Бала денсаулығы – әр ата-ана үшін баға жетпес байлық. Дұрыс күтім мен уақытылы ем-шара сәби өмірінің сапасын жақсартып, болашағына негіз болады. Алайда бала күтімінде жіберілген қателіктер бүгінгі балалар денсаулығының көрінісі болып отыр. Осы турасында жалпы тәжірибелік дәрігер, бала массажисті және моторлық даму маманы Айзат Күдербаева бала саулығын нығайту жолдары туралы ой бөлісті.
– Айзат Бақытжанқызы, сұхбатымызды жаңа туған нәресте күтімінен бастасақ. Сәбидің алғашқы күнінен бастап дене қозғалысы мен физикалық дамуының дұрыс қалыптасуына қандай табиғи және әлеуметтік факторлар әсер етеді? Бұл кезеңде ата-аналардың рөлі қандай болмақ?
– Бала дүние есігін ашқан күннен бастап дамиды деп айтып жатады. Алайда бұл қате пікір екендігін жеткізгім келеді. Ананың құрсағына жан біткен сәтте, яғни бірінші триместрдан бастап-ақ нәрестені бақылауға алу қажет. Ай сайын тапсыратын анализдер, ультрадыбыстық зерттеу мен ананың денсаулығы арқылы баланың да денсаулығы басты назарда болады. Бұл – дәрігерлердің жауапкершілігі. Нәрестенің жағдайы анасының жатырында жатқанда сыр бермесе, туғаннан кейін де оның денсаулығы жақсы болады.
Бала анасының ішінде болған кезде мынадай құбылыстарға ерекше мән беру керек. Мәселен, сәби кіндігіне оралып жатқан жағдайда, жамбаспен жатса немесе ана құрсағында егіз болса, олардың орналасуын бақылауда ұстау қажет.
Бала дүниеге келген сәтте билирубиннің жоғарылығына, гипоксияға (балаға оттегінің жетіспеушілігінен туындайтын потологиялық процесс), әр кезең бойынша сәби денесіндегі сарығыштыққа мән береміз. Атап өткен жағдайлардың барлығы дерлік баланың ертеңгі денсаулығына айрықша әсер ететін факторлар.
Жалпы мына дүниені түсініп алсақ деймін. Дәрігерлер баланы бекерден бекер жоспарлы түрде дүниеге әкелу туралы шырылдамайды. Расымен жоспарлы жүктілік дені сау ұрпақтың туылуына кепіл бола алады. Ол үшін керекті тексерістен өтіп, қарапайым анализдерді тапсырулары тиіс. Ең әуелі ата-ана өз денсаулығына жақсартып, содан кейін ғана ұрпақ қамын ойласа игі. Одан бөлек, аналарға араға уақыт салмай, тағы да жүкті болу қауіпті. Соны ұмытпайық. Ата-ана атану – үлкен жауапкершілік.

– Массаждың нәресте ағзасына, оның ішінде жүйке жүйесіне тигізер ықпалы қандай, және оның моторлық дамуды арттырудағы маңызы жайлы айтып өтсеңіз?
– Массаж кез келген балаға сай келе бермейтін ем. Оның өзіндік көрсеткіштері бар. Бала туғаннан кейін, салмағы 5 келіден артқан соң ғана массажға рұқсат бар. Невропотолог, хирург, педиатор және отбасылық дәрігердің жолдамасымен ғана тағайындалады.
Массаж жасаудың түрі көп. Сәбидің денсаулығына қарай түрлі тексерістерден өткен соң ғана ұсынылады.
Өзім де бұл саланың арнайы дәрігері болғандықтан, ата-анаға түсіндіре отыра, балаға қажеті массаждың түрлерін тағайындаймын.
Массаждың балаға пайдасына тоқтала кетсек. Мәселен, жоғарыда атап өткен гипоксия процессінің әсерінен балада мәрмәр тері болады, ауа жетпейді, бала мазасызданады. Оған гипертонус қосылып, сәбидің бұлшықеттері қатаюы мүмкін. Атап өткен жайсыздықтардың барлығын қалыпқа келтіру үшін балаға массаж керек. Оның барлығы баланың жүйке-жүйесіне, орталық миға, одан бөлек көптеген мүшеге әсер ететіні анық. Сәбидің денесін босатып, жақсылап массаж жасалынады. Осы арқылы баланың қан айналымын жақсартамыз, оның циркуляциясын дұрыстаймыз.
Бұрындары массаж жасау туралы түсінік болмаған. Осының әсерінен қазіргі қоғамда стереотип қалыптасқан. «Онсыз да өскенбіз, оның қажет қанша?» деген секілді сан алуан пікір сананы улайды. Алайда ол кезде заман басқа болды, ал қазір экологияның өзі біраз рөл ойнайтынын естен шығарып жатамыз. Бұл баланың дамуына қажетті, тиімді әсер ететін ем екенін ұғынғанымыз абзал.
– Нәрестенің моторлы онтогенезінің үйлесімді әрі қалыпты дамуы қандай физиологиялық және психоэмоционалдық көріністер арқылы танылады?
– Моторлы онтогенез – бұл адамның жеке дамуындағы қозғалыс функцияларының қалыптасу және жетілу процесі, баланың туылғаннан бастап қимыл-қозғалысын зерттейтін ғылым. Яғни балаларды толықтай диагностикадан өткізіп, сәби жасына сай дамып келе ме, кешеуілдеудің бар-жоғына тексеріс жасаймыз. Диагностиканы қорытындылай келе, сәбиге моторлы онтогенез бойынша қандай әдістерді қолдану керектігі жөнінде шешім қабылдаймыз.

