Адам денсаулығы – қоғамның ең басты құндылығы. Денсаулықты сақтау тек жеке жауапкершілік емес, ол – мемлекет пен медицина жүйесінің ортақ миссиясы. Ал осы жауапкершілік ең ауыр салмақпен сезілетін бағыттардың бірі – онкология. Осындай күрделі жолды саналы түрде таңдаған, күн сайын адам тағдырының таразыға түсу сәтімен бетпе-бет келіп жүрген мамандардың бірі – Айболат Смағұлов.
Ол – Қызылорда облыстық онкологиялық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, жоғары санатты онколог-дәрігер, хирург, MBA дәрежесінің иегері, PhD докторанты. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «California State University» университетінде білімін жетілдіріп жүрген дәрігермен байланысудың сәті түсіп, онкология саласының өзекті мәселелері, отандық медицинаның даму бағыттары және халықаралық тәжірибенің маңызы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіттік.
– Айболат, медицина – кез келген таңдай бермейтін ауыр әрі жауапты жол. Ал онкология – адам тағдырымен тікелей бетпе-бет келетін салалардың бірі. Сізді дәл осы мамандықты таңдауға не итермеледі?
– Медицинаға келуім – саналы әрі жүрекпен қабылданған шешім. Ал онкологияны таңдауым кездейсоқ емес. Бұл салада дәрігер тек аурумен емес, адамның қорқынышымен, үмітімен, сенімімен және өмір үшін күресімен бетпе-бет келеді.
Онкология – тағдырлар тоғысатын, шешімнің салмағы ерекше сезілетін бағыт. Мен үшін хирургия – тек техникалық шеберлік емес, ол дәлдік пен терең жауапкершіліктің синтезі. Ал онкохирургияда бұл жауапкершілік еселене түседі. Әр операция – адамның өмір сапасына, кейде өз өміріңе де із қалдырады.
Мені осы салаға жетелеген негізгі фактор – науқастарға шынайы көмек көрсетуге деген ішкі қажеттілік. Онкологияда сен тек диагнозбен емес, үмітпен жұмыс істейсің. Ауруды ерте анықтау, тиімді хирургиялық тактиканы таңдау, мультидисциплинарлық көзқарас арқылы кешенді ем жүргізу – мұның бәрі мені кәсіби тұрғыдан шыңдап, үнемі дамуға итермелейді. Қиын екенін білемін, бірақ әр адамның көзіндегі үміт мені берілмеуге жетелейді. Әр науқастың аяққа тұрып, сауығып кеткенін қалаймын.

– Қазіргі қоғамда қатерлі ісік аурулары жиілеп бара жатқаны көп айтылып жүр. Сіздің тәжірибеңізге сүйенсек, ересектер арасындағы онкологиялық аурулардың көбеюіне қандай факторлар әсер етеді?
– Қатерлі ісік ауруларының көбейгені рас. Яғни бұрынғыдан көп. Бұл дерттің өршуіне бірнеше себеп бар. Оны қазір атап өтемін. Алайда арнайы технологиялардың арқасында ауруды анықтау баяғыдай қиын әрі ұзақ емес. Біріншіден, қазір диагностика мүмкіндіктері айтарлықтай жақсарды: скринингтік бағдарламалар, жоғары дәлдікті бейнелеу әдістері, молекулалық-генетикалық зерттеулер арқылы бұрын анықталмай келген жағдайлар ерте кезеңде тіркелуде. Яғни, кей жағдайда біз аурудың көбеюін емес, оны анықтау деңгейінің артуын көріп отырмыз.
Дегенмен, шынайы өсімге ықпал ететін факторлар да бар.
Ең алдымен, өмір сүру ұзақтығының артуы маңызды рөл атқарады. Қатерлі ісік – көбіне жас ұлғаюымен байланысты ауру, себебі жасушалардағы мутациялық өзгерістер уақыт өте жинақталады.
