Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы жолында еңбек етіп жүрген педагогтардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарова.

Дизайнер креативті индустрияның дамуына атсалысып, қазақ қолөнерін жаңа заманға сай дамытуда.

Айдана Әлайдарқызы университетте 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, ол ұлттық бұйымдар әзірлеп, қазақ өнерінің жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосты.

Сұхбат барысында дизайнердің мыңсанжылдық бабалар мұрасын бүгінмен байланыстырып, әлем жұртшылығына таныстырып жүргенінен хабардар болдық.

– Айдана Әлайдарқызы, сұқбатымызды шығармашылық жолыңыздан бастасақ. Этно стильге қызығушылығыңыз қалай туындады? Қолөнерге қалай келдіңіз?

– Бала кезімізден-ақ ата-әжелеріміздің қолөнер бұйымдарын әзірлегенін көріп, қолғабыс етіп, бұл салаға әбден бейім болып өстік. Соның әсері болса керек, мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнында дизайн мамандығында білім алып, «Үздік дипломмен» тәмамдадым.

Ал 2001 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасына оқытушылық қызметке қабылдандым.

Қолөнер шеберлері жиылған түрлі жобаларға қатысу арқылы шеберлік те шыңдала түсетіні, жаңа идеялар туындайтыны рас. Осылайша 2010 жылдан бастап, ұлттық өнерді дамыту, бүгінгі ұрпаққа насихаттау, жаңа технологиялармен ұштастыру мақсатында этно стильдегі киімдер мен сәндік және тұрмыстық бұйымдарды даярлауға ден қойдым. 2013 жылы «Бейнелеу өнері мен Дүниетану пәндері арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру» тақырыбында магистрлік диссертацияны қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым.

Айдана ӘЛАЙДАРОВА, дизайнер, педагог: Шетелдіктер көбіне текеметке тапсырыс береді

– Ұлттық киім тігу барысында қазақы өрнектерді, символдарды қолданудың өз мақсаты болады. Дегенмен оюлардың мағынасын біле бермейтініміз рас. Бұл туралы не айтасыз? Сіз көбіне қандай элементтерді қолданасыз?

– Алдымен қандай тақырыпта киімдер топтамасын дайындайтынымызды ойланып, тақырыпқа сәйкес элементтерді таңдап, оюлардың тарихы, мағынасы бойынша ізденеміз. Айталық, «Алшы асық» коллекциясын дайындау барысында қыздарға арналған «қарлығаш» оюын қолдандық. Қарлығаш – қазақ үшін қасиетті құстардың бірі. Бабаларымыз қарлығаш ұялаған жерге бейбітшілік, береке мен бақыт келеді деп сенген. Сондықтан бұл ою – жақсылықтың белгісі, нәзіктік пен сұлулықты танытатын нышан. Сондай-ақ бұл топтамада түйменің орнына алшысынан түскен асықтарды пайдаландық. Алшысынан түскен асық адамның жетістікке жетіп, жолы болғанын білдіреді. Қазақ қыздарының әрдайым жолы ашылсын, бастаған ісі берекелі болсын деген ниетте киімдерге осындай элементтерді қосуды жөн көрдік.

– Өзіңіз дайындаған этно киімдер арқылы қандай идеяны жеткізгіңіз келеді?

– Этно стиль арқылы өткен мен бүгінді ұштастырып, еліміздің бай мәдениетін көпке танытқым келеді. Қазақтың әрбір ою-өрнегінің шығу тарихымен қатар өзіндік мән-мағынасы бар. Этно туындылар арқылы құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізудеміз. Педагогикалық жұмыстармен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізу де маңызды міндеттеріміздің бірі. Өзіндік зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Композиция», «Сурет», «Кескіндеме», «Визуалды өнер» атты оқу құралдарын жарыққа шығарып, авторлық куәлік иелендім. Айта кету керек, ұлттық мәдениетімізді көпке таныту мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға атсалыстық. 2023-2024 жылдары Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұйымдастыруымен «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты жеке авторлық шығармашылық көрмемді өткіздік. 2024 жылы Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Туған жерге тағзым – перзенттік парыз» тақырыбында жеке шығармашылық көрмемді көпшілікке ұсындық.

