Тәтті – кез келген мерекенің сәні. Ал Қызылорда қаласындағы «Ainur’s Cakes» кондитерлік үйі өңір халқын дәмді өнімдерімен қуантып, жайылған әр дастарханның төрінен табылып жүр. Аймақта үш бірдей нүктесін ашып үлгірген кондитерлік үйдің негізін қалаушы Айнұр Баймахановамен әңгіме-дүкен құрып, кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысып қайттық.
– Сұхбатымызға келіскеніңізге рақмет, Айнұр ханым! Алғашқы сұрағым еңбек жолыңыздың бастау алғаны туралы болмақ. Кондитерлікке қалай бет бұрдыңыз?
– Рақмет! Кондитерлікке қызығушылығым балалық шағымнан басталды. Үйде тәттілер пісіруге қатты қызығатынмын, бос уақытымда түрлі пирог, торт дайындайтын едім. Дегенмен кәсіпке нақты бет бұрған уақытым 2015 жыл болды. Ол кезде декреттік демалыста едім. Сол уақытта бос уақытымды тиімді пайдаланғым келіп, хоббиімді кәсіби деңгейге көтеріп көруге шешім қабылдадым. Алғашында үйде шағын торттар дайындап, таныстарыма саттым. Бірте-бірте тұтынушы саны көбейіп, бизнесімді кеңейту керек екенін түсіндім.
– Бәсекелестік кез келген салада кездесетін ұғым. Өңірдегі өзге кондитерлік үйлерімен салыстырғанда, «Ainur’s cakes»-тің артықшылықтарын атап өтіңізші. Тәттілердің өз бағасын қалай есептеп шығарасыздар? Қандай тәттінің сатылымы ерекше жоғары?
– Бәсекелестік бұл салада да жеткілікті, әрине. Бірақ біз өзіміз өндіретін өнімнің сапасына мән береміз. Олардың барлығы табиғи және дәмді. «Ainur’s cakes» кондитерлік үйінің артықшылығы – ерекше дизайн және клиентке арнайы ұсынатын жеке тапсырыстар. Біз сатып алушының тілегін ескере отырып, ерекше және эксклюзивті тәттіні дайындауға тырысамыз. Бұл да креативті ойды қажет етеді.
Бағаны есептеуде біз қазір «AIKO» бағдарламасын қолданамыз, ол бізге өнімдердің нақты құнын анықтауға көмектеседі. Шығындарды осылайша бақылаймыз. Ал сатылымы жоғары тәттілерге келетін болсақ, бізде торттар мен эклерлер өте жоғары сұранысқа ие.
– Кез келген бизнес нарыққа еніп, жеке бренд болып кеткенше «минусқа» жұмыс істейді. Сіз өз кәсібіңізде мұндай кезең болды ма және оны қалай еңсердіңіз?
– Иә, кез келген кәсіпте қиыншылықтар болады. Шығынға батқан жоқпын, бірақ бастапқыда көп қаражат құйдым. Негізгі қиындық – құрал-жабдық сатып алу, технологияларды үйрену және сапаны тұрақты түрде жоғары деңгейде ұстау. Бұл үшін шыдамдылық, қажыр-қайрат керек. Алғашқы кезде көптеген ресурстар жұмсалды. Бірақ әрбір сәтті нәтиже маған күш берді, ал бұл кәсіпті жалғастыруға мотивация болды.
– Кондитерлік оңай көрінгенімен, қызығы мен шыжығы қатар жүретін өнер десек те болады. Бұл кәсіпті бастауда қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?
– Қиыншылық көп болды. Ең алдымен,кондитерлікке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу мен үшін үлкен мәселе болды. Себебі сапалы пештер мен басқа да аспаптар өте қымбат тұрады. Одан бөлек, клиенттер базасын құру да оңай емес, сенімді клиенттер табу, олардың сеніміне кіру уақыт талап етеді. Ал қазір бізге сенім артатын тұтынушының көптігіне және олардың көңілінен шығып жатқанымызға қуаныштымын, шүкіршілік етемін. Себебі кезінде осы күнімізді армандадық. Мұның да астында қаншама тер мен үкілеген үміт жатыр. Бүгінде аймақта «Ainur’s cakes»-тің 3 нүктесі, сондай-ақ бір кофейня бар. Қарамағымда 50-ге жуық адам жұмыс істейді.
– Өмір түрлі қызықтарға толы. Кондитерлік еңбек жолыңызда жолыққан ең ерекше жағдай туралы айтып берсеңіз…
– Әр күн ерекше! Тапсырыс берушілермен жұмыс істеу, әрбір жаңа тапсырысты орындау – мен үшін әрқашан бір қуаныш. Бір қызықты жағдайды бөліп айту қиын, себебі мен үшін әр тапсырыс маңызды әрі ерекше тәжірибе. Халық сенімі – маңызды мотивация. Кейде кейбір тұтынушылар өте ерекше және үлкен торқа тапсырыс береді. Бұл да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті тапсырыстың мінсіз болуын бірінші орынға қоямыз.
– Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет. «Ainur’s Cakes»-тің табысы артып, халықты қуанта беріңіздер!
Сұхбаттасқан Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!