Жастарды әрекетпен ғана емес, жырмен де дамуға шақырған Мағжан Жұмабаев елдің бүгінгі буынына үлкен сенім артты. Өзі жарық күнге айналып, қазақтың баласы білімге жақын, дарынды болсын деп, түрлі жоба жасап, білім беріп, тіпті қалам тербеген тұлға боп есте қалды.
Сіз бен бізге «жалындау» керектігін айтқан ақын қазіргі күнді көрмесе де, сенді. Солай болса екен деп тіледі. Расында жазушы Жұмабаевтың өлең жолдарында кездесетін «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жандар аз емес. Көзінде оты бар, ішкі жауапкершілігі берік бұл буын өзін де, қоғамды да қатар дамытып келеді.
Солардың бірі – Аяжан Әсіл. Өмірін білім саласымен байланыстырған жас маман бүгінде Шахтинск қаласындағы №7 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ береді.
Мұнан бөлек спортпен айналысады, шығармашылыққа жақын, әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Ол мұғалімнің қоғамдағы рөлі үйреншікті шеңбермен шектелмейтінін ісімен көрсетіп жүр. Осы орайда жас маманмен сұхбаттасып, замандастың көзқарасы мен ой-толғамын тыңдаған едік.
– Аяжанды әлем кім ретінде тану керек? Мұғалім, контентмейкер, әлде белгілі бір миссиясы бар жас? Қай нұсқа сіздің болмысыңызды дәл ашады?
– Қызық сауал… Меніңше, қазір қатар алып жүрген мамандығымның барлығы менің болмысымды көрсетеді. Десе де әлем мені ең алдымен мұғалім ретінде таныса екен деймін. Бірақ бұл ұғымды мектеп қабырғасымен ғана шектемеу керек. Себебі «мұғалім» сөзі араб тілінен енген, ол «мұғаллим» – үйретуші, оқытушы деген мағына береді. Білетінімді, үйренгенімді өзгеге жеткізе алатын, өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін адам болғым келеді. Сондықтан бұл мен үшін жай кәсіп емес, ауқымы кең, өмір бойы жалғасатын миссия.
– Замандас ретінде әуелі әлеуметтік желіге тоқталсақ, бүгінгі контентке көңіліңіз тола ма? Жалпы әлеуметтік желіні дұрыс бағытта қолданып жүрміз бе?
– Әлеуметтік желіні дұрыс қолдана білсең, әрине өте жақсы әрі таптырмас құрал. Өзіңіз білетіндей, қазір контент өте көп. Ал оның әсерінен мағына мен мән екінші орынға ысырылған секілді. Десе де әлеуметтік желіні дұрыс бағытта қолдануға болады. Ол – ой бөлісудің, тәжірибе көрсетудің, шабыттандырудың алаңы.

– Оқушыларыңыз сіздің блогыңызды, әлеуметтік желідегі парақшаңызды көре ме? Ал мұғалім ретінде контент жасауда өзіңізге қандай да бір шектеу қоясыз ба?
– Қазіргі бастауыш сыныптағы оқушыларым блогымды көрмейді. Бірақ бұрынғы оқушыларым мен мектеп бітіріп кеткен шәкірттерім көріп, пікір білдіріп жатады. Блог жүргізуде өзіме қатты шектеу қоймаймын. Өмірім қалай бар болса, солай көрсетемін. Өйткені оқушыларға сөзбен емес, ісім арқылы үлгі болғым келеді. Спортпен айналысуым, дұрыс тамақтануым, өзімді күтуім де жасанды емес, шынайы өмірімнің бір бөлігі.
– Ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп? Уақыт өте келе бұл салаға көзқарасаңыз өзгерді ме? Қайткенмен де, ойдағы дүние мен тәжірибенің арасы алшақ қой…
– Иә, мамандық таңдау маңызды қадам. Ал өз тәжірибем бойынша айтар болсам, мамандық таңдайтын кезде біршама адастым. Бала кезімде атақты болуды армандадым, ал ол уақытта атақтылықты теледидармен байланыстыратынмын. Сол себепті актриса немесе журналист болғым келді. Бірақ жоғары сынып оқып жүргенде өзімнің адамдарға бір дүние үйреткенді жақсы көретінімді, оны еш ақысыз, шын көңілмен жасай алатынымды түсіндім. Сол сәттен бастап мұғалім боламын деп саналы таңдау жасадым. Сол таңдауыма «Teach for Qazaqstan» жобасының да айтарлықтай үлесі бар.
