Ақерке Әуезова – қаладағы «A dental clinic» тіс емханасының дәрігер стоматологы.

Жылы жүзбен қарсы алып, жағымды даусымен емдеу жолдарын асықпай баяндаған дәрігер өз ісіне тиянақты екенін алғашқы барғанда-ақ байқатты. Дәрігердің ұқыпты жұмысына зер салғаннан кейін, стоматология турасында сұхбат құруды жөн санадық.

Ақерке Мұхитқызы, алдымен оқырмандарға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Бұл  мамандықты  таңдауыңызға не себеп болды? Стоматолог болу үшін қандай жолдан өттіңіз?

– Мен 1995 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетінде білім алуды мақсат еттім. Осылайша өзге де абитуриенттер секілді құжаттарымды жинақтап, отбасымның қолдауымен өзім мүлде бармаған қалаға бет алып, бейтаныс жандардың  үйіне қоныстандым. Сол уақытта «немерем жоғары білім алады, дәрігер болады» деп сенім артқан атамның 300 мың бергені де көз алдымда.  

Осы тұста айтқым келетіні әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін адамдар болады. Менің өмірімде сондай жандар – Ақтөбедегі көкем мен әпкем. Ол кісілердің маған мейіріммен қарап, үнемі қолдау білдіріп, жанашырлық танытуы қай кезде де дұрыс таңдау жасауыма көмектесті. Ләззат әпкем «стоматология саласының болашағы зор. Жақсы мамандықтардың қатарында» деген кеңесінен кейін осы факультетке оқуға түстім. Университетте білім алған 6 жыл бойы осы аяулы жандардың құндылығы кітап беттеріндегі ақпаратқа тең келетіндей ақыл-кеңестерін тыңдап, оқуымды ойдағыдай тәмамдадым. Бүгінде мамандығым – дәрігер стоматолог. Оқуды аяқтағасын тұрмысқа шығып, 2 ұлдың анасы атандым.

– «A dental clinic» – қаладағы танымал тіс емханасы. Жас болсаңыздар да жолдасыңызбен бірге стоматология ашуға тәуекел еттіңіздер. Мұндай батыл бастама кімнің идеясы, қазір қанша маман еңбек етеді?

– Пікіріңізге рақмет! Әрине, идея жолдасымдікі. Қазіргі таңда Алланың қалауымен, ата-аналарымыздың ақ тілегі, сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен ісіміздің өрге басып жатқанына 3 жылдай уақыт болды. Арман екеумізден бөлек 4 дәрігер бар. Әрқайсының жеке ассистенттерін есептегенде барлығы 15 адамды жұмыспен қамтамасыз етудеміз.

Ақерке МҰХИТҚЫЗЫ, стоматолог: 3 жылда 10 мыңдай адамға қызмет көрсеттік

Осы кезге дейін шамамен қанша адамға қызмет көрсеттіңіздер?

– Орта есеппен он мыңдай пациентке қызмет көрсетіппіз.

 – Тіс дәрігерінің ең маңызды қасиеттері қандай деп ойлайсыз?

– Дәрігердің мәдениеттілігі мен адамға жанашыр болуы өте маңызды. Ал кәсіби міндетіміз – көмек сұрап келген әрбір пациентімізге сапалы, заманауи, ауырсынусыз көмек көрсете білу және ауыз қуысы ауруларының алдын алуға халқымызды бейімдеу.

– Әр адам жылына қанша рет тіс дәрігеріне тексерілу қажет?

– Қазіргі экологияға байланысты ересек пациенттерімізге 4 айда 1 рет, кішкентайларға 2 айда бір рет стоматолог қарауына келуге кеңес береміз.

Ақерке МҰХИТҚЫЗЫ, стоматолог: 3 жылда 10 мыңдай адамға қызмет көрсеттік

– Заманауи стоматология туралы айтып беріңізші.  Имплант, брекет, винир салдыру трендте десек те болады. Ең жиі қолданылатын емдер туралы не айтасыз?

– Біздің мамандығымыз үздіксіз оқу мен үйренуді талап етеді. Себебі күн сайын заманға сай жаңа дүниелер шығып жатыр. Қазір терапия, тіс емдеуден бөлек имлант, брекет, коронка жүйесін орнату секілді қызметтер де сұранысқа ие.

– Кариес көптеген адамда бар. Ол неден пайда болады және қалай алдын аламыз?

– Өкінішке қарай, тісінде кариесі жоқ адамды өте сирек кездестіреміз. Кариеске әкелетін себептер өте көп. Атап айтсақ, нашар гигиена, тіс пастасы мен тіс щеткасын дұрыс таңдамау, дұрыс уақытылы жумау, зиянды тағамдар мен сусындар тұтыну және ағзадағы дәрумен жетіспеушілігі де кариеске әкелуі мүмкін.

Көпшілік жеке тіс щеткасы мен тіс пастасын таңдауға аса мән бермейді. Тіс щеткасын екі айда бір рет және тұмау секілді вирустық аурулардан жазылғаннан кейін де ауыстыру қажет. Одан бөлек тіс тазалау процесіне күніне екі рет кемі үш минут бөлу қажет.

– Электрлік тіс щеткаларын жарнамадан жиі байқаймыз. Мұның қарапайым щеткадан айырмашылығы қандай? Ал тіс пастасын таңдау кезінде неге назар аудару керек?

– Иә, қазір тіс күтіміне арналған өнімдер көп. Электрлік щетка жақсы, бірақ сол нәтижеге кәдімгі щеткамен де жетуге болады. Ал тіс пастасын әр адамның шағымына қарай жеке таңдауға кеңес беремін.

– Қандай тағамдар мен сусындар тіске зиян?

– Тәтті тағамдарды көп тұтыну, газдалған сусындар, чипсы жеу, шылым шегу, кофе мен қою шай ішу, құрт, жаңғақ секілді қатты өнімдерді тістеу тісті зақымдайды.

– Тіс жұлдырудан қорқатын адамдарға қандай кеңес бересіз?

– Қазір технология дамыған заман. Анестетиктердің ауырсынуды басатын деңгейі жоғары. Сондықтан қорықпай нағыз маманға барсаңыз, тіс жұлу процесі ауырсынусыз, аз уақытта өтетінін сеніммен айта аламын.

– Тіс емханасына барғанда кез келген адам қобалжиды. Жұмыс барысында қызық жағдайлар болды ма?

– Мен ересектерден бөлек балаларды да қабылдаймын. Бір күні анасы үш жасар баласымен кеңес алуға жазылды. Кішкентай бала клиникаға кірмей жатып,»ойбай-ай, ойбай, мыналар мені өлтірейін деп жатыр» деп айғайлап жылап, келіп отырған науқастар мен қызметкерлерді күлкіге қарық қылғаны бар.

– Егер сіз стоматолог болмасаңыз, қандай мамандықты таңдар едіңіз?

– Журналистика саласын таңдар едім. Халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын бұл мамандық бала кезімнен қатты ұнайды.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!