Кадрлық резерв – бұл ұйымдағы басқарушылық сабақтастықты қамтамасыз ететін, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және жоғары лауазымдарға тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл қызметкерлердің кетуіне байланысты тәуекелдерді азайтып, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын мамандарды даярлауға қолайлы жүйе. Осындай маңызды бастамалардың бірі – 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба білім беру саласында өзгерістерді тиімді басқара алатын кәсіби көшбасшыларды іріктеуге және даярлауға бағытталған.
2024 жылы кадрлық резервке қабылданған үздік педагогтердің қатарында жерлесіміз Алтынбек Сейілханұлы да бар. Өз ісіне адал, озық ойлы көшбасшы ұстаз, бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Жобаға іріктеу бас-аяғы бес кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде үміткерлер тестілеуден өтіп, құзыреттіліктерін бағаласа, екінші кезеңде арнайы оқу бағдарламасын меңгереді. Үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтіп, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі. Ал бесінші кезеңде Министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Жоба барысында барлығы 13 796 өтінім қабылданып, іріктеу нәтижесінде 376 үміткер республикалық кадр резервіне енді. Олардың қатарында Алтынбек Сейілханұлы да бар. Оның табандылығы, білім беру саласындағы көшбасшылық қасиеттері, стратегиялық көзқарасы мен жаңашылдыққа ұмтылысы – көпке үлгі, өрелі жасқа өнеге.
– Алтынбек Сейілханұлы, ең алдымен, жетістігіңізбен құттықтаймыз! «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысу және сан мыңдаған қатысушының арасынан топ жарып шығып, үздіктер қатарына ену – үлкен жетістік. Көшбасшы ұстаз ретінде бұл сіздің кәсіби дамуыңызға қалай әсер етті?
– Аружан, құттықтауыңа рақмет! Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы қолға алынған болатын. Жобаның алғашқы түлектері білім саласында өз тәжірибелерін бөлісіп бастап кетті. Біз бастаған сәтте 14 мыңнан аса адам алғашқы тестілеуден бастап, 5 кезеңнен өткен 400-ге жуық жеңімпаз жобаны сәтті аяқтады. Мен Абай атамыздың «егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» деген тұжырымын жиі еске аламын. Дәл сен қойып отырған сұрақты Астананың төрінде оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының қолынан жоба жеңімпазы ретіндегі сертификатымды алған кезде өзіме қойған болатынмын. Бұл жоба менің көшбасшылық қабілеттерімді шыңдай отырып, өзімді басқалармен салыстыруға, олардан жаңа идеялар мен тәжірибелер алуға мүмкіндік берді. Жаңа білім мен дағдыларды меңгеру ұжымды алға жетелей отырып, оқушылардың нәтижелерін арттыруға деген алғашқы қадамдар деп ұқтым. Көшбасшылық дағдыларды дамыта отырып өзгелермен байланыс орнату мықты мамандармен өз қабілетіңді бөлісу жаңа жобалардың дамуына жол ашары сөзсіз. Оқу-ағарту министрінің бізді қолдауының өзі жұмысқа деген құштарлығыңмен өзіңе деген сенімділікті ұялатады. Бір сөзбен айтқанда тұлға ретіндегі өсіп дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Кадрлық резервке қабылдану үшін бес кезеңнен өттіңіз. Қайсы сіз үшін ең қиын кезең болды, және себебін тарқатып айтып берсеңіз…
– Иә, барлық кезеңнің өзіндік жауапкершілігі мен артар міндеті бар. Әрине білім алу барысындағыны айтып отырмын. Бірақ төртінші – кәсіби кезең «болашақтың көшбасшысы» болуға тәрбиелейді. Білім беру жүйесіндегі елеулі өзгерістер жасау дағдыларының даму кезеңі. Білім саласындағы түрлі реформаларды пайымдай алу стратегиялық жоспар құру. Бір сөзбен айтқанда басшы ретінде өзің басқарып отырған білім беру ұйымының алдағы 5-10 жылдағы өзгерісін сараптай алу. Мықты кадрларды қалыптастыра отырып дамуға жетелеу. Мен көбірек жауапкершілікті сезініп, жаңа білімге қол жеткізуім осы кезең деп есептеймін.

– Осы жоба барысында өзіңіз үшін қандай да бір жаңа тәжірибе жинадыңыз ба? Еліміздің басқа өңірлеріндегі әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі болды ма?
