Айдар САЙЛАУОВ, «Ұстаз мәртебесі» газетінің жауапты хатшысы, ақын:
Айдар Әділжанұлы – алдыңғы буынның ізін жалғаған талантты ақын. Республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарады. Жеткен жетістігі бір төбе. Кейіпкеріміз – қаламгер Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының, «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қоғамдағы белсенділігінен бөлек, Айдар – көпбалалы әке.
– Жақында нәрестелі болдыңыз. Бауы берік болсын! Алғашқы сауалды келіншегіңізбен қалай танысқаныңыздан бастасақ…
– Келіншегімнің есімі – Арайлым. Жақында дүниеге төртінші сәбиімізді әкеліп, туған күнімде ерекше сыйлық жасады. Төбем көкке жеткендей қуанғаным рас. Қазақ бала мен малдың санын айтпа дейді ғой. Бірақ, мен қуанышты бөліссең көбейеді деп есептеймін. Есімін Айәділ деп қойдық.
Арайлыммен М.Мәметова атындағы гуманитарлық-жоғары колледжінде оқып жүргенімде танысқан болатынмын. Оны ең алғаш 18 жасымда көрдім. Мен осы оқу орынның жатақханасында жаттым. Оқу ғимаратымен жапсарлас болғасын, аулада жиі жүреміз. Сол кезде сырттай көріп, ұнатып жүретінмін. Бір күні Арайлымның ұялы телефонын тәрбие бөлімінің басшысы алып қойыпты. Ол кезде телефонмен сабаққа келуге тыйым салынатын. Ал, мен ол кісімен өте жақсы болдым. Өйткені, колледждің белсенді студенті тұғынмын. Арайлымның құрбы қыздары «Айдарға барсаң, телефоныңды алып береді» деп маған қарай жөн сілтеп жіберіпті. Сол кезде оның қалауын орындап, телефонын алып беріп, нөмірін алып қалған болатынмын. Осылай тіл табысып кеттік.
– «Көпбалалы ана» деп жатамыз, бірақ «көпбалалы әкелерге» тоқтала қоймаймыз. Сіздің ше қазір бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі қандай?
– Әкенің сөзі – «оқ». Сол үшін «асқар тауымның» сөзін екі етпеуге тырысамын. Қазір әкем Арал ауданы, Қызылжар ауылында тұрады. Есімі – Әділжан Абабүкіров. Анамның есімі – Қарлығаш. Мен де көпбалалы отбасының тұңғышымын. Бірақ, ата-әженің тәрбиесінде болдым.
Сұрағыңыз орынды. Қазір қызмінезді жігіттер көбейіп кетті. Мұның бәрі азаматтық тәрбиенің жоқтығынан. Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға «жұғады». Қазір балабақшадағы, мектептегі, университеттегі тәрбие әйел адамдардың қолында екені де жасырын емес. Әсіресе, осы кезеңде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағу, балға ұстау, шұрып бұрау, ат міну, аяқ киім тігу, электр тоғын жалғау сынды әйелдің шамасы келмейтін шаруаларға баулу да әке мойнына артылған. Әке тәрбиесін көрмеген бала ертең балға сұраса, ара әкелуі мүмкін. Баланы өзімен бірге ертіп жүру, шамасы жетпейтін шаруа болса да жай ғана қарап тұруға қалдыру, көлік жуғызу, анасы мен қарындастарына ауыр заттарды көтертпеуге үйрету – ертеңгі күні жеміс беретін өнеге.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бар…
– Жақында мақала жазған болатынмын. «Жастар үй болып кету үшін үйлі болу керек» деп. Менің ойымша көп отбасылардың бұзылуы, шаңырақ шайқалуы осы материалдық жағдайға тіреледі. Мен де жалдамалы пәтерде тұрамын. Жеті жыл болыпты. Бірақ, келіншегім екеуміз балалар үшін, болашағымыз үшін туындаған көптеген мәселелерді ушықтырмауға тырысамыз. Алға қарай ұмтылып келеміз.
Бүгінде ел арасында айтылып, жазылып жүрген мәселенің бірі – жастардың ой-санасындағы сезімге, махаббатқа деген көзқарастың өзгергендігі. Менің ойымша, мұны жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені – махаббаттың мөлдір таза күйінде өмір сүруіне әлеуметтік жағдай ырық бермейді.
Расымен де, үйленудің өзі арзанға түспейді. Ата-ана қарызданып, бар-жоғын жиып, той жасайды. Десе де, үйленуге жастар жағы асқан бір жауапкершілікпен қарап, өмірдегі маңызды қадамды мың ойланып, жүз толғанып барып жасаса дейсің. Әйтпесе, бүгін «сүйдім-күйдім» деп, қанша елді әбігерге салып, алыстан ат терлетіп тойға келтіріп, той қызығы басылып, содан кейін «біз бірге тұра алмайтын болдық, ажырасамыз» деп шыға келетіндерді көргенде «бұл қалай болды, не болып кетті өзі?!» деп таңырқаған күйге түсесің. Бәлкім, үйленер алдында өмір бейне бір романтикалық сәттерге толы болатын да шығар?! Немесе жастар сериалдағы махаббатты елестетеді ме? Алайда, үйлену тек жалғыз тоймен аяқталмайды. «Маған қыз жоқ па, азар болса тағы үйленермін, маған жігіт жоқ па, азар болса тағы да күйеуге тиермін» деген жастар ақылға салу керек.
– Отбасындағы мәселені қалай шешуге болады?
