Бүгінгі жас сайлауға жеңіл қарамайды. Әрбір дауыстың артында мол жауапкершілік жатқанын айқын сезінеді. Сайлауда олар тек дауыс берумен шектелмейді, бақылаушы, ерікті, ақпараттық-түсіндіру жұмысына қатысушы болып та белсенділігін байқатып жүр. Тіпті сайлауда өз кандидатурасын ұсынып жүргендер де жетерлік.

Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановты әңгімеге тартып, бүгінгі сайлаудағы жастардың белсенділігі жайлы сұраған едік. Мұнан бөлек, өңірде халық сайлаған жас әкімдер туралы да қызықты дерекке куә болдық.

– Әділбек Бөрібайұлы, бүгін сізді Дүниежүзілік сайлау күнінде сұхбат алаңына шақырып отырмыз. Медиа кеңістікте қазір ақпарат тым көп. Бұл күннің маңыздылығын қоғам қалай қабылдауы керек деп санайсыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Дүниежүзілік сайлау күні – бұл жай ғана атаулы күн емес, ол демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі – азаматтардың таңдау құқығын насихаттайтын күн.

Негізгі тарихы тым әріден басталған. Осыдан 21 жыл бұрын Венгрияда сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында ақпан айының бірінші бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекіту туралы бастама көтеріледі. Атаулы күннің мәні мен маңызы айқындалған жиында бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады.

Содан бергі уақытта әлем елдері, оның ішінде Қазақстан сайлау жүйесіндегі бұл елеулі күнге маңызды басқосулар мен түрлі кездесулер өткізу арқылы басымдық береді.

Бұл күнді атап өтудің арнайы іс-шаралар жоспарын бекіттік. Барлық деңгейдегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, байқаушылар және жастардың қатысуымен түрлі шаралар өткізуді бастадық.

Жаңадан форматтар да енгізілуде. Мәселен, Қазалы ауданында сайланған әкім мен депутаттардың жастармен «face to face» форматта кездесуін өткізсек, Сырдарияда жастар мен комиссия мүшелерінің «квиз» форматтағы басқосуы ұйымдастырылды.

Сайлау – халық пен биліктің арасындағы сенім көпірі. Ол – әділдікке, ашықтыққа және заң үстемдігіне негізделген мемлекеттік басқарудың берік тірегі екені даусыз.

Азаматтардың өз таңдауына сүйеніп, шешім қабылдауы қоғамда демократиялық құндылықтарды дамытады. Мерекенің негізгі мәні де осы.

– Сөзіңізде арнайы іс-шаралар жоспарын жасадық дедіңіз. Комиссияға келіп, «мен де сайлау жүйесіне өз үлесімді қосайын, бір жоба ұсынсам қолдайсыздар ма?» деп келетін жастар болды ма?

– Сайлау жүйесінің дамуына ниеті бар жастар жоқ емес. Сайлау жүйесінің ашықтығы мен жариялылығы – заңмен бекітілген қағидаттар. Соған сәйкес біз жастардың ұсыныстарын тыңдауға, жобаларын қарауға дайынбыз. Жастар тек сайлаушы ретінде ғана емес, бақылаушы, ерікті, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысушы ретінде де белсенділік танытып келеді.

Қазалы ауданы әкімінің сайлау науқаны кезінде №249 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Аяжан Мөңкебай жасанды интеллект арқылы сайлау мәдениетін қалыптастыруға жетелейтін түрлі комикстерді даярлап, ұсынды.

Оның өніміне ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдірұлы жоғары баға беріп, комиксті республика деңгейінде өткен іс-шараның көрмесіне қойды.

Автоволонтер болуға ниет танытып, сайлау кезінде ақпараттық түсіндірмелік жұмыстарды бөлісіп, қолдау білдіретін жастарымыз да аз емес.

– Дауыс беру – жас талғамайды. Дегенмен жастардың сайлауға бару деңгейі көңіл көншітеді ме?