Екіншіден, өмір салтының өзгеруі. Темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, гиподинамия, семіздік, дұрыс тамақтанбау – дәлелденген онкогендік факторлар. Қазіргі урбанизация жағдайында созылмалы стресс пен ұйқы режимінің бұзылуы да иммундық жүйеге теріс әсер етеді. Үшіншіден, қоршаған орта факторлары – экологиялық ластану, өндірістік канцерогендер, иондаушы сәулелену. Бұл факторлар ұзақ мерзімді әсер арқылы онкогенез процесін қоздыруы мүмкін.
Сонымен қатар вирустық инфекциялар (мысалы, HPV, гепатит В және С вирустары) белгілі бір онкологиялық аурулардың дамуында маңызды орын алады.
Өз тәжірибемде байқайтыным – көптеген науқаста қауіп факторларының бірнешеуі қатар кездеседі. Сондықтан онкологияда алдын алу мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Ол – скринингке уақытылы қатысу, зиянды әдеттерден бас тарту, дене салмағын бақылау және тұрақты медициналық тексерулерден өтіп тұрған жөн.
Кейде маған адамдар өзіне өзі жау секілді көрінеді. Өйткені осы мен жоғарыда айтқан зиянды әрекеттерді саналы түрде жасайды. Өз бетімен келіп скринингтен өтіп жүрген адам некен саяқ. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық.
– Бүгінде өңірдегі онкологиялық орталықтарда қанша науқас тұрақты ем қабылдап жүр? Кейінгі жылдары онкологиялық дертке шалдыққандар санының өсуі байқала ма?
– Жалпы алғанда, онкологиялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Қазір Қазақстан бойынша 246 мыңнан астам пациент динамикалық есепте тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 6,6%-ға артық.
2025 жылы 43 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелді. Алаңдатарлығы, алғаш диагностикаланған науқастардың жартысынан астамы еңбекке қабілетті азаматтар. Бұл көрсеткіш онкологиялық аурулардың тек медициналық қана емес, әлеуметтік-экономикалық маңызын да айқындайды.
Өңірлік деңгейде де науқастар саны жыл сайын белгілі бір өсімді көрсетіп отыр. Алайда бұл өсімді тек сырқаттанушылықтың нақты артуымен ғана байланыстыру дұрыс емес. Себебі дерт ерте анықталған жайттар да бар.
Қазіргі онкологияның басты жетістіктерінің бірі – ерте диагностика мен емнің кешенділігі. Мультидисциплинарлық тәсіл, заманауи хирургиялық технологиялар, химио және иммунотерапия мүмкіндіктері пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етуде.

– Онкология саласындағы ең күрделі әрі ауыр бағыттардың бірі қайсы деп есептейсіз? Мұндай жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыстың әлеуметтік және қаржылық қолдауы жеткілікті ме?
– Онкология – тұтас алғанда күрделі сала. Дегенмен кәсіби тәжірибеме сүйенсем, ең ауыр бағыттардың бірі – онкохирургия дер едім, әсіресе асқынған және жайылған ісіктерге жасалатын кеңейтілген, көпкомпонентті операциялар. Мұндай жағдайда хирург тек ісікті алып тастап қана қоймайды, өмірлік маңызды ағзалардың қызметін барынша сақтап қалуға, науқастың кейінгі өмір сапасын қамтамасыз етуге ұмтылады.
Онкологиядағы жауапкершілік клиникалық (дұрыс диагноз, дәл хирургиялық тактика), этикалық (науқас пен оның туыстарына ақпаратты жеткізу) және психологиялық (үміт пен шынайылық арасындағы теңгерім) секілді деңгейден тұрады.
Ал әлеуметтік және қаржылық қолдау мәселесіне келсек, қазіргі кезде мемлекет тарапынан онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған бағдарламалар іске асып жатыр. Диагностика мен емдеу әдістері жаңарып, жоғары технологиялық жабдықтар енгізілуде. Десе де онкология – үздіксіз инвестицияны қажет ететін сала. Қымбат дәрілік терапия, сәулелік ем, заманауи хирургиялық технологиялар – барлығы тұрақты қаржыландыруды талап етеді.
