Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда. Бұл сөзге АҚШ мектебінде білім алып жүрген 16 жастағы Айзере Найзабек дәлел. С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы былтыр FLEX бағдарламасының жеңімпазы атанды. Бағдарламаға сәйкес қыркүйек айынан бастап шетелдік мектепте 1 жыл оқу мүмкіндігіне ие болды. Қызылордалық оқушы тіл меңгеріп, сабақты үздік оқумен қатар, Миссури штатында өткен дебат ойындарына қатысып, топ жарып жүр.
– Айзере, алдымен халықаралық FLEX бағдарламасы туралы айтып беріңізші. Іріктеу сыны қалай өтті?
– FLEX (Future Leaders Exchange) – АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын халықаралық бағдарлама. Бұл бағдарлама Орта Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдеріндегі оқушыларға АҚШ-та бір жыл бойы тегін білім алуға мүмкіндік береді. Іріктеу үш кезеңнен тұрады: тест, эссе жазу және сұхбат. Әр жыл сайын мыңдаған оқушы өтініш береді, бірақ тек санаулысы ғана жеңімпаз атанады. Қазақстанда тапсырғандардың арасында 2%-ы финалист бола алады.
Мен осы бағдарламаның финалисі атанып, қазір АҚШ-та білім алудамын. FLEX – тіл үйренуге ғана емес, мәдениет алмасуға, көшбасшылық дағдыларды дамытып, жаңа ортаны тануға мүмкіндік беретін бағдарлама.

Сондай-ақ, жеңімпаздарға айына $200 стипендия тағайындалады және үлкен тексерістерден өткен американдық қабылдаушы, яғни бірге тұратын отбасы тауып береді.
– АҚШ мектебіндегі оқу жүйесі біздің елден өзгеше болар. Ол жақтағы сабақ барысы, мәдениеті туралы айтып берсеңіз…
– Маған ең қатты ұнайтыны – әр оқушы пәндерді өзі таңдай алады. Спортқа, өнерге, ғылымға басымдық бергісі келетіндерге үлкен мүмкіндік бар. Мектепте әр апта сайын түрлі жарыс өтеді, ал сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылады.
Қоғамдық мәдениет жағынан да өзгешеліктер бар. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас біздікінен әлдеқайда еркін. Мұғалімдер оқушыларды өз ойларын ашық айтуға шақырады, ал оқушылар пікірталасқа белсенді қатысады.

– Американың оқушылары арасында өткен дебат ойындарында үздік атандыңыз. Ол жақтағы пікірсайыс ережесінде айырмашылық бар ма екен?
– Мен Speech & Debate клубындамын, бірақ дебатқа сирек қатысамын. Негізі сағаттап адамдармен дауласып, бір тақырыпты қозғау маған қызық емес. Бірақ бірнеше рет LD (Lincoln-Douglas) Debate форматы бойынша қатысып, 48 адамның ішінен үздік алтылыққа кіргенмін.
Дебаттан гөрі Speech (сөйлеу сайыстары) бағытында көбірек жетістікке жетіп жүрмін. Informative Speaking категориясы бойынша Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық тақырыбы туралы айтып, 1-орын алдым. Елімізде мұндай байқаулар жоқ.
Speech & Debate ғылыми жоба емес. Ғылыми жоба көбіне зерттеу мен баяндамаға негізделсе, Speech аудиториямен эмоционалды байланыс орнатып, күрделі тақырыпты әсерлі түрде жеткізу. Ол адамның ойлау жүйесін, шешендік өнерін және сендіру қабілетін дамытады.

Жарысқа тек Миссури штатының оқушылары ғана қатысты. АҚШ-та штаттар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру қиын, себебі әр штат жеке мемлекет сияқты. Осы апта State іріктеу кезеңіне өтіп, Алла қаласа, келесі апта Nationals іріктеу кезеңіне барамын. Төрешілер маған берген фидбектерінде «Осындай маңызды тақырыппен бөліскеніңе рақмет. КСРО-ның бұны жасағанын білмеппін» деп көп айтатын.
– Дебат ойындарына қай кезден бастап қатыстыңыз? Қандай бала болдыңыз?
– Бала күннен дебатқа немесе халықтың алдында сөйлеуге аса жақын болдым деп айта алмаймын, бірақ атамның қасында ер бала сияқты өстім. Атам үнемі «Мен сені өзім туып алғанмын. Кеңседен шыққан кезде, құлағым қышиды. Шұқысам, оң құлағымнан сен шықтың. Құлақтың бүкіл қуыстарынан, бұрылып, айналып шығу оңай ма? Солай шашың бұйра болып, өзің батыл болып өстің», – деп әзілдейтін.

– АҚШ мектептерінде біздегідей олимпиада, байқаулар жиі өте ме?
– Иә, өте жиі өтеді. АҚШ-та Speech & Debate, STEM байқаулары, спорттық, өнер сайыстары сияқты жарыстардың таңдауы өте көп. Қазақстанмен салыстыруға келмейді.
– Он бес жаста отбасыңыздан ұзап, шетелде білім алудасыз. Бұл сапар барысында қандай ой түйдіңіз?
– Байқағаным, егер адам бірдеңе жасағысы келсе, ол оны жасайды, ал қаламаса, ешқандай мотивация көмектеспейді. Америкада жасөспірімдерге арналған 1000 мүмкіндік бар, бірақ олар оны міндетті дүние ретінде қабылдайды. Бізде салыстырмалы түрде 100 мүмкіндік бар деп айта аламын, бірақ одан да көбірек болғанын армандаймыз. Дүниеде 10 мүмкіндігі ғана бар адамдар кездеседі және олар соның бәрін тиімді пайдаланады.
Менің Америкадағы өмірім немесе жалпы тәжірибем замандастарыма қызық болса, телеграмда «Айзерячий Патруль» деген арнам бар. Сол жерде өзімнің ойларыммен, қызықты оқиғалармен бөлісемін.
– Оқушы кезден-ақ үздік нәтижеге жетудің сыры неде? Білім алу барысында белгілі бір ережеге сүйенесіз бе?
– Менде белгілі бір оқу стратегиясы немесе идеалды жүйе жоқ. Қызылордада менен де білімді жасөспірімдер бар. Ол жақтағы достарым Америкадағы университеттерге толық грантқа түсіп жатқанда, өзімді өзгешемін деп санай алмас едім. Аллаға дұға етемін, сол – менің ережем. Кейде көп еңбектенемін, кейде мүлдем мотивация болмайды. Бірақ бір нәрсе анық: бәрі адамның өзіне байланысты.

– Алдағы уақытта сізді қай саладан көруіміз мүмкін?
– Құдай біледі. Саясаткер болып, өмірімді жанжал, айқай-шумен өткізгім келмейді. Инженер болғым келеді деп те айта алмаймын. Бірақ Қазақстанға келіп, бір жобаны бастау ойымда бар.
Менің мақсатым – Қазақстанда NSDA (National Speech & Debate Association) жүйесін қалыптастыру және дебатқа арналған интернетте ортақ платформа жасау. Жобаның жоспары дайын, енді көбірек адам мен инвестиция керек. АҚШ-та бұл жүйе мыңдаған баланың өзін дамытуына көмектеседі, ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Осы жобаны сәтті іске асырсам, шетелде оқудың да керегі болмайды. Қазақстанда қалып, сол жобаны барынша дамытуға тырысатын боламын. Әзірге осылай. Алдағы уақытта қай бағытқа баратынымды уақыт көрсетеді.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!