Қоғам дамуының өзегі – білім, ал білімнің жүрегі – мектеп. Мектеп тағдыры, ең әуелі, сол ұжымға жетекшілік ететін басшыға байланысты. Бүгінде Жалағаш ауданындағы Шекер Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің директоры Ақбота Шаймова ұстаздық пен басшылықты қатар алып, білім ордасын жаңаша бағытта дамытуға күш салып келеді. Мектеп басшысымен сұхбаттасудың сәті түсіп, білім саласына келуі мен бүгінгі оқушы жөнінде әңгімелестік.

– Ақбота Мұханбетжанқызы, айтыңызшы, білім жолына түсуіңізге не түрткі болды? Бала арман ба, әлде тағдырдың таңдауы ма?

– Әр адамның өмір жолында тағдырдың таңдауы мен бала арманның тоғысатын тұсы болады. Менің білім жолына түсуіме де дәл сол бала арман мен жүрек қалауы себеп болды. Бірінші сыныпқа алғаш қадам басқан сәтте ұстазымның «Кім болғың келеді?» деген сұрағына еш ойланбастан «Мен мектеп директоры боламын» деп жауап бергенім әлі күнге дейін есімде. Бәлкім, ол кезде бұл балалықтың жауабы болған шығар. Десе де уақыт өте келе сол арман жүректегі үмітке, ал үміт мақсатқа айналды.

Білім саласындағы еңбек жолым 2010 жылы Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте басталды. 2017 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2022-2024 жылдары мектеп директорының бейінді оқыту орынбасары қызметтерін атқардым. Әр шәкірттің жан-дүниесіне үңіліп, білім нәрін дарыту – мен үшін жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен рухани миссия болды. Ұстаздықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, тәжірибе жинадым. Күн сайын білім мен тәрбие берудің қыр- сырын меңгеріп, ұжыммен, ата-анамен, шәкірттермен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы кәсіби және адами тұрғыдан қалыптастым.

2023 жылы «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында білімімді шыңдап, сертификатталдым. Былтыр осы жоба аясында Жалағаш ауданындағы Шекер Ермағанбетова атындағы №246 орта мектебіне мектеп директоры лауазымына тағайындалдым. Иә, бұл лауазым үлкен мәртебе, ал одан бұрын сенім мен жауапкершілік. Өйткені білім ордасының жүрегі саналатын директорды тек басқарушы ретінде көрмеймін, ол болашақтың бағдаршамын ұстаған тұлға. Сондықтан менің жолым – тағдырдың тосын сыйы ғана емес, жүрекпен қалаған бала арманның, табандылық пен адал еңбектің нәтижесі. Білім саласында қызмет ету – менің өмірлік таңдауым, өмірлік ұстанымым.

– Ұстаздық пен басшылықты қатар алып жүру оңай емес. Қалай ойлайсыз, жақсы басшының бойында қандай қасиет болу керек?

– Иә, бұл мандат – үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етеді. Ұстаз болу – шәкірт жүрегіне жол табу болса, басшы болу – тұтас ұжымның жүрегіне жол таба білу. Бұл екеуінің де жүгі ауыр, бірақ бір-бірін толықтыратын, сабақтас ұғым.

Жақсы басшы алдымен адамгершілігімен, әділдігімен, көрегендігімен ерекшеленуі керек. Басшы – тек бұйрық беруші емес, бағыт беруші тұлға. Ол өз ұжымына сенім арта білетін, әр қызметкердің пікіріне құлақ аса алатын, ашық диалог орната алатын жетекші болуға тиіс. Әуелі баршаға бірдей талап қоя білу, жақын-жуықты емес, шын еңбекті бағалай білетін әділдік пен қабылдаған әр шешімінің салдарына өзі жауап бере алатын жауапкершілік қажет. Білім беру саласын терең меңгерген, педагогиканың қыр-сырын білетін кәсіби маман болса, ұжымды да алға жетелей алатын, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін ықпалды тұлға бола алады. Сонымен қатар тыңдай білу мәдениеті де жоғары болса, әріптесінің ойын, ұсынысын, мәселесін тыңдай отырып, әділ шешім қабылдай алады. Әрі жаңашылдыққа ашық болғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі өзгерістерге бейім, заманауи көзқарастағы басшының білім беру үдерісіне жаңа леп әкеле алатынына сенемін. Ең бастысы басшы өзі үлгі бола білуі керек. Қарамағындағы әр мұғалім, әр қызметкер оның іс-әрекетінен бағыт алуы тиіс. Өзі ұстаз бола тұра басшы болу – екі міндетті бірдей арқалау емес, қайта сол екеуін бір арнаға тоғыстырып, ұжымға өнеге көрсетудің жолы деп білемін. Ұжымды алға жетелейтін – жылы сөз, шынайы қолдау мен биік мақсат. Ал мұның барлығы жақсы басшының болмысынан бастау алады.