– Оқу барысында НЗМ мен БИЛ мектептерінде арнайы тағылымдамадан өттік. Бұл бізге өз мектебіміз бен өзге мектепті салыстыра отырып, жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік сыйлады. Ашықтық пен академиялық адалдық дағдылары – білім беру мен ғылыми қызметте аса маңызды екі құндылық. Өз әрекетіңді адал әрі әділ түрде жасау – қоғамдағы сенімділікті нығайтады. Бұл дағдылар адамды этикалық тұрғыдан дұрыс шешімдер қабылдауға, қоғамға пайдалы болуға тәрбиелейді. Еліміздің түкпір түкпірінен арнайы мамандар келіп педагогикалық шеберлік орталығында өз дәрістерімен бөлісті. Осы орайда «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығы Қызылорда филиалының директоры София Такенқызына арнайы алғысымды білдіргім келеді.
– Білім беру жүйесіндегі қазіргі өзгерістер туралы пікіріңіз қандай? Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, білім беру саласына қандай нақты өзгерістер енгізуді ұсынар едіңіз?
– Қазір білім саласында көңіл қуантатын өзгерістер жетерлік. Біріншісі мектеп базаларының жаңаруы, «жайлы мектептердің» заман талабына сай жабдықталуы. Алайда жаһандану деп жылтырақтарға қызығып жүріп, ұлттық құндылығымызды құрдымға кетіріп алмасақ екен. Қоғам мұғалімдікке жәй ғана мамандық ретінде қараудан арылса екен. Алты Алаш төрін ұсынар ұлағатты ұстазға деген ұлттың көзқарасы түзу болса, ұстаз сол жауапкершілікті жүрекпен сезінсе екен. Тағы көптеген арман мен үміт көңілді алаңдататыны рас. Балаға берер білімнің негізгі өзегін жоғалтып алмай, оны цифрлық сауаттылықпен үйлестіре отырып санасына сіңіру – қазіргі ұстаздың басты міндеті. Заманына сай ұрпақтың тез эмоцияға берілуі, қиындықта тез жеңіле салуы – назар аударатын жағдай. Әлиханша айтсақ ұлтқа қызмет етер мінезді ұрпақты дайындап шығару – білім саласына қажет өзгерістің бірі.
– Сіздің ойыңызша, көшбасшы ұстаз қандай болуы керек?
– Командалық рухты қолдай алатын, жаңашылдыққа бейім, кәсіби өсумен қатар жауапкершілікті сезіне алатын тәжірибелі маманды «көшбасшы ұстаз» деп айтар едім.
– Білім беру саласындағы негізгі проблемалардың бірі – жас мамандардың тұрақтамауы. Бұл мәселені шешуде көшбасшы ұстаздар қандай рөл атқара алады?
– Көшбасшы ұстаздар жас мамандарға тек кәсіби тұрғыда ғана емес, эмоционалды және психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсетеді. Олар өз тәжірибесі мен білімін жас ұрпаққа жеткізе отырып, оларды ынталандырады, тәрбиелейді және тұрақты маман болуға бағыттайды. Мұнда ұстаздың қолдауы мен бағыт-бағдары маңызды және көшбасшы ұстаздардың рөлі жас мамандардың тұрақтамау мәселесін шешуде үлкен маңызға ие.
– Көшбасшы ретінде өзіңізді қалай дамытасыз? Қандай кітаптар оқисыз, қандай тәжірибелермен бөлісесіз?
– Көшбасшы ретінде даму – бұл үнемі жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге ұмтылу деп есептеймін. Өміріңдегі сені дамуға жетелейтін 10 адамды таңдап, олармен жиі онлайн болса да сұхбаттасу, тәжірибені жинақтау және үздіксіз өз-өзіңді жақсарту. Осы сұраққа жауап беру барысында маған мынадай ой келді, біз қазақ мықты мүмкіндіктерге ие халықпыз, бірақ біздегі өзіміз көрмейтін бір кемшілік – тұрақтылыққа ұмтылмау. Бұл – әрине, жеке пікірім. Алға қойған мақсаттарымызды орындау барысында фокусты жоғалтып алу. Қазіргі уақытта «Кайдзен: үздіксіз дамудың құпиясы» жайлы оқып жатырмын. Кайдзеннің 6 қағидасын білім саласымен ұштастыру маңызды деп есептеймін.

– «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» дейді қазақ. Ақындық қырыңыздан да кеңінен танылған жансыз. Жалпы бұл қаннан келген қасиет пе? Поэзияда неше жасыңыздан бастап қалам тербеп келесіз?
