Шетелде қазақы болмысты ұмытпай, нәзіктік пен талғампаздықты серік еткен қазақ қызы – Нұрайым Оралбайқызы. Айымнұр есімімен танымал ол – бүгінде АҚШ-та табысты визажист атанып, мыңдаған қыз-келіншекке сұлулық пен сенім сыйлап жүрген жан. Сұхбаттасудың сәті түсіп, мұхит асып, болашаққа батыл қадам жасаған кейіпкеріміздің өмірге деген сүйіспеншілігі оқырманды қызықтырмай қоймасы анық.
– Америка сынды алпауыт елде өз жолыңызды тауып, табысты визажист атануыңыз – біз үшін үлкен мақтаныш. Айтыңызшы, сұлулық әлеміне келуіңізге не түрткі болды? Бұл жолды бұрыннан армандадыңыз ба?
– Менің сұлулық саласына деген қызығушылығым мектеп қабырғасында, яғни 10-11 сыныптарда басталды. Бала кезімнен сурет салуды, қылқаламмен жұмыс істеп, бояулармен ойнауды ерекше жақсы көретінмін. Әсіресе суреттерді бояп, сәндеп, қылқаламның әр қозғалысынан шабыт алатынмын. Сол кезден бастап шығармашылықпен айналысуға құштар болдым.
Жоғары оқу орнына түскен кезде, өзімді тек мамандық шеңберінде шектеп қалмайтынымды бірден түсіндім. Себебі қағазбен жұмыс істеп, бір орында отырғанды ұнатпайтынмын. Ата-анама қаржылай ауыртпалық түсірмеу үшін мемлекеттік грантқа оқуға түстім. Бірақ шығармашылыққа деген қызығушылығымды жоғалтпай, визажист мамандығын қатар игеруге бел будым. Тек 10 күндік курсқа қатысып, алғашқы қадамымды жасадым.
Әуелде ешнәрсе оңай болмады. Қолымнан көп дүние келмейтіндей көрінді, кәсіби деңгейге жетемін деп те ойламаппын. Бірақ еңбекқорлығымның арқасында алға ұмтылып, кәсібімде шыңдалып, өз жолымды таптым. Америкаға дейін барып, осы салада жетістікке жетемін деп ешқашан армандамаппын.
– Макияж – екінің бірінің қолынан келе бермейтін нәзік те жауапты іс. Ал сіз үшін ол жай ғана кәсіп пе?
– Мен үшін макияж – жай ғана кәсіп емес, өнер. Ол адамның ішкі жан дүниесін ашып, өзінің идеялары мен шабытын, сұлулықты сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін шығармашылық әлем.
Бұл салаға тек кәсіп немесе ақша үшін келетін адамдар бірден байқалады – олар сүттің бетіне шыққан қаймақтай көзге түседі. Себебі макияжды тек табыс көзі ретінде қабылдаған адам шығармашылықтан алшақтап, уақыт өте келе қызығушылығын жоғалтады. Нәтижесінде мұндай мамандар көп жағдайда бір-екі жыл ішінде саладан кетіп жатады.
Ал нағыз маман деп – макияжды өнер деп түсініп, осы іске шын жүректен ғашық болғандарды атауға болады. Олар уақытын, күш-жігерін аямай, шеберлігін үнемі жетілдіреді. Бұл сала адамның ептілігін, шыдамдылығын, шығармашылық махаббатын, шабытын және басқаларға деген сенімін шыңдайды.
– АҚШ-тағы сұлулық индустриясында өз орныңызды қалыптастыру жолында қандай кедергілерге тап болдыңыз? Жалпы, шетелдегі бьюти саланың Қазақстандағы индустриядан айырмашылығы неде?
– Өз орнымды қалыптастыру кезінде құжат мәселесінде аздаған қиындықтар болды. Дегенмен бұл мені тоқтатқан жоқ. Себебі мен бәрін нөлден бастап, Қазақстанның шағын қаласынан кәсібімді дөңгелетіп, Алматыда өз салонымды ашып, жинаған тәжірибем мен білімімнің арқасында АҚШ-та өз орнымды таба алдым. Қазақстанда үйренгенім, онда жинаған білімім мұнда үлкен көмек болды.
АҚШ-тағы сұлулық саласы күтім тұрғысынан Қазақстанмен салыстырғанда баяу дамыған. Жоғары деңгейдегі мамандар бар, бірақ олардың қызметтері өте қымбат, көбінесе Голливуд жұлдыздарына бағытталған. Мұндағы адамдар жеңіл, табиғи макияжды қалайды, әрі сенің еңбегіңді шынайы бағалайды, әділ төлем жасайды.
Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты (ТМД) елдерден шыққан мамандарды өте өнерлі деп санаймын. Бізден шыққан мамандар ізденімпаз, шығармашылыққа жақын және жоғары сапалы қызмет көрсетуге талпынады. Олардың білімге құштарлығы, үздіксіз тәжірибе жинауға деген ұмтылысы ерекше.