– Жастардың қызығушылығы төмен деп айту дұрыс болмас. Керісінше, кейінгі жылдары олардың қоғамдағы процестерге бей-жай қарамайтыны байқалады. Цифрлық ақпараттың қолжетімділігі, құқықтық түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі жастардың саналы таңдау жасауына ықпал етуде. Батыл ұсыныстарын айтып, сұрақтарын жолдап тұрады.

Өңірде 178057 жас сайлаушы бар. Олардың басым бөлігі ауылда тұрады. Дауыс беру кезінде отбасымен бірге келетін жастарымыз жетерлік. Сондай-ақ комиссия мүшелері арасынан да 35 жасқа дейінгі жастар категориясы бар.

– Ауыл мен қала жастарының белсенділігінде айырмашылық бар ма?

– Айырмашылық көбіне ақпарат алу тәсілінде. Қала жастары ақпаратты онлайн көздерден жылдам алады. Ал ауыл жастары тікелей кездесулер, түсіндіру шаралары арқылы белсендірек қатысады. Бірақ азаматтық жауапкершілік екі ортада да қалыптасып келеді. Тіпті жергілікті басқару мәселелеріне жақын болғандықтан, ауыл жастары кей жағдайда ерекше белсенділік танытады.

– Алғаш рет дауыс беретін жастарға айтар ойыңыз?

– Бәріміз де жас болдық. Өзіміз де алғаш рет дауыс беруге барғанда ерекше сезімге бөлгенімізді жасыра алмаймыз. Себебі 18 жас – азаматтық жауапкершілік басталатын кезең.

Аймақта 18 жасқа толған, яғни алдағы сайлау науқандары кезінде тұңғыш рет дауыс беретін 192 жас бар. Оның 104-і ер, 88-і-қыз бала.

Әрине, жастарға бір ғана айтарым бар. Ол – елдің болашағы үшін кез келген науқан кезінде бей-жай қарамай, азаматтық белсенділік таныту маңызды.

– Жалпы сайлауға халықтың қатысу көрсеткіші қай деңгейде деп баға бересіз?

– Сыр өңірі кез келген саяси науқанда ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл, аудан әкімі, депутаттар мен Президент сайлауында ауылдық жердегі азаматтардың дауыс беру белсенділігі жоғары екенін өзіңіз де көріп жүрсіз.

Мәселен, Сырдария ауданында тұратын 103 жастағы қарт сайлаушымыз Яхия Тасыров 80 жылдан аса саяси науқандарға үзбей қатысып келеді. Учаскеге алғаш келуші азамат ретінде де майдангер ақсақалымызға комиссия мүшелерінің құрметі зор.

Отбасымен бірге келіп, таңдау жасауға асығатындар сайлаушылар да аз емес. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сұлтанхан Ақылбеков есімді ағамыз 20 жылдан аса немерелерін ерте келіп отбасымен бірге өз таңдауын жасап, азаматтық үн қосып келеді.

– Аймақта Жас сайлаушылар клубы құрылыпты. Нақты қандай бағытта жұмыс істейді? Клубға мүше болу үшін қандай талап қойылады?

– Жас сайлаушылар клубы ҚР Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен республикада құрылған. Қазір барлық өңірлерде клуб ашылып, жүйелі түрде жұмыстарын жүргізуде.

Бұл клубтың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру, демократиялық процестерге қызығушылығын қолдау. Клуб мүшелері тренингтерге, кездесулерге, пікірталастарға қатысады. Белсенді әрі қызығушылығы бар кез келген жас мүше бола алады.

Жас сайлаушылар клубы – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ол – жастардың конституциялық құқығын пайдалана отырып сайлау процестерінде демократиялық құндылықтарды дамытуға серпін беретін және қоғамдық істерді бірлесе атқаратын ортақ алаң.

Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы жанынан құрылған клуб құрамына бүгінде 85 жас енді. Олар Қызылорда қаласында және аудандарда әртүрлі форматта жұмыс істеуге ниет білдірді.

Жас сайлаушылар клубы аясындағы жұмысымыздың өрісі кеңейіп келеді. Жастар қазір ойын ашық әрі батыл түрде жеткізе алады. Біз клуб құрамына енуге ниетті жастар қатарын әлі де толықтырамыз

– Әділбек Бөрібайұлы, жастар тақырыбына бет бұрған соң бір сұрақ туындап отыр. Сіздер ауыл әкімінің сайлауын өткізесіздер. Біздің өңірде халық өзі қолдаған, жігерлі, мақсаты айқын жас әкімдер бар ма? Жалпы әкім сайлаулары туралы не айтасыз?

– Облыста 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. 143-і ер, 3 әйел әкім қызметін абыроймен атқарып жүр.

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады. Дегенмен өкілеттілігі ерте тоқтатылған әкімдердің орнына сайлау тағайындала береді.

Өмір болғаннан кейін әкімдердің басқа өңірге қоныс аударуы, мемлекеттік қызметке немесе жеке кәсіпке ауысуының салдарынан тұрғындар 4 жыл мерзімді күтпей-ақ жаңа әкімдерді сайлай береді. Тиісінше, сол ауылдарда әкімдердің жиі ауысуы байқалады.

Президент бастамасымен 2021 жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап әкімдерді тікелей сайлау процесі іске аса бастады.

2021 жылдан бастап 205 әкімнің сайлауы өткізілді. Сайланған әкімдердің 117-і партиялардан ұсынылса, қалған 88 әкім өзін-өзі ұсынған.

Жаңадан сайланған әкімдердің 103-і бұрын ауылдық округтің әкімі қызметін атқарған, яғни жаңадан сайланған, ал 102-і алғаш рет сайланған.

Ал, 2025 жылы 56 әкім сайлауы өткізілді. Оның 41-і өкілеттілік мерзімі уақыты аяқталған әкімдер болса, 15-і өкілеттілігі мерзімінен бұрын өткізілген әкімдерге қатысты.

Биыл 29 әкім сайлауы жоспарланып тұр. Жыл ішінде олардың 4 жыл мерзім өкілеттілігі аяқталады.

Статистикаға көз салсақ, облыста 18-35 жас аралығындағы 7 жас әкім, 4 жас депутат бар. Олардың ішінде ең жас әкім – 28 жаста, ең жас депутат – 27 жаста.

Білесіз бе, тұрғындармен етене араласатын ауыл әкімін таңдауды елдің еркіне салу елді мекендегі кез келген мәселені жедел әрі тиімді шешудің бір тетігі. Әрі бұл билікке талапты жастардың келуіне жол ашады. Өз ауылын түлетуге ниетті халық сайлаған жас әкімдер бар.

Мәселен, Арал ауданындағы Жаңақұрылыс ауылының 28 жастағы әкімі Елнұр Елшекенов деген азамат осыған дейін мал шаруашылығымен айналысатын қожалық төрағасы ретінде бастама көтеріп ауылдардағы арықтарды тазалап, бақша егетін шаруалардың жерін жыртып, жолын тегістеп, көмек келген. Халық қолдап, өздері сайлағанын бізге жеткізді.

Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылдық округінде Нұрбол Жұмабеков есімді әкімді де халық ерекше ықыласпен қабылдады.

Ол өзінің өзекті мәселелерді халықпен кеңесе отырып бірлесіп шешіп келеді. Ауылға демеушілер тартып, инвестиция көзі ретінде халыққа жұмыс көзін реттеуді басты нысана еткен. Мұндай әкімдер біздің өңірде жетерлік. Өзін-өзі ұсынған әкімдердің де қатары аз емес.

Бұл – Президент реформаларының өңірде іске асып жатқанының нақты көрінісі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!