Алақандай ғана жапыраққа тұтас бейнені түсіруге болады екен. Ғажап, иә?! Әдетте қылқаламның ізі қағазға түсетінін білеміз ғой. Ал, Қанат Нұртазин суретті жапыраққа да сызып салуға болатынын айқындады. Ерекшелігі де сол, қылқаламсыз, тосап, кофе, москит торы, шеге мен жіп, құм арқылы сурет салудың 86 тәсілін игерген. Әлемнің әр түкпірінен ұсыныс алса да, Қанат туған елден табан аудармаған. Ол сурет өнерін табыс табу ретінде емес, хоббиі ретінде қарастырады. Қазіргі таңда Астана қаласында «Dental time» тіс емханалар желісінің директоры қызметін атқарады. Осы ретте, шебер суретшімен сөйлесіп, қабілетіне тағы бір мәрте қанық болдық.

Расымен, жапырақ – өте нәзік. Тайқып кетсе, туындының талқаны шығады. Өшіргішті пайдаланып, қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ. Демек, мұның артында еселі еңбек пен төгілген тердің мөлшері жатыр.

Әлем назарындағы суретші

– 2013 жылы оқуды Малайзияда халықаралық бизнес менеджменті мамандығы бойынша тәмамдадым. Содан соң жұмыс та істедім. Уақытымды тиімді пайдалану да қаперімде. Сөйтіп шығармашылықпен айналыстым. Негізі бұрын сурет салуға бейім болмағанмын. Тіпті, бала күнгі арманым да бөлек еді. Бірақ, тың тәжірибе жасаудан тыс қалған емеспін. Осылайша, алғашқы туындымды жапырақ арқылы дайындап, ізденіс ізін жалғадым. Балғамен шыныны майдалау арқылы да сурет салуға кірісіп, тәсілді түрлендіруге тырыстым. Креативті болу үшін кідіріп қалуға болмайды. Жапырақтар жұмсақ болғандықтан, шыдамды болу керек. Бірақ, үздіксіз жұмыс істеу арқылы қол да жаттығады. Жұмысты аяқтау күрделілігіне байланысты. Негізі бір туындының бастамасы үшін 4-5 сағат, ал толық аяқтауға 10 сағат уақытым кетеді, – дейді Қанат Нұртазин.

Әлем назарындағы суретші

Кей картинаға өң беретін сан түрлі бояудың сиқыры дейміз. Ал, жапыраққа түскен бейненің күнмен шағылысқандағы әсері тым бөлек. Онда жапырақтың ғана түсі рөл ойнайды. Қанат Нұртазин портреттен бастап, көңілі мен қиялыңда қиылысқан түрлі бейнені салады. Оның шеберлігіне шетелдіктер де тәнті болған. Мысалы, жапырақтағы «Real Madrid» клубының логотипі мен Серхио Рамос бейнесі сәтті шыққан туынды. Испаниялық футбол клубы жоғары бағасын беріп, оң пікірін айтқан. Тіпті бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс білдіріп, байланыс орнатқан. 2002 жылдан бері командаға жанкүйер болған азамат үшін бұл қуаныш болғаны анық. Иә, Қанат Нұртазин әлемді аузына қаратқан алпауыт компаниялар Nickelodeon мен Disney-дің де назарына іліккен. Осы тұста, «арадағы шығармашылық байланыста нені аңғардыңыз?», «Қандай артықшылық бар?», «Ал, Disney-де жұмыс істеуде сізді шабыттандыратындай бала кездегі сүйікті мультфиліміңіз бар ма?» деген сауалымызды қойдық.

Әлем назарындағы суретші

– Негізі жеке тапсырыс қабылдай бермеймін. Бірақ, жоба өзіме қызықты болса, еркіндік берілсе бірлесе жұмыс істеуден бас тартпаймын. Меніңше, әріптестік байланыста бір-бірін түсіну маңызды. Нақты тапсырма беріп, сеніммен қараса, арада мәселе де туындамайды. Мұндағы артықшылық сол. Еркіндік беріледі. Бұйрық бермейді. Нұсқамайды. Тек әуелгіде егжей-тегжейлі ақылдасып аламыз. Бұл компаниялармен анимациялық фильмдер желісі бойынша жұмыс істедік. Яғни, кейіпкерлерді жапыраққа салып, дайындап бердім. Ал, Disney-дің ұсынысы бойынша «Суық журек-2» және «Малефисента-2» сюжеттеріне сурет салдым. Бұдан бөлек, балалар ойын-сауық арнасы Nick Jr-дан да хабарласып, әріптес болдық. Осылайша, көрерменнің көзайымына айналған бірнеше кейіпкердің бейнесін салған едім.

Ал, өзіме келер болсақ, Disney-дің «Король Лев» мультфильмі ұнайды. Қазір балаларым да өсіп келеді. Солармен бірге қайталап көремін, – дейді суретші Қанат.

Оның өнерінің кілті – креатив деп топшыладық. Суретті қағазға салумен шектелмей, 100 тәсілмен түрлендіремін деп мақсат қоюы сөзімізге айғақ. Ал, еркіндік – есінен шығармайтын негізгі қағидасы. Шетелдік журналистер де Қанат Нұртазин туралы жарыса жазыпты.

Әлем назарындағы суретші

– Англия, Үндістан, Бразилия, Жапония, Германия, Ресей журналистері сюжет дайындап, мақала да жазды. Мысалы, американдық «People» журналы, сондай-ақ, француз журналы да шығармашылығым жайында қызығушылық танытты. Жарияланымдар тек интернет платформада емес, газет беттеріне де шықты. Әрі олардың әрқайсысын сақтауға тырысамын, – дейді ол.

Бәлкім, көпшіліктің көкейінде «жапырақ қурап қалмай ма?», «Қыс мезгілінде қалай сақтайды?» деген сұрақ туындаған шығар. Мұның да жауабын білдік. Оның айтуынша, жазғы және күзгі жапырақтардың қызыл-сары сынды түрлі палитрасын жинап, кітап арасына сақтайды екен. Сөйтіп, арнайы сұйықтық арқылы қайтадан жұмсақ қалпына келтіреді. Ендеше, сіз де талайды тәнті еткен туындыларды қарап көріңіз, оқырман!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!