– «Мен өлеңнен адалдықты үйрендім, Сенесіз бе адам айтса нанғысыз…» деген өлең жолдарым бар. Мен сол өлеңді сүю арқылы ақындыққа келдім. Қаннан десем де, туған елдің топырағынан десем де қателеспеймін. Себебі, Арал ауданы Қызылжар деген талай мықтылар түлеп ұшқан ауылда дүниеге келдім. Әбдік деген үлкен әкеміз өлеңге құштар кісі болған, әкемнің інісі Темірхан Әбдік те қазір өлең мен өнерде өз жолын тапқан азамат. Нағашым – Әбдіраштың Жарасқанын таныстырып жатудың өзі артық. Алғаш бастауыш сыныптарда бірдеңелер шимайлаған болып жүрдім. Қазір бір жақсы дүниелерді әлеуметтік желіге салмай елден жасырып жазып жүрмін. Бұйырған күні бір жинақ шығару ойымда бар.
– Ұстаздық жолыңызда ең есте қалған сәтіңіз жайлы айтып берсеңіз…
– Кез келген ұстаз үшін алғашқы сабағы есте қаларлықтай өтеді деп есептеймін. Ол сабақ тек атмосфераны сезінуімен есімде қалды. Бірақ үнемі сабаққа кіргендегі шәкірттің білімге ұмтылған көзқарасы сол алғашқы сабақты есіме түсіріп, жолбасшы, білім беруші ретіндегі рөлімді нығайтуға итермелейді.
– Ұстаз ретінде ұстанатын басты қағидаларыңыз қандай?
– Үздіксіз білім алу мен дамуға ұмтылу, тиімді қарым-қатынас жасау арқылы шәкірттеріме дұрыс бағыт бағдар беру.
– Осындай жетістікке жету үшін өзіңізге қандай талаптар қоясыз?
– Уақытты тиімді басқару мен қателіктерден сабақ алу, кез келген іске жауапкершілікпен қарау мені жиі жеңістерге жетелейді.
– Көшбасшылық мектебін қалыптастыру немесе өз тәжірибеңізді жастарға үйрету жоспарыңызда бар ма? Оқуын тәмамдап, ұстаздыққа бағыт алған жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мықты жас мамандардың ортасын қалыптастыру, оларға үнемі тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру, бос уақытын тиімді пайдалануға жол ашу – көшбасшылық басты жоспары арнайы мектебін қалыптастыру да жақсы идея. Ал жас маманға келетін болсақ тек өз мамандығын жетік меңгеруге, өз жұмысын сүйіп жасауға ұмтылу – ұстаздықтың басты қағидаты.
– Қиындықтар мен сын-қатерлерді қалай еңсересіз?
– Қиындықтар мен сын-қатерлер – өмірдің бір бөлігі, олар кез келген жолда кездеседі, әсіресе ұстаздық қызметте. Мен үшін қиындықтар мен сын-қатерлерді жеңу – бұл тек мәселелерді шешу емес, сонымен қатар өсу мен даму мүмкіндігі ретінде қабылданады. Бұл менің кәсіби және тұлғалық дамуыма үлкен әсер етеді деп есептеймін. Әсіресе қазіргі тәрбие саласындағы түрлі қиындықтар адамдарды жақсырақ тани алуыма көмектесті.

– Жаңа буын өзгеше ойлайды, мінездері де басқаша. Осыған сай қазіргі ұстаз қандай болуы керек деп есептейсіз?
– Қазіргі ұрпақтың талабы кейбір ескі ұстаздық қағидаларды сындырып жібергені анық. Бүгінгі ұрпақ цифрлық технологияларды күнделікті өмірде қолдануды талап етеді. Оқушылар интернетке, смартфондарға, компьютерлерге тәуелді болғандықтан, ұстаз осы құралдарды білім беруде пайдаланып, оқытудың интерактивті және тиімді тәсілдерін іздеуі керек. Эмоцианалды интелекті жоғары, инновациялық ашық шығармашыл ұстаз болу – заманның әсіресе әлемді жалмаған аурудан кейінгі қоғамның талабына айналды.
– Кадрлық резервке қабылданғаннан кейін, ендігі мақсатыңыз қандай? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Кадрлық резервке қабылдану бұл біріншіден үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік екенін сезем. Басты мақсат – елге қызмет ету. Басшыға деген қоғамның теріс стереотипті көзқарастарын жою. Стереотиптерді жою қоғамның дамуына маңызды әсер етеді, өйткені ол адамдардың арасында түсіністік, сыйластық және теңдік орнатары сөзсіз. Кейін осы жобаның жалғасын бас қаламызда жалғастырып, шетелдік тәжірибелерді білім саласына әкелуге өз үлесімді қосқым келеді.
– Әсерлі әңгіме, сүбелі сұхбат үшін алғыс! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!