Қоғамда қордаланған мәселе көп-ақ. Ақпарат ағыны да сананы сан саққа бөлетіні жасырын емес. Демек сараптаудың салмағы, байыпты байламның бәсі қашанда жоғары. Әлеуметтану ғылымы адамды зерттеу обьектісі ретінде қарастырып, соған қатысты дүниеге болжам жасайды. Осы ретте стратегиялық жоспарлау және сапаны қамтамасыз ету басқармасының топ жетекшісі Мария Махамбетовамен тілдескен едік.
– Қоғамға қажеттісі әлеуметтік зерттеу. Сіздің ше, әлеуметтанушылар динамикалық заманда дұрыс диагноз қойып жүр ме?
– Әлеуметтік зерттеудің мәні шындық туралы түсініктерді ұғуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Көбінесе өмір сүріп жатқан әлеуметтік шеңбермен шектелеміз, бәрі біз сияқты ойлайды деп тұжырымдаймыз. Дегенмен әлеуметтік зерттеу жеке идеялардың шекарасын кеңейтеді. Сондай-ақ түрлі себепке байланысты көрмейтін немесе көргіміз келмейтін дүниені түсіндіруге қауқарлы.
Әрине, әлеуметтанушылар дұрыс диагноз қойып жүр. Республикалық деңгейдегі әлеуметтік зерттеу орталықтарымен тығыз жұмыс істеймін. Бүгінгі таңда билік үшін бұл ұйымдар саяси кеңістікті шарлауға, проблемаларды табуға және оларды шешуге мүмкіндік беретін сезім мүшелері сияқты. Қарапайым адамдар үшін елде орын алған өзгерістерді бағамдауға мүмкіндік беретін ақпарат көзі.
– Өзіңізге белгілі, өте жылдам зерттеу 1 аптадан 2 айға дейін созылады. Қысқа мерзімде қабылданған шешім шикі болуы мүмкін бе? Нәтиже қаншалықты нанымды болмақ?
– Егер ол кәсіби мамандармен жүзеге асырылса, болжам мен ұсыныс нақтыланса уақыт мәселе емес. Әлеуметтануға немесе әлеуметтік зерттеуге қызығушылық танытатын тұлғалар келіп «Бізде осындай мәселе бар. Зерттеуді қалай жүргізіп, зерттеу құралдарын дайындап, оны қалай есептеу керектігін түсіндірсеңіз. Қорытындыны өзіміз жасаймыз» дейді. Бұл – қате ұғым, теріс түсінік. Өйткені әлеуметтану өз маман иесімен жүзеге асатын ғылым саласы. Талдау мен түйін тарқатуға терең ізденіс керек. Көлденең кірісу күрмеулі мәселенің шешімін таппайды.
– Кейс зерттеу болашақты болжауға, қоғам құбылысын тануға қаншалықты ықпал етеді?
– Әлеуметтанушы зерттеу жүргізгенде «не білгім келеді?» деп деп өз-өзіне сұрақ қою керек. Соның аясында нәтиже мен мақсатқа жету үшін аянып қалмайды. Яғни кәсіби қызығушылықпен жұмыс істеген тиімді. Негізі кешенді әлеуметтік зерттеуді ұйымдастыру үшін қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан материалдық жағдай емес, кәсіпке адалдық басым болғаны ләзім. Жаңаға құмар, іске бейім білікті маман дәйекті дерек тауып, қоғам құбылысын дөп басатыны ақиқат.
– Салаға сын тағатындар жоқ емес. Сараптаманы тек саяси науқанда жасайды дейді жұрт. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Қалай болғанда да, әлеуметтік зерттеу тұжырымын өзгермейтін шындық ретінде қарастырмау керек. Дегенмен сауалнама белгілі бір ескертумен қоғамның жай-күйін бағалауға болатын термометр сияқты. Әлеуметтану, ең алдымен, ғылым болғандықтан әлеуметтік шындықтың нақты әдіснамалық принциптерімен басқарылады. Сонымен қатар жалпы ғылыми принциптерге сүйенеді, шындыққа қызмет ету, адамның ақпараттық, мәдени және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру секілді. Демек шешімді шынайы емес деп, астар іздеудің қажеті жоқ.
– Жастардың әлеуметтануға қызығушылығы қандай? Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы ретінде сабақ процесімен бөліссеңіз…
– Әлеуметтанудың бағыттары өте кең. Сондықтан бәрі студенттің ұмтылысына байланысты. Жарнама, маркетинг, аналитика, экономика немесе ғылыми сала (академиялық әлеуметтанудың өзі) болсын, кез-келген саланы зерттеуге мүмкіндік бар. Дегенмен өңірдегі жоғары оқу орындары кәсіби әлеуметтанушы дайындамайды. Тек бакалавриаттың білім беру бағдарламасын міндетті пән ретінде оқытамыз. Жастардың қызығушылығы жоғары, құлшынысы зор. Ғылыми жоба, дипломдық, магистрлік сынды жұмыстың практикалық бөлімінде тақырыпқа сай әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Соған сай жаңа идея мен ұтымды ұсынысын айтып жатады.
– Өзіңізді толғандырған тақырыпқа талдау жүргізесіз бе?
– Әрине. Тікелей қызметтік міндетіме кіретін университеттің экономикалық, мәдени, рухани, саяси, әлеуметтік, инновациялық тіршілік салаларын зерттеу бойынша зерттеу жүргіземін. Бұл – жауапты әрі қызықты іс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!