Спорттың қай түрі болса да қажымас қайрат пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Онымен кәсіби түрде айналысатын кез келген адам моральді және физикалық тұрғыда мықты болу қажет. Себебі бәсекеге толы бұл салада «сыну» қауіпті. Десек те нәзік жан бола тұра, қайсарлығымен спорт саласындағы сындардан сәтті өтіп жүрген қазақ қызы көп. Осы орайда болашағын дзюдо саласымен ұштастырған ҚР спорт шеберлігіне үміткер Ақтоты Зәріппен сұхбат құрдық.

– Еліміздің атынан Әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдені қанжығаладыңыз. Осы бір тартысты кезең туралы айтып берсеңіз. Қарсыласты алдын ала зерттейсіз бе?

– Өзім алғаш қатысқан әлем чемпионаты тартысқа толы болды деп айта аламын. Грекияның Салоники қаласында өткен осы бәсекедегі жетістігімнің орны ерекше. Алғашқы белдесуімде франциялық спортшыны 8-0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өттім. Одан кейінгі қарсыластарым Өзбекстан, Марокко және Украина ұлтының палуандары болды. Әр спортшы өз елінің туын желбіретіп, күллі жұртшылыққа халқының қаншалықты мықты екендігін дәлелдегісі келеді. Осы әлем чемпионатында барымды салып, қазақ елінің жеңіс қоржынына күміс медальді сыйладым. Бұл менің асар асуымның, бағындырар белесімнің тек бастамасы деп білемін.

– Спорттың қай түрін алып қарасақ та, қыз баласына жат көрінеді. Ата- анаңыз, достарыңыз бұл спортпен шұғылдануыңызды қалай қабылдайды? Көптің көкейінде қалыптасып қалған осы бір стереотип туралы не айтасыз?

– Негізі көп ата-ана қызының дзюдо, бокс, күрес және тағы да сол сияқты қауіпті спорт түрімен айналысқанына қарсылық танытады. Оның да жөні бар, әрине. Расымен, спорт қыз баланың болмысын қатайтып, қатқылдық пен жаужүректілікке бейімдейді. Бірақ бір қызығы менің анам мен әкем, достарым сынды жақын адамдар спорт саласын таңдап, осы бағытта дамуыма жақсы көзқараспен қарады. Бұл саланың қиындығын білсе де, әрдайым қолдау білдіреді. Керісінше, мені және менің болмысымды мүлде білмейтін адамдар осы салада жүргеніме сын көзбен қарайтын. Бұл өзі бұрыннан қалыптасып қалған дүние. Әр адамның таңдауы мен қалауы бөлек. Мен спортпен айналысса да, бойымда бойжеткенге тән нәзіктік те бар. Барлық жағынан үлгеруге тырысамын. Кім не деседе, өз бетімнен таймаймын. Спорт – менің сүйікті ісім, жаның қалаған дүниемен шұғылданудың несі айып?

– «Бос уақытымда кітап оқимын, оның ішінде мотивациялық туындылар жаныма жақын» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Жан-дүниеңізге ерекше әсер еткен кітап туралы айта аласыз ба?

– Иә, уақытым болса кітап оқығанды ұнатамын. Соңғы оқыған кітабым Қайрат Жолдыбайұлының туындысы «Кемел адамды» ерекше атап өтер едім. Оған себеп: дүние бір теңіз іспетті. Егер адамның ниеті асыл мұрат пен биік мақсатқа құрылмаса, жарты жолда кемесі тесіледі. Тесілген кеме суға батып, жағаға жете алмайтыны сияқты, ішіне дүние толған жүрек те биік мақсатқа жете алмайды. Бұл кітап оқуға да, түсінуге де жеңіл. Бұл туынды қазақ зиялыларының дана ойлары мен құнды мағлұматтарға толы болды. Өмірді тереңірек түсініп, оны мағыналы етуге бейімдейтін секілді. Одан бөлек қыз балалардың құндылығы туралы һәм діни кітаптар оқығанды ұнатамын.

– Жетістіктерге қандай күш жетелейді? Өзіңіздің спорттық ұстанымыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Әрбір жеңіс – еңбек пен тердің арқасында келеді. Дзюдодан бөлек самбо және қазақ күресімен айналысамын. Осы уақытқа дейін бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және жүлдегері атандым. Одан бөлек, спартакиада ойындарының жеңімпазы және жүлдегері, самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, дәл осы спорт түрінен Азия чемпионатының қола жүлдегері, қазақ күресінен Қазақстан кубогінің жеңімпазы болдым. Мұның бәрі тынымсыз еңбектің арқасы. Жаттығуларды қалт жібермеймін, сол үшін де еңбегім зая кетпесін деп әрқашан жеңіс тұғырынан көрінгім келеді. Бұл менің ғана емес, әр спортшының арман-тілегі. Мен де пендемін, менің де жеңіліс тапқан, ұнжырғам түсіп, үйіме қайтан кездерім болды. Дегенмен жеңіс бар жерде жеңілістің де қатар жүретінін білемін. Бір рет ұту – ауыртпалықсыз тағы да ұтуды білдірмейді, бұл ұтылуға да қатысты. Жеңіліс тапқан кезде сынып қалуға болмайды. Сол үшін алдын ала бәрін көтере білу керек, осы кезеңге дайын болу қажет. Менің ең басты қағидамның бірі – тоқтамау. Тоқтаусыз әрекеттен түбінде нәтиже шығады. Жарыс алдында өзімді дайындаймын. Сол кезде психолгиялық тұрғыда қорқыныш болмайды, күшпен қатар тактикалық жағынан да шымыр боламын.

– Өзіңізді формада ұстап қалу үшін қандай жаттығуларға көп көңіл бөлесіз? Қажитын, спорттан шаршайтын кездеріңіз болды ма?

– Иә, формада жүргендіктен жаттығуды үзбеймін. Жарыс жақындаған сайын өзімді бір қалыпта ұстауға тырысамын. Тек қана жаттығумен шектелмей, өзімді күтемін. Салқын тигізбеуге, ауырмауға тырысамын. Себебі жақсы формада жүріп ауырып қалсақ, дене босап, айлап жасаған жаттығуларымыз зая кетуі мүмкін. Осы үшін көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Уақытылы жаттығу, қатаң режим – менің жеңісімнің басты алғышарттары.

– Спорттағы үлгі тұтар тұлғаңыз кім? Ол кісімен бетпе-бет жүздесу бұйырды ма?

– Биыл спорт саласында жүргеніме 12 жылдай болып қалды. Көп спортшылар «кумирім жоқ» деп жатады, дегенмен қандай да болсын бір спорт түріне алдымен адам бір адамның көмегімен келеді ғой. Өзге спортшының ақылы, әдіс-тәсілі, тіпті айтқан сөзі сізге әсер етуі мүмкін. Сол секілді менің ең бірінші үлгі тұтатын адамым – менің жеке бапкерім Жанар Дүйсекенова. Ол кісі маған мектеп бола білді. Бойыма мынадай қасиетті сіңіруіме ықпал етті: бірінші тәртіп, содан соң ғана нәтиже. Айтып өткенімдей, кез келген спортшы жеңіліс табады. Менің де солай жарақат алып, көңілім құлазыған кездерім аз болмады. Сол кезде маған аяққа тұруды, бәрін көтере білуді, уақытылы жүруді үйреткен – менің бапкерім.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар?

– Қазір жаттығуым жалғасуда, алдағы уақытта ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол додаға дайындық үстіндемін. Ал одан кейін Әлем және Азия чемпионатына жолдама алып, тағы да көк байрағымызды жеңіс трибунасында көтергім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!