Ақбота ШАЙМОВА: Балаға бұйрық емес, бағыт беру керек

– Ал әріптестеріңізге, өзіңізге қандай талап қоясыз?

– Әріптестеріме де, өзіме де қояр талабым – алдымен академиялық адалдық пен жауапкершілік, бірлескен командада жұмыс істеу. Себебі білім саласында қызмет ету – жай ғана мамандық емес. Бұл жолда жүрекпен жұмыс істемесеңіз, нәтиже мен табысқа жету мүмкін емес.

Менің ойымша, талап – сенімнің екінші жағы. Мен әріптестеріме талап қоя отырып, олардың мүмкіндігіне, қабілетіне, кәсібилігіне сенемін. Ұжымдық табыс тек талап пен сенім үйлескен жерде ғана туады.

– Мектеп – тек білім беретін орын емес. Ол – тұлға қалыптастыратын орта. Сіз басқарып отырған мектептің басты ұстанымы қандай? Басшы ретінде мектепті қай бағытта дамытуды қолға алдыңыз?

– Қазір мектебімізде 110 қызметкер еңбек етіп, 412 оқушы білім алады. Басшы ретінде мектепті дамытуда нақты, жүйелі әрі заманауи бағыттарды ұстанамын. Білім ордасы – тек білім беретін орын ғана емес, ол – тұлға тәрбиелейтін, елдің ертеңін қалыптастыратын қасиетті мекен. Сондықтан мектепті дамытудағы басты бағытым – сапалы білім мен саналы тәрбиені үйлестіре отырып, жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты түрде курстар, семинар мен тәжірибе алмасу алаңдарына қатысуын ұйымдастырамын. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, сабақты түрлендіру, тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу – басты назарда. PISA, TIMSS сияқты халықаралық бағалау жүйелеріне оқушыларды дайындау арқылы білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейміз. Оқушының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, отансүйгіш, тәрбиелі, жауапты азамат тәрбиелеу бағытында түрлі жобалар мен іс-шаралар қолға алынды. Ата-анамен байланыс нығайтылып, тәрбие мен оқудың біртұтас жүйе екені ескеріліп, үштік одақ – мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы серіктестік жолға қойылды. Цифрлық орта мен инфрақұрылымды жақсарту мақсатында мектептің техникалық базасын жаңартуды да қолға алдық. Электронды журнал, онлайн платформа, цифрлық ресурстармен жұмыс істеу мұғалімдер үшін – күнделікті тәжірибе. Сонымен қатар дарынды балаларға ұдайы қолдау көрсетеміз. Оқушылардың қабілетін ашу мақсатында пәндік үйірмелер, шығармашылық жобалар мен олимпиадаға дайындық курстары тұрақты ұйымдастырылады.

Мектептің басты ұстанымы – әрбір оқушының жеке қабілетін ашып, оның жан-жақты дамуына жағдай жасау. Біз үшін білім беру тек қана ақпарат беру емес, сонымен қатар шәкірттің рухани, әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына жол ашу.

Біздің мектептің негізгі ұстанымдарына тоқталсам, жеке тұлғаға бағытталған білім, яғни әр оқушының ерекшелігін, қызығушылығын, қабілетін ескеріп, жеке траектория бойынша білім беру. Құндылықтарға негізделген тәрбие – адалдық, сыйластық, жауапкершілік, отансүйгіштік сынды адами қасиеттерді дәріптеу. Қауіпсіз және қолайлы орта – оқушы өз ойын еркін айтып, қателесуден қорықпайтын ортада өсіп, дамуы тиіс. Ынтымақтастық пен серіктестік – мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара сенім мен серіктестік қарым-қатынасты дамыту. Тұрақты даму және жаңашылдық – білім беру үдерісін үздіксіз жетілдіру, заманауи технологиялар мен әдістемелерді тиімді қолдану.

