– Бала күтімімен үйде отырғалы білім алудан қол үзіп қалғандаймын. Жаңа дүние үйрену, ізденісте жүру адамның көңіл күйіне де әсер ететін секілді. Үй тірлігінен бос уақытты өзіме арнағым келеді…

– Көңілі тыныш, жаны жайдары әйел ғана шуақ шаша алады. «Аяулым» орталығы қыз-келіншектерге пайдалы сабақтар мен тренинг өткізеді екен. Бос уақытымызда бірге барайық…

Бұл – екі құрбының диологы. Иә, бүгінде ізденісті қалайтын, дамушы орта іздейтін арулар үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Соның бірі – облыс орталығындағы “Аяулым” орталығы.

"Аяулым" - ізденімпаз аруларды біріктірген орталық

Көңілі тыныш әйел – отбасының берекесі

Осыдан бір жыл бұрын «Аяулым» орталығын ашудың да негізгі мақсаты қыз-келіншектерді дамыту, білімді арулардың басын қосу болатын. Құрбылардың идеясынан туындаған эстетикаға толы орта білімді де іскер нәзік жандардың алаңына айналды.

– Әйел адамның көңілі тыныш болса, үйге береке кіретіні рас. Бір бойынан нәзіктік пен даналық, батылдық пен төзімділік табылатын ару аналар – әдеміліктің символы. Бірақ сұлулық та күтімді қажет етеді. Әйел әдемі болу үшін әрдайым өзіне уақыт табуы керек. «Айналадан хабарсыз», білім алу мен ізденісті ұмытқан, табиғаттың таңғажайыбына тамсануды тоқтатқан әйелден жақсы мінез, жайдары көңіл күту қиын. Сондықтан арулардың жанын жадырататын сүйікті ісі, ой бөлісетін ортасы болса деген ниетпен «Аяулым» орталығын ашу туралы идеяны іске асырдық, – деді орталықтың басшысы Гүлбаршын Әлсерікова.

Бүгінде орталықта сурет салуға арналған арт- терапия, әйел денсаулығын жақсартуға арналған кеңес беру тренингтері, қолөнер бұйымдарын жасау, жаңа кәсіп түрін үйрену, қаржылық сауаттылық бойынша курстар ұйымдастырылады. Ал алдағы уақытта кітап оқуды ұнататындар үшін оқырмандар клубы ашылмақ.

Орталық келушілердің сұранысына орай арнайы мамандарды қонаққа шақырады. Айталық, халықаралық әйелдер күні қарсаңында флористер гүл композициясын жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді. Жайлы атмосфера, нәзік гүлдердің ортасында қыз-келіншектердің қалай қуанғанын көрсеңіз… Бұл жиынға облыс орталығынан бөлек, аудандардан арнайы келген келіншектер бар екен. Тіпті кейбірінің 4-5 баласы бар. Соншама жол жүріп, келудегі мақсат не деп ойлайсыз? Әрине, әйелдердің іздегені – әдемілік пен ой бөлісетін орта, көңілдің тыныштығы.

Нәзік жандардың мұнда келуінің бір себебі – жаңа білім алу, кәсіп түрін үйрену. Көбіне ер азаматтардың жұмыс істеп, әйелдердің бірнеше жыл үйде отыруы мамандығынан қол үзуіне әкеледі. Мұндайда кейбір ер адамдардың әйеліне «сен үйде отырып не білесің, сенімен қалай әңгімелесем?» деп тәкаппарланатыны бар. Сондықтан әйелдердің жасына, жағдайға қарамастан жаңа білім алуы қай кезде де актуальды.

"Аяулым" - ізденімпаз аруларды біріктірген орталық
"Аяулым" - ізденімпаз аруларды біріктірген орталық

Психосоматика – ішкі жандүниеміздің айнасы

«Аяулымда» уақытты тиімді өткізу, білім алудан бөлек психологпен сөйлесу мақсатында келетіндер де бар. Орталық басшысы Гүлбаршын Құрбанғалиқызы қазақ қыздарының көбі өз ойын толық жеткізе алмайтынын, психологқа келуді ұят санайтынын айтты.

– Негізгі мамандығым ауылшаруашылығы, экономика-бизнес саласына байланысты болғандықтан, аудан, облыс әкімдігінде бірнеше жыл қызмет атқардым. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін Варшавадағы жоғары оқу орнына психология бойынша оқу түстім.

Психосоматика да осы салаға ұқсас болғанымен, зерттеу бағыттары әр түрлі. Бұл сала аурудың негізгі туындау себептерін анықтайды. Адамның өз өмірінде болып жатқан жағдайды қабылдамауы, күйзеліс, уайымы ауру түрінде белгі береді. Өзім студент кезде аллергияға бейім болдым. Психосоматика саласында білім алу арқылы басқа адамның болмысын қабылдай алмауы аллергияға әкелетінін түсіндім. Түпкі көзқарасымды өзгерту арқылы ғана аллергиядан айыға бастадым. Сондай-ақ бірнеше жыл құлақ ауруынан да қиналғаным бар. Алматыда ота жасатып, дәрігерлер «сенде бәрі жақсы» дегенмен, құлақ ауруы қоймады. Кейінірек мұның басты себебі өз ішімде екенін түсіндім. Бұл ьсаланы тереңірек зерттегеннен кейін басқаларға да көмектесу керек деген шешімге келдім, – деді ол.

Бүгінде психосоматолог қыз-келіншектермен әңгімелесу арқылы аурудың туындау себебін анықтауға көмектеседі. Себебі ұзаққа созылған дерттің қозғаушы күші стресс болуы мүмкін.

«Аяулымға» қайта оралсақ, «мұндай орталық ашу бизнес ретінде тиімді емес» дейді кәсіпкерлер. Сырттан мамандар шақыру, ғимаратты жалға алу, фуршеттер ұйымдастыру көп қаржы мен уақытты қажет етсе керек. Сондықтан «бұл орталық арқылы мол табыс табу мүмкін бе?» деген сауалымызды басшысына да қойдық.

– Біздің негізгі ниетіміз көл-көсір қаржыға кенелу емес. Өзіміз де бала күтімімен үй шаруасында болғандықтан, бұл идея қыз-келіншектер бірге дамысын деген ниеттен туындады. Алдағы уақытта орталықтың жоспарын жүйелеп, жаңа тренингтер ұйымдастырмақпыз. «Аяулым» – махаббат, мотивация, қолдау орталығы. Біздің есігіміз сіздерге әрдайым ашық, – деді Гүлбаршын Құрбанғалиқызы.

«Аяулым» орталығы Қызылорда қаласындағы Ә.Бөкейхан көшесі, 66 мекен-жайында орналасқан. Инстаграм парақшасы – @aiaulym.club

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!