Жетістікке жету жолы тынбай ізденуді, жан-жақты білім алуды қажет етеді. Ал үздіксіз оқу мен білгеніңді тәжірибеде қолдана алу адам баласын биік шығарады. Еңбек пен ерік-жігерді қажет ететін білім жолында Арайлым Қуандық жаңа белестерді бағындырып келеді.Жуырда ғана зияткер «IESO – 2023» халықаралық олимпиадасында үздіктер қатарынан көрініп, әлемдік додаға жолдама алды.

IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан білім бәсекесі дүниежүзінің түпкір-түпкіріндегі нағыз мықтылардың басын қосып келеді. Осыған дейін Корея, Испания, Бразилия, Жапония, Франция, Ресей елдерінде өткізілген білім додасы биыл Италияда өтеді деп жоспарлануда. Бақ пен бапты қажет ететін ортада әлемнің ең үздік геологы болуға сырбойылық Арайлым Қуандық та үмітті. Аймақтағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы «IESO – 2023» халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІ орын иеленіп, білім бәсекесінің келесі кезеңіне сүрінбей өткен.
− IESO байқауы толығымен ағылшын тілінде өтетін болған соң басқа олимпиадалардан ерекше деп санаймын, яғни материалды ағылшынша меңгеріп, белгіленген уақытта оны қолдана білу қабілеттілікті қажет етеді. Олимпиаданың ресми сайтындағы тест сұрақтарын орындауға жетекшілерім кеңес беріп, қиналған тұстарда өз білімімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Бұған дейінгі кезеңдерде кездескен мүмкін сұрақтарды жинақтап, оларды толық меңгеруіме екі айдан астам уақыт кетті.
Сұрақтарға жауап беру барысында екі ойлы болып, нұсқалар арасында нақты шешім жасау қиындық тудырды. Дайындық кезінде зерттеген тақырыптарым келсе де ең шешуші сәтте сенімділіктің аса қажет екенін түсіндім. Онымен қоса әр облыстан іріктелген көптеген білімді жаспен сайысқа түсу де қобалжу сезімін тудырды. Өз мектебінің үздігі саналатын оқушылардың арасынан жүлделі орын алуға барынша тырыстым, − дейді оқу озаты.
Расында Арайлымның қарсыластары осал емес. Жер туралы ғылымдар бойынша білім байқауына биыл жүзге жуық оқушы өтінім берген. Жас зияткерлер геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен бақ сынасып, үздіктер қатарынан көрінуге барын салды. Олимпиада кезеңінде алдына жан салмаған Арайлым жетекшілері география пәнінің мұғалімі Шолпан Закирова мен Арай Нұрбаевамен бірге жасаған үздіксіз дайындықтың нәтижесінде жоғары жетістікке жеткенін әрі Қазақстан құрамасына енгенін айтады. Алдағы уақытта оқу озаты IESO халықаралық кезеңінде ел намысын қорғайды. Зияткермен тілдесу барысында жетістікке жету үшін білім алушыға қандай қасиеттер керек екенін сұрадық.
− География – менің сүйікті пәнім. 7 сыныпта география сабағында жүргізілген қоршаған ортаны, әсіресе топырақ ылғалдығы, жел бағыты мен жылдамдығы секілді зерттеу жұмыстары геологияға деген қызығушылығымды арттырды. Белгілі бір өлшемдерді жасап, оларды қағаз бетіне түсіру ұнайтын. Бұл олимпиада − менің геология саласында белсенді қатысқан ең алғашқы жобам. Дегенмен, осы салада жұмыс істеу туралы ой бұған дейін де болған, яғни географияны таңдау пән ретінде қарас­тырған соң болаша­ғымды геология саламен байланыс­тыру ойымда бар.
Әр оқушы өз тұлғалық ерекше­лікте­ріне байланысты дамиды, сондықтан белгіленген қағидаттар мен ұстанымдар болуы шарт емес деп есептеймін. Алайда, жалпыға таныс еңбекқорлық, ізденімпаздық пен табандылық секілді қасиеттер жетістікке жетер жолда аса қажет. Жеке өзімнің ұстанымдарым бойынша білім алу барысында қосымша ізденісті үш тілде жүргізу, сыныптастармен бірге қайталау жұмыстарымен айналысу секілді тәсілдер оқушының үлгерімін арттырады деп ойлаймын. Сонымен қатар әрқашан күш салып оқып, кенеттен орын алған сәтсіздіктерге мойымау маңызды. Келешекте жоба жұмыстарымен айналасып, табиғаттың түрлі элементтерін зерттегім келеді, − дейді Арайлым Қуандық.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!