Спорт саласындағы саңлақтар туралы көп айтамыз. Олардың жеткен жетістіктерімен мақтанып, абыройын асқақтатамыз. Алайда кез келген мықты маманның артында білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы тұратыны анық. Жақында Tik-Tok әлеуметтік желісінде таеквондо жаттықтырушысы туралы ерекше бейнеролик тарады. Шәкіртінің көз жасын сүртіп, қолдау көрсеткен оның бұл ісі көпшілікті сүйсіндірді. Біз суреттеп отырған кейіпкер – 20 жастағы Диас Айымқұлов. 2-курс студенті бола тұра 60 баланы тегін жаттықтыратын бапкермен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Диас Нұрлыбекұлы, спортқа деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Бүгінгі күнге дейін қандай жетістіктерге жеттіңіз?

– 12 жасымда спортқа деген қызығушылығым артып, өзіме ұнайтын таеквондомен шұғылдана бастадым. Сол кезден бері бұл салаға деген сүйіспеншілігім артпаса, кеміген емес.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Әр спортшының жүрек түбінде жайғасқан арман-мақсаты бар. Сол секілді менің де алға қойған жоспарларым болды. Көздеген армандарыма жету үшін өзімді үздіксіз қамшылап, шыңдай түстім. Шүкір, байрақты бәсекелерде бақ сынап, бұйырған жүлделерді иеленіп келемін.

Мәселен, БӘҰ-де өткен спорт сайысында таэквондодан күміс жүлде иелендім. Бейрут және Иран елдерінде өткен турнилердің қатысушысымын. Сондай-ақ Азия елдерінде ұйымдастырылған спорт байқауларында төбе көрсеттім. Жарысқа бару тек қатысумен ғана шектелмейді. Одан бөлек өзге елдің спортшыларымен тәжірибе алмасып, білмегеніңді үйренуге де мүмкіндік болады.

Жалпы әр елдің спорт саласындағы өзіндік ерекшелігі бар. Олардың спорт мәдениетімен танысу, көру менің білімім мен біліктілігімді арттыруға үлкен септігін тигізді. Сол жақтан жиып-терген тәжірибемді ауыл балаларына дарытуға күш салып жатырмын.

– Екі жылға жуық уақыт бойы бүлдіршіндерді спортқа баулып келесіз. Бапкерлікке қалай келдіңіз?

– Кезекті бір жарыстардың бірінде жарақат алып қалдым. Алайда спортқа деген ынтам мен қызығушылығым басымырақ болды. Сол себептен сағым сынбай, жаттықтырушы болып, өзімді шыңдағым келді. Оның үстіне мен тұратын Сазды ауылындағы бүлдіршіндері уақытын тиімді пайдаланса екен деген тілегім болды. Оларды спортқа бейімдеп, «болашаққа басатын қадамдары сенімді болса» екен деген арманыма жан бітірдім.

– Өзіңіз «Дене шынықтыру және спорт» факультетінің 2-курс студенті екенсіз. Оның үстіне балаларды спортқа баулисыз. Барлығына уақыт жеткілікті ме?

– Жұмыс пен оқуды қатар алып жүру қиындық тудырмайды. Себебі жас кезде кез келген бағытта дамыған дұрыс деп есептеймін.

Ал мұның барлығы мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта жастық шағымда ерте еңбек етуге бейімделгенім үшін өз- өзіме алғыс айтатынымды сеземін.

– Желіге салынған бейнероликтен кейін көптеген көрермен сізге деген ілтипатын білдірді. Тіпті оқушыларыңызға материалдық көмек ұсынғандар да болғанын байқадық. Қанша адам қол ұшын созды? Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді ме?

– Иә, көп қаралым жинаған бейнероликтің арқасында жүрегі жайсаң көрермен аз да болса, таудай ниетпен көмектесуге тырысты. Алматы қаласының бір тұрғыны материалдық тұрғыда жәрдем берді. Яғни спорттық құрылғыларды сыйға тартты. Қанша жерден жаттығып, тынбай еңбектенсең де, арнайы спорттық құралдарсыз спорттық білім алу қиын. Сондықтан ол құрылғылардың балаларды шынықтыруға үлкен септігі тиері анық. Ал әзірге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмеді.

– «Жеңіліс тапса да, баланы қолдау маңызды» деген екенсіз «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатыңызда. Жақсы бапкер болу үшін нені білу керек? Өзіңіз спорт саласынан кімді үлгі тұтасыз?

– Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Сол секілді шәкірттерімді бір сүрінді екен деп жазғырмаймын. Керісінше «сол жеңілістен сабақ ал» деп әрі қарай қамшылап отырамын. Себебі мен тәрбиелейтін спортшылардың көбі кішкентай болғандықтан, олардың психологиясы да жасына сай сезімтал болады. Баланы жасытпай, қолдау көрсетіп, оған мотивция беру арқылы жеңіске жетелеуге болады. Мықты спортшы шықсын десек, олардың бұл салаға деген қызығушылығын оятуымыз қажет. Десе де асыра мақтаудың да, қолдаудың да өз шегі бар. Олардың спорттық психология қалыптастыруы үшін барымды саламын. Ол – менің басты міндетім.

Ал спортта үлгі тұтар тұлғам өзімнің ұстазым әрі бапкерім – Жарас Пірмағамбетов. Үйреткені де, үйретері де көп азамат. Әлі күнге дейін сол кісіден сабақ аламын.

– Балаларды неліктен тегін жаттықтырасыз? Өзіңіз жаттықтыратын спорт кешенінің жағдайы жақсы ма?

– Мемлекеттің қолдауымен іргетасы қаланған Сазды балалар спорт мектебі ауыл халқының игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Соның арқасында жас спортшылар тегін білім алуда. Кешенде балаларға толық жағдай жасалған. Жаңа спорттық құралдармен қамтамасыз етілген. Мен балаларды шынықтырып қана қоймай, өзім де бұл салада шыңдалып, бапкерліктің қыр-сырын үйренудемін һәм тегін жаттықтыратыныма еш қынжылмаймын.

– Жазғы Олимпиада ойындарын көрген боларсыз. Байрақты бәсекедегі қазақ спортшыларының жағдайы белгілі болды. Спортшы ретінде сіз не айтасыз?

– Төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алу кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Мақтаныштарымыз ұзақ уақыт еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында Париж төрінде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ал кіл мықтылар бас қосқан додада топ жару қиынның қиыны. Сәті түсіп бұйырған жүлделер ел қоржынына түсті.

Өзім таеквондомен айналыса-тындықтан еліміздің атынан бақ сынаған екі жас спортшының бәсекесін тамашаладым. Екеуі де мықты. Осы күнге дейін спорттық сайыстарда бас жүлдені бермей келді. Бірақ басты додада жүлде бұйырмады. Қалай десек те Олимпиада ойындарындағы атмосфера мүлдем бөлек болады. Артыңда бір аудан, облыс қана емес, тұтас қазақ елі тұр. Сондай сәтте жүйке сыр бермеуі қажет. Ал қобалжитын болса кез келген жүлде қолдан сусып кетеді деп ойлаймын. Бірақ мен ел спортшыларына деген сенімімді жолғалтпаймын. Әлі талай дүбірлі додада топ жарып, Қазақстанның көк туын көкте желбірететініне сенемін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!