Балаларды оңалту орталығын ашу – тек ниет емес, жүйе мен басқаруды талап ететін үлкен жауапкершілік. Осындай істі қолға алған жанның бірі – «Aray kids» балаларды оңалту орталығының негізін қалаушы, заңгер әрі әлеуметтік кәсіпкер Ақбота Жеңісбекқызы.

Сонымен қатар ол республикалық іскер әйелдер қауымдастығының кураторы, «Сырдарья group» қоғамдық қорының және «The One System» бизнес- клубының жетекшісі. Сан саланы сәтті басқарып жүрген жанмен әңгіме-дүкен құрған едік.

– Ақбота, «Аrаy kids» – тек орталық емес, мыңдаған ата-ана үшін үмітке айналған мекен. Балаларды оңалту саласында бұрыннан тәжірибеңіз бар ма? Бұл бағытта орталық ашуға не түрткі болды?

– «Aray Kids» орталығын ашуға түрткі болған ең басты себеп – Қызылорда қаласында балаларға арналған барлық оңалту қызметінің бірізді болмауынан. Яғни барлық қызмет түрін бір орталықтан таба алмайсың. Көптеген ата- ана баласының болашағы үшін қала ішінде бір маманнан екіншісіне сабылып, уақытын да, күш-жігерін де сарп етіп жүргенін көзімізбен көрдік. Бұл – тек уақыт шығыны ғана емес, ата-анаға да, балаға да үлкен психологиялық әрі физикалық салмақ.

Иә, біз бұл салаға кездейсоқ келген жоқпыз. Бұрын бұл салада кәсіби түрде жұмыс істемегенімізбен, ата-аналардың жанайқайын, нақты қажеттілігін сезіне алдық. «Балама не керек?», «Қайда апарамын?», «Бәрі бір жерде болса ғой…» деген сауалдар бізді ойландырмай қоймады. Сол себепті біз балаларға қажет барлық қызметті бір орталыққа жинақтаған, ата-аналар үшін барынша қолайлы, ал балалар үшін жылы ұядай жайлы орта қалыптастыруды мақсат еттік.

Бүгінде «Aray Kids» – жай ғана оңалту орталығы емес. Ол – баласының болашағына алаңдаған әр ата-ананың үміті мен сенімі тоғысқан мекен. Бұл – әр баланың мүмкіндігіне жол ашатын, әр ата-ананың жүрегіне тыныштық сыйлайтын орта. Біз үшін ең үлкен жетістік – ата-ананың алғысы мен баланың жарқын күлкісі.

– Білуімізше, сіз – заңгерсіз. Құқық саласындағы білім мен тәжірибе бүгінгі әлеуметтік кәсіпкер ретіндегі қызметіңізге қалай әсер етті?

– Заңгерлік білім мен үшін үлкен мектеп, қызметімдегі берік тірек болды. Құжатпен сауатты жұмыс істеу, әр істің жауапкершілігін сезіну, жүйелі ойлау мен әділдік қағидаттарын ұстану – мұның барлығы бүгінгі кәсібімде тікелей пайдасын тигізіп отыр. Әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлік саласында заңды дұрыс жүргізу, ата-аналардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік бағдарламалармен ашық әрі заң аясында жұмыс істеу аса маңызды.

Талайды көрдік. Қаншама жыл тәжірибеден кейін түсінгенім: бір істі білмей қалсаң, сол алдыңа айналып қайта-қайта келе береді екен. Сол басты проблемаңа айналады. Оны шешпейінше тыным таппайсың. Заңнан хабарың болмаса да сол. Өкінішке қарай, бұл салада заңды терең білмей, асығыс қадам жасап, кейін түрлі қиындыққа тап болған кәсіпкерлер де аз емес. Кейбірі құжаттағы олқылықтың кесірінен жобасын тоқтатуға мәжбүр болса, енді бірі ата-аналардың сенімінен айырылып жатады. Осындай жағдайларды көре отырып, заңгерлік сауаттың тек артықшылық емес, қажеттілік екенін терең түсіндім.