Айдана ӘЛАЙДАРОВА, дизайнер, педагог: Шетелдіктер көбіне текеметке тапсырыс береді

– Жұмыс барысында қандай материалдарды жиі қолданасыз?

– Көбіне қойдың жүнін пайдаланамын. Алматы мен Тараздың зауыттарында тазартылған меринос қойдың жүнін арнайы алдырып, киіммен қатар үйдің интерьеріне арналған дүниелер, паннолар әзірлеймін.

– Республикалық қолөнер шеберлерінің байқауында бірнеше рет жеңімпаз атандыңыз. Ерекше туындыларыңыздың бірі туралы айтып берсеңіз.

– Иә, осы уақытқа дейін отандық және шетелдік қолөнершілер бақ сынаған байқауларға қатысып, бірнеше рет финалист атандым. Әрбір іс-шараның ерекшелігіне сай жаңа дүниелер жасауға тырысамыз. Алғашқыда киізге ойық әдісін қолданып, шашақтарын біріктіріп, мүлде жіппен тікпей қоржындар әзірледік. Сондай-ақ интерьерге қойылатын құмыраларды асықтармен байланыстырып, «әр үйге жақсылық әкелсін» деген ниетпен көпшілікке ұсындық. Айта кету керек, «Алшы асық» киімдер топтамасы түгелдей киізден жасалды. Қай кезде де ұлттық дүниелердің әдемі болуымен қатар түстік ерекшеліктеріне, нанотехнологиясына, қарапайым әрі кигенде ыңғайлы, жеңіл болуына, жұмсақтығына ерекше мән береміз.

Айдана ӘЛАЙДАРОВА, дизайнер, педагог: Шетелдіктер көбіне текеметке тапсырыс береді

– Университеттегі 103 аудиторияны ұлттық нақышта жабдықтағаныңыздан хабардармыз. Дәрісханадағы ұлттық бұйымдар қалай жинақталды?

– Дизайн мамандығы бойынша студенттерге білім беріп әрі байқауларға қатысып, көпшілікке жаңа дүниелер ұсынып жүргеннен кейін америкалық, венгриялық, түркиялық, ресейлік дизайнерлермен тәжірибе алмасудың сәті түсті. Бірде шетелде ұлттық бұйымдарымызды жасау, оны бүгінгі технологиялармен ұштастыру бойынша презентациялармен таныстырып жүргенімде сол кездегі университет ректоры Қылышбай Бисенов ұлттық нақыштағы дәрісхана жасау туралы ұсыныс айтты. Мұндай дәрісхана білім алушыларға ерекше шабыт сыйлайтынын ойлап, бірден іске кірістік.

– Сіздің жұмысыңызда ерекше есіңізде қалған тапсырыс болды ма?

– Шетелдік дизайнерлердің интерьер үшіе текеметке жиі тапсырыс берулерін ерекшелік деп атар едім. Мұндай текеметтерді жүннен ғана емес, жібектен, табиғи органзалармен даярлап, наноиехнологияны қолданамыз.

Айдана ӘЛАЙДАРОВА, дизайнер, педагог: Шетелдіктер көбіне текеметке тапсырыс береді

– Қолөнерге қызығатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Шәкірттеріңіздің арасында қолөнерге қызығып, жалғастырушылар көп пе?

– Иә, әрине, шәкірттерім бар. Жастар табиғи материалдардан ұлттық бұйымдар жасап қана қоймай, оны күнделікті тұтынудың жолдарын қарастырса деймін. Елімізде креативті индустрия дамып келеді, сондықтан жас мамандар жаңа технологияны қолдану арқылы іскерлік қабілетін дамытып, бизнеске айналдырса, өндіріспен ұштастырса керемет болар еді.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Қолөнер бұйымдарын жасауды тек көрме, арнайы іс-шара, семнарлар кезінде ғана насихаттамай, арнайы қолөнершілер мектебі құрылса деймін. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс басталып та кетті.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!