«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дейді дана халқымыз. Әсіресе дүние есігін енді ашқан сәбидің саулығы – ата-ана үшін ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін құндылық.Бұл жолы біз баланың нәзік жанын терең түсініп, оған шипа дарытып жүрген балалар дәрігері Әлия Сүйермен тілдесіп, сәбилер денсаулығы, ата-анаға артылатын жауапкершілік пен медициналық сауаттылық жайлы сұхбат құрдық.

– Бүгінде жас ана көбейіп келеді. Алайда алғашқы баласын дүниеге әкелген ананың ойында мың сұрақтың болатыны рас. Тіпті кейде ақпараттың көптігі де жаңылыстырады. Қазіргі жас анаға тән ең жиі кездесетін қателіктер қандай және олардан қалай сақтануға болады?

– Бала – өмірдің ең қымбат сыйы. Бірақ оны бауырға басып, алғаш рет ана болған сәттен бастап, әйел жүрегінде жүз емес, мың сұрақ пайда болады. Қазіргі заманда ақпарат тым көп: Instagram, TikTok, Telegram-нан бірінен бірі өтетін кеңестер оқимыз. Бірақ бәрі бірдей дұрыс дегенді білдірмейді.

Атап айтсақ, жас аналар ең жиі мынадай қателерді жібереді:

Өзін екінші орынға қою. Жаңа туған ана өзін ұмытып, баласына түгел беріліп кетеді. Бірақ сау ана – сау баланың кепілі. Сіздің ұйқыңыз, тамағыңыз, психикалық жағдайыңыз – бәрі маңызды. Сол себепті, мен барлық анаға кеңесім, ең алдымен өз дефициттеріңізді емдеңіз, анемия болсаңыз, кемі 3-6 ай темір, «В» тобының витаминдерін қабылдаңыз.

Күнделікті Магнийдің тәуліктік дозасын қабылдаңыз (200-400мг), «Д3» витаминін ұмытпаңыз, қажет болса, кальций де ішу қажет. Сондай-ақ толық тамақтаныңыз. «Маған диета ұстау керек, анау болмайды, мынау болмайды» деп аналар бәрінен бас тартуға бейім келеді. Бірақ менің сіздерге маман ретінде айтарым, жаңа босанған анаға барлық тамақты жеуге болады. Әрине, бәрі өз мөлшерімен. Осы дефициттер ана ағзасында толығатын болса, босанудан кейінгі депрессияға түсу қаупі төмендейді.

Жиі немесе керісінше, өте сирек емізу. Дұрыс емес техникамен емізу – бұл да ең үлкен қателік. Ана сүтінің азаюына, баланың дұрыс тоймауына әкеледі. Нәтижесінде баланың іші ауырады, газ жиналады, бала емуден де бас тартады. Сол себепті әр ана босанбас бұрын емізудің 4/3/4 техникасын үйреніп, жаттыққан жөн.

Шектен тыс тазалық пен «стерильді» тәртіп. Кей ата-ана үйін антисептикпен өңдеп, шектен тыс тазалыққа құмартады. Ал бұл дұрыс емес. Бала тұрмыстық заттар арқылы аздап микробпен кездесуі тиіс, бұл иммунитетінің дамуына көмектеседі.

Дәлелсіз кеңеске сену. «Емізік зиян», «Су берме», «Тұзды суға шомылдыр», сондай-ақ түрлі дәрумен жарнамасы – мұның бәрі дәлелсіз кеңестер. Желіде айтылған дүниенің бәрі сіздің балаңызға сәйкес келмеуі мүмкін. Кез келген кеңесті тыңдағанда «Кім айтты?», «Неге айтты?», «Менің балама сай келе ме?» деп ойланған жөн. Барлығын тек дәлелді медицинаға сүйеніп, педиатр кеңесіне құлақ түрген абзал.

Не істеуге кеңес беремін? Сенімді ақпарат алыңыз. Медициналық курс оқу, білікті дәрігер кеңесіне құлақ түру – ең дұрыс жол. «Сауатты ана» болу – бәрін білу емес, қажет жерде сұрай білу.

– Көптеген дерттің тамыры дұрыс күтім көрмеген балалық шақтан басталатыны белгілі. Дұрыс диагностика мен дер кезінде жасалған профилактика маңызды рөл атқарады. Сіз бала денсаулығын сақтауда алдын алудың қандай жолдарын атар едіңіз? Ата- аналар нені ерте байқауы тиіс?