Ең бастысы, бұл бағыттағы мамандарды кәсіби тұрғыдан қолдау, олардың біліктілігін арттыру, ғылыми ізденістерге мүмкіндік беру – саланың сапасын анықтайтын негізгі фактор. Онкологияда дәрігердің кәсіби шаршауы да маңызды мәселе, сондықтан әлеуметтік қолдау тек материалдық деңгейде ғана емес, психологиялық тұрғыдан да қажет.
– Қазақстандағы ересектер онкологиясының бүгінгі даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз? Аймақтар мен мегаполистер арасындағы диагностика мен емдеу мүмкіндіктерінде алшақтық бар ма?
– Қазақстандағы ересектер онкологиясының бүгінгі даму деңгейіне кәсіби тұрғыдан оң баға берер едім. Себебі бұл сала жиі жүйелі трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Диагностика, хирургия, дәрілік және сәулелік терапия бағыттарында айтарлықтай ілгерілеу байқалады.
2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында көптеген өңірлер заманауи технологиялармен жабдықталуда. Атап айтқанда, соңғы буындағы медициналық желілік үдеткіштер (линейлік үдеткіштер), ПЭТ-КТ, МРТ, КТ аппараттары, сондай-ақ эксперттік кластағы лапароскопиялық және эндоскопиялық жүйелер іске қосылуда. Бұл өз кезегінде ісіктерді ерте анықтауға, дәл стадиялауға және халықаралық стандарттарға сәйкес ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде онкологиялық көмек мультидисциплинарлық қағидатқа негізделген: хирург, химиотерапевт, сәулелік терапевт, морфолог және басқа да мамандар бірлесіп ем тактикасын айқындайды.
Аймақтар мен мегаполистер арасындағы алшақтық мәселесіне келсек, бұрын диагностикалық мүмкіндіктер мен жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігі бойынша айырмашылық айқын сезілетін. Қазіргі уақытта бұл теңсіздік біртіндеп қысқарып келеді. Жаңа жабдықтардың өңірлерге жеткізілуі, кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламалары аймақтық орталықтардың әлеуетін күшейтуде.
Дегенмен мегаполистерде ғылыми орталықтардың, жоғары мамандандырылған кадрлардың және клиникалық зерттеулердің шоғырлануына байланысты белгілі бір артықшылық сақталады. Сондықтан басты міндет – тек техникалық жарақтандыру емес, сонымен қатар кадрлық әлеуетті нығайту және өңірлік мамандардың кәсіби дамуын үздіксіз қолдау.

– Онколог-дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне тоқталсақ. Мамандар қандай форматта және қаншалықты жиі оқып, тәжірибе алмасады? Бұл жүйе қазіргі заман талабына сай деп ойлайсыз ба?
– Онкология – үнемі жаңарып отыратын сала. Сондықтан онколог-дәрігердің біліктілігін арттыруы эпизодтық емес, үздіксіз процесс болуы тиіс. Қазір мамандар бірнеше форматта кәсіби дамудан өтеді.
Біріншіден, бұл – үздіксіз медициналық білім беру (Continuous Medical Education) жүйесі. Дәрігерлер белгілі бір кезең сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Екіншіден, халықаралық және республикалық конгрестер, симпозиумдар, шеберлік сыныптары тұрақты ұйымдастырылады. Мұндай алаңдарда клиникалық хаттамалардағы жаңартулар, дәлелді медицинаның жаңа деректері, инновациялық дәрілік тера- пия мен хирургиялық технологиялар талқыланады.
Үшіншіден, тәжірибе алмасу мақсатында жетекші орталықтарда тағылымдамалар мен стажировкалар қарастырылған. Бұл әсіресе жоғары технологиялық хирургия, сәулелік терапия және молекулалық диагностика бағытында маңызды.
Кейінгі жылдары онлайн-білім беру платформалары мен халықаралық вебинарлардың рөлі артты. Бұл аймақтық мамандарға әлемдік деңгейдегі сарапшылардың лекцияларына қолжетімділік береді.
Жалпы алғанда, жүйе қазіргі заман талаптарына бейімделіп келеді. Бірақ онкологиядағы ғылыми прогресс өте жылдам жүреді, сол себепті кәсіби даму үдерісі де соған сәйкес қарқын алуы қажет. Әсіресе өңірлік мамандардың халықаралық клиникалық зерттеулерге, шетелдік тағылымдамаларға және мультиорталықты жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту маңызды деп есептеймін.
