда 252 келі зілтемір қазақтың батыр қызына иіліп, әлем біріншілігінде Айсамалдың айы оңынан туды. Қоржында қола. Ел қоржынына жүлде салған жүйрік қыз Қызылордаға келе салысымен жаттығуға бет алыпты. Ауыр атлетикадағы аруды жүлдесімен құттықтап, сан сауалымызды қойдық.

– Айсамал, Грециядағы әлем чемпионатынан алған жүлдеңіз құтты болсын! Ираклионда өткен жаһандық жарыстағы нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толады, әрине. Серпе көтеруде 112 келіні бағындырсам, жұлқа көтеруде 140 келіні еңсердім. Жалпы бұл көрсеткішті күнделікті жаттығу жұмыстарында қайталап жүрмін. Өткен жылы Ташкентте өткен жарыстағы нәтижемнен төмендеу болды. Онда 113 және 145 келіні көтердім. Бастысы, жүлдеге іліктім. Нәтижені одан оры жақсарту үшін жаттығу жұмыстары үзілмейді.

– Бұл көрсеткішті жақсарту қиын емес пе?

– Ең көп көтерген көрсеткішім 258 келі. Бұл салмақты одан әрі ұлғайтпасам жүлде алу қиындай береді. Биыл нәтижеме  10-12 келі қосу ойда бар.

– Жүлдегер атанған кореялық қос атлетке қарсы қандай тактика болды?

– Бір елдің 2 қатысушысымен сынға түсу қашанда қиын. Әсіресе тактикалық тұрғыдан. Жалғыз бұл жарыста емес Пак Хежен мен Ким Хенмен жолымыз әрдайым түйісіп тұрады. Қаншалықты әлеуеті бар екенін де білемін. Екеуі де басты қарсыластарым. Ең бірінші тактикам зілтемірді көтерудегі 6 мүмкіндікті мүлт жібермеу болды. Бапкердің де тапсырмасы солай болды. Тапсырмаға сәйкес 6-ауын да сәтті орындап шықтым.

– Жарыстың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Греция ауыр атлетиканың негізін қалаушы мемлекеттің бірі болғандықтан мұндағы жарыстың барлығы жоғары деңгейде өтеді. Менің салмағымда сынға түскен 11 қатысушы да бәсекенің тартысты өтуіне өз үлесін қосты. Жаңа Зеландия, Мексика, Бразилия секілді мемлекеттерден атлеттер келіп, жарыстың көркін қыздырды. Жарыс қожайындарына жоғары бағамызды бердік. Қатысушылардың барлығына жағдай жасалған. Көңіліміз толды.

– Соңғы кездері отандық ауыр атлетикадағы көрсеткіштер төмендеп кеткен жоқ па?

– Әрнәрсенің шарықтайтын немесе құлдырайтын кезеңі болады. Сондықтан бір көрсеткішті ұстап тұру қиын. Қазақстан ауыр атлетикадан державалы мемлекетке айналғалы көптеген айып тағылып, жүлде салып жүрген жүйріктердің жолы кесілді. Бәсеңдеп қалғаны рас. Бірақ жаңа толқын өсіп келеді. Әлем рекордтары жаңаратын кезең алда деп есептеймін.

– Өзіңізге серпе мен жұлқа көтерудің қайсысы қолайлы?

– Ауыр атлеттер әрдайым екіге бөлінеді (күліп). Біреуі серпеде, енді біреуі жұлқа көтеруде алдына жан салмайды. Өзімнің оң жамбасыма келетіні серпе көтеру. Өйткені серпе көтеру сайысында үздіктер қатарынан төмендеген емеспін. Мысалы, кешегі жарысты алып қарайықшы. 112 келіні көтеріп, 2 орынмен аяқтадым. Алдымда тек кореялық Пак Хежен болды. Ал жұлқа көтеруде 140 келіні көтеріп, қола жүлдені қанағат тұттым. Сондықтан серпеде әрдайым алдыма жан салмаймын.

– Бапкерлеріңіз жарыс алдында қаншалықты мотивация береді?

– Ең алғашқы бапкерім Мұхаммед Тұрысбеков ауыр атлетиканың ләззатына қанықтырды. Шиеліде жүрген сәтімде бапкерім әрдайым жылы сөзін арнап, зілтемірден алшақтап кетпеуді қадағалады. Енді қыз баласы әрдайым құбылмалы болады ғой (күліп). Одан кейін Қызылордаға келіп, Арман Абдраев бапкердің қол астына өттім. Жаһандық жарыстарға Арман және Нұрсұлтан Бахрадин дайындап, халықаралық жарыстарда жүлде салуыма мол септігін тигізді. Бапкерлерімнің жылы сөзі мен сенім білдіргені мен үшін үлкен мотивация. Жоғарыда айтқандай 6 мүмкіндіктен мүлт кетпеу үшін бапкердің қолдауы жеткілікті.

– Айсамалдың жарысқа дайындығы қалай өтеді?

– Дайындықтың басым бөлігі жаттығу залында өтеді. Күнделікті жаттығу үзілмейді. Спортты жанымызға серік еткеннен кейін алыстамауға тырысамын. Тіпті ағайын-туыстың той томалағы дегенді ұмытамыз. Әрдайым режим сақталуы тиіс. Жаттығудан 1 күн қол үзіп қалсаң, күнделікті көтеріп жүрген  нәтижеңе әсерін тигізеді. Теориялық жаттығуға да көңіл бөлемін. Бапкерлеріммен қарсыластардың шама шарқын бақылаймыз. Дәл қазіргі сәтте зілтемір – отбасым мен досыма айналған.

– Алда қандай жарыстар мен жоспарлар күтіп тұр?

– Жоспар көп. Алда Азия және құрлықтық жарыстар бар. Кореялық басты қарсыластарымнан озу ең бірінші мақсатым болмақ. 

– Сәттілік серік болсын! Қоржыныңыз алтынға толсын!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!