– «Teach for Qazaqstan» жобасы туралы айтып қалдыңыз. Кеңірек тоқталсаңыз…
– Бұл жоба мен үшін тек бағдарлама емес, үлкен мүмкіндік пен өмірлік тәжірибеге айналды. Teach for Qazaqstan арқылы Қазақстанның әр өңіріндегі білім сапасын арттыруға үлес қоса аламын. TFQ сабақ берумен қатар, әр оқушыны тұлға ретінде қабылдауды, олардың ерекшелігі мен мүмкіндігін бағалауды үйретті.
Шынымды айтсам, университетті жаңа бітірген түлекке дәл осындай қолдау көрсетілсе, білім саласында болашағы айқын, кәсіби тұрғыдан мықты біршама маман шығар еді. Өйткені TFQ тек педагогикалық дағдыларды үйретіп қана қоймай, сенім, жауапкершілік, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырады.
Бағдарламаның басты миссиясы – білімдегі теңсіздікті азайту. Ол үшін тек теория жеткіліксіз. Сен әр баланың жанын, ойын түсінуің керек. TFQ әр ұстазға «сен өзгеріс жасай аласың» деген сенім береді. Расында бұл – үлкен күш.
Әр балаға білім мен сенімділік сыйлау, олардың ішкі әлеуетін ашуға көмектесу менің өмірлік миссиям. TFQ арқылы өзімді тек мұғалім ретінде емес, жаңа идеялар мен тәжірибелерді қоғамға жеткізе алатын жас көшбасшы ретінде де сынап көрудемін. Осындай мүмкіндіктер жас мамандарға ертерек берілсе, еліміздің білім саласында сапалы, саналы және жауапты ұрпақ өсер еді деп ойлаймын.

– Оңтүстікте туып, батыста білім алып, бүгінде орталық өңірде жұмыс істеп жүрсіз. Аймақтар арасындағы мәдениет, мінез, сөйлеу мәнеріндегі айырмашылықтарды байқаған боларсыз. Өзіңізге қай өңір жақынырақ? Ал шығысқа бару жоспарда бар ма?
– Расымен бұл мен үшін өте қызық тәжірибе болды. Бір Қазақстан болғанымен, әр өңірдің өзіне тән мәдениеті, сөйлеу мәнері, мінезі бар. Бұл менің тіл маманы, әдебиетші ретіндегі ой-өрісімді кеңейтті. Университетте оқып жүргенде топтастарыммен диалектілерді талдап, жиі пікірталасқа түсетін кездер де болды. Ал төрт жылдың ішінде бір- біріміздің сөйлеу әдебімізді сіңіріп алғанымызды өзіміз де байқамай қалдық.
Ал қай өңір жақын деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Себебі мен үшін бәрі тұтас Қазақстан.
– Парақшаңызда сабақ процесінен, сергіту сәтінен үзінділер жариялайсыз. Бүгінгі оқушымен жұмыс істеу қиын ба, әлде керісінше қызығы басым ба? Баланың қызығушылығын ояту үшін, сабақты қызықты өту үшін істеу керек?
– Балалармен жұмыс істеу – өте қызық процесс. Себебі сен қай ұрпаққа сабақ берсең, солармен бірге өсесің.
Қазіргі ең үлкен қиындық – баланың назарын бір жерде ұстап тұру. Ойын форматы қызық болғанымен, әр сабақты тек ойынға құру мүмкін емес. Менің ойымша, баланың пәнге деген қызығушылығын көрнекілік емес, мұғалімнің өзі оятады. Бала алдымен тұлғаға қызығады, содан кейін ғана пәнге бет бұрады. Ең бастысы – балалармен бір толқында болып, олар үшін қауіпсіз, сенімді білім ортасын қалыптастыру.
– Алдыңда бала тұрса да, ересек адам тұрса да қобалжу, іштей уайымдау болады. Сабаққа кірерде өзіңізге не айтасыз?
– Жас маман болған соң қорқыныш пен қобалжу болады. Бірақ көрнекті педагог Шалва Амонашвилидің үш қағидасы маған үлкен тірек болды. Мен өзіме үнемі менің оқушыларымның қолынан келеді, менің құралдарым жұмыс істейді, менің қолымнан келеді деп қайталаймын. Бұл сөздер менің өзіме де, балаларға деген сенімімді де арттырады.

– Мұғалім тақырыпты да түсіндіреді, керек кезде оқушыға дос, ана, тіпті психолог бола алады. Баланың қашан өтірік айтқанына дейін біліп отырады. Мұндай қабілет сізде де қалыптасқан болар?
