2012 жыл. 29 шілде. Көк жәшіктен Лондон қаласындағы кезекті Жазғы Олимпиада ойындары қалың көрерменге жол тартуда. Бұл күні ауыр атлетикадан 53 келіге дейінгі әйелдер арасында жүлдеге талас жүреді. Қазақ елінің намысын ауыр атлетші Зульфия Чиншанло қорғағалы отыр. Отбасымызбен «Qazaqstan» ұлттық арнасына үңіліп, спортшы қызға жанкүйер болдық. Жер-жерден келген зілтемірші қыздар сүрінбей, берген тапсырыстарына сай ауыр салмақты бағындыруда.
Сол сәтте бұл додада Қазақстанның басты қарсыласы молдовалық бойжеткен жұлқа көтеруден екі зілтемірді қиналмастан еңсеріп, үшінші мәрте бағын сынауда. Діттегеніне жетіп, ауыр салмақты бағындырды. Ал бұған дейін Зульфия жұлқа көтеруден 95 келіні бастан асырып үлгерген. Таблодағы тапсырыстар сәт сайын өзгеріп, жер жаһанның «сен тұр, мен атайын» арулары алтыннан алқа тағуға барын салуда. Кезек серпе көтеруде. Қызықтың көкесі осы кезде басталды.
Бірінші зілтемірден мүлт кетпеген Зульфия екінші мәрте тапсырыс беріп қойды. Бұл жолы – 131 келі. Бапкердің мотивациялық бірнеше сөзінен соң, спортшы қыз зілтемірге қарай аяқ басып келеді. Әкем сырттай «Саспа, қызым, еңсересің!» дегенімен, іштей алаңдап отырғанын түрі жасыра алмай тұр. Айтып ауыз жиғанша болмады, Зульфия 131 келіні бағындырды. Құлақ түбімнен әкем «Бәрекелді, дүнген қызы!» деп айқайлап, қос қолын жоғары көтерді. Ал бұл кезде жат елдегі арулардың самайынан салқын тер бұрқ етіп, «мұны қайтсек тоқтатамыз?» деген күйде тұрды. Өйткені, біздің қызда тағы бір мүмкіндік бар.
Сол сәтте «Зульфияны тізе бүктіреміз!» дегендерің бірінен соң бірі жарыс жолынан шығып қалып жатты. Кезек үшінші мәрте Зульфияға келді. Алдында 135 келі зілтемір жатыр. Бірақ бұл жолы тапсырысқа сай салмақты бастан асыра алмады. Қобалжу басталды. Қазақстандық жанкүйерлер алтын медальдің өзімізде қалатынынан үміт үзбейді. Үлкен аренада айқай-шу. Өйткені мұнан соң алаңға шығатын жат елдің спортшысы алтынды алып кетуі мүмкін. Ол үшін тек тапсырысқа сай темірді бағындыруы қажет. Алайда жағдай күрт өзгеріп, Зульфия Чиншанло алдыңғы қатарға шықты. Сөйтіп байрақты бәсекедегі екінші алтын қоржынға түсті. Дәл осылай 31 шілде күні 63 келіде Майя Манеза елдің намысын қорғап, мойнына алтыннан алқа тақты. Одан соң 3 тамыз күні 75 келіде тайталасқа түскен Светлана Подобедова да қазақстандықтардың қуанышын одан әрі еселей түсті.
Қазақ қыздары зілтемір көтеруде алдына жан салмай, жұрт алдына шыққанда кез келгенін шаңына ілестірмей кететіні бар. Бұған дейін талай мәрте мойындатып, тіпті әлем елдерін мықтылығымызға бас игізуге дейін апардық. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені сол ауыр атлетші қыздардың ізін қуған қазақ қыздары Сыр елінде де жетерлік. Соның бірі – Алтынай Тәңірбергенова. Қазалы ауданындағы «Чемпиондар ұстаханасы» аталып кеткен №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы. Қаршадай қыз жуырда ғана Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Орайлы сәтті мүлт жібермей 200 спортшы бақ сынаған зілтемірші арумен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Алтынай, күміс жүлде құтты болсын! Әңгімені сол Доха қаласындағы додадан бастайық.
– Рақмет! Жарыстың жеңілі болмайды ғой. Сол секілді Дохадағы біріншілік оңайға соқпады. Жалпы, өз басым облыстық, республикалық, Әлем мен Азия сайыстарына бірдей қараймын. Өйткені ол сенің жылдар бойғы жаттығуыңның көрінетін тұсы. Бұл жолы жылға жуық уақытымды жаттығуға арнадым. Алғаш зілтемір көтере бастағаннан-ақ, өзіме деген сенімділік болды. Іштей «Алтын жүлде аламын!» деп соңына дейін бар күш-жігерімді салдым. Дегенмен бұйырғаны күміс жүлде болды. Ал алтын жүлдені Корея елінің спортшысы иеленді. Бірақ келесі жолы осы күмісті алтынға айырбастауға тура келеді.
Негізі жарыс басталмай тұрып алдын ала дайындық жұмыстары жүреді. Бірнеше күн бұрын ерте барып, барлығын пысықтап аламыз. Содан кейін алаңға шыққанда туған еліңнің қолдауы қатты керек екенін түсінесің. Өйткені өзің іштей дайын болғаныңмен, сыртқы күш қатты әсер етеді. Елге келген соң да барлығы жылы қарсы алып, құрмет көрсетіп жатыр. Айтқым келетіні, мен еліме әлі талай жеңісті күндер сыйлаймын.
