Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Арал ауданына барып, тұрғындармен кездесті.
Кездесуде аудан тұрғындары «Алтын домбыраны тамашалап, жас өрендер ақынды арнайы жыр-шумақтарымен қарсы алды. Жас айтыскер ақын Алмат Қойбағаров өзінің арнауын тарту кетті.
Тағылымды шарада сөз тізгінін ең алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алып, Мұхтар Мәуленұлына ізгі лебізін білдірді.
«Сіздің ұлттық өнер жолында туған жырларыңыз халық жүрегіне жетіп, елдің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқанына куәміз. Ата-бабамыздан мұра болып қалған айтыс өнерінің қаймағын бұзбай, келешек ұрпаққа аманат етуде де қосар үлесіңіз зор. Сондықтанда сөз қадірін ұғынған Сіздей ардақты азаматты қашанда мақтан тұтамыз! Сізді барша аралдықтардың атынан үшінші мәрте дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!»,- дей келе халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан киелі айтыс өнерін құрметтеп, жаңғырту, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру баршамыздың міндетіміз екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, арнайы құттықтау хатын табыс етті.
Ізгі лебіздер тізгінін одан әрі ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов, күйші – композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР композиторлар Одағының мүшесі, Құрмет» орденінің және «Халық алғысы» медалінің иегері Мұрат Сыдықовтар жалғап, сахна төрінде аталық өсиеттерін ортаға салып, жеңімпаз ақынға ақ баталарын берді.
Ақынмен жүздесу шарасында айдынды Арал өлкесінің жас ақындары Ерасыл Сейтжан мен Ақылбек Бекболат ақынның өнері тақырыбында айтысып, кеш иесінің батасын алды.
Ғасырлар жемісі, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шарада теңізді өлкенің төл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Кеш соңында қатысушылар ақынға сауалдарын жолдап, Арал туралы жырлау үшін ақыннан қонақ кәде сұрады. Ақын айбынды Арал туралы жүрекжарды жырын төкпелеп, Арал жұртына деген ризашылығын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!