– Онкология – тек медициналық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр сала. Науқасқа үміт сыйлап, ем нәтижесін көрген сәт сіз үшін нені білдіреді? Немесе керісінше, ең қиын моральдық сәттерді қалай еңсересіз?
– Науқастың оң нәтижеге қол жеткізіп, ремиссияға шығуы немесе операциядан кейін өмір сапасының жақсаруын көрген әр дәрігер арқасынан ауыр жүк түскендей сезімді бастан кешері анық. Себебі өзімде солай. Медицинада үміт ұғымы маңызды. Дұрыс ұйымдастырылған ем, дәл қойылған диагноз және уақытылы жүргізілген хирургиялық араласу нәтижесінде науқастың сауығып, қалыпты өмірге оралғанын көру – бұл мамандықтың ең үлкен сыйы. Мұндай сәттер дәрігердің ішкі мотивациясын нығайтады, кәсіби таңдауының дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Ал моральдық тұрғыдан ең күрделі кезеңдер – аурудың асқынған сатысы, емге резистентті жағдайлар немесе болжамы қолайсыз клиникалық жағдайлар. Ондай кезде дәрігер тек медициналық шешім қабылдаушы емес, сонымен қатар пациент пен оның отбасы үшін тірек тұлғаға айналады.
Онкологияда дәрігер эмоционалдық тұрақтылықты сақтай отырып, науқастың сенімін жоғалтпауға тиіс. Біз әрдайым толық айығуды уәде ете алмаймыз, бірақ сапалы ем мен қолдауды қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сол үшін білім аламыз, тәжірибе жинақтаймыз.

– Кей жағдайда медицина қауқарсыз болып, емдеу мүмкіндігі шектеулі болатын сәттер де кездеседі. Ем қонбай, қазақы емге жіберген жағдайлар кездесті ме?
– Онкология тәжірибесінде, өкінішке қарай, аурудың биологиялық агрессиясы мен клиникалық сатысына байланысты ем мүмкіндігі шектеулі жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде медицина «қауқарсыз» дегеннен гөрі, емдеу мақсатының өзгеретінін дұрыс түсінген жөн. Яғни радикалды емнен паллиативтік көмекке көшеміз. Нақтырақ айтқанда, өмір ұзақтығын ғана емес, өмір сапасын сақтау басты басымдыққа айналады.
«Қазақы емге жіберу» мәселесіне келсек, кәсіби ұстанымым айқын: дәлелді медицинадан бас тарту немесе науқасты ғылыми негізі дәлелденбеген әдістерге бағыттау дұрыс емес. Себебі уақыт жоғалту кез келген ауру үшін қауіпті.
Алайда науқастар кейде дәстүрлі немесе баламалы тәсілдерге жүгінгісі келетінін айтады. Мұндай жағдайда біз тыйым салудан гөрі түсіндіруге тырысамыз. Қандай әдістің ғылыми дәлелі бар, қайсысы қауіпті, қайсысы негізгі емге кедергі келтіруі мүмкін – соның бәрін ашық талқылаймыз. Егер қандай да бір дәстүрлі әдіс негізгі емге зиян келтірмесе, психологиялық қолдау ретінде қарастыруға болады. Бірақ ол ешқашан негізгі емнің орнын алмастырмауы тиіс. Ең бастысы – науқастың сенімін жоғалтпау. Айтып өткенімдей, медицинада «үміт» ең соңғы сөнетін шам секілді.
– Білуімізше, сіз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап жүрсіз. Шетелдік медицинаның өзгешелігі қатты байқала ма? Қазақстан мен шетел медицинасында айырмашылық көп пе?
– Иә, қазір «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Калифорния штатындағы университеттердің бірінде білім алып, кәсіби тәжірибемді жетілдіріп жүрмін.
