Қазіргі заманда сапалы тұрмыстық химия өнімдеріне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Түрлі бренд, тығыз бәсекелестік… Күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлшегі саналатын таза киім, жағымды иіс және қауіпсіз өнімдер жайлылық үшін ғана емес, балалар мен ересектердің денсаулығы үшін де маңызды. Қазақстанда тұрмыстық химияның көп бөлігі әлі күнге дейін шетелден әкелінетіндіктен, отандық өндірушілердің рөлі ерекше мәнге ие.

Солардың бірі – «Ханшайым» брендімен танылған Айбол Смайлов. Ол кір сабын, сұйық сабын, иіссабын және кір жуатын ұнтақ өндірісімен айналысады. Қазір технологияны меңгеріп, шағын бизнесін тұрақты жүргізіп отыр. Ауылдағы кәсіптің мән жайын білу үшін Айбол Смайловпен сұхбаттасқан едік.

– Айбол мырза, кәсіптің бастапқы қадамы әрқашан қиындықпен басталады дейді. Сіздің бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Бұл кездейсоқтық па, әлде саналы шешім бе?

– Шындығында, мен үшін бұл жол кездейсоқтықпен басталды. 2022 жылы жұмыстан босап қалдым. Сол кезде өмір бір сәтке тоқтап қалғандай болды, бірақ мен сынбай, жаңа мүмкіндіктерді іздеуге кірістім. Әрдайым өз жолымды табуға ұмтылып жүрдім, ал осы ізденіс барысында кәсіпкерлікке деген қызығушылық туды. Бірде «YouTube» желісінен сабын өндірісіне қатысты бейнероликтерді көріп қалдым. Сол сәтте біртүрлі құштарлық пайда болды. Дәл мен іздеген дүниені тапқандай болдым. Бейнероликтерде көрсетілген процестер, ингредиенттердің үйлесімі, құрал-жабдықтар мен технологиялық қадамдардың барлығы мені қызықтырды. Сол күннен бастап іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін білуге деген құлшыныс оянды.

Мен өзім Сырдария ауданының тұрғынымын және кәсібімді дәл осы өңірде дамытқым келді. Өз ауылымнан бастау – маған тек экономикалық емес, моральдық қолдау да берді. Адамдармен байланыс, жергілікті ресурстарды пайдалану, өз тәжірибемді өз топырағымда жүзеге асыру – бәрі мен үшін маңызды болды. Қазір баламмен бірге үйдің алдынан шағын цех ашып, кәсіпті қолымыздан келгенше дөңгелетіп отырмыз. Әр қадам, әр өнім, әр тұтынушының сенімі – біз үшін үлкен жауапкершілік пен ынта. Осылайша, кездейсоқ басталған ізденіс мені толыққанды кәсіпкерлік жолына әкелді десем болады.

Айбол СМАЙЛОВ: Кәсіп - қоғамға пайда әкелудің жолы

– Өндіріс ашу – идеядан гөрі технологияны түсінуді қажет ететін сала. Алғашқы зерттеу кезеңінде сабын өндірісін қалай меңгердіңіз?

– Иә, бұл өте маңызды. Кез келген кәсіпкер ең алдымен нарықты зерттейді. Мен де ғаламтор арқылы сабын өндірісін зерттедім. Сабын шығаратын станокты сатып алатын жерде оқыту өтті. Сол жерде өндіріс процесі, қоспаларды қанша мөлшерде алу керек, қауіпсіздік талаптары сияқты базалық білімді алдым. Тіпті онлайн форматта да, теориялық тұрғыда да түсіндіріп, тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Шикізаттың көбі шетелден келеді, ал біз Алматыдан тасымалданатын химиялық қоспаларды қолданамыз. Тоң майды өзіміздің өңірден, қасапханалардан жинап, қайта өңдеуге болатын қалдықтарды араластырып, күйдіріп, фирментация жасау арқылы сабын шығарамыз. Осы тәсіл жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

– Әр кәсіптің басталуында тәуекел бар. Цех ашу үшін нақты қанша қаражат жұмсадыңыз? «Ауыл аманаты» жобасы туралы да айтып берсеңіз.