Өз тәжірибеммен бөліссем… Мәселен, ем-дом шараларын қабылдауға 5 айлық сәби келді. Бұл сәби не істей алуы керек? Алдымен оның рефлекстерін тексереміз. Бұл мерзімдегі сәби екі қолын аузына апара алады ма, аунау, ішімен жатып, екі қолын таяныш ету, оң мен сол жағындағы ойыншықтарына қарай алатын қабілеттерінің бар-жоғын зерттейміз. Егер бала оны жасай алмайтын болса, моторлы онтогенезін дұрыстау әдіс-тәсілдерін пайдалана отыра, оған көмектесеміз. Бұл жағдайда тіпті баланың әке-шешесімен де жұмыс істейміз.
– Жаңа туған сәбидің алғашқы қадамдарынан бастап денсаулығын нығайту мен сақтаудағы басты әдіс-тәсілдер қандай болмақ? Бұл орайда ата-аналар нені назарда ұстауы тиіс? Қазір жіберілетін қателіктер туралы айта өтсеңіз…
– Енді дүние есігін ашқан нәрестенің, біріншіден, қоректенуіне мән береміз. Яғни сәби ана сүтін жақсылап ішуі керек. Анасы кем дегенде 1 сағат баланы дұрыстап ұстап, емізуі тиіс. Дұрыс ұстамаудың салдарынан да балада диагноздар саны артуы ықтимал. Ұйқысын қандырып, таза ауаға шығарып тұру, үйді желдету, баланың денесіне сай әрі ыңғайлы киімдерді кигізу керек. Көбіне салқын тиіп қалады деп қорыққан аналар баланы қалың киіндіріп қоюы мүмкін. Алайда бұл кей жағдайларда сәбиге ыңғайсыздық әкеледі. Қалың киімді баланың температурасына қарай кигізу керек. Атап өткен дүниелердің барлығы дерлік баланың қимыл-қозғалысына, денсаулығына айтарлықтай әсер етеді.
Екіншіден, барлық мамандардың тексерісінен уақытылы өту қажет. Яғни, невропотолог, хирург, педиатр және отбасы дәрігері баланың хәл жағдайына диагностика жасауы керек. Баланың денсаулығы жақсы болып жатса, массаж алуға болады. Сондай-ақ баланың салмағы мен айына қарай, D3 дәруменін мөлшерімен беруге болады.

– Бала дамуының кешігу белгілері байқалған жағдайда ата-аналар қандай алғашқы әрекеттер жасап, қандай мамандардың көмегіне жүгінуі қажет? Баланы күтуде жіберілетін қателіктерді атап өтсеңіз…
– Жас ата-аналар сәби күтімінде кейде білместікпен қателіктер жіберіп жатады. Соның бірі – нәрестені дұрыс көтермеу және физиологиялық дамуына сай келмейтін қалыпта ұстау. Жаңа туған сәби анасының құрсағындағы эмбрион қалпын сақтайды, бұл – оның табиғи жағдайы. Дегенмен, көпшілік ата-аналар баланы мерзімінен бұрын отырғызып, тігінен көтеруге асығады. Бұл нәрестенің бұлшықет тонусына кері әсерін тигізіп, гипертонусқа әкелуі мүмкін.
Сәби үшін алғашқы төрт айда эмбрион қалпын сақтау аса маңызды. Оны қолда ұстағанда арқасы мен белін толықтай сүйемелдеу қажет. Тек 4 айдан кейін ғана баланы біртіндеп алға қаратып, иыққа 45 градус еңкейте жатқызып ұстауға болады. Ал 6-7 айдан асқан соң, дене бұлшықеттері нығайғанда, ақырындап бір қырымен отырғызып ұстауға рұқсат етіледі. Ең бастысы – баланы өздігінен отыруға дайын болмай тұрып, жастықпен сүйеп отырғызуға асықпау керек. Себебі ерте жүктеме омыртқаның табиғи дамуын бұзып, болашақта бел омыртқа ауруларына себепкер болуы мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт – нәрестені ішпен жатқызу. Бұл да белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді. Баланың кіндігі толықтай жазылғаннан кейін ғана оны ішке жатқызып үйреткен дұрыс. Бастапқыда сәби екі шынтағына тіреніп, 2-3 минуттай жатып үйренуі қажет. Егер шаршаса немесе мазасызданса, оны арқасына аударып, біраз уақыттан кейін жаттығуды қайта жалғастырған жөн. Бұл әдіс баланың мойын, арқа және іш бұлшықеттерін нығайтып, қозғалыс дағдыларын дамытады.
Демек сәби күтімінде әр қадамды оның физиологиялық даму кезеңдеріне сай орындау өте маңызды. Табиғаттың өз заңдылығы бар, ал ата-ананың міндеті – оған сүйене отырып, баланың денсаулығына қамқор болу.
– Әңгімеңізге рақмет, Айзат Бақытжанқызы. Балалар денсаулығы мықты болсын!
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!