Заңгерлік тәжірибе маған бизнесті жай ғана жүргізуді емес, сенімге негізделген, әділ әрі тұрақты жүйе құруға мүмкіндік берді. Себебі әлеуметтік кәсіпкерлікте басты капитал – пайда емес, адам тағдыры мен ата-ананың үміті. Ал ол үміт заң мен әділдікке сүйенгенде ғана ақталады деп сенемін.

Ақбота ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ: Үлкен мақсат кішкентай қадамнан басталады

– «Аrаy kids» орталығында ДЦП, аутизм, ЗРР секілді диагноздары бар балалармен жұмыс істеледі. Осындай күрделі тағдырлармен күнделікті бетпе-бет кездесетін мамандарға қандай талап қоясыз? Жылына қанша бала ем алады? Ұжымда қанша адам қызмет етеді?

– Біз үшін ең басты талап – маманның кәсіби білімімен қатар, жүрегінің кеңдігі мен жауапкершілігі. Әрине, диплом, тәжірибе, әдістеме – міндетті. Алайда баланы шын түсініп, оның ішкі әлеміне үңіле білу, сабырмен, мейірім мен махаббатқа сүйеніп жұмыс істеу – бәрінен биік тұрады. Себебі бұл салада құрғақ теория емес, адамгершілік пен жан жылуы шешуші рөл атқарады.

Біз әр маманның бір орында тоқтап қалмай, үнемі ізденіп, оқып, дамып отыруын талап етеміз. Тіпті өзім де мамандардың білім алуына жағдай жасап, олардың материалдық шығындарын өтеуге де көмектесуге тырысамын. Өйткені әр бала – жеке әлем, әр тағдыр – ерекше. Бір балаға әсер еткен әдіс, екіншісіне мүлде сай келмеуі мүмкін. Сондықтан үздіксіз даму – біздің ұжым үшін бұлжымас қағида.

Бүгінде «Aray Kids» орталығында 20-дан астам білікті маман қызмет етеді. Жыл сайын шамамен 500-ге жуық бала кешенді оңалту қызметін алады. Әр баланың кішкентай болса да алға жасаған қадамы – біз үшін үлкен жетістік. Ал сол нәтиже – бір маманның емес, тұтас ұжымның ортақ еңбегі мен жеңісі деп білеміз.

– Сіз бір мезетте бірнеше бағытта, яғни әлеуметтік кәсіпкер, қоғамдық қор жетекшісі, бизнес-клуб лидері ретінде белсендісіз. Осыншама жауапкершілікті арқалап жүру әйел адам үшін қаншалықты қиын? Кейде «бәрін тастап, тоқтағым келді» деген сәттер бола ма?

– Қазақ қоғамында әйел – тек бір қызметтің адамы емес. Ол – шаңырақтың ұйытқысы, отбасының тірегі, бала тәрбиесінің өзегі. Ал сонымен қатар қоғамдық, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларда қатар жүру – әйел үшін үлкен сын, тағдырдың таразысы дер едім. Бір арнаға сыймайтын бірнеше міндетті бір жүрекке тоғыстыру оңай емес. Шаршау да болады, әлсіреу де келеді, кейде «осының бәрін көтеруге күшім жете ме?» деген күмән де қылаң береді. Қанша жобаны жүзеге асыру үшін ұйқысыз түндер, тынымсыз күндерді бастан кештім. Суыққа да, ыстыққа да шыдайсың, себебі саған тоқтауға болмайды.

Иә, тоқтағым келген сәттер болды. Үнсіз шаршаған, ешкімге білдірмей іштен тозған күндер де өтті. Себебі әйелдің шаршауы көбіне дауыстап айтылмайды, ол жүректің түбінде жиналады. Оның үстіне қоғамнан, ортадан, тіпті өз- өзіңнен туындайтын кедергілер аз емес. «Мына жүктің бәрін қалай алып жүр?» деген сұрақтар кейде қолдаудан гөрі салмақ болып сезіледі. Десе де жолдасым да, балаларым да мен үшін қолдау болды.

Осындай әлсіз сәттерде балалардың кішкентай ғана жетістігі, ата-ананың шынайы алғысы мен сенімі маған қайтадан күш береді. Сол кезде бір нәрсені өзіме жиі еске саламын: егер мен тоқтасам, бір баланың жолы да, бір үміттің сәулесі де тоқтауы мүмкін. Осы ой мені қайтадан алға жетелейді.