– Алғашқы кезең, әрине, өте қиын болды. Жаңа кәсіптің қыр-сырын түсінбеген халық, тұтынушылардың сенімінің аздығы, нарықтағы бәсеке біз үшін үлкен сынақ еді. Кәсібімізді алғаш бастаған кезде сұраныс өте төмен болды, кейде өніміміздің өтпейтініне қатты алаңдайтынбыз. Бірақ үмітімді үзбедім және әр кедергіні тәжірибе ретінде қабылдадым. 2023 жылы Мансап орталығынан қайтарымсыз несиеге өтініш тастап, грант ұтып алдым.

Алғашқы қаражатты, ең алдымен, сабын өндірісін бастауға жұмсадым. Сол қаржыға қажетті құрал- саймандарды, сұйық сабын, киім жууға арналған сұйық сабын, құрғақ ұнтақ және иіс сабын өндіретін станоктар алдық. Осы қадам арқылы өндірістің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды, ал кәсібіміз бүгінге дейін үздіксіз жұмыс жасап келеді.

Сонымен қатар біз өнім желісін кеңейтіп, ыдыс-аяқ жууға арналған сұйық сабын, көлікке арналған антифриздер сияқты жаңа өнім түрлерін шығардық. Біздің өнім тек тұтынушыға қызмет қана емес, сонымен бірге кәсіптің сенімділігін, сапасын және дамуға деген ұмтылысын көрсететін белгі деп ойлаймын.

Айбол СМАЙЛОВ: Кәсіп - қоғамға пайда әкелудің жолы

– Сапа – тұрмыстық химия үшін басты көрсеткіш. Өнімнің ерекшелігі неде?

– Иә, ең бастысы – өнімнің сапасы. Бірақ бұл тек техникалық көрсеткіштермен шектелмейді. Біз сабынның иісіне, көпіруіне, қаттылығына ғана көңіл бөлмейміз. Әр өнімге кішкентай философия қосамыз. Сабын көпірген кезде тек таза киім емес, тұтынушының көңілі мен үйдегі жайлылық сезімі де көбейсін деп ойлаймыз. Қоспалардың дәл мөлшері, күйдіру және фирментация кезеңін тек химиялық процесс деп қоя салмаймыз, себебі ол табиғатпен үйлесімділік пен адамға қамқорлықты білдіретін нәзік өнер. Біз үшін тұтынушының сенімі – ең үлкен капитал. Сондықтан өнім бағасын көтермей, сапаны сақтап, ұзақ мерзімді стратегияны таңдаймыз.

Сапа тек қана физикалық қасиеттермен шектелмейді. Мысалы, сабынның иісі сезімге әсер етуі керек. Тұтынушы оны қолданғанда бір сәттік қуаныш, кішкентай рахат сезімін алуына тырысамыз. Қатты сабынды да, көпіретін сабынды да бірдей жауапкершілікпен жасаймыз, өйткені әрбір өнім біздің философиямыздың көрінісі.

– Өнімнің нарыққа шығуы үшін не істедіңіз?

– Бірінші кезекте өнімнің сапасын жетілдіруге басымдық бердік. Содан кейін шағын сынақтар өткізіп, тұтынушылардың пікірін жинадық. Алғашқыда жергілікті халық түсінбеді, кейбіреуі күмәнмен қарады, бірақ біз үшін бұл кезең нарықты түсіну мен өз өнімімізді сынауға мүмкіндік болды.

Бүгінде өнімдер тұрақты түрде сатылады, бірақ мұны тек нарыққа шығумен шектелу деп санауға болмайды. Біздің өнімнің мақсаты тек таза киім мен тазалық емес, адамдардың күнделікті өміріне кішкене қуаныш қосу.

