Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ қыз-келіншектерге мемлекеттік наградалар табыстады.

ҚР Президентінің 2025 жылғы 3 наурыздағы Жарлығымен Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығы ғылыми- әдістемелік бөлімінің басшысы, «Орда» жоғары колледжінің оқытушысы Алтынай Орынбаева мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталды.

Айдынды Арал ауданындағы Қаратерең ауылында туып-өскен Алтынай Романқызы оқушы кезінен-ақ зеректігімен танылды. Еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол жауапкершілігімен көзге түсіп, жас та болса, талай байқауда топ жарды. Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту бағытында еңбек етіп жүрген жас ғалыммен емен-жарқын сұхбат құрдық.

– Мерейлі мерекеде алғаш рет Ақордада Президенттің қолынан марапат алу бұйырыпты. Алтынай, тарихи сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Бұл мен үшін ерекше жағдай болды. Салтанатты шараға шақырылғанымды естігенде «шынымен мені айтып тұр ма?» дегендей таңырқап, сенер-сенбесімді білмей, тосылып қалғаным бар. Өзімді мұндай марапат алуға жаспын деп ойладым ба, біразға дейін сене алмай жүрдім.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

Салтанатты шараға Президент келген кездегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Теледидардан естіп жүрген даусын сол сәтте есту, өз көзіңмен көру басқа екен. Мемлекет басшысының «Құтты болсын» деген сөзін естігенде менен бақытты адам жоқтай сезілді.

Сол жерде 40-тан астам әйел шараға қатысты. Соның ең жасы әрі ең соңғы марапат алатыны мен екен. Қатысушылардың бәрі марапатты алып болам дегенше, барар жолда құлап қалмасам екен деп уайымдап отырдым. Әрине, бұл менің сол сәттегі ішкі толқынысым еді.

Бұл жауапкершілігі бар марапат қой. Бұрынғыдан екі есе жұмыс істеуге ұмтылдыратыны рас. Кез келген қызметкер үшін мұндай құрмет еңбекке ынталандырып, алдағы күндерге серпін береді.

Бұл менің тілегімді тілеген ата-анамның еңбегінің қайтқаны деп те ойлаймын.

2022 жылы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында бас жүлде иелендім. Содан бері тоқтаусыз жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесім үшін осы марапатқа ұсынылған екенмін. Жас болсам да аға буынның мені қолдауы, осындай марапатқа ұсынғаны қатты қуантты.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

– Алтынай, сізді оқушы кезіңізден танимын. Сол кезде-ақ жарыстардан қалмай, жүлдегер атанып, журналдарға мақала жазып жүруші едіңіз. Одан кейін қайда білім алдыңыз, еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Арал ауданындағы №82 Қаратерең орта мектебінде білім алумен қатар шығармашылық қабілеттерім де дамыды деп айта аламын. Ұстаздарымыз мерейімізді өсіріп, әрдайым қолдау танытатын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсара Құлдиярова бұл мамандыққа қызығуыма себеп болды. Оқушы кезде шығарма да жаздық, өлең де шығардық. Үнемі алда болсам екен деген мақсат болатын. 11-сыныпқа келгенде ұстазым әдеби шығармаларды талдағанда, рахаттанып тыңдайтынмын. Біреудің үйіндегі той туралы айтып жатқандай әдеби шығармаға қызығып, бірге талқылайтынбыз. Мектеп бітіргесін журналистикаға барғым келгенімен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі де болғым келді. Осылайша А.Жұбанов атындағы университетке тапсырып, филология мамандығын меңгердім. Оқу ордасында «Жастар айнасы» деген газетке материалдар әзірлеп, радионың жүргізушісі болдым. 2019 жылы бакалавриатты бітіргесін, бірден жұмыс істегім келді. Бірақ әкем «жұмысты кейін істей бересің, оқуыңды жалғастырып оқып ал» деп қоярда қоймай магистратураға тапсырғанымда қалады. Қазіргі уақытта филология ғылымдарының магистрімін.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

Еңбек жолым «Болашақ» жоғары колледжінде оқытушылықтан басталды. Ол жақта бір жыл жұмыс істегеннен кейін облыстық тілдерді оқыту орталығы қызметкер іздеп жатқанын біліп, бақ сынап көрейін дедім. Конкурсқа келсем 27 адам қатысып жатыр екен. Тыңдалым, айтылым, оқылым дағдысы бойынша тест тапсырып, ауызша сұрақтарға жауап бердік. Әлі есімде, 90 сұрақтың 88-іне жауап беріп, екі кезеңнен де сәтті өттім. Осылайша орталыққа 2021 жылы оқытушы болып жұмысқа қабылдандым.

