Азық-түліктің сапасы, сырттан келетін өнімдердің қауіпсіз болуы денсаулығымыз үшін аса маңызды. Осындай күрделі бағытты таңдаған еліміздің ғалымдары бүгінде нәтижелі еңбек етуде.

Жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқытушысы, PhD Айгүл Алмағанбетованың ұзақ жылғы зерттеуі ғылымға жаңалық болып енді. Кәсіби білім алуда табанды, ғылыми зерттеу жұмысына тиянақты жас ғалыммен диссертацияның маңызы, ғылымның жай-күйі туралы сұхбаттастық.

  – Айгүл Тұрмаханқызы, философия докторы (PhD) дәрежесін иеленуіңізбен құттықтаймыз! Алдымен өзіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бала кезде ғалым болсам деп армандадыңыз ба? Бұл салаға келуіңізге кім себепкер болды? Еңбек жолыңыз қалай басталды?

   – Мен Қызылорда қаласынан 450 шақырым қашықта орналасқан Арал ауданының тумасымын. Бір әкеден жетеуміз. Ата-анамнан ертерек айырылсам да, олардың өсиетін, тәлімін, кәдімгі қазақы танымды әке мен анадан бойыма сіңіріп өстім. Орта білімді сол елдімекендегі орта мектептен тәмамдадым. Бала кезімде көптеген арманым болды, бірақ ең бастысы – адамдарға пайдалы болуды, ғылым мен білімнің дамуына өз үлесімді қосуды ойладым. Мектепте оқып жүргенде әрдайым зерттеуші болуды, жаңа білімдер ашуды қалайтынмын. Бұл армандарым менің ғылым саласына деген қызығушылығымның бастамасы болды.

Жалпы, мектеп қабырғасынан бастап өзімді белсенді оқушылардың қатарында болдым деп айта аламын. Барлық пәннен өте жақсы бағамен оқыдым, дегенмен, соның ішінде менің жүрегіме жақыны қазақ тілі мен әдебиеті және химия, физика пәндері болды. Мектеп қабырғасында жүріп шығарма, өлең жазуға ынтам ашылды. Мұны байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Батаманова апайым назарымды сол арнаға бұрып, қолдау көрсетті. Менің ынтама қарай талапты да жоғары қоя білетін. Сыныптағы оқушылардан оқулықтағы бар мәліметті сұрайтын болса, ал менен қосымша басқа кітаптан ақпарат оқып келіп, соны бірге талқылап, айтуымды талап ететін.

Одан кейін 7-сыныпта химия пәнінен сабақ берген Эльмира Жексембиева апайым осы пәнге деген махаббатымды ашып, қызығушылығымды арттырды. Ұстазым – қазір білікті химик, «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, республикалық деңгейдегі педагог-шебер. Эльмира апай сабақ бергенге дейін мен өзімді жалпы тіл саласының маманы немесе диктор ретінде көретінмін. Бірақ оқытушым менің ғылыми әлеуетімді байқап, осы салаға бет бұруыма бірден-бір себепкер адам болды. Бірнеше жыл қатарынан химия пәнінің олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Менің ғылымға деген құштарлығымды одан әрі дамытуға, зерттеулер жүргізуге шабыттандырды.

Сөйтіп, 11-сыныптан кейін Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Жаратылыстану факультетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасына грантқа оқуға түстім. Бакалавр деңгейіндегі оқуымды қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, магистратурада оқуға ниеттеніп, Алматыға барып емтихан тапсырып, бағымды сынап көрдім. Бірақ емтихан тапсырып болғаннан кейін, екі ойлы болып жүрдім, бір жағынан жұмыс та істегім келді. Осылайша Қызылорда облыстық білім басқармасына жұмысқа тұру үшін түйіндемемді тапсырып, «сұхбаттасу» кезеңінен өтіп қойғанмын.

Арада бір күн өтпей, менің магистратураға грантқа оқуға түскенім жөнінде Алматыдан хабарлама келді. Ауылдағы ата-анама хабарластым: жұмысқа да қабылданып тұрғанымды, оқуға да грантқа түскенімді, бірақ осы жұмысымды жалғастыра бергім келетіні жөнінде ойымды айттым. Сонда марқұм әкемнің бір ауыз сөзі әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр: «Қызым, жұмысты істеп үлгересің, өзің ниеттенген оқуға грантқа түсіп тұрған мүмкіндігіңді жіберме. Жұмыс ешқайда қашпайды, оны зейнетке шыққанша істейсің» деген бір ауыз сөзі менің осы жерден тоқтамауыма бірден бір себеп болды. Сонда ата-анамның білімге деген құрметі менің ғылымға ары қарай қадам басуыма итермеледі.

         Ата-анам әрқашан білім алуыма, жаңа дүниелер үйреніп, шет тілін меңгеруіме ықпал жасап, үнемі ынталандырып отырды. Солай магистратура үшін Алматыға келіп, оқу барысында ғылыми жетекшім түрлі ғылыми жобаларға қатыстырып, мені ары қарай шыңдады. Осы магистратурада оқып жүріп, біз педагогикалық практикадан өтетінбіз. Практика кезінде қабілетімді байқаған оқу орнының басшылары сол жерде жұмысқа қалуыма ұсыныс жасап, магистратура бітіре сала, жоғарғы оқу орнындағы оқытушылық қызметімді бастап кеттім.

Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек

 – Докторлық диссертацияны қандай тақырыпта қорғадыңыз? Бұл ғылыми зерттеу жұмысыңыздың маңыздылығы қандай?

– Жалпы, докторантураны «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасы аясында оқыдым, ал диссертациямның тақырыбы «Коэкструдирленген өнімдер өндірісі технологиясының нормативтік қамтамасыздануы» болды. Бұл ғылыми зерттеу жұмысының маңыздылығы өте жоғары. Себебі ол көптеген салада өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда коэкструдирленген өнімдер өндірісі бұған дейін зерттелмеген және ондай өнім өндіретін өндіріс орны жоқ. Бізге 95% өнім сырттан келеді. Яғни менің ғылыми зерттеу жұмысымның басты мақсаты осы олқылықтың орнын жою және өндірілген өнімнің халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес болуын қамтамасыз ету. Біз осы алға қойған мақсатымызға толық жеттік, яғни біз ұсынған ғылыми жұмыс қазіргі таңда Т.Шарманов атындағы «Қазақ тағамтану институтына» енгізіліп, осы бағытта бірге жұмыс жүргізудеміз.

Стандартталған және сертификатталған өнімдер мен қызметтер нарықта бәсекеге қабілетті болып, тұтынушылардың денсаулығына зиян тигізбеу тиімділігін арттырып, бұл өз кезегінде экономиканың дамуына оң мүмкіндік береді және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне тұтынушылардың сенімін арттырады деп толық айта аламын.

Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек

     

Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек
Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек

– Докторантураға оқуға қабылданғанмен, диссертацияны қорғау оңай емес. Кейбір ғалымдар бұған бірнеше жылын арнайды. Мұның негізгі себебі неде деп ойлайсыз?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Осы докторлық ғылыми дәрежені алу үшін көп жылдық ізденіс пен зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Докторантураға қабылдану бұл үлкен жетістік, бірақ оның артында диссертацияны нәтижелі қорғау шынымен де оңай емес. Докторанттың негізгі мақсаты – ғылымға жаңалық енгізу. Бірақ бұл қиын әрі ұзақ процесс.

Докторлық диссертация – ғылыми жұмыстың үлкен және терең зерттеулерді талап ететін бөлігі, ол тек 1-2 жылдық зерттеуді ғана емес, осы тақырып бойынша жаңа білімдер мен тұжырымдар меңгеруді талап етеді. Ол теориялық және практикалық тұрғыдан дәлелденген және негізделген болуы керек, үнемі жаңа әдістерді жетілдіріп отыруды талап етеді.

Менің де докторлық диссертациям 2-3 жылдың ғана зерттеу нәтижесі емес. Яғни мен осы жоғарғы оқу орнына келгелі оқытушылық қызметпен қатар, 15 жылдан аса әр түрлі ғылыми жобаларда ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істедім. Сол ғылыми жобалардың бірі осы менің тақырыбымның аясында болған. Сондықтан ұзақ жылғы еңбек пен жетістіктің нәтижесінде осы докторлық диссертация қорғалды.

Бұл орайда менің қос жетекшім – техника ғылымдарының докторы, профессор Абдыманап Оспанов және техника ғылымының докторы, профессор Айгүл Тимурбекованың еңбегі елеулі екенін атап өткім келеді. Шетелдік жетекшім – техника ғылымдарының докторы, профессор Александр Остриковке де алғыс айтамын.

Жалпы, докторлық диссертацияны жазып,зерттеуге көп уақыт, күш және табандылық қажет. Кейде ұзақ уақыт алған зерттеулер нәтиже бермеуі немесе тақырыптар өзекті болмай қалуы мүмкін. Кейде докторанттардың жеке табандылығы мен шыдамдылығы жетпей, жарты жолдан тастап кететіндер де кездесіп жатады. Сондықтан түрлі қиындықтарды жеңуге жеке мотивация және психологиялық дайындық та маңызды деп ойлаймын.

Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек

  – Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына ғалымдар да ерекше үлес қосары анық. Ғылымды дамыту, мамандарды қолдау үшін қандай шаралар атқарылу керек?

– Ғылым мен білімнің дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді, сондықтан ғалымдардың жұмысын қолдау мен ғылымды дамыту үшін бірнеше маңызды шаралар атқарылуы қажет. Мұндай шаралар тек ғылымның өзіне ғана емес, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз. Атап айтатын болсам, ғылыми жобалар мен зерттеулерді тұрақты әрі жүйелі қаржыландыруды арттыру, ғалымдардың кәсіби дамуына жағдай жасау, ғылым мен білімді интеграциялау, ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы рөлін арттыру.