Меніңше, әйелдің күші – тек төзімділігінде емес. Әйелдің шын қуаты – жүрекпен істеген ісінде, жанымен көтерген жауапкершілігінде. Бірнеше міндетті қатар алып жүру – әлсіздік емес, қайта сол жүректің кеңдігін, рухтың беріктігін көрсететін қасиет деп ойлаймын. Мен осы өміріме шүкіршілік етемін, тоқтап қалмаймын. Өйткені қолымдағы мүмкіндікті пайдаланғым келеді. Бәлкім бұл менің миссиям шығар.

Ақбота ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ: Үлкен мақсат кішкентай қадамнан басталады

– Іскер әйелдер қауымдастығының кураторы ретінде қазіргі жас кәсіпкерлерге қандай баға берер едіңіз? Олардың басты әлсіз тұсы мен негізгі күші неде деп ойлайсыз?

– Қазір жас кәсіпкерлердің әлеуеті жоғары, арманы асқақ, амбициясы берік. Олар технологияны тез меңгереді, жаңа трендтерді жылдам қабылдайды, өзгерістен қорықпайды. Креативті ойлау, жеке бренд қалыптастыру, цифрлық құралдарды еркін қолдану – олардың сөзсіз күшті тұсы. Бұл – бүгінгі заман талап етіп отырған қабілеттер.

Алайда осы күштің көлеңкесінде бір әлсіздік те бар. Көптеген жас кәсіпкер бизнесті енді бастап жатып, бірден пайда күтеді. «Бір-екі айда нәтиже көрмесем, демек бұл жол менікі емес» деген ойға тез беріледі. Ал шын мәнінде, бизнес – тез байып кететін жол емес, ол – ұзақ тынысты, сабыр мен еңбекті талап ететін жүйе. Бұл жолда нәтиже бірден келмейді, кейде еңбегіңнің жемісін жылдар бойы күтесің.

Бизнес – тек идея емес, күнделікті тәртіп, үздіксіз ізденіс, қателіктен қорықпай қайта тұра білу. Ерінбеу, тоқтамау, «бүгін үйрендім, ертең жетілдірем» деген ішкі талап болмаса, ешбір жақсы бастама алға баспайды. Жаңашылдыққа құмарту да тек тренд қуалау емес, оны терең түсініп, өз ісіңе бейімдей білу екенін ұмытпау керек.

Менің айналамдағылардың басым бөлігі кәсіпте жүргендер. Солардың ішіндегі жас буынға әрдайым мынаны айтып отырамын: бизнес – марафон. Мұнда ең жылдам жүгірген емес, ең шыдамдысы жеңеді. Ал олардың ең үлкен күші – дәл осыны түсінген сәттен басталады. Себебі әлеует пен еңбек қосылған жерде ғана тұрақты нәтиже пайда болады.

– «The One System» бизнес-клубы туралы айтып беріңізші. Клубтың мақсат-міндеттері қандай?

– «The One System» – бұл тек бизнес-клуб емес, ойлау жүйесін, басқару мәдениетін және кәсіпкерлік көзқарасты қалыптастыратын орта. Клубтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді жүйелі ойлауға үйрету, бизнесті хаостан жүйеге көшіру және тұрақты өсімге жеткізу. Ал міндеті – кәсіпкерлерге тек шабыт пен мотивация берумен шектелмей, нақты нәтижеге жеткізетін жүйелі басқару құралдарын ұсыну. Өйткені бизнес интуициямен ғана емес, тәртіппен, есеппен, дұрыс құрылыммен дамиды. Осы жолда клуб кәсіпкерлерге өз ісіне сырт көзбен қарап, процестерін жүйелеуді, шешім қабылдауда салмақты болуды үйретуді мақсат етеді.

Сонымен қатар тәжірибелі менторлар арқылы теория мен практиканы ұштастыру – клуб жұмысының өзегі. Себебі кітаптан немесе курстан алынған білім тәжірибемен бекімесе, ол толық іске аспайды. Менторлар өз жолынан өткен, қателескен, қайта тұрған жандар ретінде қатысушыларға тек дайын формуланы емес, шынайы тәжірибені, өмірлік сабақтарды ұсынады.

