Қарандаштың ұшынан мүсін жасауға болатынын бұрын-соңды естідіңіз бе? Әрине, жоқ. Себебі мұндай өнер түрімен айналысатындар саны саусақпен санарлықтай. Мәселен, әлем бойынша қарындаштың ұшынан мүсін жасайтын тек үш адам бар. Олар Нихат Озджан және Салауат Фидай және оралдық Нұрбол Бақтығалиев. Нұрбол – Батыс қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Қазір Алматы қаласының тұрғыны. Ол қарандаштан туынды жасайтын әлемдегі үшінші, ал Қазақстандағы алғашқы адам. Қарандашпен мүсін жасаудың қыр-сырын, бұл өнер түрімен айналысуға деген қызығушылығы қалай пайда болғанын кейіпкерімізден білдік.

АЛҒАШ ДОМБЫРА ЖАСАДЫМ

Елімізде қарандаштың ұшынан ойып мүсін жасау өнерімен ешкім айналыспайды. Яғни қызығушылық жоқ. Ең алғаш 2017 жылы instagramнан Салауат Фидайдың осындай мүсіндерді жасағанын көріп қатты қызықтым. Содан неге осылай жасап көрмеске деген ой келді. Алғашқы мүсінді ешқандай қажетті құралдар болмаған соң, алмаспен ойып домбыра жасадым. Оны жасауға 3 сағаттай уақыт кетті. Қазір біршама қолым үйренді, одан қалды жұмыстың күрделілігіне қарай уақыт алады. Группаластарым алғашқы туындыма қызығушылық танытып, одан әрі ізденуіме, шабыттануыма септігін тигізді. Мұндай шығармашылық түрімен тек бос уақытымда айналысамын. Алғашқы туындыларымның қатарында «Барселона» футбол клубының белгісі, жылқы, жүрек, түрлі елдердің сәулет ғимараттарын бейнеледім. Марқұм Денис Теннің бейнесін де жасадым.

ЖАРНАМА ЖЕТІСПЕЙДІ

Өнер иелерінің туындылары әлемдік нарықта 500-ден 3000 АҚШ долларына дейін бағаланады. Ал біздің елде мұндай өнерге қызығушылық танытандар жоқтың қасы. Көпшілігі шыдамдылық пен төзімді, көп уақытты алатын өнер түрі деп ойлайды. Қызығушылық танытамын деген жастарға әрқашан үйретуге дайынмын. Алдағы уақытта бұл өнерді дамытып, шеберхана ашу жоспарда бар. Қазірдің өзінде 100-ден астам мүсін жасадым. Қажетті құрал-жабдықты Қытайдан алдыртамын. Ал енді айналысамын деушілерге кеңсе тауарын сататын дүкендерден де қажетті құралдар табылады. Алғашқы туындыларымның бірін тек таныстарыма саттым. Бұл өнерді елімізде дамыту үшін жарнама жасау қажет. Көпшілігі қарандаштан мүсін жасауға болатынын тіпті білмейді. Сол себепті қаншалықты жарнама көп болса, яғни сұраныс артса, бұл өнерге қызығушылық танытатындар да көбейеді.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!