Соңғы уақытта заманауи қазақы нақыштағы киімдер трендте. Қиялына қарай түрлі суреттер мен ел тәуелсіздігіне елеулі еңбек еткен ата-бабаларымыздың айтқан сөзін, алашордалықтардың бейнесін арнайы тапсырыспен киімге бастырып алатындардың да қатары қалың. Бұл бүгінімізді жасаған өткен күннің қаһармандарын ұмытпайтынымызды, жадымызда қайта жаңғыртып жатқанымызды білдіреді.
Кейіпкеріміз Асқат Мырзабай – жас кәсіпкер. Киімге принт басу арқылы өңірде ғана емес, өзге қалаларда да жеке брендін дамытып келе жатқан азаматпен кәсібі мен алдағы жоспарлары жөнінде тілдескен едік.

– Асқат, киімге принт басу идеясы қалай туындады?
– Өзім Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Рекрутинг және мансап» басқармасында қызмет етемін. Киімге принт салу идеясы студент кезден ойда болды. Ол кезде кәсіп бастау қаржылық жағынан қиын соқты. Жақсы идея – жарты жеңіс. Араға уақыт салып аталған кәсіпті 3 жігіт болып 5 ай бұрын бастадық. Елнұр Әбілқасым, Нұртілек Тоқтасын үшеуміз студент кезден доспыз. Нұртілек – университеттің медиа орталығында қызметкер. Елнұр риэлторлық компанияда жұмыс істейді. Яғни, принтпен киім дайындау біздің қосымша табысымыз. Бірақ бастамамыздан табатын табысымыз айлығымыздан көп. Ең бастысы хоббиіміз сынды сүйікті істің бірі. Үшеуміз жұмыстан кейін жиналып, барлық тапсырысты кешкі уақытта жасаймыз. Барлық керек-жарақ, техникаларды үшеуміз қаржы жинап сатып алдық. Қазір осы кәсіпке құйған ақшамыз ақталып, тұрақты пайда түсіруде. Негізінен бізге көбіне жеке компаниялар, мектептер, жеке орталықтар, ойын-сауық орталықтарынан ұжымдық киімдер дайындауға тапсырыс түседі. Ал жеке адамдардан көбіне сыйлық ретінде арнайы мерекелерде жиі тапсырыс қабылдаймыз.
– Жұмыс барысына тоқталсаңыз…
– Киімнің барлық түріне принт әзірлейміз. Негізі киімге принт басудың 4 түрлі механизмі бар: сублимация, ДТФ, флекс, тігін. Аталған механизмнің кез келген түрімен түрлі матадағы киім, материал, саптыаяқ, блокнот, ыдыс-аяқ, шоппер сынды заттарға принт жасаймыз. Осы уақытқа дейін өңірдегі университет, колледж, мектеп, ресторан, кафелерге көптеген мерч дайындап бердік. Сайлау кезінде партияларға агитациялық жұмыстар үшін арнайы киімдер де дайындадық.
Дәл қазіргі сәтте Алматы қаласындағы бір компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Ай сайын тұрақты 1000 дана жұмыс дәптері және 1000 дана блокнот жасап салып жіберудеміз. Яғни, киімге принт басудан бөлек кішігірім копицентр ретінде де қызмет көрсетеміз. Орталықтың өзі, әлеуметтік желідегі парақшалары «Qazaq vibe» деп аталады. Себебі алғаш кәсіп бастайтын кезде тек қазақы нақыштағы дүниелер дайындаймыз деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ тұтынушылар сұранысына байланысты әртүрлі бағытта жұмыс атқарудамыз.
– «Бай болу үшін кәсіп керек» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Кәсіпті дамыту үшін жоспарлы жұмыс қажет. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Алдағы уақытта «Qazaq vibe» қазақы нақыштағы заманауи киімдер дүкені желісін ашып, жеке бренд қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Республикамыздың көптеген қалаларынан филиал ашсақ деп ойлаймыз. Әзірге бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін тек дизайнерлермен киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Бұйырса, жыл соңына дейін заманауи, күнделікті өмірге де икемделген қазақы нақыштағы киімдер тұтынушыларға ұсынылатын болады. Арманымыз айқын. Жоспар көп. Бастысы, үшеуміздің достығымыз, бірлігіміз бекем болсын. Тәуекел етіп, тынымсыз әрекет жасасақ, қолдан келмейтін, іске аспайтын арман жоқ деп ойлаймын.
Жаңа бастамаларға сәттілік!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!