– Кейінгі жылдары оқушылардың қызығушылығы, мінез-құлқы, оқу дағдылары қалай өзгерді деп ойлайсыз?

– Расымен бірқатар маңызды өзгеріс байқалады. Бұл өзгерістер қоғамдағы, технологиядағы, ақпарат ағынындағы және отбасы құрылымындағы өзгерістермен тығыз байланысты деп ойлаймын. Бүгінгі оқушы цифрлық әлемге бейім. Балалар ерте жастан смартфон, планшет сияқты құрылғыларды еркін меңгеруде. «YouTube», «TikTok», ойын платформалары – олардың басты назарында. Бұл олардың ақпарат қабылдауына да әсер етіп жатыр. Мысалы, қазір ұзақ мәтін оқудан гөрі, қысқа видео немесе интерактивті формат өтімді. Қазіргі оқушылар «Бұл не үшін керек?», «Өмірде қалай қолданылады?» деген сұрақтарды жиі қояды. Яғни білімнің практикалық мәнін түсінгілері келеді. Оқу дағдыларына келсек, көп тапсырманы қатар орындауға бейім, бірақ бұл зейін тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Ақпаратты іздеу қабілеті жақсы, бірақ оны талдау, сұрыптау, сыни ойлау жағынан әлсіз. Әрі топпен жұмысқа икемді, бірақ кейде жауапкершілікті толық сезінбеуі мүмкін. Мұнан бөлек өз ойын ашық айтуға бейім, бұрынғы буындарға қарағанда еркін ойлайтындарын байқадым. Дегенмен эмоционалдық тұрақсыздық жиі байқалады. Себебі әлеуметтік желілердегі қысым, салыстыру, виртуалды «жетістік культі» әсер етпей қоймайды.

Қазіргі оқушылар – басқа дәуірдің өкілдері, Z ұрпақтары. Олар технологиямен бірге өсіп, өзгеріп жатқан әлемге бейімделуде. Сол себепті мектеп те бұрынғыдай тек білім беру ордасы емес, дағдылар мен өмірлік бағыт қалыптастыратын ортаға айналуға тиіс.

– Бүгінгі балаға білім беруден бөлек, тәрбие беру үшін қандай әдіс қажет?

– Жан-жақты тәрбие беру – қазіргі мектептің ең басты міндеттерінің бірі. Себебі бүгінгі буын – ақпаратқа қанық, бірақ бағытсыз қалмауы үшін құндылықтарға сүйенген, саналы тәрбие қажет. Тәрбиенің бүгінге лайық тиімді әдістерін ұсынатын болсам, құндылыққа негізделген тәрбие, яғни адалдық, сыйластық, жауапкершілік, төзімділік, отансүйгіштік сияқты өмірлік маңызды құндылықтарды күнделікті өмірмен байланыстыра отырып үйрету. Әр пәнде, әр іс-шарада осы құндылықтарды мысал арқылы көрсету, талқылау, бейнеролик, әңгіме, пікірталас арқылы жеткізу.

Мұғалім мен ата-ана – бала үшін ең басты үлгі. Тәртіп, қарым-қатынас, еңбекқорлық, мәдениет – бәрі бала санасына тікелей әсер етеді. Бала айтқанына емес, көргеніне ереді. Сол себепті ұстаздар мен ата-ананың сөзі мен ісі сәйкес болуы маңызды.

Эмоциялық интеллектіні дамыту. Өз эмоциясын тану, басқару, басқалармен жанжалды шешу, жанашырлық таныту дағдылары – қазіргі заманда аса қажет. Тренингтер, ойындар, жағдаяттарды талдау, театрландырылған қойылымдар арқылы оқушының эмоциялық және әлеуметтік қабілеттерін арттыру керек.

Қоғамдық пайдалы іс-шараларға тартуды қолға алу қажет. Волонтерлік жұмыс, тазалық акциялары, қайырымдылық жобаларына қатысу арқылы адамгершілік, жанашырлық, азаматтық ұстаным қалыптасады.