Сонымен қатар ғалымдардың ғылыми жобаларын коммерцияландыру үшін инвесторлар, кәсіпорындар мен ынтымақтастықты нығайту маңызды. Бұл ғалымдардың өз зерттеулерін қоғам мен экономикаға пайдалы етуіне мүмкіндік береді. Ғалымдар мен зерттеушілердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін шетелдік тәжірибелермен танысуы, конференциялар мен симпозиумдарға қатысуы өте маңызды. Сонымен қатар ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Шетелдік ғылыми орталықтармен бірігіп зерттеулер жүргізу, халықаралық гранттар мен жобаларға қатысу ғылымның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелдік ғалымдарды елімізге шақырып, тәжірибе алмасу үшін бірлескен зерттеулерді жүргізу керек.

Ғылымды дамыту, ғалымдарға қолдау көрсету және олардың еңбегін бағалау арқылы елдің өркендеуіне өз үлесімізді қоса аламыз.

Айгүл АЛМАҒАНБЕТОВА: Ғылымды дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек

 – Студенттердің ғылымға деген қызығушылығы қай деңгейде? Ғылымға ден қойған жастар көп деп айта аламыз ба? Шәкірттеріңіз қандай тақырып бойынша ізденуде?

 – Студенттердің ғылымға деген қызығушылығы кейінгі жылдары айтарлықтай артқанын байқаймыз, бірақ бұл үрдіс барлық салада бірдей деп айта алмаймын. Көп жағдайда студенттер ғылым саласынан бөлек инновация мен технологияға да қызығушылық танытады. Ғылымға ден қойған жастардың саны, әрине, көбейіп келеді, бірақ, өкінішке қарай, көптеген студенттің ғылымға деген қызығушылығы әлі де жоғары емес. Көбіне, олар жұмысқа орналасу мен мансап құру үшін практикалық дағдыларды меңгеруге көп көңіл бөледі, ал ғылыммен айналысу белгілі бір уақыт пен еңбекті талап ететіндіктен, бұл жастар үшін күрделі болуы мүмкін.

Менің шәкірттерім көбіне әртүрлі салада ғылыми зерттеулер жүргізеді. Шәкірттерімді өздерінің қызығушылықтары мен болашақ кәсіби мақсаттарына сәйкес ізденістерін жүргізуге бағыттап отырамын. Ғылымда жастардың шығармашылық көзқарасы мен жаңа идеялары өте маңызды, сондықтан мен оларды өз тақырыптарына толықтай берілуге және олардың жеке қызығушылықтарын ескере отырып, терең зерттеулер жасауға кеңес беріп, мүмкіндік жасаймын.

– Бүгінде бірқатар зерттеуші шетелде тәжірибе жинақтауда. Алдағы уақытта өзге елдерде зерттеу жұмысын жүргізуге ниетіңіз бар ма?

– Шетелде тәжірибе жинақтау – бұл ғылыми даму үшін өте маңызды қадам. Сондықтан мен де осыған дейін бірнеше шет елдік мемлекеттердің университет базаларында білім алып, тәжірибе жинақтадым. Халықаралық жоғары оқу орындарында тәжірибе алуым, басқа елдердің ғылыми орталықтарымен танысуым, жаңа әдістемелер мен технологияларды меңгеруім, менің ғалым ретінде кәсіби өсуіме, ғылыми көзқарасымды кеңейтуге үлкен септігін тигізді.

         Менің ғылыми зерттеу жұмысымның бағыты бойынша шетелде түрлі зерттеу бағдарламалары мен ғылыми орталықтар бар және олармен бұған дейін де бірлесіп жұмыс жасағанмын. Алдағы уақытта да ғылыми ізденістерімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мұндай халықаралық тәжірибе ғылымды дамытуға, өз еліңнің білім беру жүйесін жаңғыртуға және жастарды ғылыми қызметке тартуға жақсы әсер етеді деп ойлаймын.

Жалпы, болашақта шетелде ғылыми зерттеулер жалғастыру және жүргізу – бұл менің ғылым жолындағы маңызды қадамдарымның бірі болмақ.

– Айдынды Аралдағы Қаратерең ауылында туып-өстіңіз. Туған жерге жиі барып тұрасыз ба?

– Иә, мен Аралдағы Қаратерең ауылында туып-өстім, бұл менің балалық шағымның өте қымбат ерекше кезеңі өткен жер. Туған жердің топырағы, адамдардың мейірімділігі, ұстаздарымның білімге адал баулуы менің болашағыма үлкен әсер етті және ғылымға деген қызығушылығымның, еңбекке деген көзқарасымның қалыптасуына ықпал етті деп сеніммен айта аламын.

Қазіргі уақытта жұмысқа қатысты көптеген міндет пен қарбаласқа байланысты, ата-енемен тұратын келін ретінде жиі барып тұруға мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен жылына бір рет туған жерге барып, мауқымды басып қайтуға тырысамын.

Қаратерең ауылында туып-өскенім үшін мақтанамын, өйткені ол мені адамгершілік пен еңбекқорлыққа, табандылық пен жауапкершілікке үйреткен ата-анамның, бауырларымның және ұстаздарымның ерекше ілтипатын сезінетін қасиетті қара топырақ, ыстық ұя.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!