Бір кездері тек хобби саналған сәнді әшекей жасау бүгінде табыс көзіне, тіпті толыққанды бизнеске айналды. Қолдың ебі мен талғамды талап ететін бұл салада шыдам мен ізденіс қатар жүреді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де шығармашылық пен кәсіпті қатар ұстап келе жатқан қолөнерші. Ақбота Шамшиеваның негізгі мамандығы мемлекеттік және жергілікті басқару болса да, өз жолын шығармашылықпен байланыстырған. Бүгінде ол мәдениет саласында, атап айтқанда «Анаға тағзым» орталығында жұмыс істейді.

– Ақбота, әуелі мақсат жайлы әңгімелессек. Алға қойған қандай арман-мақсатыңыз бар?

– Адам болған соң армандаймыз, мақсат қоямыз, жоспарлаймыз. Жетсем екен дейтін мақсатымның бірі – жеке шеберханамды ашу, сонымен қатар керамикалық өнім өндірісін жүйелі жолға қойсам деймін. Арнайы пеште күйдірілетін, сапасы жоғары эксклюзив бұйымдар шығару арқылы нарықта өзіндік орны бар бренд қалыптастырғым келеді. Келесі саудамыз жеке бренд құру туралы болмақ.

– Алғаш жасаған бұйым мен алғашқы тұтынушыңыз жайлы айтып беріңізші.

– Қолөнерге, оның ішінде қазақи этно стильге студент кезімнен қызықтым. Алғашында, иә, хобби ретінде бастадым. Ал қазір қосымша кәсіпке айналды. Сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыруыма «Анаға тағзым» орталығының креативті индустрия бағытындағы жұмыстар үлкен әсер етті. Жалпы бұл орталықта 2023 жылдан бері еңбек ететін. Осы уақыт аралығында түрлі іс-сапарға шығып, креативті көрмелерге қатысып, тәжірибе жинадым. Содан болар өз ісімді бастауға бел будым. Көрмелерге бұйымдарымды шығара бастадым, солай сұраныс та артты.

Ал бұйым жасауға дейін, әрине, талдау жұмысын жүргіздік. Қаламызда қолжетімді бағадағы, сапалы керамикадан жасалған этно бұйымдардың өте аз екенін байқадым. Басқа өңірде бұл бағыт жақсы дамығанымен, бағасы қымбат. Осыдан кейін «неге өзім жасап бастамасқа?» деген ой келді.

Әрі қарай сапасы жоғары фурнитура сататын сенімді орын іздеп, өз талғамыма сай келетін материалдарды тапсырыспен алдырдым. Ең алғашқы жасаған бұйымым – этно сотуар. Нәтижесі ойлағанымнан да жақсы шықты. Бірінші тұтынушым құрбыларым болды. Жақындарым үлкен қолдау көрсетті. «Instagram» желісінде жеке парақша ашып, брендке атау беріп, логотип жасаттым. Қазір брендім «ethnoshine.kzo» деп аталады. Бастапқыда тек сотуар жасаудан басталған іс ақырындап кеңейді. Ассортиментке сырға, жұмысқа және костюмдерге арналған этно-түйреуіш, білезік пен алқалар қосылды.

– Өзіңіз дайындайтын бұйымдардың сапасына қатысты қандай талаптар бар? Қазіргі таңда керамикалық этно бұйымдарға сұраныс қандай?

– Бұйымдардың сапасына әрдайым ерекше мән беремін. Әшекей қарапайым сәндік зат қана емес, күнделікті қолданыста да, мерекелік жағдайда да иесін ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы тиіс. Сол себепті олардың қарайып кетпеуі, ұзақ уақыт бойы бастапқы қалпын сақтауы және қыз-келіншектерге сенімді түрде тағуға болатын деңгейде болуы – мен үшін басты талап.

Қазір керамикалық этно бұйымдарға қаламызда қызығушылық артып келеді, бұл бағыттың болашағы бар екенін аңғартады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Мерейім ӘЛІБАТЫР,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!