Нұрназар НӘЖМЕДИНҰЛЫ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
Әйтеке бидің ұрпағы қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады деген хабарды естіген бойда тілдесуге асықтық. Тарихқа деген қызығушылығы, шешендік өнерге деген жақындығы Нұрназардың «Әйтеке бидің ұрпағы» деген атқа сай болуына ықпал еткені көрініп тұр. Қазақылыққа жаны жақын зияткермен тарихи зерттеу жобасы жайында әңгіме өрбіттік.
‒ Нұрназар, әңгімемізді әулеттің қысқаша тарихынан бастасақ. Өзгелер Әйтеке бидің ұрпағы екеніңізді біліп, қызығушылық танытқанда сізде мақтаныш сезімі бола ма?
‒ Әрине, Әйтеке бидің өмірін насихаттау, мақтан ету ұрпағы болған соң бізге парыз. Әйтеке би ‒ Әз-Тәукенің заманында «Жеті жарғының» басты баптарының авторы ретінде танылған, Қарақұм, Ордабасы құрылтайының ұйымдастырылуына сүбелі үлес қосқан тұлға. Осындай Алты Алашқа аты мәлім бабамыздың ұрпағы екенімді мақтан ету заңдылық деп есептеймін.
Тарихқа қысқаша тоқталсам, кіші жүз Әлімдегі төртқара руынан Оразкелді, Ораз, Жаншүкір, Қараш тарайды. Ораздан Сейітқұл, Тоқпан, Шобан өрбиді. Мен Шобаннан, Әйтеке би Сейітқұл бабамыздан тараған, Әйтеке биден санағанда он бірінші ұрпағы, ал Сейітқұл атамыздан бастап санағанда он үшінші ұрпағымын. Әйтеке биден тікелей Жалаң, Байбек деген ру тараған.
‒ Бабаңыз жайлы кеңірек ізденіп, жиі зерттеу жүргізетін боларсыз?!
‒ Бала күнімнен әкемнің баулуымен осы тақырыпқа қызығушылығым оянды. Әкем Нәжмедин Мұсабаев та тарихқа ерекше қызығатын адам. Ол кісі бірнеше рет Нұрата қаласында болған. Оның үстіне Әйтеке бидің ұрпағы екенімді естіген сәттен бастап әдебиетпен сусындап өсіп, дүниетанымымды осы тақырыппен кеңейтуді жөн санадым. Бабамыз жайлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мұқадес Есламғалиұлы ағамыздың «Әйтеке би» атты екітомдық тарихи романы жарық көрген. Осы кітаптағы мәліметтерге сүйене отырып, бір жыл бұрын «Әйтеке бабамыздың билер институтындағы рөлі және Әйтеке би туралы ақиқат» деген жоба бастап, зерттеу жүргіздім. Өткен жылы «Дарын» республикалық орталығының «Ең үздік ғылыми жоба» номинациясын иелендім. Ал биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы «Білім өркениет» қоғамының ұйымдастыруымен өткен «Жылдың ең үздік 100 ғылыми жобасы» атты байқауында жобам жеңімпаз атанып, жинаққа ендім.
‒ Зерттеу барысында көпшілікке беймәлім болған тың дүниелер болса оқырмандармен бөліссеңіз…
‒ Тәуелсіздік жылдарына дейін Әйтеке бабамыздың жерленген орны, дүниеге келген және қайтыс болған уақыты белгісіз болатын. Қазақта «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп бекер айтылмаса керек. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, Әйтеке бидің бабалары да Алашқа аты мәлім тұлғалар болған. Айта кететін болсақ, Әйтеке бидің бесінші атасы Ораз қажы жарты әлемді жаулаған Әмір Темірдің кеңесшісі, батагөйі болған. Әмір Темір Ораз қажының батасын алмай жорыққа шықпаған. Әйтеке бидің атасы Сейітқұл парсы тілінен аударғанда «Синесоф Буа», яғни «күнәдән пәк» деген атпен танылып, көзі тірісінде өз қаржысымен Меккеге үш рет барған. Сейітқұлдың байлығы жөнінде «Нұратаның әр шұңқырында Сейітқұлдың мың жылқысы бар» деген теңеу қалыптасқан. Әйтеке бидің немере ағасы саналатын Жалаңтөс Сейітқұлұлы – жарты әлемді жаулаған Әмір Темірдің шағында Орта Азия халықтарына аты дүркін болған баһадүр. Жалпы Жалаңтөс қазаққа жалғызсырағанда жақтас, ойсырағанда одақтас болған адам. Орбұлақ шайқасында жоңғардың елу мың қолын Салқам Жәңгір алты жүз қолмен үш күн баса тұрған кезде сонау Самарқаннан жиырма мың қолмен бастап келіп шешуші сәтте қазаққа жәрдем берген тұлғаның бірі. Осындай жеті атасынан бері бойына батырлық пен