Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресінен Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің 2 дүркін қола жүлдегері, Париж Олимпиадасының қатысушысы. Жуырда ғана төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеде төбе көрсеткен спортшымен ашық әңгіме өрбітудің сәті түсті.
– Айдос, әңгімені Франция төрінде өткен Париж Олимпиадасынан бастасақ. Парижде көрсеткен өнеріңе көңілің толды ма?
– Әрбір спортшының спортқа келудегі мақсаты – өзі қалаған спорттың «аңызына айналу». Әуел баста мен үшін Олимпиадаға бару аса бір қатты мақсат-міндет емес еді. Бірақ кадеттер, жастар мен жасөспірімдер арасында топ жарып, Азияны бағындырып, әлем біріншіліктерінде жүлделі орындардан көрініп жүргеннен кейін әрі қарай тынысың ашылып, Олимп шыңын бағындыруды көздейді екенсің. Негізі осыдан 4 жыл бұрын Токио олимпиадасына баруды жоспарлағанмын, бірақ бұйырмады. Десек те ұзақ жылғы еңбектің түбі бір шыңға жетелейтініне сендім. Қандай қиындық кездессе де мойымадым. Соның нәтижесі болса керек, сәуір айында Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жеңіске жетіп, байрақты бәсекеге жолдама алдым.
Париж додасына тыңғылықты дайындықта болдым. Жарақаттарымнан толық айықтым. Бәсеке басталғанша үш жаттығу жиынына қатыстым. Париждегі белдесуде өзімді 100 пайыз бердім десем болады. Сондықтан ешқандай өкініш жоқ.
– Алғашқы белдесуде Жоламан Шәршенбековке есе жібердіңіз. Қырғыз палуаны бұған дейін де сізді әлем чемпионатының жартылай финалында тізе бүктірген болатын. Жалпы қарсыласыңыз Жоламан екенін білгеннен кейінгі сезім қалай болды?
– Жоламан – мықты палуан. Әлемді бағындырып, өзін мойындатып жүрген спортшы. Соңғы жылдары қатты қарқын алып, барған жарыстың барлығынан жеңімпаз атанып келеді. Париж Олим пиадасында да өзінің әлемдік үздіктер қатарында екенін дәлелдеп, қола жүлдені қоржынына салды.
Белдесуге үш күн қалғанда Парижге жеттік. Арнайы жаттығу орындарында дайындық үстінде болдық. Әлемнің кіл «сен тұр мен атайын» спортшыларының барлығы сол жерде бас қосты. Ел алдына шықпас бұрын, өзіміздің де арамызда белдесулер болып тұрады.
Басты додаға бір күн қалғанда кешкілік жаттығу залында жеребе бойынша қарсыластарымыз белгілі болды. 4 жылда бір келетін бәсекеге кім жеңілемін деп келеді дейсіз. Жоламанмен белдесетінімді білгенде «жеңемін» деген өзіме мақсат қойдым. Берілген уақыт ішінде бар күш-жігерімді салып, соңына дейін күрестім. Бірақ бұйырмады.
Бір жағынан жеребе мен үшін сәтсіз түсті деп ойлаймын. Өйткені екінші сетке түсіп, финалға шығып күміс жүлдегер атанған қытайлық спортшыны мен бұған дейін 2 мәрте ұтқанмын.
– Бұған дейін басқа қалалардан ұсыныстар түскенін есті дік. Яғни өз облыстарының атынан шығуға қолқа салып, үй-жайыңызды, көлігіңізді реттеп беретіні жайлы айтылыпты. Алдағы уақытта өзге өңірдің намысын қорғау жоспарыңызда бар ма?
– Иә, бірнеше облыстан ұсыныс түсті. Бірақ мен өзімнің туған жерімнің намысын абыроймен қорғағым келеді. Тек өз спортшыларына лайықты құрмет болса екен деймін. Өйткені төккен терің, еткен еңбегің бағаланбай қалса, қынжылып қаламыз.
– Мемлекеттен жәрдемақы аласыз ба?