Шетелдік медицинаның өзіне сай өзгешеліктері бар. Басты ерекшелігі – қатаң стандарттау мен жүйелілік. Клиникалық шешімдер халықаралық нұсқаулықтарға (NCCN, ASCO және т.б.) толық сәйкестендіріліп қабылданады, әрбір қадам дәлелді медицина қағидаттарына негізделеді. Мультидисциплинарлық кеңестер өте жүйелі форматта өтеді, ал клиникалық зерттеулер күнделікті тәжірибенің ажырамас бөлігі.
Тағы бір айқын айырмашылық, мұнда инфрақұрылым мен цифрландыру деңгейі айрықша дамыған. Электрондық медициналық жүйелер толық интеграцияланған, деректі талдау, биостатистика және жасанды интеллект элементтері клиникалық процестерге кеңінен енгізілген. Бұл диагностиканың нақтылығын арттырып, ем тактикасын дараландыруға мүмкіндік берері анық.
Сондай-ақ пациентке бағытталған модель ерекше дамыған: науқастың құқықтары, ақпараттандырылған келісім, психоәлеуметтік қолдау жүйесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Онкологияда тек ісікті емдеу емес, адамның толыққанды өмір сапасын сақтау басты назарда. Қазақстан мен шетел арасындағы айырмашылықтар бар, бірақ олар абсолютті емес.
Қазақстанда да қазір технологиялық жаңару, сәулелік терапияға арналған желілік үдеткіштер, ПЭТ-КТ, жоғары деңгейлі хирургиялық жабдықтар енгізілуде. Мультидисциплинарлық тәсіл де қалыптасып келеді.
Негізгі айырмашылық – жүйелік тұрақтылық пен ғылыми зерттеулерге кеңінен қатысу мүмкіндігінде. АҚШ-та клиникалық зерттеулер мен инновациялық ем түрлері тәжірибеге тез енгізіледі.
Мен шетелде тек дайын жүйені көру үшін ғана емес, сол тәжірибені талдап, елімізге тиімді модельдерді бейімдеп әкелуді көздеймін.

– Қазақстандағы онкология саласына қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айтып өткендей, елімізде бұл сала қарқынды даму үстінде. Дегенмен саланың сапалы әрі тұрақты дамуы үшін бірнеше стратегиялық бағытқа басымдық беру қажет деп есептеймін.
Мәселен, ерте диагностика мәдениетін күшейту. Скринингтік бағдарламалар бар, алайда халықтың қатысу белсенділігі әр өңірде біркелкі емес. Қатерлі ісікті І-ІІ сатысында анықтау – ем нәтижесін түбегейлі жақсартатын негізгі фактор. Сондықтан ақпараттық-ағартушылық жұмысты жүйелі түрде жүргізу маңызды.
Сондай-ақ кадрлық әлеуетті нығайту керек. Заманауи құрал-жабдық жеткілікті болғанымен, оны жоғары деңгейде меңгерген мамандар саны да соған сай болуы тиіс. Әсіресе өңірлік орталықтарда онкохирургия, сәулелік терапия және молекулалық диагностика бойынша тар бейінді мамандарды көбейту қажет.
Одан бөлек, ғылыми зерттеулер мен клиникалық сынақтарға қатысуды кеңейту қажет. Бұл пациенттерге инновациялық ем түрлеріне қолжетімділік береді әрі отандық онкологияның ғылыми беделін арттырады.
Тағы да айта кетерім, паллиативтік көмек жүйесін күшейту. Онкология тек емдеумен шектелмейді, аурудың соңғы сатыларында науқастың өмір сапасын сақтау – өркениетті медицинаның ажырамас бөлігі.
Соңғы ұсынысым цифрландыру туралы. Бірыңғай онкологиялық регистрдің сапасын арттыру, деректерге негізделген басқару шешімдерін қабылдау да маңызды.
Қорытындылайтын болсам, Қазақстан онкологиясы даму траекториясына түсті. Ендігі міндет – технологиялық жаңаруды кадрлық сапамен, ғылыми ізденіспен және халықтың медициналық мәдениетімен үйлестіру. Сонда ғана онкологиялық көмек елдің кез келген өңірінде қолжетімді әрі тиімді бола алады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!