Қазақ зергерлік өнері – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Әрбір бұйым тек сәндік әшекей емес, иесінің болмысын, тектілігін, тарихын айшықтайтын бірегей мұра. Қолөнердің бұл саласы – шыдамдылық пен шеберліктің, талғам мен тағылымның тоғысқан тұсы.
Осындай қасиетті өнерді жеті атадан бері жалғастырып келе жатқан әулет өкілі, «Өмір» зергерлік шеберханасының негізін қалаушы Төлеген Өтепқалиұлымен ұлттық нақыш, әулеттік дәстүр және зергерлік өнердің болашағы жөнінде сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қазақтың зергерлік өнері – тарихы терең, мәні мен мағынасы мол қазына. Сіз зергерлік өнерді қай кезден бастап қолға алдыңыз? Бұл салаға келуге не түрткі болды?
– Зергерлік өнер мен үшін жай кәсіп емес, бұл – қанымызға сіңген, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Әкем Өтепқали Жүндібайұлы – зергер, атам Жүндібай Өмірұлы – зергер, арғыатам Өмір Махамбетұлы да зергер, одан әрі Махамбет Шопанұлына дейін жалғасатын шеберлік желісі бар. Біз – жеті атадан әрі қарай да зергерлікпен айналысқан әулетпіз. Бұл өнер біздің әулетімізде тек күнкөріс емес, бабадан қалған аманат ретінде қастерленеді. Қазір інім Төремұратпен қарындасым Гүлкенже де осы жолды жалғастырып келеді. Сондықтан менің бұлсалаға келуім – жүрек қалауым ғана емес, ата жолын жалғау, бізден бұрынғы шеберлер аманатын келер ұрпаққа дамытып, деңгейін жоғары күйде жеткізу. Біз – Өмір әулеті, зергерлер династиясымыз.

– Әшекей – тек сәндік бұйым ғана емес, ол иесінің болмысын, тектілігін, өмірлік ұстанымын көрсететін белгі. Шығармаларыңызға қандай рухани немесе тарихи идеялар арқау болады? Өз туындыларыңызда ұлттық нақышты заманауи талғаммен қалай үйлестіресіз?
– Біздің әулет шеберлерінің жасаған әр бұйымында бір тарих жатыр. Мен де сол дәстүрді жалғастырып, әр туындыма қазақтың ою-өрнегін, таңба символдарын, халықтың өмір салты мен рухани дүниесін енгіземін. Сонымен бірге заманауи дизайн мен минимализм элементтерін үйлестіремін. Осылайша өткен мен бүгіннің арасын байланыстыратын көпір болсамдеймін.
– Бүгінде нарық бәсекесі өтежоғары. «Өмір» зергерлік шеберхана-сын өзгелерден даралап тұрған бастыерекшелік неде деп ойлайсыз?
– Біздің ерекшелігіміз – әулетіміздің ғасырдан ғасырға жалғасқан тәжірибесі менәр бұйымның қайталанбас қолөнер туындысы болуы. Біз жоғары сынамалы алтын мен күмісті, табиғи тастарды ғана қолданамыз. Әр әшекей өз иесіне арналған жеке тарих,тек өзіне лайық бірегей образ бола алады.

– Зергерлік өнерге қадам басқан жасмаманның алғашқы ұстазы – тәжірибемен төзім. Сіз бұл кәсіптің қыр-сырынмеңгеруде қандай қиындықтардан өттіңіз? Өзіңіздің хикаяңызбен бөліссеңіз.
– Мен үшін зергерлік өнердің алғашқы мектебі – өз үйіміздің шеберханасы болды. Бала күнімде әкем Өтепқали Жүндібайұлының жұмыс үстелінде шашылып жатқан күміс сынықтары, әрқайсысының өз тарихы бар ескі әшекейлер, ұшында жылт еткен болат саймандар мені ерекше қызықтыратын. Әкем – жай ғана шебер емес, кеңес кезінде Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет және қолданбалы өнер училищесінде зергерлік мамандығын бітірген кәсіби маман. Ол маған ең бірінші кезекте «зергерлік – шыдамдылықтың өнері» екенін үйретті.
Сол бала күнгі шеберхананың иісі, күмістің сыңғыры, әкемнің сабырлы дауысы – менің өмірімдегі ең қымбат ұстаздық сабақтар.
Алғашқы ұстазым да, ең қатал сыншымда – әкем. Металды қыздырудың дәл температурасын табу, миллиметрлік бөлшектерді мінсіз қию, көне сіркелеу мен зерлеу әдістерін меңгеру – бәрі оңай болған жоқ. Бір бұйымды қайта-қайта жасап, түн орта сында да шеберханадан шықпай қалатын кездерім көп еді. Кейде қолымнан түк келмей, көңілім түсіп, тастағым келетін сәттерде әкем: «Ұлым, нағыз зергерді қолының ептілігі емес, төзімі өсіреді», – деп жігер беретін.
Ал мен Т.Жүргенов атындағы Қазақұлттық өнер академиясында алған кәсіби білімімді әулетіміздің дәстүрімен ұштастырып, әр бұйымды тек әшекей ғана емес, рухани мұра ретінде жасауға тырысамын.

– Әрбір зергер жасаған бұйымынөз перзентіндей көреді дейді. Сіз үшінаса қымбат, жүрегіңізге жақын ерекшетуындыңыз бар ма? Оның тарихын айтып берсеңіз.
– Ең қымбат туындым – әкемнің батасымен, атамның көне әдістерін қолданып жасаған белбеуім. Ол менің халықаралық көрмедегі алғашқы жетістігімнің куәсі. Әулетімнің атын танытқан, шетелдік қонақтардың да таңданысын тудырған бұйым.
– Қазақ зергерлігін шетелге таныту – ұлттық мәдениетті насихаттаудыңбір жолы. Осы бағытта қандайжоспарларыңыз бар және халықаралықдеңгейде қазақ әшекейінің беделін арттыру үшін не істеу керек деп санайсыз?
– Мақсатым – қазақ зергерлік өнерін халықаралық деңгейде беделді ету. Ол үшін көрмелер мен сән апталықтарына қатысып, тек әшекейдің сұлулығын емес, оның артындағы тарихын да жеткізу керек. Әшекей – бұл біздің мәдениетіміздің айнасы. Сол айна арқылы Қазақстанды танытқым келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!