– Әрине. Қазақстанда үздік үштікке ілінсең, арнайы берілетін жәрдемақылар бар. Ал Олимпиадаға баратын кезде Қызылордаоблыстық күрес федерациясы көлік сыйға тартты. Спортта текке жүрмегенімізді білдіріп, демеп отырса оның өзі біз үшін үлкен күш. Қолдау жасаған отбасыма, бапкерлеріме, Мұстафа Садық ағамызғажәне басқа да ағаларға шынайы алғысымды білдіремін!
– Бір сұхбатыңызда Әлем және Олимпиада чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері – «Шәміл Серіковтің күресін қайталағым келеді» деген екенсіз. Атақты спортшыға еліктейсіз бе?
– Иә, мен еліктейтін спортшы – 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Шәміл Серіков. Ағамыз ертеректе өмір ден өтіп кеткен соң, қазіргі буын ол туралы көп біле бермейді. Белдесулері туралы бейнежазба да жоқтың қасы. Ағайларымыздың айтуынша, ерекше талантты палуан болған. Бозкілемде өзінің әдісін қолданып, 2-3 минут ішінде қарсыласын жығып салатынымен ерекшеленген.
Тағы бір үйренерім көп спортшы – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Атланта Олимпиадасының чемпионы, қазіргі бапкерім Юрий Мельниченко. Оның кілемдегі күресі ұнайды. Барлық белдесуін толық қарап шықтым. Палуан ретінде одан алатын тәжірибе көп. Ол қарсыласын уақытынан бұрын ірі есеппен ұтып отырады. Сонысымен жанкүйерлердің есінде қалды.
– Спорттық карьераңызда ең қатты өкінген сәтіңіз бар ма?
– 2023 жылдың басында жарақат алып қалдым. Сол уақытта «Алдағы жарыстар не болады?», «Олимпиаданың жолдамасын ұта аламын ба?» деп ұзақ ойдың үстінде жүрдім. Сосын өзімді қолға алып, жаттығу залына бара алмасам да ойыммен күрес алаңында жүргендей сезініп, дайындала бастадым. Соның арқасында мидағы артық нәрселерді сыртқа шығардым.
Жарыстарда жеңіліп қалып жатамыз. Бірақ ол маған әрі қарай қозғалуға мотивация береді. Өйткені әрбір жеңілістен сабақ алып, келесіде жол бермеуге тырысамын.
– Айдос Сұлтанғалиды 2028 жылы АҚШ-тың Лос Анжелес қаласында өтетін Олимпиададан көре аламыз ба?
– Өздеріңіз білетіндей, биылғы Олимпиада жүлдегерлерінің жартысы дерлік 30 жастан асып кеткен. Неге сондай жаста мен де өз бағымды сынап көрмеске?! Келесі Олимпиаданы бағындыру –менің басты мақсатым және сол үшін бар күш-жігерімді саламын. Алла қалап, сол күн бұйырса екен деймін. Бастысы, денсаулығымды күтуім қажет. Ал оған дейінгі арманым – Әлем чемпионатын ұту.
– Артыңыздан ерген кейінгі буын спортшыларға не айтасыз?
– Жуырда Иорданияның Амман қала сында жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында ініміз – Алпамыс Болатұлы күміс жүлдегер болды. Міне, осындай жағымды жаңалықтар алдыңғы буын аға ретінде марқайтып қояды.
Бірақ қазір Сыр елінде күрестен атой салып, топ жарып жүрген спортшылар саусақпен санарлық.
Тағы бір айта кетерлігі, кейбір спорт шылар «Олимпиаданың аура сы бөлек, Азия мен Әлем чемпионаттарымен салыстыруға келмейді» деп жатады. Шынында, олай емес. Ешқандай өзгеріс жоқ деп айта аламын. Өйткені жарысқа қандай дайындықпен барасың, дәл солай белдесіп шығасың. Бағың жанса жүлде аласың, бағың жанбаса келесі бәсекеге дайындаласың. Сол үшін артық ойдың барлығын боз кілемнің сыртында қалдыру қажет. Өзімнің кейінгі өсіп келе жатқан спортшыларға айтарым – үлкен турнирлердің өзіне аса бір қорқынышпен қарамау керек. Қандай ауқымды жарыс болса да өзіңнің жылдар бойы жинаған тәжірибеңді сол жерге салу маңызды.
– Әңгімеңіз үшін рақмет! Алдағы додаларда жеңіс тілейміз!
Сұхбаттасқан Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!