Үйтолған Жареке – жиі мәселе көтеріп, оның шешім табуына атсалысатын тәуелсіз журналист. Аттанға бергісіз айқайға баспаса да аяғын тартып жүретіндер жоқ емес. Болмысы мен тілшілік тіршілігі жайында әр адам әрқилы ойда. Осы ретте көпшілікке жұмбақ әрі әр жазбасы жиі талқыланатын кейіпкермен әңгіме өрбітуді жөн санадық.

Үйтолған десе үркіп қарайтындар бар. Бірақ желіде сөзіңіз өткір болғанымен, өмірде жаныңыз жұмсақ көрінеді. Айтыңызшы, сізді қоғам не үшін «қатқыл» образбен қабылдайды?
– Бетпе-бет келгенде біреудің үркіп, қашқанын кездестірген емеспін. Жаным да, жүрегім де жұмсақ. Барынша түсінуге және түсінікті болуға тырысамын. Ал, қатқыл образға келетін болсақ, иліге қоймайтын, алдауға көнбейтін кезім болады. Бір нәрсеге көзім жетіп, бұрыстығын білсем соны дәлелдегенше тынбайтыным бар. Жақыным ба, жатым ба қарамайтыным содан. Ал негізі жүріс тұрысы дұрыс адам менен үрікпейді, қорықпайды да. Адами сыйластықта, сәлеміміз түзу араласамыз.

Қазір кейбір проблема фейсбук арқылы шешімін табатыны рас. Сізге де мұңын шағып, арыз шағым айтатындар аз емес. Жалпы ақиқат пен жалғанға қалай көз жеткізесіз? Ал айтуға болатынның ақиқаты мен үндемеудің ақиқатын қаншалықты саралайсыз?
– Қаласақ та, қаламасақ та көп мәселе әлеуметтік желі, оның ішінде фейсбук арқылы шешімін табады. Билік пен бұқара арасындағы ең жедел байланыс осы платформада орнайды. Оның кері байланысы да желіде жедел. Сосын бәрінде парақша болса да, көбіне адамдар арыз-шағымын маған жазады. Біріншіден, оқырманым көп, 20 мыңнан асады. Екіншіден, көбі ойын ашып жеткізе алмағандықтан, аудио арқылы баяндап береді. Ал оны билікке және оқырманға өтімді етіп жазу керек. Тіпті кейбірі арыз-шағымды өз атынан жарияласа, қызметтен қысым көреміз деп қорқады. Сол себепті маған хабарласады. Айтуға болатынның бәрін бүкпеуге тырысамын.
Расымен ақпаратты сіздің парақшадан бірінші болып біледі. Дегенмен өзіңіз қандай дереккөзге сүйенесіз? Ақпаратты қайдан аласыз… Кейде жариялаған постты өшіруге нендей жағдайлар түрткі болады?
– Ақпаратты бірінші болып жеткізу – ұстанымым. Фишкам десе де болады. Ақпаратты қайдан алатыным бәріне қызық. Содан болар желіде де бұл жайында сұрайтындар бар. Үйтолғанның инсайдері «анау шығар, мынау шығар» деп сыйлас адамдарымды топшылайды. Ал инсайдермен еш жерде жария кездеспейсің, онымен байланысатыныңды ең, ең жақын деген досың да білмейді. Бірақ ақпаратты аламын. Ақпаратты табу, ала білу шеберлігім 10 жыл қызмет атқарған «Қоғам ТВ» телеарнасынан басталған. Сол кезде де тақырыптық сюжет, төтенше оқиға болсын бірінші біліп, жариялауға қалыптастым. Шыны керек, менімен сөйлескен кез келген адам бірнеше ақпарат бергенін өзі де білмей қалады. Сөздің арасынан, тіпті әріптерден білгім келген жайтты суырып аламын.
Жариялаған кей постты еркімнен тыс өшіртеді. Арыз-шағымды айтқан адам алып тастаңызшы деп мәмілеге келеді. Жан-жағымдағы ағайын-досым, сыйластарым шулатпай-ақ қояйықшы, алып тасташы деп өтініш білдіреді. Бірақ бұл алып тастағаныммен мәселеден сырт қаламын деген сөз емес. Қаншалықты, қай деңгейде шешім тапқанын қадағалап, біліп отырамын. Оның үстіне парақшам көптеген сайтқа шикізат көзі. Фейсбукке жариялған жаңалықты алып, әр сайт өз деңгейінде түрлендіреді. Егер ол ақпаратты жазбасам, олар бейхабар болатын еді. Осыған қынжыламын. Негативті жаңалық шыққан соң, мен арқылы аймақтың кейбір репутациясына нұқсан келеді. Сосын жас баспасөз хатшылар «апай, қазір сіздің парақшадан алады ғой, бәрі шулап кетеді» дегендіктен, сөзге тоқтап, өшіремін.