Ана тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы жұмыстарды ерекше құлшыныспен орындаймын. Соның нәтижесі болар, тілді дамыту бағытындағы жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруға тырысып, байқауларға да жүйелі дайындықпен барамын.

2021 жылы «Орда» жоғары колледжінде оқытушылық қызмет атқара жүріп, «Үздік жас маман» конкурсына қатысып, бас жүлде иеленген болатынмын.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

Ал тілдерді оқыту орталығына келгеннен кейін оқытушылар арасында өткен «Үздік жас маман-2022» байқауында жүлделі І орын иелену бұйырыпты. Осылайша республикаға жолдама алдым. Бір айдың ішінде авторлық бағдарлама, сабақтар дайындап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы-2022» байқауының бас жүлде иегері атандым. Бұл – жыл сайын әр қалада дәстүрлі түрде өтетін байқау. Сол жылы Таразда ұйымдастырылып, оған 12 облыстан келген қызметкерлер қатысты. Арада 4-5 ай өткен соң орталықтағы ғылыми-әдістемелік бөлімнің басшысы болып тағайындалдым.

– Облыстық тілдерді оқыту орталығына келіп, кімдер тіл үйрене алады?

– Аймақтағы мекемелерде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын немесе сауатты жаза алмайтын қызметкерлер, өзге елден келген азаматтар, этнос өкілдері бар. Біз олардың деңгейлеріне қарай қазақ тілін үйретеміз. Орталықта орыс, ағылшын тілінің мамандары да еңбек етеді. Олар орысша, ағылшынша білмейтін адамдардың сауатты сөйлеп, жаза алуына көмектеседі. Тек мекеме қызметкерлері ғана емес, кез келген адам орталыққа келіп, тіл үйрене алады. Мысалы, шетелден келген оқытушылар да орталыққа келіп қазақ тілін меңгерді.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

– Бұл қызмет ақылы ма?

– Орталық тегін қызмет көрсетеді. Ол үшін алдын ала мекемеден ұсыныс қажет. Орталықта оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік деген екі бөлім бар. Жеті ауданда да мамандарымыз еңбек етеді. Менің міндеттерімнің бірі – мамандардың тілді дамыту бағытындағы еңбектерін ғылымиландырып, тіл комитетіне ұсыну.

– Оқыту курстары тек орталықта жүргізіле ме?

– Біз мекемелерге арнайы барып та, курс өткізіп, тіл үйретеміз. Өзім оқытушы кезде шекара қызметкерлеріне жиі барып, сабақ өткізетінмін. Олардың арасында өзге этнос өкілдері көбірек. Жалпы мемлекеттік тілді меңгерудің А1, А2, В1, В2 және С1 жоғары деңгейі бар. Көбіне өзге ұлт өкілдеріне А1 деңгейінен бастап қазақ тілін үйретеміз. Сондай-ақ орыс және ағылшын тілін үйретудің де бірнеше деңгейі бар. Сабақ барысында тек түсіндіріп қана қоймай, диктант, эссе жаздырамыз. Бұрын 1 ай бойы оқытсақ, қазір қысқартылған жүйе бойынша 14 күнде тілді меңгертеміз.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

Қазіргі уақытта ғылыми-әдістемелік бөлімде еңбек еткендіктен ғылыми мақалалар дайындауға баса мән беремін. Сондай- ақ тоқсан сайын ғылыми кеңес өткіземіз. Ғылыми кеңес мүшелерінің арасында Жанар Исаева, Аман Абасилов, Алдажар Әбілов сынды белгілі ғалымдар бар.

Өткен жылы тағамдардың атауын қазақшалап, «Тағам атауларының сөздігін» шығардық. Қазақша тағам атауларының 271 сөздігі ресми түрде бекітіліп, www. termincom.kz сайтына жарияланды.

Қазір ас мәзірінде тағамның қазақша атауы да міндетті түрде жазылуы қажет, сондықтан осы бағытта бізге хабарласатын кәсіпкерлер көп деп айта аламын.

2024 жылдың аяғында бізді қуантқан жаңалықтардың бірі орталық директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешовамен бірлесіп дайындаған «Сөз және сөйлеу мәдениеті» атты оқу құралымыздың жарық көруі еді. Бұл еңбекте шұрайлы әрі таза сөйлеу, көпшілік ортада өз ойыңды жеткізу, дәлелді тұжырым айтуға үйрететін тапсырмалар мен мысалдар бар.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

Қазіргі уақытта тағы бір ғылыми еңбекті дайындаудамыз. Жалпы тіл үйрету мақсатындағы оқу құралдарын әзірлер кезде осыған дейінгі тәжірибелерді ескеріп, арнайы тапсырмалар құрастырамыз. Әрине, оны алдымен ғылыми кеңес мүшелері талдап, талқылайды, одан кейін министрлікке қарасты тіл саясаты комитетінде сараланады. Айталық, жаңа айтқан «Сөз сөйлеу мәдениеті» атты еңбегіміз мың таралыммен республикаға тарады. Комитеттің шешімімен жарық көрген ғылыми еңбектер ғана қолданысқа енгізіледі. Өйткені тілді үйрету үшін әдістемелік құралдарға сүйенеміз.

