Қазіргі қазақ жастарының ұғымы мүлде бөлек. Шынын айту керек, кеңестік дәуірдің кезеңіндегідей әлдебіреудің қол астында жұмыс жасауды жоспарлай бермейді. Жеке бизнес, бренд шығарсам немесе трендте болсам деп мақсат қояды. Соның бірі – Абылай Шайхыслам. Өңірге белгілі «ORDA Travel» туристік агенттіктің негізін қалаушы. Жылына жүзден аса саяхатшыны бақытқа бөлейтін гид маманын сұқбат алаңына шақырдық.
– Абылай Шайхыслам, алдымен уақыт тауып, келісім бергеніңізге рақмет. Сыртыңыздан бақылайтын азаматтарға мектеп мұғалімі болудан бас тартқаныңыз қызық. Осы жайлы айтыңызшы?
– Қош көрдік! Менің жасым ол уақытта 24-те. Шыны керек, жақсы жалақы алсамда тұрақты жұмыспен айналысқым келмеді. Көбіне өзімді еркін әрі елдің назарында жүргенді жаным қалады. Туризм саласын қолға алғалы таңдауымның дұрыс шешім екеніне көз жеткіздім.
– «ORDA Travel» кімнің идеясы? Қалыптасу кезеңін оқырманға жеткізейікші…
– Бұл ұзақ әңгіме (күліп). Астана қаласында соңғы курс студентімін. Сол сәттері жанымды «бірдеңе жасау керек» деген сұрақ жиі мазалайтын. Солай жүріп, жарты жылға жуық уақытымды жоғалтып алдым. Елордадан қайтатын ойым жоқ. Болашақ жоспарларымның басым көпшілігін бас қаламен байланыстырып қойғанмын. Сөйтіп, отбасыммен ақылдаса келе Қызылордадан дүкен ашатын болып шештім. Келдім, аштым. 4 айда банкрот болдым. Сол аралықта Астанадан ағамның қоңырауы түсіп, туризм саласын ұсынып көрді. Сол кездегі Абылайды «Оған кім барады? Қалай апарамын?» деген қорқынышты сұрақтар мазалай берді. Менің «Бастап көру керек» деген жақсы қасиетім бар. Соның арқасында алғашқы турды тәтеммен бірге жылдам ұйымдастырып жібердік.
Алғашқы тур әлі есімде, «Тау самалы» демалыс курортына саяхат. Бұл сапардың да өз қызығы бар. Алғашында екі автобусқа шақтап саяхатшыларды жинап алдық. Шығындарды жобалап есептедік. Енді шығатын күні «Тау самалы»-нан хабарласып, таудың басында қардың жоқ екенін жеткізгенде, мүмкін бизнес менікі емес деген ой келді. Құдайдың қарасқаны болар, сол саяхатшылардың арасынан қар болмаса да барғанымыздың өзі олжа деп бастама көтеріп, сапарға шығып кеттік. Алғашқы турды аман- есен аяқтап, табысымды есептеп көрсем, қалтамда 2000 теңге ғана қалыпты. Бірақ маған, сол кісілермен өткізген уақыт, жол көрсеткен, саяхатшылардың назары менде болғаны ұнап қалды. Сосын осы кәсібімді одан әрі жалғастыруды жөн көрдім. Аллаға шүкір, қазіргі таңда бір жылда 12 мемлекетке тур ұйымдастырамыз.
– Қарап отырсақ, әлеуметтік желілерде белсендісіз. Кей блогерден де асып түсесіз. Аудиторияңыздың ауқымы қалай кеңейді?