Клубтағы тағы бір маңызды бағыт – сенімді нетворкинг қалыптастыру. Бұл – тек таныстық алмасу емес, бір-бірін түсінетін, қолдайтын, қажет кезде тірек бола алатын орта құру. Мұндай ортада бәсеке емес, серіктестік алдыңғы орынға шығады. Өйткені кәсіпкерлік жолда жалғыз жүру қиын, ал орта бар жерде адам да, идея да өседі.

Сонымен бірге клуб қатысушылардың тек кәсіби емес, жеке дамуына да ерекше мән береді. Өйткені бизнес иесінің ішкі әлемі, ойлау жүйесі мен құндылықтары өзгермейінше, іс те ұзаққа бармайды.

Ақбота ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ: Үлкен мақсат кішкентай қадамнан басталады

Өзін тану, жауапкершілікті сезіну, шешім үшін жауап бере білу – табысты кәсіпкердің ажырамас қасиеттері.

«The One System» аясында біз бизнеске бір реттік табыс көзі ретінде емес, ұзақ мерзімді, құндылыққа негізделген жүйе ретінде қарауды үйретеміз. Себебі бүгін пайда әкелген іс ертең құндылықсыз қалса, оның ғұмыры қысқа болады. Ал құндылыққа сүйенген, жүйелі құрылған бизнес уақытпен бірге өсіп, қоғамға да, адамға да пайда әкеледі.

– «Сырдарья group» қоғамдық қоры туралы айтып беріңізші.

– «Сырдарья group» қоғамдық қоры – әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қоятын, нақты көмекке бағытталған ұйым. Қордың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларды, әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қолдау және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.

Бүгінде қайырымдылық атауын жамылып, біреудің қайғысынан олжа көретіндер де аз емес. Алаяқтардың да саны артып, өкінішке қарай, бұл құбылыс қорлар саласына да кіріп үлгерді. «Көмектестім» деп жариялап, соның «рақметін» талап ететін, не болмаса қайырымдылықты жеке пиардың құралына айналдыратын адамдар жетіп жатыр. Мұндай жағдайлар шын мұқтаж жандардың да, халықтың сеніміне де сызат түсіреді.

Сондықтан біз үшін ашықтық пен адалдық – басты қағида. Қор арқылы жүзеге асатын әрбір жоба, әрбір көмек нақты жоспарға, есепке және нәтижеге сүйенуі тиіс. Біз бір реттік акциямен шектеліп қалмай, ұзақ мерзімде нәтиже беретін жүйелі қолдауға басымдық береміз: тегін оңалту бағдарламалары, ақпараттық кездесулер, әлеуметтік жобалар соның дәлелі.

Қайырымдылық – даңқ емес, жауапкершілік. Ол алғыс сұрауды емес, үнсіз еңбек етуді талап етеді. «Сырдарья group» қоры осы қағиданы берік ұстанып, шынайы көмек көрсету жолынан таймауды мақсат етеді.

– Ақбота, сұхбатымызды оқып, «осы кісі секілді болғым келеді» дейтін жастардың қатары көбейері анық. Соларға бір ауыз кеңес берсеңіз: өз ісін бастағысы келіп, бірақ қорқыныш пен күмәнге жиі берілетіндер неден бастау керек?

– Ең алдымен, өзіңізге сенуден бастау керек. Қорқыныш пен күмән – бәрінде болады, ол сіздің әлсіздігіңіз емес, керісінше, жауапкершілікті сезінетініңіздің белгісі. Үлкен мақсаттан емес, кішкентай қадамнан бастаңыз: үйреніңіз, сұраңыз, қателесіңіз, қайта тұрыңыз. Ең бастысы – «кейін» деп жүріп, арманды кейінге қалдыра бермеу керек. «Еріншектің ертеңі бітпейді» деген даналық сөз бар. Егер ертеңге сеніп жүре берсеңіз, сол күннің тумай қалуына кім кепіл? Әрине, құдай сақтасын. Алайда жүрегіңіз бір іске тартып тұрса, демек ол белгі. Әр бастама батылдықпен емес, ниеттен басталады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!