– Біздің қоғамда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Педиатр ретінде айтарым – бұл алтын қағида. Алдын алу үш бағытта жүреді:

Скринингтер мен тексерулер. Жаңа туған шақта әр балаға жүргізілетін УДЗ, қан талдаулары, неонаталды скрининг – туа біткен дерттерді ерте анықтауға көмектеседі. Ата-ана бұған атүсті қарамауы тиіс.

Вакцинация. Бұл – сіздің балаңыздың болашақтағы өмірін қорғайтын ең үлкен қадам. Бүгінде ауыр дерттерден сақтайтын тиімді вакцина бар, оларды уақтылы алу – ата-ананың міндеті! Көп ана TikTok, Instagram-дағы жалған пікірлерге сеніп, вакцинадан бас тартып жатыр, ал бұл 15- 20 жыл бұрын жоғалып кеткен аурулардың өршуіне әкеліп жатыр. Көкжөтелді ұмытқалы біраз болған еді. Бірақ вакцина алмайтын ана көбейгеннен кейін бұл аурудың да саны артты. Ал бұл ауру балаға қалай қиын соғатынын бағамдай беріңіз. 4-5 ай тоқтаусыз өзіңіз жөтеліп көріңізші… Мұндайда бала өлімі де орын алуы мүмкін. Қазір көршілес Ресейде, Дағыстанда «полиемиелит» ауруы шығып жатыр, бұл – қорқынышты, балалар өмір бойына сал болып қалуы қаупі басым.

Тамақтану мен күн тәртібі. Алғашқы 6 ай – тек ана сүті, ал одан кейін дұрыс қосымша тағам – баланың физикалық және ақыл-ой дамуына ықпал етеді.

Ата-ана баланың мінез-құлқындағы өзгеріске мұқият қарауы керек. Ұйқысы бұзылса, көңіл күйі жоқ болса, тамаққа зауқы болмаса – бұл жай ғана «ауа райының әсері» емес, денсаулығының сигналыболуы мүмкін. Дереу педиатрға бару қажет.

– Анемия – қазіргібалалар арасында жиікездесетін диагноз. Көп жағдайда бұл дертті ата-ана кеш байқайды. Балалардағы анемияның басты белгілері қандай? Бұл дерттіңалдын алу мен емдеуде ата-аналар қандай қадамдар жасауы керек?

– Темір тапшылығы анемиясы – бүгінгі балаларда ең жиі кездесетін мәселе. Бірақ өкініштісі – ата-аналар оны кеш байқайды. Оның белгілері мынадай: бала бұрынғыдай белсенді емес, тез шаршайды. Тамақ жемей қояды, ет жегісі келмейді, қағаз, құм топырақ жегіш болады. Бет-аузы бозарып, ұйқысы қашады. Сондай-ақ шашы сиреп, тырнағы жұқарып кетеді. Сәби болса, дамуында кідіріс байқалуы мүмкін.

Осы белгілерді аңғарсаңыз, дереу педиатр кеңесін алып, қажет анализдерді тапсырып, емдетіңіз. Себебі бала әр секунд сайын өсіп жатыр, ағзасы гипоксияда жүрсе – дамуы тежеледі.

Бұл жағдайдың алдын алу жолдары қандай? Жүкті кезде ананың темір деңгейі қалыпты болуы тиіс. Бала 6 айға жеткенде темірге бай тағамдар (ет, жұмыртқа сарысы, бауыр) беріле бастайды. Жыл сайын қан талдауын жасатып тұру керек.

Егер анемия анықталса, дәрігер тағайын- даған темір препараттарын қабылдау өте маңызды. Оны өз бетімен тоқтатып немесе халық емімен емдеуге болмайды. Көпшілік «Қызылша берсем, анемиясын емдеп аламын» деп қателеседі, алайда бұл дерттің дауасы тек тамақ емес.

– Баланың терісінде байқалатын өзгерістер кейде ішкі ағзадағы өзгерістің белгісі болуы мүмкін. Сіз тері ауруларымен жиі айналысатын дәрігер ретінде, қандай белгілерге ата-ана ерекше назар аударуы керек деп есептейсіз?

– Ана ретінде біз көбіне сыртқы бөртпені көреміз. Бірақ тері ішкі ағзаның айнасы. Бөртпе әр балада болуы мүмкін. Бірақ қайталанып тұратын, дәріге көнбейтін, балаға мазасыздық әкелетін тері белгілері міндетті түрде тексеруді қажет етеді.

