Бала күнінде ұшуды армандамаған бала кемде-кем. Бірақ өмірдің әр бағытына бет алған тұста бұл мамандыққа деген махаббат бәсеңдей түседі. Себебі аталған саланың болашақ маманға қояр талабы оңай емес. «Qazaq Air» компаниясының ұшқышы, жерлесіміз Қуаныш Наурызалиевтің айтуынша, олар тез шешім қабылдай білу қажет. Себебі әуе жолында әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Ал адам өмірі үшін әр секунд маңызды.
‒ Қуаныш, әңгімемізді авиация саласына келген уақыттан бастайықшы. Ең алғаш көкке көтерілген сәт әлі де есіңізде болар… Қандай ұшақпен, қай кезде, қанша уақыт ұштыңыз?
− Әр ұшқыштың бірінші рет көкке көтерілген сәті есте қалады. Мен ең алғаш рет Литваның Шедува ауылында екі адамдық ұшу жаттығуына арналған Cessna 150 ұшағымен жарты сағаттай ұштым. Естен кетпес, өте керемет әсер алдым.
‒ Авиация саласына келмес бұрын түлектер үш деңгей бойынша сыналады екен. Осы жайында кеңірек айтып беріңізші… Студенттер үшін қай кезеңнен өту қиын соғады?
− Студенттер үшін бұл саланың әр кезеңі ауыр. Сондықтан барлық сәтте еңбектену керек. Ең алдымен теория оқып, емтихан тапсыруды талап етеді. Одан кейін ұшу практикасын үйрену қажет. Сондай-ақ авиация саласына қажетті ағылшын тілін меңгеру керек. Ұшқыш болуға ұмтылған талапкер үшін соңғы кезең, жұмысқа орналасу уақыты − ең қиын, жауапты сәт деп ойлаймын. Өйткені бұл ортада бәсекелес көп. Қатарыңыздан алда болмасаңыз, жұмыс табу да қиын.
‒ Осы салаға келген сәтте сізді не таң қалдырды? Авиацияның біз білмейтін беймәлім тұстарымен бөлісіңізші…
− Бастапқыда мені ұшқыш пен борт-серікке алпыс күн еңбек демалысы берілетіні таң қалдырды. Көп жұмыс орнында еңбек демалысы 24 күн, бірақ экипаж мүшелері екі айға жуық демалыс ала алады. Бұл − жұмыстың ауырлығына, ұшу сағатының көптігіне орай берілетін мүмкіндік. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір адамдар ұшақтағы турбуленттіліктен қорқады, алайда оған алаңдаудың қажеті жоқ. Турбуленттілік − ауа ағынының, желдің өзгеруінен туындайтын табиғи құбылыс. Кез келген ұшақ аталған жағдайға бейімделіп жасалған. Алайда борт-серіктер белдікті тағуды сұраса, немқұрайлы қарамаған жөн, себебі сіздің ұшақтағы қауіпсіздігіңіз маңызды.
‒ Әуе жолында кәдімгі көлік жүретін көшелер тәрізді ұшақтың да өзіндік жолы болатыны айтылады. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз…
− Иә, аспанда көптеген координатпен бекітілген нүктелер бар. Олардың әрқайсына бес әріптен тұратын атау беріледі. Борттағы компьютерге алдын ала бір нүктеден келесі нүктеге ұшу туралы ақпарат енгізіледі. Ол спутник көмегімен жүзеге асады.
‒ Осы саладағы ережеге сүйенсек, бір ұшақты тізгіндеген адам екінші ұшаққа отыра алмайды. Өйткені екінші ұшақтағы жүйе мүлде басқа болады. Жалпы бір ұшақты толық меңгеру қанша уақытқа созылады? Өзге де ұшақтың тілін білу үшін арнайы курстан өту керек пе?
− Ұшқыштар басқа ұшаққа ауысатын болса, арнайы Type rating курсынан өтеді. Ол − жаңа ұшақтың типін толыққанды оқу, яғни ұшқыш сол типті толық меңгеру керек. Бұл шамамен бір-екі айға созылады. Соңында алған білімі бойынша емтихан тапсырады.
‒ Ұшқыштың шеберлігі оның дер кезінде шешім қабылдаған сәтімен және ұшу сағаты бойынша сыналады. Оқу орнында, тәжірибе алмасу барысында студенттерге қанша сағат ұшу міндеттеледі?
− Негізінде біз әр ұшқан сайын тәжірибе жинаймыз. Себебі әр рейсте ауа-райы әртүрлі, әуежайлар да бір-біріне ұқсамайды. Ұшу аймағына байланысты ұшқыш жаңа дүниені үйреніп, өзіне сенімді бола бастайды. Студенттерге шамамен 200-250 сағат ұшу межесі беріледі.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.БАТЫРБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!