Шындықты жазу үшін таныс-тамырдан қол үзуге тура келетінін тілге тиек еттіңіз. Бұл мамандыққа адалдық па? Әлде…
– Принципім бойынша саяқ жүретінмін. Көп ортаға бармай, мүдделілер қақтығысына түсіп қалудан қашқақтаймын. Өйткені ортаға барғаннан кейін, оның да ықпалы болары белгілі. Шыны керек, ықпалдан да алшақ жүремін. Мұны мамандыққа адалдық десеңіз де болады. Біріншіден, репутациямды ойлау мен қорғағандығым. Сол үшін көп адаммен шай ішпеуге тырысамын. Талай ішкен шайым басыма таяқ болып тиген. Сондықтан қоғамда танымалдылығым ұлғайған сайын әр қадамымды аңдап басамын.
– Қаламақыңыз қанша?
– Көбі қаламақымды тым жоғары деп ойлайды. Бірақ қаламақы көлемі мынадай деп нақты қойған емеспін. Кім мені қалай бағалайды, соның деңгейінде ғана аламын. Халықтан келген арыз-шағым үшін қаламақы алған емеспін, тегін. Ал мекеме мен кәсіпкерлік нысандар жұмысын парақшама жариялағысы келеді, шығарып беремін. Сосын өздерінің бергенін аламын. Қаламақым мынадай қаржы деп кесіп айтпаймын.
Тәуелсіз журналистке қауіп төнетіні аян. Мұндай жайтпен бетпе-бет келіп, бүгіп қалмасаңыз да бұғып қалған сәт болды ма? Сіздіңше, журналист құқығы қалай қорғалып жүр?
– Мұндай қауіппен бетпе-бет келмедім. Себебі оппозиционер, белгілі бір саяси топ немесе ұйым мүшесі емеспін. Хал-қадірімше әділетін, турасын айтуға тырысып жүрмін. Менікі ақпарат беру деңгейінде ғана, жеке мүдденің сойылын соқпаймын. Кейбір жағдайда бүгіп те, бұғып та қалатын кез болады. Өйткені әйелмін, анамын, отбасым бар. Сондықтан ақкөзденіп ұмтыла беруге болмайды деп есептеймін. Өзімді тоқтататын, ұстайтын тұстар жоқ емес. Неше түрлі адам бар. Есігіңді қағып тұрып алады. Сондықтан ең үлкен жеңіс – үндемей өту деген ұстанымдамын. Осыдан үш жыл бұрын отбасыма әсер еткісі келіп, көлікпен аңдып, үй жағыма дейін келген оқиғаны бастан өткердім.
– Өшпенділік пен ғадауат тілі ақпараттық соғысты өршітетінін білеміз. Қоғамды манипуляциялау арқылы қырғи-қабақ етіп, дезинформациямен дүрліктіреді. Сіз де зорлық-зомбылықты жиі жазасыз. Ашық сынайсыз. Бұл сіздің стиліңіз бе? Жалпы, ақпарат беру тәсіліңізді қандай жанрға жатқызуға болады?
– Кез келген ақпаратты қарапайым, жатық тілмен жеткізуге тырысамын. Журналист сөзді ойната да білу керек. Оқырманның миына салмақ түсірмес үшін шұбарлаңқы мәтін жазбаймын. Содан болар постымның өтетіні. Иә, зорлық-зомбылықты, қоғамдағы арсыздықты ашық сынаймын. Мұны стилім деп те айтуға болмайды. Әркімнің өмір сүруде принципі бар, соған қайшы келген дүниені айтып жазудан қашпаймын. Бұл тек жеке басыма қатысты емес қой. Ұлтқа зиян деген нәрсені ашық айтамын. Әркім қолынан келгенін жасайды. Жазуға бейім болған соң, қоғамдық пікір туғызып, жазу арқылы қоғамдағы кемшіліктің анықталуына, халықтың санасына өзгеріс енгізуге мұрындық болсам деймін. Бұл әрбір журналистің арман-мақсаты деп есептеймін.
Кибер шабуылға қарсы тұрар қауқарымыз бар ма? Ал халықтың сауат деңгейі қандай?