– Бастапқы уақытта «ORDA Travel» парақшасына тіркелушілер күн сайын артып отырды. Ешкімнің көмегінсіз, екі аккаунтымды қалыпты деңгейде жүргізіп жүрдім. Шамамен 35-36 мың оқырманым болды. Бұл тура бір жыл бұрынғы көрсеткіш. Бір уақыттары мен тұрақты оқитын қызылордалық блогер, жастардың арасында кең таралған Нұрбек Хамидуллаев бауырым саяхаттың бағасын сұрап жазған болатын. Мен қуана тегін алып кетемін деп ұсыныс жасап, таныстық бастағанбыз. Сапардың сәтті болғаны соншалық, мен жақсы жолдас тауып, бір – бірімізге септігімізді тигізіп келеміз. Ол маркетинг саласының қыр-сырын түсіріндіріп, оқырманмен қалай кері байланыс жасау алгоритмдерін ашық айтып берді. Міне, сол уақыттан бері 1 жыл өтті. Қазір 130 мың оқырманым бар. Осы жерде керемет кеңесім – жаңа таныстықта әрқашан ашық болу керек. Оның тигізер пайдасы өте көп.

– Бизнес болған жерде түрлі жағдайлар орын алып жатады. «Қадалған» уақытыңыз болды ма?
– Әрине, кез келген кәсіпкердің басынан өтетін жағдай деп ойлаймын. Бизнес сонысымен қызық. Жақында ғана Дубай сапарының өзінде 500 долларға ұтылып қалдым. Кәсіпте кішкентай немесе үлкен қателік деген болмайды. Қай қайсысы да сені тақырға отырғызып жіберуі мүмкін. Мынадай қызық болған. Ойымда ештеңе жоқ, Дубайдан қайтып келе жатырмыз. 1000 долларды шамаданға сала салдым. Өзім ұшып кеттім. Келіп, күтіп алып қарасам, ішінде ақшам жоқ. Кімнің қай жерде қандай әрекет жасағанын айтып, кінәлай алмаймын. Бірақ 1000 доллар да аз ақша емес. Қызығы, доллардың қасында арабтың ақшасы дилхам және қырғыздың сомы да болған еді. Алайда, сөмкемде тек қырғыздың қызыл ақшасы ғана қалыпты. Білген кезде, көңілім сәл түсті. Бірақ, өзіме сабақ болған бұл сәтте «Мен қаншалықты ақша жоғалтсам, соған сай қаржы тауып жүрмін» деп ой түйдім. Бұл жағдайдың менің басымнан өткеніне қуандым. Нәтижесінде, саяхатшыларыма сабақ ретінде айтып жүремін.
– Адамдардың басым көпшілігі шетелге шығар алдында қауіпсіздігіне алаңдайды. Осы жағдайдың алдын қалай аласыз?
– Адам бірінші сену керек. Қорқыныштардың барлығын миынан шығарып, тек жақсы нәрселерді ойлау қажет. Мен 9 елге саяхаттадым. Айтарым, туристік мемлекет саяхатшыларды қабылдап үйреген. Келген қонақтарға қауіп төндіру деген жағдайлар жоқтың қасы. Қараңызшы, ұшаққа міне алмаймын дейді. Себеп – құлауымыз мүмкін деп түсіндіреді. Құдай сақтасын, жол да, темір жол да апат орын алады. Ал сол қорқыныш тудыратын – ұшақ ең қауіпсіз тасымал ретінде дәлелденген. Сондықтан, жақсы ойлау керек, сену керек және сену керек…
– Рақмет, керемет жауап болды. Қорытындыласақ, уақытын құр телефонда өткізетін өзіңіздің замандастарыңызға, іні- бауырларыңызға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Адамға ең бірінші – қаржылық сауаттылық қажет. Қанша көп табыс тапсаңыз да сауатыңыз болмаса, ешқашан нәтиже көрсете алмайсыз. Екіншіден, жасыратыны жоқ, жастардың көбі микрофинанстық мекелемелерге және азарттық ойындарға басы байланып қалған. Осы дүниелерге жоламауын сұраймын. Жеңіл ақшаның берекесі болмайды және жақсылылыққа апармайды. Арам ақшаға иланбай, адал еңбек етуге тырысу керек. Әлемде ақша көп, тек соны қалай табу керектігін ойланып, әрекет ету қажет.
– Сұқбатыңызға рақмет! Алдағы жоспарыңызға сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен Айдос МЫРЗАЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!