– Қазір әлеуметтік желілерде сөзді қысқартып, қате жазу белең алды. Сөздердің дұрыс жазылуына қатысты талас-тартыс көп. Жалпы кез келген адам сөздің дұрыс нұсқасын білу үшін қандай кітапқа сүйенгені дұрыс?

– Рәбиға Сыздықованың «Қазақ тілінің анықтағышы» деген кітабын, «Орфографиялық сөздікті» қарауға болады. Сондай-ақ интернеттен emle.kz және termincom.kz сайттарына сөзді жазсаңыз, қалай дұрыс жазу керегін шығарып береді. Назгүл Қожабектің «Калькасыз қазақ тілі» деген телеграм каналынан да пайдалы ақпарат алуға болады деп айта аламын.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

– Ғылыммен айналысу үшін зеректікпен қатар табандылық керек. Әрдайым алға ұмтылу үшін мотивацияны қайдан аласыз?

– Менің әр жетістігім – орталықтың жетістігі. Тұтас әріптестер болып жасаған еңбектің арқасында осындай жетістіктерге жетіп жүрміз. Бір қызметкердің жеткен жетістігінің артында үлкен команда, үлкен жұмыстар тұрады. Сондықтан алдымен қолдау басшылық, әріптестерімнен.

Көбіне қыз балалар отбасын құрғаннан кейін оқуға, ғылымға көңіл бөле алмайды. Аллаға шүкір, менің бұл тұрғыда жолым болды. Осы ретте жолдасымның маған сенім артып, көп қолдау көрсететінін айтып өткім келеді. Байқауларға қатысу үшін басқа қалаларға баруға тура келеді. Ғылыми еңбек дайындау үшін де көп уақытыңды арнайсың. Мұндайда жолдасым барынша түсіністік танытады. Кейде жарысқа аттанар алдында қобалжып жүргенімді байқап, «Қатыса бер, қолыңнан келеді. Бас жүлде сенікі» деп үлкен сенім артады. Ол осылай үміт артып тұрғанда, қалып қоюға бола ма?! Намысқа тырысып, қалайда жеңімпаз болғың келеді. Астанаға барып, марапат аларда «балаға өзім қараймын, алаңдама» деп таңертеңгі 7-ден кешкі 7-ге дейін қызымызға өзі қарады. Жақын адамыңның осындай қолдау көрсетіп, сенім артуы маған үлкен мотивация береді.

Ең бірінші баланың жетістікке жетуі, оның жолын ашуы ата-анаға байланысты. Әкем мен анам да «сенің қолыңнан келеді» дегенді көп айтатын. Бұрын марқұм әкеме бірінші хабарласып, жаңалықтарымды айтып отырсам, қазір анама хабарласамын. Бакалавриатты да, магистратураны да ақылы түрде оқыдым ғой. Сонда әкем «мен ішіп-жемесем де, сен оқуың керек. Өйткені қыз баласың, тұрмыс құрамын дегенше білім ал» дейтін. Ата-анамның батасы, жолдасымның қолдауы, ұжымның сенім артуы маған үлкен серпін береді.

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

– Алдағы мақсатыңыз туралы да айтып берсеңіз…

– Орталыққа жұмысқа келгеніме биыл 5 жыл болады. Ғылыми бөлімге келгендіктен бе, тіл білімі саласындағы зерттеулер ұнай бастады. «Мына сөз былай жазылмайды екен», «мына сөздің қолданыс аясы дұрыс емес екен» деп ғылыми еңбектерге зер салып жүремін. Қоғамдық орындарда, көшеде сөздерді оқып жүру әдетке айналып кетті. Жарнамалардан, дүкендердің атауларынан қате көрсем, уақытым болса, сол ғимаратқа кіріп, «егер бізге мәтінді алдын ала берсеңіздер, өңдеп берейік» деп ұсыныс жасаймын. Кейде осылай жүріп, елдің мазасын алатын маман болып кетпесем болар деп алаңдап та қоямын. Бірақ тілдің тазалығы үшін барынша тиянақты еңбек етуге тырысамын. Бұл менің кәсіби міндетім ғана емес, ел алдындағы парызым.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

Алтынай ОРЫНБАЕВА: Мемлекеттік марапат ерекше серпін берді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!