Балаға бірден бұйрық беру емес, алдымен түсіндіріп сөйлесу, себеп-салдарын талқылау, яғни бағыт беру әсер еткен тиімдірек. «Сен неге олай істедің? » деген сұрақтың орнына «Сен бұл жағдайды қалай шешкің келеді?» деген бағыт беру – жауапкершілік пен ойлауды дамытады. Бүгінгі тәрбие – бұйрық емес, бағыт беру екенін тағы айтқым келеді. Ол – құндылыққа сүйенген, тұлғаның санасына әсер ететін, қатынас арқылы жүретін күрделі процесс.

Ақбота ШАЙМОВА: Балаға бұйрық емес, бағыт беру керек

– Өткен оқу жылын қорытындылап, бір-екі күннен кейін басталатын жаңа оқу жылы туралы айтып берсеңіз. Биыл қандай ерекшелік болуы мүмкін?

– Әр оқу жылы – мектеп өміріндегі үлкен кезең. Ол тек білім берумен шектелмейді, сол жылы қандай құндылықтар берілді, қандай жетістіктерге жеттік, қандай қиындықтардан өттік – барлығы маңызды. Өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы оқу жылына бағыт-бағдар беру – мектеп басшысы, педагогтер мен ата-аналар үшін аса жауапты міндет.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 3% артты, ҰБТ орташа балы былтырғы жылға қарағанда 12%-ға артты, пәндік олимпиададан математика пәнінен облыстық деңгейде жүлделі 3-орын иелендік, шығармашылық байқауларда оқушылар жақсы нәтижелер көрсетті. «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауынан жас маман ұстазымыз республикадан жүлдемен оралды.

Ал жаңа оқу жылында цифрлық білім беру құралдары кеңінен қолдану, жобалық, зерттеу жұмыстарына қызығушылық арттыру жұмыстарын жандандыру, мектеп пен ата-ана ынтымақтастығы нығайту, ашық есік күндері, ата-аналар жиналыстары жаңа форматта өткізу, функционалдық сауаттылық, медиасауаттылық, цифрлық сауаттылыққа басымдық беріледі. Эмоциялық интеллект, тұлғалық даму, моральдық-адамгершілік тәрбие – негізгі басым бағыттар болады. Мұғалімдердің ІТ сауаттылығы арттыру, психологиялық қолдауға баса назар аудару, «Қауіпсіз мектеп» жобалары, буллингтің алдын алу, менталдық саулықты қолдау бағдарламалары енгізуді жоспарлаудамыз. Қорыта айтқанда, жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндік, жаңа талап, жаңа шабыт. Биылғы ерекшелік – білім беру мен тәрбиелеу арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Тек пәндік біліммен шектелмей, тұлға тәрбиелеу, құндылық дарыту, өмірге бейімдеу – басты назарда болады.

– Жақында өткен тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесі мен құқығына қатысты бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынды. Ұстаз беделін арттыру үшін тағы қандай қадам қажет деп ойлайсыз?

– Бұл – білім беру саласын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жалпы бүгінде ұстаз беделін арттыруда түрлі платформалар іске қосылып жұмыс жасауда. Мемлекет басшысы ұстаз мәртебесін заңмен қамтамасыз ету, материалдық ынталандыру, цифрлық трансформация, қауіпсіз әрі қолдаушы білім ортасын қалыптастыру сияқты кешенді бағыттарды алға тартты. Осы шаралардың іске асуы мұғалім мәртебесін одан әрі көтеріп, білім сапасын жоғарылатуға септігін тигізеді.

– IT технологиялар білім саласына да еніп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық құралдар, онлайт платформалар – мұның барлығы күнделікті сабақ процесінде қаншалықты қолданылады?

– Бұл өте өзекті сұрақ. IT технологиялардың, әсіресе жасанды интеллект, цифрлық платформалар мен онлайн құралдардың білім беру саласына енуі – қазіргі заманның талабы. Мұғалімнің ІТ сауаттылығы мен ынтасы, технологияны тиімді қолдану мұғалімнің өзіне байланысты. Біздің педагогтар да цифрлық құралдарды меңгеріп, сабақты қызықты әрі интерактивті етіп өткізіп жүр.

– Жаңа технология дегенімізбен, мұның да теріс жағы болуы мүмкін бе?

