28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан журналистерді мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Жиында облыстық телеарнадан түлеп ұшқан журналист, «Астана» телеарнасының шеф-редакторы Ақерке Биятова «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Елге есімі белгілі тележурналист 21 жылдан астам уақыттан бері ақпарат саласында қызмет атқарып келеді.

– Ақерке Берікбекқызы, журналистиканы таңдауыңызға не себеп болды? Телевизия саласындағы алғашқы жұмысыңыз қалай басталды?

– Әкем 1993 жылы Талсуат ауылындағы мектепке директор болып тағайындалды. Соған байланысты біз сол ауылға көштік. Елді мекендегі жалғыз білім ошағы 9 жылдық болатын. Мен орта мектепті 1996 жылы бітіріп, әрі қарай колледжде білім алдым. Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжде 4 жыл сурет және сызу пәнінің мұғалімі, суретші-дизайнер мамандығы бойынша оқып, диплом иелендім. Бірақ мен мұғалім емес, журналист болғым келетін. 9 сынып бітіргенде қол жеткізе алмаған арманымнан бәрібір бас тартпай, колледжді тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түстім. Жүрек қалаған мамандықтың иесі болу дегеннің қандай сезім екенін білдім. 2004 жылы қолыма диплом алған күннің ертеңіне өңірдегі қара шаңырақ – облыстық телеарнаға келдім. Қызығы мен шыжығы мол телеарнаның терең тылсымына сүңгідім де кеттім. Содан бері шыға алмай келемін.

Ақерке БИЯТОВА: Жаңалық - кез келген телеарнаның жүрегі

– Осы жылдар аралығындағы жинаған тәжірибеңіз бен өзгерістерге тоқталсақ. 21 жыл ішінде телевизия саласы қалай өзгерді? Бұрынғы мен бүгінгі ақпарат тарату жұмысының айырмашылығы қандай?

– 2004 жылмен қазіргі сәтті салыстыруға келмейді. Біз түсірілімге жаяулап-жалпылап жететінбіз. Компьютер санаулы, оның өзінде жаңа техниканың тілін білетін адам аз. Несібелі Рахмет – менің шеф-редакторым, «Компьютерде мәтін теру білесің бе?» деді, «Білем» дедім. «Онда кіріс» деді. Ол кезде тілшілер мәтінді қағазға жазады, содан тек жүргізуші сөзін алып, компьютерге теретінбіз. Осылайша верстканы құрастырдық.

– Көрерменге сапалы контент ұсынудың басты талаптары туралы айтып беріңізші. Жаңалықты көбіне қайдан іздейсіз?

– Қазір ақпарат көп. Көрермен кімге сенерін, неге сенетінін білмейді. Сондықтан тек шынайы, жан-жақты сараланған сюжет керек. Бір кездері жұртты қылмыс, оқиға елең еткізетін, бірте-бірте ғаламдық мәселелер көбірек алаңдатады.

Ақерке БИЯТОВА: Жаңалық - кез келген телеарнаның жүрегі

– Қазір тележурналистердің көбі әлеуметтік желіде белсенді. Сіздің ойыңызша, көрерменмен байланыс орнатуда не маңызды?

– Астана телеарнасының барлық өңірінде тілші бар. Күн сайын жылт еткен жаңалықты жеткізеді. Көбіне тұрғындар өздері хабарласып, әлеуметтік мәселелерін айтады. Қай кезде де өткір, өзекті проблемалар қамтылған материалдар өтімді.

– Жастар басылымының оқырмандары ішінде тілші болғысы келетіндер көп. Тележурналистің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Сіз үшін ерекше есте қалған репортаждарыңыз туралы айтып беріңізші…

– Тележурналист өте жылдам болу керек. Таңертең тақырып тауып, спикермен келісіп, съемкаға барып келіп, мәтін жазасың, оны редактор бекіткен соң, монтаж… сюжетің кешке эфирден шыққанда күні бойғы жүгіріс, шаршау ұмыт болады. Рахаттанасың, мәселені билікке жеткізіп, шешімін көрсетсең, ерекше сезімге бөленесің. Жылдам, шынайы ақпарат жеткізу – тілшінің міндеті. Отқа да түсесің, суға да кіресің, ұшасың, құлайсың, далада түнейсің, аш жүресің, айдалада жаяу қаласың, аяз, боранда тоңып, аптап ыстықта күнге шыжып жүріп репортаж әзірлеудің өз кереметі бар. Маған ол қатты ұнайды. Әлі де түсірілімге шыққым келеді.

Ерекше есте қалған сәт өте көп. Арал теңізіне барғанымыз, жеңіл көлікпен Құланды мен Ақбастыда болғанымыз, санитарлық авиациямен Қаратереңде болғанымызды айрықша айтар едім.

Ақерке БИЯТОВА: Жаңалық - кез келген телеарнаның жүрегі

– Журналистикада нақты ақпарат, жылдамдық керек десек те, шығармашылық шабытсыз көркем дүние жасалынбайды. Сізге қандай жағдайлар шабыт береді? Қандай тұлғаларды үлгі тұтасыз?

– Журналистикада әр адамның өз стилі бар. Біреуді үлгі тұтам деп айта алмаймын. Бірақ аға буыннан үйренеріміз көп. Облыстық телеарнада тележурналистикаға баулыған Жағыпар Қарабала, Несібелі Рахмет, Айткүл Шалғынбаева, Гүлайым Жанұзақова, Нағима Жұмабаева, Бақыт Қалдыбаева, Қазыбек Ботаев, Гүлсара Мәмбетова, Айсұлу Қасымова, Алтынай Молжанова, Мұрат Жетпісбаев, Мөлдір Құлмырзаева, Шарипа Сақтапова және онан өзге де аға-апаларды әлі де үлгі-өнеге көреміз. Қара шаңырақта өсіп-жетілдік.

Жаңалық – кез келген телеарнаның жүрегі. Мен 21 жыл тек жаңалықта жұмыс істеп келемін. Жаңалық тілшісі шабытпен санаспайды. Шығармашылық шабытты күтіп отыра алмайсың. Күн-түн демей, шауып жүресің.

– Телевизиядан тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?

– Менде телевизиядан тыс уақыт жоқ екен. Таңертең жұмысқа барғаннан кешкі 9-да эфирді аяқтап үйге қайтамын. Өзіме ұнайды. Шаршамайды да екенмін. Қайта ләззат аламын.

Ақерке БИЯТОВА: Жаңалық - кез келген телеарнаның жүрегі

– Алдағы уақытта сізді қандай жобаларда көруіміз мүмкін? Тележурналистика саласына нендей өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

– Әзірге нақты жоспар жоқ. Бұйырғанын көреміз. Тележурналистикада өзгелердің жүргенін құптамаймын. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген, әр салада өз маманы болғаны дұрыс. Сосын ұлттық құндылықтар көбірек дәріптелсе деймін.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!