Ұзаққа созылған бөртпе – аллергия емес, иммун тапшылығы не басқа дерт болуы мүмкін, сол себепті дәрігер кеңесі өте маңызды. Емшіге оқытылдық деп, көп ана уақыт жоғалтып жүр, нәтижесінде тері ауруларын асқындырып алып жатады.

Құрғақ, жарық тері – атопиялық дерматиттің белгісі, емделмесе, қосымша бактерия, кандида қосылып, асқынып кетеді де, емдеу қиынға соғады. Себебі атопиялық дерматитте терінің қорғаныш барьері бұзылып тұрады. Сол үшін де балаға келгенде ерте әрекет жасау маңызды

Бетте немесе денеде сарғыш рең – бауыр немесе қан жүйесіндегі бұзылысты білдіруі мүмкін.

– «Сауатты ана» курсы – білімді, байыпты ана болуға ұмтылғандарға арналған құнды бағдарлама. Бұл курсты құру идеясы қалай туды? Курста нені оқытасыз?

– «Сауатты ана» курсы аналардың сұранысы арқылы пайда болған дүние дер едім. Күнде емханада еститін немесе әлеуметтік желі арқылы өте жиі кездесетін сұрақтар – «Баламның дене қызуы 39С градус, енді не істеймін?» деген секілді, сондай-ақ жөтел, мұрын біту, ағу, ангина жайлы сұрақтар болды.

Менің түсінгенім бойынша, аналар білімге зәру. Бірақ сенімді, қысқа-нұсқа, дәлелді, түсінікті ақпарат жоқ. Сондықтан осы курсты құруды ұйғардым. Онда мен:

«Баладағы мұрын ағу, бітуді сауатты емдеу схемалары. Қандай дәрілерді этаппен қолданамыз?»;

«Баладағы жөтелде артық дәрісіз емдеуді, антибиотик қай жағдайда қолдан- баймыз, қалай балаға дұрыс әрекетпен көмектесеміз?»;

«Баланың тамағының қызаруын қалай емдейміз? Қай жағдайда дәрігер антибиотик жазып береді?»;

«Дренажды массаж, ингаляцияны қалай дұрыс жасаймыз?»;

«Фебрильды тырысу деген не? Тырысу кезінде балаға қалай көмектесеміз?»;

«Баладаға іш өту мен құсуда қалай дұрыс диета ұстаймыз? Неге мән береміз? Сусыздану белгілері, қаупі қандай?»;

«Жиі кездесетін аурулардың қауіпті белгілері қандай?» – деген секілді сан түрлі сауалға дәрігер ретінде сенімді ақпарат көзін жинадым және дұрыс емдеу схемаларын қарастырдым.

Барлығын қазақ тілінде, қарапайым, бірақ ғылыми негізде түсіндіремін. Курстан шыққан ана сенімді, сабырлы және сауатты әрекет жасайтын болады.

– «Сауатты массаж» деген нені білдіреді? Жас балаларға массаждың шын мәніндегі пайдасы қандай һәм оны кім, қашан, қалай жасауы керек?

– Массаж деп сәбиді уқалауды ғана айтпаймыз, ол – жүйке, бұлшықет, қозғалыс, тіпті ішкі ағзаға әсер ететін емдік құрал.

Сауатты массаж дәрігердің кеңесімен тағайындалады. Әр баланың жағдайына бейімделіп, массажбен қоса, ЛФК, фитболжаттығулары да жасалады.

Мәселен, мойын бұлшықеттері әлсізболса, баланың басын ұстау процессі кешігуі мүмкін. Қисық мойын, бала денесіндегі гипертонутсың 4-5 айында да кетпеуі секілді жағдайлар кездеседі.

Массаж – осы тұста дамуды қолдау мақсатында қолданылады. Бірақ оныдұрыс жасамайтын болса, керісінше зиян келтіреді.

Мамандардан бөлек, әр ата-ана өз сәбиіне массаж жасап үйренсе, балаға бұл мол пайда әкеледі. Бала мен ана арасында байланыс нығаяды. Бала жатырқап жыламайды. Яғни эмоцияналды күйзеліспен кездеспейді.

Ал «Сауатты массаж» курсында массаждың мақсатын, тиімді әдісін, қашан және не үшін жасалатынын түсінуі үшін, өздері сауатты түрде жасай алуы үшін барлық ақпаратқамтылған.

