Нұрзия Мәжитова – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің шетел тілдері және аударма білім беру бағдарламасының оқытушысы, магистр, PhD докторант. Ұшқыр ой мен ұтымды ұсынысы арқылы көш басында. Тіл саласында тиімді тетік табуда, зерттеу жасауда да алшақ емес. Білікті маманның білім жүйесі жайында ойын білген едік.

Ұстаздық қызметте жүрсіз. Ағылшын пәнінің мұғалімі болудың артықшылығына тоқталсаңыз…
– «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» демей ме?! Демек ұлық қызметте жүрудің кемшілігі жоқ. Балаға сабақ берудің өзі ғанибет. Университетте оқытушы болғаныма 6 жылдан асыпты. Ал тілдік курстарда 10 жыл репетитор ретінде жұмыс істедім. Байқап қарасаңыз, таңдауымнан тартынып, мамандығымнан алыстаған емеспін. Мәселен, ағылшын тілін меңгеру арқылы әртүрлі елге саяхаттап, әлемдік рейтингтегі беделді жоғары оқу орындарына білім жетілдіруге болады. Сондықтан дамудың таптырмас кілті десем артық емес.
Жақында Ресейдегі белді университетте біліміңізді шыңдадыңыз. Алған тәжірибе мен әсер қандай?
– Кон­фе­ренция, фестиваль, семинар-форумға барған сайын тың тенденция мен жаңа идея игеремін. Сол үшін мүмкіндікті мүлт жібермей, оқуға көңіл бөлемін. М.В.Ломо­но­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім-ғылым жоғары деңгейде дамыған. Тағы­лым­дамадан өтіп, ерекше әсер алдым. Түрлі тәжірибені байқап, елімізде де жүйе жаңарсын деген ниетпен оралдым. Демек білімнің жоғары дамыған ортасын қалыптастыру негізгі міндетіміз.
2014 жылы Польшада да академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқығанмын. Кейін Қазан қаласына ағылшын тілін оқыту бойынша магис­тратураға түсіп, бірінші семестрден соң сырттай оқуға қосымша мамандық іздедім. Өйткені жастық жігер мен қайратты пайдалану бәрінен маңызды. Мәскеудегі екінші магистратурада мемлекеттік және жергілікті басқару бағытында білім алдым. Яғни еуропалық және ресейлік екі диплом еншімде.
Мектеп қабыр­ғасында жүргенде экономист және ағылшын тіліне таңдауым түсті. Ма­гис­тра­турада экономика негізінде бизнес құру мен басқаруды үйрендім. Тайм менед­жмент, адам­дармен мәмілеге келу тұрғысында тәжірибе жинағаным рас. Бұл өмірлік азығым екенін де білемін. Қазір диссертация қорғауға дайындалып жүрмін. Еліміздегі білім жүйесі, адами капиталдың дамуы сынды салмақты сауалға зерттеуді бастап кеттім.
– Елімізде ағылшын тілін оқыту деңгейіне тоқта­лайықшы. Шет мемлекеттің білім стандартына бәсеке бола аламыз ба?
– Білім беру ұйымы және оқу орталығы жақсы деңгейде оқытады. Өйткені ағылшын тілінің мұғалімдері шетелден білім алуда. Тәжірибесін сабақта қолданатыны да белгілі. Негізі деңгей ғылыми тілде коэффициент, индекс, арнайы көрсет­кішпен есеп­теледі. Сондықтан пайыздық мөлшермен айта алмаймын. Тек ұмтылыс ұсақталмаса, бәсекеге қабілетті болатынымыз анық.
Айтарым, оқыту деңгейі ағылшын пәніне ғана емес, тұтас білім жүйесіне қатысты. Бәсеке болу үшін ұлттық калоритімізді сақтай отырып, төл жүйемізді қалыптастыру қажет.
– Жастар тілді меңгерудің түрлі амалын қарастыруда. Қазір интернет жүйесі мен әлеуметтік желіден оқып жүргендер де бар. Айтыңызшы, платформалар репетитордың орнын баса ала ма? Қайсысы тиімді?
– Иә, жастар оқуға құштар, өздігінен үйренуге бейім. Әрине платформа көп, оның сапасын ажырата білу маңызды. Демек интернет желісінде мәліметті саралауға, тапсырмаға бағыттауға жетекші қажет. Ағылшын тілін үйренуде маңыздысы – орта. Платформада оқушы мен студент жалғыз үйренеді. Егер тақырып талданбаса, ағылшын тілінде екеуара диалог өрбімесе меңгеру күрделі болмақ. Ал ортақ ойы, мақсат-мүддесі бар топ болса тиімділігі едәуір жоғары. Мұның нәтижесі де жақсы. Бәрі баланың қабылдауына байланысты ғой. Өздігінен оқып жетістікке жеткендер бар. Бірақ сонда да оқытушы, жетекшінің нұсқауы керек.
Қазір де ағылшын тілін қосымша оқытумен айналысамын. Менде бір талап бар. Тіл үйренуге келген адамның мақсаты болуы шарт. Бала ата-ананың айтуымен ғана келсе оқытпаймын. Өйткені білім алушының құлшынысы мен ынтасы бәрінен маңызды. Сонда сабақты қабылдау, тіл игеруде әлдеқайда жеңіл. Сан емес, сапа маңызды болғандықтан, тек екі студент оқытамын. Қалғанын кейін қабылдаймын. Шәкірттерім жоғары нәтижеге жетіп жүр.


Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!