– Бұл тұста маған Сухомлинскийдің «Балаға жүрек жылуы» кітабы үнемі шабыт беріп, өзімді қайта жинауға көмектеседі. Ондағы «Мектеп – баланың сырттан мертігіп келген жүрегін емдейтін орын болуы керек» деген ой маған қатты әсер етті. Сол себепті мен үшін мұғалім тек білім беруші ғана емес, баланың ішкі күйін түсінетін, оны тыңдай алатын адам болуы маңызды. Әрдайым балалардың көңіл күйіне назар аударуға,олардың өзін қауіпсіз әрі түсінікті ортада сезінуіне жағдай жасауға тырысамын.
– Жасыратыны жоқ, білім саласындағы жалақы жоғары болғанымен, жауапкершілігі мен міндетті тіптен көп. Күн сайынғы сабаққа дайындық, презентация мен көрнекіліктер, ай сайынғы есеп, ашық сабақтар, ата-анамен байланыс – осының бәрі күнделікті өміріңіздің бір бөлігі. Осындай қарқын сізді шаршатпай ма, әлде үйреніп кеттіңіз бе?
– Әрине, мұғалім мамандығы сырт көзге қарағанда әлдеқайда күрделі. Сабаққа дайындық, құжаттар, ата-анамен байланыс – барлығы қатар жүреді. Кей күндері шаршайтынымды жасырмаймын. Бірақ бұл қарқынға біртіндеп үйренесің. Балалардың нәтижесін, көзіндегі қызығушылықты көрген сәтте барлық шаршағаның лезде ұмытылады.
– Қазіргі трендпен айтсақ, сіз – зумер, ал жұмыс орнындағы әріптестеріңіздің көбі миллениалдар. Тәжірибесі мол аға буынмен бірге жұмыс істеу сізге қалай әсер етеді? Ұрпақтар арасындағы айырмашылық сезіле ме?
– Мектептегі әріптес-апайларымнан үйренерім өте көп. Жас маман ретінде, жас буын ретінде идеям мен ұсынысым көп болуы мүмкін, десе де тәжірибенің орны ойсырайтыны рас. Кейде бір сыныпқа мұқият дайындап келген сабағым екінші сыныпқа дәл солай өтпей қалатын сәттер болады. Ондай кезде абдырап қалатыным да жасырын емес. Ал тәжірибелі әріптестерім мұндай жағдайда сыныптың қарқынына қарай әдіс-тәсілдерді бірден өзгертіп, сабақты өз арнасына бұрып әкете алады.
Ұрпақтар арасындағы жас айырмашылық қатты сезілмейді деп ойлаймын. Керісінше, жаңа технологияларды меңгеру, сабаққа жаңашылдық енгізу тұрғысынан әріптестерім менен кем емес, тіпті көп жағдайда артық екенін көремін. Алғашқы еңбек жолымды дәл осы Шахтинск қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектепте бастағаныма қуанамын.

– Киім кию үлгіңіз расымен ерекше. Дегенмен қоғамда «мұғалімге сән қуудың қажеті жоқ» дейтін пікір бар. Мұндай көзқарасқа не дер едіңіз?
– Мұғалімнің киімі де оның тәрбиесі мен мәдениетін, ішкі жан дүниесін білдіреді деп ойлаймын. Әдемі, жинақы киіну – сән қуалау емес, өзіңе де, оқушыңа да құрмет көрсету. Киім үлгісі әрдайым педагогикалық этикаға сай болу керек. Қазақи нақыш қосу – ұлттық рухты сақтап, сабаққа жылы әсер береді.
– Қазіргі өмір қарқынында адамдар өзіне күтіммен қарауға, денсаулығына мән беруге үлгермей жатады. Сіз осы қарқынмен қалай тіл табысып жүрсіз? Білуімізше, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануды жақсы көреді екенсіз.
– Қарбалас өмірде өзіңе көңіл бөлу оңай емес. Күнделікті сабаққа дайындық, құжаттар, балалармен қарым-қатынас – барлығының өз орны бар. Бірақ өзіңді ұмытсаң, нәтиже де болмайды. Сондықтан денсаулық пен ішкі тепе-теңдік мен үшін ең маңызды дүние. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтануды өмірлік қажеттілік деп санаймын. Менің ойымша, балаларға дұрыс тамақтануды және спортпен айналысуды үйрету үшін, ең алдымен өзің оны жасап көрсетуің керек. Яғни сөзбен емес, іспен көрсету арқылы ғана мотивация беруге болады. Сол себепті өзім де осы әдеттерді күнделікті өміріме енгізуге тырысамын. Осылайша физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да шыңдалып, сабаққа шығармашылықпен кірісіп, балаларға да жылы жүрекпен қарай аламын.