тектілік, шешендік пен даналық дарыған Әйтеке бидің ақиқаттың алдаспанына айналған би болуы заңдылық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың үш биіне ерекше көңіл бөліне бастағанын айттық. Бұл тақырыпта қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбай Әйтеке би жайлы «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақаласын жариялаған. Осы мақаланың тұжырымына сәйкес, Әйтеке бидің қабірін Өзбекстан республикасы, Нұрата ауданындағы Тоқпан, Сейітқұл әулие жерленген қорымнан іздеген дұрыс деп көрсетіп, соған байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жасаған. Осыдан соң 2007 жылы академик Карл Байпақов бастаған бірнеше археолог бастаған топ сол уақыттағы Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жекелей қаржыландыруымен Нұрата қаласына барған. Әйтеке би бабамыздың бас сүйегін қазып алып, Герасимов атындағы зертханада талдау жүргізеді. Нәтижесінде Әйтеке бидің 1644 жылы дүниеге келіп, 1700 жылы 56 жасында қайтыс болғаны анықталған. Осы бассүйек негізінде анықталған бидің нағыз бет-бейнесіне сай суреті салынып, “Ана тілі” газетіне жарияланды. Суретке негізделіп, алғаш рет сол кездегі аудан әкімі Нәжмедин Мұсабаевтың басшылығымен Арал қаласында ескерткіш қойылды. Жобамның да ерекшелігі осы мәлімет болды. Осы уақытқа дейін Әйтеке бабамыз сол кездегі қазақ дәстүріне сәйкес Төле би, Қазыбек биден кейін сөйлегендіктен ол кісінің жасы кіші деген түсінік қалыптасқан. Осылай тарихта жаңсақ ақпарат айтылып та, жазылып та келді. Бірақ ғылыми зерттеулер нәтижесінде Әйтеке бидің Төле, Қазыбек билерден жасы үлкен болғаны анықталды. Осы оқиғадан кейін 309 жылдан соң 2009 жылы Нұратадағы Әйтеке би бабамыздың басына шырақ жанды, қазақ кәсіпкерлерінің қолдауымен Сейітқұл әулие ‒ Әйтеке би кешені бой көтерді. Әйтеке бидің жатқан жерінің нақтылануы қазақ тарихында үлкен сенсация болған еді. Бірақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дәлелденген мәлімет әлі күнге дейін насихатталған жоқ, мысалы қазір кез келген мектеп баласынан сұрасаңыз, Әйтеке би Кіші жүз болғандықтан, қалған билерден жасы кіші деп жауап береді. Жалпы ғылыми жобамда көтерген мәселем осы. Сондықтан “Қазақстан тарихы” оқулықтарындағы Әйтеке бидің туған және дүниеден өткен жылына өзгеріс енгізіп, тарихи шындықты қалпына келтіретін уақыт жетті деп есептеймін. Тағы бір тың ақпаратқа сүйенсек, осы кезге дейін Әйтеке би бабамыздың шын есімі жайлы да түрлі пікір айтылып келді. Кей әдебиеттерде Әйтеке бидің есімі Қаракісі би, Айтық би, Қара жігіт би деп жазылып жүрді. Бұл ақпараттардың бәрі жалған. Жоғарыда айтып өткенімдей, Әйтеке бидің бабалары қазақ хандарымен терезесі тең өмір сүрген адамдар болған. Сол кезде Есім хан өзінің немересі Әз-Тәукенің атын Таутеке деп қойса, соған ұйқастырып Жалаңтөс баһадүр өзінің немересінің атын Айтеке қойған. Бұл Мұқадес Есламғалиұлы ағамыздың еңбегінде дәлелденген. Осы романға сүйеніп, өз жобамды қорғап шықтым.
‒ Бала күннен тарих пен шешендік өнерге жақын өскеніңізді айттыңыз. Мамандығыңызды да осы саламен байланыстырасыз ба?
‒ Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихына ерекше қызығамын. Ал болашақта экономика саласы бойынша қызмет еткім келеді. Өзім домбыра, гитара аспаптарында жақсы ойнаймын. Анам Айна Тұяқова ‒ Арал қаласына белгілі термеші, мәдениет үйінің директоры, сондықтан жыр термеге де жақындығым бар. Мектепте ұлттық аспаптар оркестрінің мүшесімін. Әкемнің баулуымен ер жігітке тән атқа міну, саятшылық, балық аулау, аңшылық қасиеттерді де үйреніп, қазақылықты бойыма сіңіріп келемін.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен:
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!