Ақын, айтыскер, ғалым Айнагүл Әбуованың есімі Сыр бойындағы өнер иелеріне жақсы таныс. Жасында айтыстарға қатысып, бәйгенің алдын бермеген талантты ақын қазір ғылыммен айналысып, шәкірт тәрбиелеуде. Қаламгердің сырға толы лирикалық өлеңдерін эстрада әншілерінің орындауында тыңдап та жүрміз.
– Айнагүл Оңталапқызы, бір кездері аймақтық, республикалық жыр додаларында бақ сынап, елдің ықыласына бөленген айтыскер болдыңыз. Сырдағы танымал өнер иелерімен бірге айтыстарға қатыстыңыз. Басылымның жас оқырмандарына өзіңіз туралы толығырақ айтып беріңізші…
– 1975 жылы Арал қаласында дүниеге келдім. Оқушы кезімнен-ақ қазақ әдебиетіне, жыраулар мұрасына деген қызығушылығым жоғары еді. №220 мектептің 9-сыныбын бітіргеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық пәндік олимпиадада 1-орын иеленіп, Қызылордадағы дарынды балалардың мектеп-интернатына ең алғашқылардың бірі болып қабылдандым. Білім ордасы қазіргі №15 мектеп-гимназияның базасында жасақталған болатын, мектеп-интернатты күміс медальмен тәмамдадым. Бірақ ол кезде жоғары оқу орнына түсу өте күрделі еді. Екі жыл бойы түсе алмай, Аралдағы «Ұландар үйінде» әдіскер, үйірме жетекшісі болып жұмыс істеудің сәті түсті. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне тағы да құжат тапсырып, «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығына оқуға қабылдандым. 1998 жылдан бастап осы университетте еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта оқу орнындағы «Педагогика, психология және бастауыш оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрімін. 30 жылға жуық уақыттан бері бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау ісіне үлес қосып, бар білгенімді студенттерге үйретіп, білмегенімді солармен бірге үйреніп келемін.
Көпшілікке алғашында жазба ақын ретінде танылдым. 5-сынып оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетіне ақын Фариза Оңғарсынованың алғы сөзімен бір топ өлеңдерім жарық көрді. Содан бастап жыр шумақтарым түрлі мерзімдік басылымдарда жариялана бастады.
Алғаш айтысқа келуіме ықпал жасаған аралдық айтыскер ақын Гүлнәр Дәрменқұлова болатын. Бірде өнер иесі үйге келгенде қабілетімді байқап, оқушылар айтысына өзі дайындағаны есімде. Кейіннен пионер, комсомол жастарының айтысына қатысып жүріп, ақын Бекұзақ Тәңірбергенов, Оңталап Нұрмаханов, Малика Нұрәлиева, Талғат Тілеулесовтермен бірге ел алдына шығып, өнер көрсеттім. Осылайша ағалардың кеңесімен шыңдалып, аудандық деңгейде таныла бастадым. Студент кездегі оқытушым Сәнімкүл Желдербаева ой-танымым, көзқарасымның қалыптасуына ықпал етіп, шаршы топтың алдына тосылмай шығуым үшін бағыт-бағдар берді. Жыр додасында орнықты ой, сүбелі сөз айту үшін де ақыл-кеңесін аямайтын ұстаз, ізденіс керек екені рас.

1994 жылы облыста алғаш рет ұйымдастырылған телеайтысқа шақырылып, жеңімпаз атанып, республикалық айтыстарға жолдама алдым. 1998 жылы республика жастарының шығармашылығын дамытуға арналған «Шабыт» фестивалінде «Айтыс» номинациясы бойынша І орын иелендім. Ол кезде Фариза Оңғарсынова қазылар алқасының төрағасы еді.
1999 жылы Астананың елорда болғанына 1 жыл толуына орай «Жыр арқауы – Астана» атты аламан айтыс өтіп, 33 ақынның арасынан І орын бұйырды. Одан кейін де айтыстарға қатысып жүрдім.
Республикалық айтыстарға қатысып, лайықты қарсыластар таптым десем болады. Сол жылдары ақын Қалқаман Сарин, Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашов, Ахметжан Өзбеков, Анар Жапарқұлова, Серік Құсанбаевтармен айтыстық. Өзге де есімі көпке танылған, танылмаған ақындармен сөз қағыстырып, өз қал-қадірімше көрерменге ой салатын жыр шумақтарын арнадым десем болады.
Айтыстарға қазылық еткен Фариза Оңғарсынова апайдан бастап, Қонысбай Әбілов, Серік Тұрғынбеков, Төлен Әбдіков, Сыр бойынан шыққан танымал ақын, қаламгерлер Сейіл Боранбаев, Асқар Кіребаев, Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рақымбеков, Дүйсенбек Аяшұлы, Сәнімкүл Желдербаевалар өнеріме баға беріп, қазылық етті.
Сыр бойындағы айтыс өнерінің алып көшінде жүрген қыздардың бірі Елена Әбдіқалықова апайымды ерекше құрметтеп, өнерін өнеге тұтқан адаммын. Айтыстың ақтаңгерлері Махамбетқали Тұрсанов, Замамадин Ибадуллаев ақсақалдардың батасын алдық. Одан беріде өз қатарластарым Кенжебай Жүсіпов, Әбілқайыр Сыздықов, Жұмабай Шерниязов, Шымберген Сүлейменов, Қайрат Құлекешов, Зухра Төлеповалармен бірге Сыр бойындағы ақындар мектебінің бір кезеңдегі көшін жалғадық десем де болады.
Дәл қазіргі сәтте Сыр бойының айтыс мектебі алтын дәуірін бастан өткеруде. Алтындай жарқыраған Мұхтар мен Мейірбек, көпке танылып келе жатқан Бексұлтанымыз, айтыста жүрген басқа да талантты жастарымыз бар. Қашанда Сыр бойындағы айтыстың ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін.

