Фото: yassy-tur.kz

«Айжан Маратқызы – деген педиатр. Балаға мұндай махаббатпен қарайтын дәрігер аз шығар». Whatsapp желісіндегі статуста дәрігер мен баланың фотосына осылай жазылыпты. Бұл – пациенттің дәрігерге деген ризашылығы екенін бірден аңғардық.

Сырттай біздің де кәсіби біліктілігімен қоса шын ниетімен бала саулығы үшін күресетін педиатрға деген құрметіміз артты. Сондықтан медицина қызметкерлерінің күніне орай тұрғындардың ризашылығына бөленген қаладағы №1 емхананың балалар дәрігерімен байланысып, аз-кем сұхбат құрдық.

– Қазір туабітті жүрек, жүйке жүйесінің ауруы бар балалар көбейді. Кейбір сәбилер үшін анасының құрсағына біткен сәттен бастап өмірге келгенше күрес басталады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Әсіресе дүниеге келмеген балада даун, аутизм секілді сырқат болмаса екен деген қорқыныш басым…

 – Иә, әр сәбидің аман-есен, дені сау болып өмірге келуі өте маңызды. Бірақ іштегі баланың дамуына ананың психологиялық жағдайы, өзөзіне күтіммен қарауы ерекше әсер етеді. Менің ойымша, қыз баланың жасөспірім кезінен-ақ дұрыс тамақтануына, ауыр көтермеуіне, жылы жүруіне, қандай жұмыс істейтініне назар аудару қажет.

Даун синдромы бұл – генетикалық ауытқу. 46 хромосомa орнынa 47 хромосомaның қaлыптaсуы себебінен Дaун синдромы пайда болады. Синдромның дамуына ата-ананың жасы әсер етіп, көбіне 35-тен асқан адамдардың балаларында кездесетін. Ал қазір жас атааналардың балаларында да синдром белгілері байқалады. Сонымен қатар бұған инфекциялық аурулар әсер етуі мүмкін.

Ал аутизм – баланың дамуындағы, ми жүйесіндегі ауытқушылықтың бір түрі. Оның дамуына қазіргі уақытта телефонға тәуелділік әсер етуде. Балаларымен сөйлеспейтін, ойын тыңдамайтын, жыламай отыруы үшін қолына телефон ұстата салатын ата-аналар бар. Бірақ бұл жағдай бала психологиясының бұзылуына алып келеді. Аутизм – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген ауру. Аутист жандар өзгерісті қаламайды, көбіне өзімен өзі қалып, ұзақ уақыт бойы бір нәрсемен айналысуы мүмкін. Олардың ерекшелігі – кейде атын атап шақырсаң елең қылмайды, көзге тіке қарамайды, түрлі жағдайларға реакция танытпайды.

– Дәрігерлер УЗИ аппаратымен тексеру арқылы жүкті әйелге «балаңыз ауру болып өмірге келуі мүмкін» деген болжам жасайды. Кейіннен сәбидің дені сау болып өмірге келгенін естиміз. Мұндай құрылғылар қаншалықты сенімді?

– Жүктілік кезінде жоспар бойынша әйел скринингтен өтіп тұрады. Бұл уақытта анализ тапсырудың да өз ережелері бар. Кейде анализді дұрыс тапсырмаудың салдарынан да қате ақпарат берілуі мүмкін. Ал өте сирек жағдайда УЗИ аппараты да қателеседі. Бұл кезде дәрігерлер жүктілікті үзу туралы шешімді бірден ұсынбайды. Қайта-қайта тексеріп, содан кейін ғана қорытынды жасайды.

Айжан ҚАЙРАНБАЕВА:  Бала сау болсын десек, ата-ана өз денсаулығына мән беруі керек

– Байқауымызша, балалар массажисіне сұраныс артты. Бұрын мұндай мамандардың орнын бірнеше бала өсірген аналар басып, бала күтіміне көмектесетін. Барлық бала арнайы массаж қабылдауы керек пе?

– Массаж тек дәрігердің тағайындауымен ғана жасалады. Жалпы профилактикалық массаж әр балаға пайдалы. Сәбидің бұлшықетін, буындары мен сүйектерін нығайтады, моториканы дамытады, иммундық жүйеге оң әсер етіп, жүйкені тыныштандырады. Массаж сондай-ақ баланың сөйлеу, ойлау және қиялын дамытуына да пайдалы. Бірақ оның өзі кейде қарсы көрсетілім береді, сондықтан оны дәрігердің тағайындауымен жасаған жөн.

Айжан ҚАЙРАНБАЕВА:  Бала сау болсын десек, ата-ана өз денсаулығына мән беруі керек

– Балалар семіздігі белең алып тұр. Нутрициологтар иогурт, жарма ботқасын балаларға бермеу керек дейді. Балалардың тамақтану рационы туралы айтыңызшы… Семіздіктің қандай зияны бар?

– Дұрыс тамақтанбау салдарынан балаларда жасырын түрдегі анемия, ағзадағы минералды заттардың төмендігі кездеседі. Соның әсерінен тамаққа деген тәбеті де өзгереді. Чипсы, кириешки секілді ащы өнімдерді, газды сусындарды ғана ішіп-жегісі келеді. Бірақ бұлай фастуфуд, жартылай фабрикалық өнімдерді тұтыну жалғаса берсе, семіздіктен бөлек созылмалы ауруларға әкеледі. Сонымен қатар, балаларда қимыл-қозғалыс аз, қадағаламасаң бір орында телефонға қарап отыра беретіні рас. Мұндайда бүлдіршіндердің көзінің көруі нашарлап, омыртқасы қисаюы мүмкін.

– Біз көбіне дерттің шығу себебімен емес, салдарымен күресеміз. Бала ментальді және физикалық тұрғыда сау болуы үшін аналар ең алдымен нені ескеруі керек?

Бала сау болсын десек, ең бірінші ата-ана өз денсаулықтарына мән берсе, ал аяғы ауыр әйелдер темірге, ақуызға бай табиғи өнімдерді тұтынса деймін. Сондай-ақ, үнемі жақсы көңілкүйде жүруі маңызды.

– Сұхбат үшін рақмет!

 Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!