Өңірге қарасты Қармақшы ауданынан 80 шақырым жерде орналасқан Шах-Шах шатқалынан динозаврдың сүйегі табылды. Бұл дерекке байланысты облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Асхат Сайлаумен сұхбаттастық. Білікті маман бұл жерді палеонтологиялық кешен ретінде ашып, ЮНЕСКО-ның қорғауындағы тізімге алуды ұсынады. Айта кетейік, біздің елде мұндай үлгідегі 7 ғана кешен бар.

– Асхат Қожагелдіұлы, таяуда ғана өңірден табылған динозавр сүйегіне байланысты айтып өтсеңіз… Қазір әлем қызығушылығын тудырған сияқты.

– Бұл – тарихқа дейінгі кезең. Біздің ғылым әлі оған қызығушылық таныта қойған жоқ. Негізінен күн жүйесінің пайда болғанына 4 жарым миллиард жылдан астам уақыт болды. Ғалымдар археозой, палеозой, мезозой және кайназой деп төрт кезеңге бөліп қарастырса, біздің өмір сүріп жатқан кезеңіміз – төртіншісі. Динозаврлар 230-240 миллион жыл бұрын пайда болған. Оны триас кезеңі деп атайды. Олардың тіршілігінің гүлденген уақытын юра және бор дәуірі. Қармақшыдан табылған динозаврға келсек, ол мезозой эрасының бор кезеңіне жатады. Бұл біздің өңірден табылғандықтан аралозавр деп аталады. Палеонтолог Анатолий Рождественский алғаш тауып, тарихқа осы атпен енген.

– Қазір облыстық тарихи өлкетану музейінде тұрған аралозавр осы ғой…

– Иә, дұрыс айтасыз. Бізде музейде қазір палеонтология және табиғат залы ашылды. Бұл залды ашуға түрткі болған дүние – музей қорындағы динозавр сүйектері. Мен осында жұмысқа келгенде сүйектер кіріспе залында тұратын. 2015-2016 жылдары музейге экспозиция жасаған кезде де солай тұрған. Ал жаңа музей ашылған кезде бізге осындай бөлім құру идеясы келді. Басшымыз Сапар Алиасқарұлы осындай жаңалыққа жаны құмар, тың бастаманы жақсы көретін жан. Неге бізге палеонтология залын ашпасқа деп ойландық. Музей қорындағы бар заттарды зерделей келе, 1958 жылы Қармақшыдағы Шах-Шах шатқалынан табылғанын көрдім. Осы деректі қуалай отырып, 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдардың басында Ресейде жарық көрген жұмыстардың ішінен біраз палеонтологтардың жазбаларын байқадым. Олардың әрбірінде 1958 жылы Қармақшы ауданының территориясынан табылған динозаврдың сүйегі табылғанын, оған 1968 жылы А.Рождественсикий деген палеонтолог аралозавр деп ат қойғаны үзік-үзік келтірілген.

Рождественскийдің айтуы бойынша, Шах-Шах шатқалы – Орталық Азиядағы ең бай фаунаға ие орындардың бірі. Мұнда теңіз жыланынан бастап, птерозаврларға дейінгі 6 түрдің, 50-ден астам омыртқалы жануар түрі анықталған. Аралозавр – солардың бірі ғана.

Асхат САЙЛАУ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: Шах-шах шатқалын палеонтологиялық кешенге айналдыру керек

– Қармақшы ауданынан табылды, бірақ неге Аралозавр?