– Қазір халықты кибер сауатты деп айта алмаймыз. Барлық ақпаратты талдамай жұтып жатыр. Фейк пе әлде бот па оған мән бермейді де. Кибер шабуылға қарсы тұрар қауқарымыз да пәлендей деп баға бере алмаймын. Халықтың сауаты ол деңгейге жете қойған жоқ. Менен гөрі бұл сұрақты айтишниктер жақсы біледі ғой. Бірақ қоғамдағы мүдделер қақтығысы, кәсіпкерлік саласындағы бақталастық кибер шабуылдың айналасында жүзеге асып отыр. Оны көріп те жүрміз.
«Degdar-news.kz» ақпараттық сайтында редакторсыз. Қателеспесем, бұл сөз текті және асыл деген мағынаны білдіреді. Сайтыңызда негативті жаңалықты жиі салмайтыныңыздың себебі осы ма?
– Иә, дегдар сөзі бекзат мағынасымен қабаттас. Сайтты ашқаныма 3 жыл болды. Өзім айналысып отырмын, ресурсым толық емес. Мақсатым руханият, әдебиет пен мәдениеттегі, ұлттық идеологиядағы тұщымды ойларды жариялап, авторлармен жұмыс істеу болған. Бірақ бәрі қаржыға тіреледі. Қазір мемлекеттік ақпараттық саясатты сайтым арқылы жүргізіп отырмын. Кейбір сайттар атып кетті, шауып кетті деп қанша күйеуге тигені жайында ақпарат жариялайды. Мұндай дүниеге қарсымын, сайтымда жарияламайтыным да содан. Десе де сайт жұмысын солай өрбіткен әріптестерді кінәлауға болмайды. Өйткені қоғам сондай ақпаратты іздеп оқиды. Рухани материал мен әншінің гардеробындағы жаңалықты қатар қойса, көбі әнші туралы сілтемені ашатыны анық. Көңілім қаламаған соң мұндай жаңалықты емес, аймақтағы жаңалықты қалт жібермей жариялаймын.
Билік өкілдері атаулы күндерде сізді марапат пен сыйлықтан құр қалдырмайды. Мұның сыры неде?
– Ешқандай сыры да, жыры да жоқ. Журналистика саласында жүргеніме 20 жыл. Осы уақыт аралығында екі ғана мемлекеттік марапат алдым. Пандемия кезінде еріктілік қызметім үшін берілген Халық алғысы медалі мен өткен жылғы журналистер күнінде алған Ақпарат саласының үздігі төс белгісі. 40 жасқа келген адам үшін бұл көп емес деп ойлаймын. Бірақ «40 жасыңа осы марапат болады, ұсынғандардан бас тарт» деп өзіме тоқтау қойғанмын. Биліктің есігін жағалап, марапат сұраған емеспін. Қолында билігі бар, ұжым басқарып жүрген адамдармен сыйласқанның өзінде «біреуді жұмысқа ал, не болмаса кадрлық мәселені былай жасайық» деп араласып, күнімді салған емеспін. Жағдай айтқым келмейді, өйткені кіріптар, қарыздар боласың. Одан да тіке қарап, әңгіме айта алатындай болғым келеді.
Фариза ақын кісі танымайтындығына өкінген екен. «Жаным қалмай көмектескен адамдарым кейіннен өзіме жау болып шығады» дейді. Мұндай өкінішіңіз бар ма? Сізге қандай адамдар ұнайды?
– Пәлендей өкінішім жоқ. Өмірде бәрі тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болмайды. Құлап та көрдім, денсаулығыммен де сыналдым. Сондай сәтте менен жалт бұрылып кеткендер болды. Ал нық тұрып, ел алдына шыға бастағанда өздері оралды. Құдай мені жақсы көреді деп жиі жазамын. Құлатқан да, қайта тұрғызған да өзі. Адам танымаймын деп айта алмаймын. Түйсігім алдамайды. Біреулер туралы күмәндансам да араласып жүремін. Кейін сол күмән шындыққа айналады. Талай адамға бірнеше мәрте көмек беріп, кейін өтінішінен бас тартқанда жаман атандым. Айналамда өтірік айтып, көлгірситін адамдар болды. Жалпы адамды бар болмысымен қабылдауға тырысамын. Бірақ қабылдай алмайтын да мінез бар. Ол аярлық, арсыздық, бетіне күліп қарап, сыртынан басқаша әрекет жасау. Сосын ойнататын адамдарды жаныма жуытпаймын, тіпті жалғыз қалуға бармын.
– Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!