– Кейінірек көрермен сізді айтыстардан көре алмады. Бұған университеттегі оқытушылық қызмет, өз салаңызда ғылыми зерттеулер жүргізуіңіз ықпал етті ме?
– Айтысқа отбасылы, бөпелі болғаннан кейін бармадым. Тым балажан болдым ба, әлде бәрін бірдей ұстап жүре алмадым ба, білмедім.
Бұған ғылыми зерттеулер жүргізуім де ықпал еткен болар. Бастауыш сыныптағы әдебиеттік оқу әдістемесі төңірегінде ғылыми жұмыстар жазып, Scopus базасында 2 мақала, \һ-индекс-1\ басқа да республикалық басылымдарда ғылыми мақалалар жариялап жүрмін.
Жоғары оқу орнында да өз саласының үздіктерімен, ғалымдармен әріптес екенім ерекше қуантады. Білім беру саласының дамуына үлкен үлес қосқан Алтынбек Ерназаров, Бақытжан Сайлыбаев, Төлеген Есенбаев, Зинаида Сексенбаева сынды аға буын өкілдері жас кезімізден ғылымға баулып, жол көрсетіп, көп қамқорлық танытты.
– Ат сүрінгенше ақыл табатын айтыскер болу оңай емес. Жыр аламанында оралымды ой, айшықты сөз табу үшін жастар қалай ізденуі керек? Айтыскер болу тума талантқа тікелей байланысты ма?
– Ақын болу үшін тіл керек. Ауыз әдебиеті, мақал – мәтелдерді жаттап өсу қажет. Қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілімізді рухани мол мұрамыздан, қазақ дастандары мен жырларынан табасың. Әрине, тума талант болмаса, кез келген адам сахнаға шығып, салиқалы сөз сабақтай алмайды ғой. Ақын – елдің ардағы. Ол парасатты, білімді болуы керек.
– Көп қойылатын болар, дегенмен сіз үшін шабыт деген не? Шабытты қайдан аласыз?
– Шабыт деген – керемет бір күй. Мен жаңбыр жауып тұрған сәтті қатты жақсы көремін. Өлеңді де сол кезде жазамын.
– Отбасының берекесін, отағасы мен балаларының жай-күйін ойлап жүретін әйел адам үшін ақын болу қаншалықты күрделі?
– «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді ғой. Әйелдің жүрегі тыныш болса, барлық кереметті жасайды.

– Жуырда сіз туралы кітап жарық көреді екен. Бұл жинаққа қандай туындаларыңыз енеді?
– Осы кезге дейін жазғандарымды жинақтап, кітап дайындаудамыз. Лирикалық өлеңдерден бөлек, айтыстағы жыр шумақтарым, ғылыми мақалаларым да енгізілмек.
– Оқытушылық қызметіңізге де тоқталып өтсек. Жыл өткен сайын жасанды интелектінің енуі оқыту процесіне де әсер етуде. Бұл қаншалықты ұтымды? Ұстаздық қызметіңіздегі ең маңызды тәжірибеңіз қандай?
– Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау ісіне байланысты «Сауат ашу әдістемесі», «Әдебиеттік оқыту әдістемесі», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» деген пәндерден сабақ беремін.
Жасанды интеллект қоғамның сұранысына орай өмірімізге дендеп енген жетістік деп ойлаймын. Бұрын оқытушыларға көп күш түсетін, айталық дидактикалық материалдар, көрнекілікті қолдан жасайтын болса, қазір жасанды интеллект уақытты үнемдеп, әдістемелік сабақтарды мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді. Қай дүниені де жақсылық, ізгілікке пайдалансаң, тигізер пайдасы зор. Жыл сайын әртүрлі қалада өтетін республикалық пәндік олимпиадаларға студенттерді апарамын. Сонда жұмыстардың көбі жасанды интелекттің көмегімен жасалатынын байқадым.
Сонымен қатар кафедрада студенттермен тәрбиелік жұмыстарды жүргізетін аға тәлімгермін. Мұғалім болуды таңдағанымен, білім алушылардың арасында ақын да, әнші, күйші, биші де болады. Көзі жанып, тапсырманы орындау кезінде шығармашылық қабілетін байқатып, талпынып жүретін студенттерді жиі кезіктіремін. Олар университеттегі уақытын тиімді пайдаланып, қабілетін шыңдай түссе екен деп, қолдау көрсетуге тырысамын.
– Ұлыңыз Ілияс Өтетілеу – Астана қалалық музыкалық жас көрермендер театрының актері. Балаңыздың өнеріне оқушы кезінен-ақ қолдау білдіріпсіз. Балаларыңыздың бәрі өнерге жақын ба?
– Иә, тұңғыш ұлым өнер жолын таңдады. Сондықтан оқушы кезінде қалалық жастар театрына жетектеп апарып, ұстазым, талантты ақын, танымал режиссер, сценарист Оңталап Нұрмахановқа тапсырдым. Балаларымның бәрі бірдей өнерге жақын емес. Қалғандары басқа саланы таңдады.
– Алдағы уақытта жастарды айтысқа баулып, шәкірт дайындауға қалай қарайсыз?
– «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді ғой. Шәкірт боламын, ұлттың ұлық өнеріне қызмет етемін деген жастар болса білгенімді үйретуге әзірмін.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!