Сонымен қатар өнімнің экологиялық жауапкершілігіне ерекше мән береміз. Қалдықтардың дұрыс өңделуі, табиғатқа зиянсыз өндіріс процесін қамтамасыз ету біздің міндетіміз. Қарапайым сабын өндірісі сияқты көрінгенімен, әр қадам тұтынушыға, қоғамға және қоршаған ортаға деген қамқорлықтың көрінісі болуы керек. Бәсеке нарықта көп болғанымен, біз тек сату мен пайда үшін емес, сапа мен жауапкершілік үшін күресеміз. Өнім әрқашан тек жұмыс істемей, сонымен қатар тұтынушының сезіміне, күнделікті өміріне, табиғатқа жақсы тұрғыда әсер етсе игі.

Айбол СМАЙЛОВ: Кәсіп - қоғамға пайда әкелудің жолы

– Шикізат пен баға мәселесі әр кәсіптің басты кедергісі. Сіз оны қалай шешесіз?

– Шикізат қымбаттап жатса да, біз өнім бағасын көтеруге асықпаймыз. Бұл – қарапайым кәсіпкерлер үшін қиын әрі күрделі мәселе, өйткені әрбір баға өзгерісі өндірістің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Сол себепті біз өндіріс көлемін алдын ала жоспарлап, әр шығынды есеппен басқарамыз. Шикізатты тиімді пайдалану, қалдықтарды азайту және жергілікті ресурстарға басымдық беру – біздің стратегиямыздың негізі.

Нарықтағы бәсеке өте жоғары, сондықтан әрбір өнімнің ерекшелігі маңызды. Біздің сабын мен ұнтақ өнімдеріміздің басты артықшылығы – иісінің жағымды болуы, құрамының табиғилығы, сабынның жұмсақтығы және ұнтақтың тез еруі. Бұл тұтынушылар үшін жайлылық пен сенімділікті қамтамасыз етсе, біздің көзқарасымыз бойынша, қоршаған ортаға зиянсыз болуына мән беру одан да маңызды. Өйткені біз тек өнім сатуды ғана емес, табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті де өз жұмысымыздың құрамдас бөлігі деп санаймыз.

– Кәсіпкерліктің артында үлкен еңбек тұрады. Мотивацияңызды қайдан аласыз? Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Мотивацияны сақтау үшін әр қадам сайын тәжірибе жинау өте маңызды. Әрбір қиындық – сабақ, әрбір сәтсіздік – болашақ табыстың кілті. Сол үшін де мен берілмеймін. Шындығында, кәсіп жолында қиын кезең өте көп болды. Әлі күнге дейін қиындықтармен бетпе-бет кездесуге тура келеді.

Алғашқы кезде құрал-саймандар жетіспеді, кейде шикізат қымбаттап, жоспарланған шығындарымыз көбейіп кетті. Сол кезде халық кәсібімізді түсінбеді, кейбіреулер күмәнмен қарады. Бірақ осыған қарамастан өзіме еркінсуге мүмкіндік бермедім. Керісінше, осы кедергілер мені тек шыңдап, тәжірибе жинауға итермеледі.

Мотивацияның басты көзі – өзіңе сенім. Өзіңе сеніп, мақсатқа адал болу, қиындықты уақытша кедергі деп қабылдап, алға ұмтылу – табысқа жеткізетін жолдың басты факторлары. Әр қадам сайын өз күшіңді тексеріп, өз тәжірибеңнен сабақ алу маңызды.

Жас кәсіпкерлерге айтатыным – ешқашан қорықпаңыздар. Кәсіп – бұл тек ақша табу емес, сонымен қатар өзіңді сынау, өз қабілетіңді көрсету және қоғамға пайда әкелудің жолы. Бастапқыда бәрі қиын көрінуі мүмкін, бірақ шыдамдылық, еңбекқорлық және дұрыс жоспарлау арқылы кез келген кедергіні жеңуге болады. Ең бастысы – өз идеяңызға сеніңіз, тәжірибеден қорықпаңыз және әр кедергіні сабақ ретінде қабылдаңыз. Сол кезде ғана кәсіп тек табыс емес, өмірлік тәжірибе мен үлкен қанағат әкеледі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!