– Сонымен қатар театр мен қолөнерге жақындығыңыз да байқалады. Сүйікті қойылымыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Маған музыкалық қойылымдар ерекше ұнайды. Ең үздік деп санайтын үш қойылымым – «Гаухартас», «Қоштасқым келмейді» және «Сыған серенадасы». Әсіресе «Қоштасқым келмейді» қойылымы қоғамдағы мәселелерді ашық айқайламай, детальдар арқылы өте дәл жеткізеді. Кейіпкерлер арасындағы түсініспеушілік, қызғаныш, ішкі қайшылықтар сахнадағы ұсақ көрінетін, бірақ мағынасы терең белгілермен беріледі. Ұзын жеңді көйлек, сахнадағы қозғалыс, үнсіздік пен музыка – барлығы кейіпкердің ішкі жан дүниесін сездіреді. Мұндай қойылымды түсіне білген адам әр детальдан үлкен ой таба алады.
Ал қолөнерге келсек, қолмен бір зат жасау мен үшін тынығудың, ойды жинақтаудың бір тәсілі. Қолөнер сабыр мен төзімділікке үйретеді, ал бұл қасиеттер мұғалім үшін өте маңызды. Ол арқылы мен ұсақ детальдарға мән беруді, асықпай жұмыс істеуді үйренемін. Бұл әдет менің сабақ беруіме де әсер етеді. Мысалы әр баланың мінезін, көңіл күйін байқап, оған жеке көзқараспен қарауға көмектеседі.
– Қалай ойлайсыз, адамды шын мәнінде не өсіреді?
– Адамды шын мәнінде өсіретін ең үлкен күш – өз-өзіне есеп бере алу қабілеті. Өмір жолында қателеспейтін адам жоқ: сүріну, адасу, жаңылу – адам болмысының ажырамас бөлігі. Бірақ адамды адам ететін нәрсе қателіктің өзі емес, сол қателікке қалай қарайтыны. Бір қадам шалыс басқан соң, оны ақтауға емес, түсінуге ұмтылу маңызды. «Неге бұлай болды?», «Мен осы сәтте нені аңғармай қалдым?», «Келесіде мұндай жағдайға қайта түспеу үшін не істеуім керек?» деген сұрақтарға шынайы жауап беру – ішкі өсуге бастайтын жол.
Бұл ойдың тамыры тереңде жатыр. Абай атамыз бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деп бекер айтпаған. Бұл – өзіңмен өзің үнсіз отырып, ар-ұятыңмен бетпе-бет келу, жасаған ісіңе сырт көзбен қарау деген сөз. Өзіне есеп бере алатын адам ғана тоқмейілсімейді, өз кемшілігінен қашпайды, қайта оны түзетуге ұмтылады.
Менің ойымша, дәл осы ішкі адалдық адамды биіктетеді. Өз-өзіңе шынайы болу – ең қиын, бірақ ең дұрыс жол. Себебі адам өзіне есеп беруді үйренген сәттен бастап, өсу тоқтамайды. Ол әр қателіктен сабақ алады, әр сүрінуден кейін саналы түрде алға қадам жасайды. Сондықтан өзіңе есеп беріп отыру – тек тәрбие құралы емес, бұл – өмірді саналы түрде сүрудің белгісі.
– Бүгінгі Аяжан ертеңгі Аяжанға не айтқысы келеді?
– Бүгінгі Аяжан ертеңгі Аяжанға: «Өзіңе сенуден ешқашан бас тартпа. Қанша қиын болса да, адам болып қалуды ұмытпа» деп айтқысы келеді.
– Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін! – деген Мағжан Жұмабаевтың үміті ақталып жатыр ма? Мағжан сенген сіз бен біз, жастар жайлы не айта аласыз?
– Мағжан Жұмабаев сенген жастар бар. Олар – ізденетін, ойлайтын, сұрақ қоя алатын жастар. Әрине, кемшіліксіз қоғам жоқ. Бірақ бүгінгі жастардың бойында өзгеріске деген талпыныс бар. Сол үмітті ақтау – біздің қолымызда.
– Арнайы уақыт арнап, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет, ұлт үшін тер төгетін шәкірт тәрбиелеу жолында талмаңыз дейміз.
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!