– Иммунитет – бала денсаулығының негізі. Бірақ оны қалыптастыру жайлы пікірлер сан алуан. Иммунитетті табиғи жолмен күшейтудің тиімді әдістерітуралы айтып беріңізші.

– Иммунитет – бұл бір күнде қалыптаспайды. Ол – ана құрсағынан бастап қалыптасатын күрделі жүйе. Жаңа туған сәби үшін ана сүті – өмірдің алғашқы 6 айында ең мықты қорғаныш. Күн сайын таза ауа, күн сәулесі арқылы «Д» дәрумені түзіледі. Ұйқы, тәртіп, тыныш орта, сондай-ақ қозғалыс пен ойын да иммунитетке әсер етеді. Баланы микробтан «қорғап» өсірудің қажеті жоқ. Оны өмірмен таныстырып, мейірімменөсіру керек.

– Әлеуметтік желідегі кеңестер мен көрші-қолаңнан еститін «халық емі» көп ананы шатастырады. Сіз педиатор ретінде жиі кезігетін, бірақ негізсіз, тіпті зиянды кеңестердің мысалын келтіре аласыз ба?Одан қалай сақтанған жөн?

– Қазір кеңес көп, бірақ барлығына сену дұрыс емес. Солардың кең тараған түрлерін тарқата айта кетейін. «Сары май жақ, құйрық май жақ» дегенді жиі естиміз, бұл май терінің табиғи тепе-теңдігін бұзады.

Шөппен жуындыру. Бұл – аллергия, күйік, тітіркену тудырады;

Баланың аузын антисептиктермен сүрту. Бұл – ауыздың табиғи микробиотиасын бұзады.

Ата-ана әр кеңесті сүзгіден өткізуі керек. Қазіргі заманда ақпарат жеткілікті. Бірақ бастысы – дұрыс ақпарат. Сол үшін мен аналарға арналған курс жасап, сенімді жол көрсетуге тырысудамын.

– Кейде баланың жылауы, мазасыз- дануы ата-анаға түсініксіз күйде өтеді. Бұл – баланың денсаулығы туралы белгі болуы мүмкін. Айтыңызшы, жаңа туған нәрестелердің тілін «оқи алу» үшін ата-ана нені білгені дұрыс? Қандай белгілер дәрігерге жүгінудің сигналы?

– Нәресте сөйлей алмайды. Бірақ ол бізбен жылау, қозғалыс, бет-әлпет арқылы сөйлеседі. Сол «тілді» түсіну – ананың басты міндеті.

Мәселен, сәбидің қарны ашқанын сору қимылдары, алақанын аузына салу қимылдары арқылы біле аламыз. Егер бала ауырсынуды сезсе, онда – аяғын ішіне тарту, қатты жылау әрекетінен байқаймыз. Шаршаса – көзін уқалап, мойнын айналдырады, ал егер ыстықтаса – тершең болып, мазасыздығын білдіреді.

Ал қашан дәрігерге жүгіну керек?

Бала тым көп ұйықтайды немесе керісінше көз ілмейді;

Денесі босаң, әрекетсіз болса;

Тамақ ішуден бас тартса;

Дене қызуы, бөртпе, құсу, іш өту белгісібайқалса, дәрігерге хабарласу қажет. Баланы бақылаңыз. Жылауды түсініңіз. Сонымен қатар шын уайым туғанда, өз бетінше әрекет жасамай, дәрігермен кеңескен жөн.

– Сіздің тәжірибеңіз мыңдаған ата- анамен жұмыс істеуді қамтиды. Бұл – баға жетпес білім мен жүйелі жұмыстың жемісі. Жеке тәжірибеңізге сүйене отырып, бүгінгі қоғамда бала денсаулығын қорғау үшін қандай қағидалар қажет деп ойлайсыз?

– Мен мыңдаған анамен жұмыс істедім. Бір дүние анық: сауатты ана – бала үшін ең үлкен қорғаушы.

Мына маңызды қағидаларды біліп жүріңіз: сұраудан қорықпаңыз. Білмеген ұят емес, сұрамаған – қауіпті. Дәлелді медицина – басты бағыт. Халық емі тек қосымша болуы мүмкін, бірақ негізгіем емес. Өзіңізді күтіңіз. Бақытты ана – бақытты бала. Тәрбиені – махаббатпен, күтімді – біліммен жасаңыз. Әр ана – баласының алғашқы дәрігері. Ал менің миссиям – аналарды қолдау, сенімді жол көрсету.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!