Таяуда Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткен ақын-жазушы, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлының 70 жас мерейтойына арналған «Бай өлкем – бай бесігім» атты халықаралық ақындар айтысында жерлесіміз, айтыскер ақын Мөлдір Айтбай бас бәйгені қанжығасына байлады. Сұлу сөзден жыр кестелеген сөз зергерлерінің додасында аламанның алдын бермеген қазақтың ару қызымен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Баян-Өлгейден шалқар шабытпен қанжығаңыз майланып келіпті. Әңгіменің әлқиссасын осы айтыстан бастасақ. Қалай болды? Кімдер қатысты?

– Айтыс өте тартысты өтті. Күздің соңғы күндерінде Баян-Өлгийдің аспанын жырмен әуелеттік. Бұл айтыстың бірнеше ерекшелігі бар. Ең әуелгісі туған күнімде, 26 қарашада болды. Айтыс басталатын кезде Моңғолияның әнұранымен басталды. Ондай нәрсені бұрын-соңды көрмегенмін. Қазақтың ұлттық киімі мен үкілі домбыраны ұстап отырып, өзге елдің әнұранын тыңдап отыру деген енді… Оны сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Төрт мемлекеттің туы тұрған соң, төрт елдің әнұраны қатар шырқалады деп ойлаған едім, қателесіппін. Олай болмады. Солай айтыс басталды, әуелі жергілікті ақын Ақтілеу Кеңшілікпен айтыстым. Сонан соң алматылық Шұғаев Сезімханмен сайысқа түстік. Финалда мен сөз соңын әнұранмен аяқтадым. Олай етпеске болмады. Сол жерде жүрегі қазақ деп соққан қанша жанның еңсесі көтерілді, мақтанышы оянды. Бір ауыз әнұран туралы әдепкі жайды айтып өттім де «Сіздерге азаттықтың таңы атқандай етіп, мен бір әнұранның әніне салып айтайын» дедім де әуелете жөнелдім. Халықтың ыстық ықыласы шабыттандырды. Осылайша әрі туған күнім, әрі бас бәйгем қуаныш сыйлағаны былай тұрсын, атажұртты аңсаған, қазақылықты сағынған бір қауым елді көріп, Отан деген төрт әріптен құралған ұлы сөздің қадір-қасиетін тағы бір түсініп келдім.

– Өзге елге барып, ұлттық өнерді айшықтау – үлкен жауапкершілік. Әнұранды әуелеткендегі сезім қалай болды?

– Бұған дейін алыс-жақын елдерге көп бармайтынмын. Бірақ енді түбі бір түркіміз ғой, өзіміздің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тілімізге, ділімізге жақын елдер. Ал Баян-Өлгей – сан ғасырлар бойы қазақтар қоныстанған жер. Халықтың 95 проценті – қазақ. Қалған көлемі кейіннен көшіп келген моңғолдар. Қанша жерден қазақтар тұрғанмен Моңғолия мемлекетінің шекарасында тұр. Бәрібір, ауыр екен. Тәуелсіз еліміздің төсінде, көк тудың астында, қалың қазақтың ортасында өмір сүріп жүрген біз бақытты екенбіз. Бұл айтыста мен өнердің алдындағы жауапкершіліктен гөрі Отан алдындағы жауапкершілікті қатты сезіндім. Халық өте ыстық қабылдады, тоқтамай қол созып, қошемет көрсетіп, ерекше көңіл аударды. Оның үстіне әнұранды әнге салып айтқаннан кейін мені әлеуметтік желіден тауып, жазып жатқандар көп. Ақжолтай тілегін жаудырып жатыр әлі. Иә, қазақ қай жерде де қазақ. Біздің ұлттың рухы биік. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

– Алда қандай жоспар бар? Айтыскер ақын Мөлдір Айтбайдан қандай жақсы жаңалықтар күтейік?

– Бұған дейін 2015 жылы «Мөлдір өлең», 2017 жылы «Сыйлық» атты кітаптарым жарық көрді. Байқап отырсам, арада біраз үзіліс болыпты. Көптеген өлеңдерім жиналып қалды. Алла амандық берсе, алдағы көктемде үшінші кітабымды жарыққа шығарғым келіп отыр. Әрі бұл кітаптың тұсаукесері ретінде тәуелсіз қазақ елінің барлық облысын аралап шығамын деген жоспар да бар.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен

Дәулет Қырдан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!