– Өзің жайлы сұрасақ. Нәзік жандылар жүрегі көбіне спорттың бұл түрін таңдауға дауаламайды. Жалпы спортқа қалай келдіңіз?
– Қай уақыт екені нақты есімде жоқ. Бірақ кішкентай кезімде бір күні есіктің алдында ойнап жүрдім. Сол сәтте менің спорттың осы түріне икемім бар екенін байқады ма білмеймін, бірінші бапкерім Азиз Жақсылық өзінің шәкірті болуымды сұрады. Менің қолымнан келетінін айтып, келуімді өтінді. Осылайша келесі күні ауыр атлетикадағы алғашқы жаттығуыма бардым. Өзіме қатты ұнады. Сосын әрі қарай қатысып кеттім. Қазір шүкір, деңгейі жақсы өсіп келе жатқан спортшылар қатарынанмын. Бірақ оған тоқмейілсімей үнемі жаттығуда болу қажеттігін ұмытпаймын. Өйткені одан шамалы алыстап кетсең, өз-өзіңді жоғалтып аласың.
– Қалай десек те, қыз баласына ауыр атлетика оңай спорт емес. Ата-анаңыз қарсы болмады ма?
– Иә, ата-ана болған соң, бауыр еті баласы үшін уайымдап, алаңдайды. Дегенмен сол кездегі 7 жасар кішкентай қыздың спортқа, оның ішінде зілтемір көтеруге қатысамын дегеніне ешкім қарсы болмады. Отбасымдағылар әуелде «Қызым, қолыңнан келе ме?» деп айтқанымен, артынша дереу қолдау көрсетіп кетті. Сөйтіп, жаттығуларға анам алып баратын болды.
– Білуімізше, бұған дейінгі жарыстарыңның бірінде басты жүлде үшін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанломен бәсекеге түскен екенсің. Сол сәттен қысқа айтып өтсең. Қандай әсерде болдың?
– Иә, Қазақстан біріншілігінде бір салмақта өнер көрсетіп, жүлдеге таласқанымыз бар. Байқағаным, Зульфиядай әлемге аты әйгілі спортшы қызбен таласқа түсу үлкен мотивация болады екен. Неге десеңіз, оны кәдімгідей өзіңе үлкен қарсылас етіп алып, қалай болғанда да жеңіп кетуім қажет деп ойлайсың. Сол үшін талпынасың. Өзіме «Зульфияны жеңу керек» деп, одан асып түсе алмайтынымды біліп тұрсам да, ойымды алысқа жібердім. Соның арқасында күміс бұйырды. Ал мен олай істемегенде барлығы мұндай болмас та шығар, кім білсін? Сол жарыста ол жеңімпаз атанып, рекорд бұзды. Құдай қаласа рекордтар бұзатын күн маған да бұйырады.
– Сіз үшін бұған дейін қиын болған жарыс және сондағы қызық жағдаймен бөліссеңіз…
– Қиын бәсекелер алда болады. Ара-тұра «Егер сайыста сондай күн кезіксе дайынмын ба?» деп өзіммен сөйлесіп аламын. Осы ретте биыл Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты жайлы тоқталайын. 20 жас аралығында болған бәсеке мен үшін қиындау болды. Өйткені, неге екені белгісіз, осы уақытта айым оңымнан тумады. Жаттығуда еңсеріп жүрген салмақтарға әлім келмей қалатындай күй кештім. Денсаулығым, көңіл-күйім, тынығу, тамақтану барлығы ойдағыдай болды. Бірақ жарыс алаңына шыққанда біртүрлі өзімді әлсіз сезініп қалдым. Дегенмен бапкерлерімнің сол сәтте жігерлендіруінің арқасында қайта бабыма келіп алдым. Бойдағы барлық қорқынышты жеңіп, зілтемірді бастан асырдым. Осылай алтыннан алқа тағып қайттым.
– Кез келген спортшы үшін бапкердің орны ерекше. Өйткені спортшыны жаттықтырушының талабы мен тәртібі шыңға жеткізеді. Бапкерлеріңізге тоқталып өтсек…
– Әңгіме басында айтқанымдай мені 7 жасымда өзіне шәкірт еткен ең алғашқы бапкерім ол – Азиз Жақсылық. Оның жасаған еңбегін, төккен терін айтпай кетуге болмайды. Одан соң Әлихан Іздік бапкеріме де шынайы рақметімді жеткізгім келеді. Осы қос ағайым әрдайым қолдап, «сенің қолыңнан келеді, сен соған лайықсың» деп жігерлендіреді. Соның арқасында жарыстарда оқ бойы озып жүрмін.
– Жалпы, біз білетін Алтынай бос уақытытында немен айналысады?
– Негізі уақытымның көп бөлігін ауыр атлетикаға арнаймын. Бірақ қол босай қалса, спорттан бөлек ән айтып, би билеген де ұнайды. Сондай-ақ қолыма ине-жіп алып, тігін тігуден де алыс емеспін.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет! Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз!
Сұхбаттасқан Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!