– Отбасылық мәселе от басудан тұрмаса игі. Әйтпесе, жоғарыда тарқатып айтқанымдай, екі әулеттің абыройына нұқсан келеді. Үйдегі мәселе үйде қалу керек. Үй ішінде шешілу қажет.
– Шығармашылық адамысыз, ақын ретінде танымалсыз. Бойжеткендерге өлең арнауға тура келетін кездер болады. Оны келіншегіңіз қалай қабылдайды?
– Шынберген Сүлейменов ағамыз «Көшедегі әдемі қыздарға сүйсініп қарап келіп, үйдегі келіншегіме қарап отырып өлең шығарамын» деген еді. Әйел қырықшырақты ғой. Құбылады. Қызғанады. Бәрібір түсінеді. Жарасхан Әбдірашов ағамыздың Нәзікгүл анамызға қарап тұрып айтқан: «Ат айналып қазығын табады. Жарасхан айналып Нәзігін табады» дейтін естелігі бар тұғын. Біз де сол еруде көштеміз. Қазір махаббаттан парасатқа ауысатын, өтпелі уақытта жүрген секілдімін.
– Адам атақты болу үшін тумайды, дегенмен атақты ешкім жек көрмейді. Атаққа қаншалықты құмарсыз?
– Берген емес маған атақ,
бермейді,
Күндейді ғой, жүндейді ғой
мендейді.
Ертең менің атымдағы
сыйлыққа,
Таласарын түсінгісі келмейді.
Өлеңімнің өлмейтіні хақында,
Қам жемесін жақыным да,
жатым да.
Қазақтағы сыйлықтардың
көбісі,
Сыйлық алмай кеткендердің
атында!, –
деп Қаныбек Қасымханұлы айтқан еді. Әйткенмен, атақты кім жек көрсін. Берсе ала беремін. Бірмесе, әлдекімдер секілді есік жағалап, аға аралап, атақ сұрауды жат көремін. Бір оқырман есіміме «ақын» деп айдар тақса, сол үлкен қуаныш.
Танымалдық ол басқа қонатын бақ қой. «Біреуге бақ ауып қонады. Біреуге бақ тауып қонады. Ауып қонған бақ адамды бір уақытта өшіреді, ал тауып қонған бақ адамды әрдайым өсіреді» демейді ме?! Мен осы тәмсілге сенемін.
– Баланың болашақта кім болатынына, қандай мамандық тандайтынына көбіне ата-ана шешеді. Осыған қатысты ойыңызды білсек…
– «Алма алма ағашынан алыс түспейді». Әкем – Арал теңізінде балықшы болған жан. Десек те, өлең қан арқылы қонған секілді. Өйткені, мен Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай бидің оныншы ұрпағымын. Біздің руда аяқтығы жол, ауыздығы сөз бермеген өрелі бабалар көп болған. Сол үшін де ұл-қызым да осы руханият саласынан алыс кетпеуі мүмкін. Ал, ғайыптан тайып өзге салаға құмары ашылып тұрса, болатын баланың бетінен қақпаймын.
– Жоғарыда бала тәрбиесіне тоқталдық. Енді салт-дәстүрге ойыссақ. Ат қою, тұсау кесуге қаншалықты мән бересіз? Балаларыздың есімдерін кім қойды?
– Дәстүрді дәріптеп, салтты сақтау – басты парызымыз. Үлкен қызымның есімін Сайлау атам «тұңғыш шөберем» деп өзі «Ерке» қойды. Үлкенімнің тұсауын өзімнің рухани құбылам болып жүрген ағам Нұрлан Нұрмаханов кесті. Қызығы, қызымның тұсауы Қамбаш көлінің жағасында кесіліп, Ерке сол бойы қадам басып кеткен болатын. Ал, екінші балам Айдынның атын өзім қойдым. Есімі «ай»-дан басталсын, теңізден шыққанымызды ұмытпайық деген оймен. Теңіздегі айдынның бетінен шағала балық ала алмайтын ең мөлдір және терең тұсы екен. Осы оймен ырымдап Айдын дедім. Ұлдың тұсауын жырау Айбек Тәңірбергенов кесті. Үшінші қыздың есімі – Елігім және кенжеміз Айәділ. Оны туған-туыстар өздері қойды. Бірақ, есімдердің бәрі өз сүзгімнен өтті. Өйткені, оған мән беремін. Баланың есімі ерекше болса, өмірі де көркем болады.
– Бұрын әке сөзі заң болатын. Дегенмен қазір баласын тастап, әке деген атқа лайық болмай жүргендер көп. Керегені берік құруға не кедергі?
– Баладан безінген адамдардың әрекеті миыма қонбайды. Сәбиің кешкене шыр ете қалса, жандүниең шыж-быж болады. Ал, оны тастанды ету тасжүрек адамның ісі.
Қаламы қарымды жазушы Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» повесінде: «Дүниедегі ең мықты, әрі ақылды, әрі мың жасайтын тек қана менің әкем екенін, менің әкемнен асқан адамды осы жасыма дейін көрмегенімді, талай ауылды, талай қаланы аралап сандалсам да таппағанымды, тіпті енді мың жылдан соң да таба алмайтынымды білемін» деген жолдар бар. Осынау повестегі жылы сөздер әкеге арнаған әрбір баланың сөзі сияқты. Алаңсыз балалық шақтың шуақты сәттерінде әке тәрбиесі мол болды. Тәрбие мен тек осы күнгі болмысымызды қалыптастырды.
Үш адам үйленсе, оның екеуі ажырасып жатқан уақытта отбасылық құндылықтың құнын құлдыратып алғанымыз қынжылтады.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!