– Әлеуметтік желідегі бейнелеріңіз мыңдаған қыз-келіншекке шабыт сыйлап, үлкен мотивация береді. Жат жерде жүріп, қорықпай еңбек етуіңіз – өз алдына бір ерлік. Ал өзіңізге шабыт беретін күш-қуат көзі не?
– Өмір – толығымен шабыт дер едім. Өйткені өмір сүрудің өзі, сүюдің өзі маған үлкен шабыт сыйлайды. Мен кішкентай дүниелерден де шабыт аламын: табиғаттың тылсым әсемдігінен, асқар таулардың көркі мен әсем көріністерінен, жүрекке жақын әуендерден, сәнді әшекейлер мен ерекше көйлектерден, адамдардың жылылығы мен жан дүниесінен, суреттердің сұлулығынан – бәрінен шабыт табамын. Өмір – әдемілікке толы ғажайып әлем, тек оны көре білген жан ғана сезіне алады. Алланың әрбір туындысы – табиғат та, адам да шынайы сұлулықтың айғағы емес пе?!
Менің кәсібім де маған ерекше шабыт береді. Макияж жасау арқылы түрлі қыз-келіншектермен танысып, олардың қайталанбас сұлулығын көремін. Біреудің көз жанары ғажайып, енді бірінің қасы мінсіз иілген, тағы бірінің бет әлпеті нәзік те көрікті. Әрбір әйел – өз алдына бір ерекше әлем, өзіндік сұлулығымен таң қалдырады.
Осындай жұмысымның арқасында сан алуан жандармен кездесіп, әңгімелесіп, суретке түсіріп, олардың әсемдігін айқындаудан шабыт аламын. Адамдармен араласу, олардың ішкі және сыртқы сұлулығын паш ету – мен үшін үлкен қуаныш пен шығармашылықтың қайнар көзі.
– Кей адамдар макияжды бетперде десе, енді бірі – ішкі жан-дүниесін көрсетудің құралы деп түсінеді. Сіздің ойыңызша, макияждың басты күші неде? Ол әйел адамға не сыйлай алады?
– Керемет сұрақ! Макияждың басты күші – оның адамның ішкі сенімділігін арттыруында. Ол тек сыртқы сұлулықты айқындап қана қоймай, адамның көңіл-күйін, өзіне деген құрметін көтеріп, жан дүниесін жарқыратады. Макияж – ішкі қалауларды сыртқа шығарудың тамаша құралы. Қалыңдық макияжы нәзіктікті, пәктікті және шынайы бақытты бейнелейді. Ақ пейіл мен жүрек толқынысын айқындап, қалыңдықтың ерекше күнінде өзін патшайымдай сезінуіне мүмкіндік береді. Кешкі макияж батылдықтың, сенімділіктің, құштарлықтың көрінісі. Фотосессияларда немесе ерекше кештерде өзін мықты, қайсар, еркін көрсеткісі келетін жанның ішкі күшін паш етеді. Күнделікті немесе іскерлік макияж жинақылық пен іскерлікке толы. Мұндай макияж адамның кәсіби имиджін қалыптастырып, оның тәртіпті, сенімді әрі маңызды тұлға екенін жеткізеді. Креативті макияж шексіз қиял мен шығармашылықтың көрінісі. Бұл стиль ішкі жан дүниенің еркіндігін, жарқырауға деген ұмтылысты, өзіндік ерекшелікті сыртқа шығарады.
Осылайша, макияж – адамның ішкі әлемін, жан сырын, мінезін, тіпті армандарын сыртқа көрсетудің қуатты құралы. Ол әрбір жанның өзін табуға, өзіндік болмысын батыл көрсетуге мүмкіндік береді.
– Алдағы уақытта Отанға оралу ойыңызда бар ма? Әлде шетелде жүріп, жаһандық деңгейде тәжірибе жинап, өз атыңызды одан әрі биіктеткіңіз келе ме?
– «Отан – оттан да ыстық» деген сөздің мәнін жылдар өте тереңірек түсінеді екенсің. Елге оралып, шетелде жинаған бар тәжірибемді Қазақстандағы бьюти саласының одан әрі дамуына арнағым келеді. Мақсатым – осы саланың әлемдік деңгейде мойындалып, қазақстандық таланттардың да жарқырауына жол ашу.
Осы тұста барлық оқырмандарыма, маған сенім артып, қолдап жүрген жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз – менің ең үлкен шабыт көзім. Әрқайсыларыңыздың да өз армандарыңызға жетуге толық мүмкіндіктеріңіз бар. Өз ісіңізді сүйіңіздер және сенімді болыңыздар! Өйткені шынайы сенім мен еңбектің күші кез келген биікті бағындыра алады.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!