– Иә, жаңа технологиялар білім беру процесіне көп мүмкіндік әкелгенімен, өкінішке қарай, әттеген-ай дегізетін тұстары да бар. Мысалы, оқушылардың зейінін қашырады, смартфон, план- шет секілді құрылғылар оқушыларды алаңдатып, сабаққа зейін қоюына кедергі келтіреді. Әлеуметтік желі, ойын, видео – бір шерту арқылы назарды өзіне аударып алады. Жасанды интеллект құралдары арқылы эссе, есеп, тапсырмалар автоматты түрде орындала береді, ал оқушы ойланбай, тек көшіруге бейімделіп кетуі мүмкін. Бұл сыни ойлау, зерттеу, жазу, шығармашылық дағдыларының дамуына кері әсер етеді. Үнемі гаджет қолдану оқушының оффлайн өмірге қызығушылығын төмендетеді. Дене белсенділігі, бетпе-бет қарым-қатынас, шынайы эмоциялар азаяды. Білім теңсіздігін арттыруы мүмкін. Мұғалім рөлінің төмендеуі де өз алдына үлкен мәселе. «Бәрін интернет шешеді» деген көзқарас қалыптасса, мұғалімнің бағыттаушы, тәрбиеші рөлі екінші орынға ысырылады. Бірақ технология мұғалімді толық алмастыра алмайты- нын ұмытпаған абзал. Технология – мақсат емес, құрал. Оны дұрыс қолданса – мүмкіндік, бейберекет қолданса – қауіп.

Ақбота ШАЙМОВА: Балаға бұйрық емес, бағыт беру керек

– Мектепті екінші үйге теңейміз. Сіз үшін мектеп деген не?

– Мен үшін мектеп – бұл тек оқу орны ғана емес, ол тұлға қалыптасатын орта. Мектеп – адамның адам болып қалыптасатын алғашқы әлеуметтік кеңістігі. Мұнда тек білім ғана емес, тәрбие, әдеп, жауапкершілік, тіпті ар-ұят сезімі де сіңеді. Алғашқы қарым-қатынас мектебі, дос табу, пікір алмасу, кикілжің шешу – осының бәрін біз алғаш рет мектепте үйренеміз. Ұстазбен, сыныптаспен, тіпті тазалықшы апаймен қарым-қатынас та бір үлкен сабақ. Мектеп – қателесуге мүмкіндік беретін, бірақ сол қателерден үйренуге жол ашатын орта. Мұнда адам қателеседі, кешіріледі, өседі. Мақсат пен арман ұясы. Біреу алғаш рет дәрігер болғысы келсе, біреу сахнаға қызығады – осының бәрі мектептегі бір ауыз сөзден, бір жақсы мұғалімнен басталуы мүмкін. Кейде бір сабақ – тағдырды өзгертеді.

– Бүгінгі ата-анаға қандай ой айтар едіңіз?

– Баланың бағасы – оның болмысы емес. «5 алмаса, жаман оқушы», «үздік болмаса, болашағы бұлыңғыр» деген ұғымнан арылатын кез келді. Қазір – қызығушылықты дамыту мен жеке қабілетті ашу дәуірі. Әр бала – дайын өнім емес, өсіп жатқан дара әлем. Ұстазға серіктес болыңыз, бақылаушы емес. Қиындық туған жағдайда, мұғаліммен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан әлдеқайда пайдалы. Салыстырмаңыз – тыңдаңыз. «Қарашы, көршінің баласы олимпиададан келді» деген сөз баланың өз құнын төмендетеді. Салыстырған сайын – бала жабылады, өз-өзіне деген сенімі жоғалады. Оның орнына «Сен не үйрендің?», «Өзіңді қалай сезіндің?», «Қай жерден қиналдың?» деп шынайы қызығушылық танытыңыз. Бала – тек оқушы емес, тұлға. Оның көңіл-күйі мен ішкі әлемін тыңдау – ата-аналық махаббаттың парызы.

Бүгінгі бала еркін ойлайды, пікір айтқысы келеді. Оған сенім артып, пікіріне құлақ түрсеңіз, ол сізге одан сайын жақын болады.

– Сұхбатты қорытындылай келе, ұстаздардың ең басты мәселесі туралы айтсаңыз.

– Ұстаздың басты мәселесі – білімде. Бұл пікірдің терең мәні бар, өйткені мұғалім өзі үнемі үйреніп отыруға тиіс адам. Білім – оның басты капиталы. Ұстаз білімі ешқашан шектелмейді. Ғылым мен технология қарыштап дамып жатқанда, мұғалімнің білімі де үнемі жаңарып отыруы қажет.

– Жауабыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!