– Өйткені Арал өңірі – үлкен стратегиялық аймақ. Археологияда да Арал маңы, Арал аумағы деген географиялық тіркестер көп кездеседі. Сырдарияның төменгі ағысы, орта ағысы деген атаулар кейіннен дүниеге келген. Аймақ ол уақытта тұтасымен Арал өңірі деп аталған. Сондықтан аралозавр деген атау берілді. Бізде арыстанзавр, батырозавр деген де бар. Бір түсінбейтінім, қазіргі адамдар оған күле қарайды. Шетелде де солай. Қай жерден табылды, сол жердің атын қояды. Мәселен, яксартазавр деген де бар. Мысалы яндертал адамы дейді. Біздің заманымызға дейінгі 30-40 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар Германияның Яндер өзенінен табылған. Сондықтан яндерталдық деп атап кеткен. Ғылымға солай енген. Күліп жатқан бір адам жоқ. Бірақ біздің арыстанзавр, батырозавр, аралозаврға күледі екен.

– Бұған не себеп?

– Бұл біздің қоғамның ғылымда әлі артта келе жатқанын көрсетеді. Өз дәрежесіне сай мән беріп жүрген жоқ. Палеонтология біздің кешегі зерттеп жатқан біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырларда өмір сүрген сақ кезеңінен басталатын зерттеу деп түсінеміз. Тіпті оның арғы жағында ең ежелгі қоныстар палеолит кезеңіндегі Қаратаудағы Арыстанды өзеніндегі Бөріқазған, Тәңірқазғанды айтып жүрміз дейік. Оның арғы жағында да тіршілік болды ғой.

Шах-Шахқа қайта оралайық. Қазан айында біз арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Бір күн болдық. Жетпіс жыл бұрын Рождественский қазған жердің топырағы кеше қазғандай болып жатыр. Ол жерде 2012 жылы бельгиялық ғалымдар қазба жұмыстарын жасапты. Олардың не істеп, не қойып, неге қазып жатқанына қызығушылық тудырған бір адам жоқ. Жергілікті халық ол жерде динозаврдың сүйектері бар екенін біледі екен. Біз көп нәрсе сұрастырдық. Халық көп нәрсені біледі, бірақ ғылымға енгізу, жаңа нәрсе табу дегенге ешкім қызықпаған.

Біз барған кезде шатқалдан қар еріп, жылғалар пайда болғанда сол қар суының жолынан бірнеше сүйек таптық. Демек, сол жер қыртыстарында әлі де көп сүйек бар. Ол жердің табиғаты керемет. Ол жерлерден каньондарды, пәлен миллион жыл бұрынғы топырақ қыртысын да көруге болады. Қабат-қабат болып сақталып тұр. Динозаврлардың бор кезеңінде өмір сүргенін айтып өттік қой, ол жерден борды да табуға болады. Бор дәуірінің кристалдары да бар.

Асхат САЙЛАУ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: Шах-шах шатқалын палеонтологиялық кешенге айналдыру керек

– Асхат мырза, бұл бұрын табылған дүние. Сенсация деп айтуға бола ма?

– Иә, сенсация емес. Бірақ біз, қазақстандық экспедиция кеше бардық. Бізге дейінгі барғандар бір жыл қазып кете салмаған, бір қазба жұмысының өзі бірнеше кезеңнен тұрған. Бельгиялықтар табылған сүйектерді Қазақ ғылым академиясының палеонтология бөліміне өткізген. Осылайша елдеріне барып, Еуропаның ең мықты журналдарына мақала жазады. Біздің кемшілігіміз – осы ғылыми жаңалыққа мән бермегеніміз. Өзімізден табылған керемет жәдігерді, құнды дүниені көрмегеніміз.

Олардың жазбаларына сүйенсек, аралозавр – гадрозаврлар тұқымдасына (Hadrosauridae) жататын шөпқоректі динозавр. Оның ұзындығы шамамен 8-10 метр, биіктігі 3-4 метр болған деп есептеледі. Бас сүйегінің ерекшелігі – мұрын бөлігіндегі қуысты өсінділер, ол дыбыс шығаруға немесе жұптасу рәсімдерінде қолданылған болуы мүмкін. Табылған сүйектердің фрагменттеріне қарағанда, бұл динозавр өз заманындағы ең алғашқы ламбеозавриндердің (Lambeosaurinae) бірі болған.

– Демек, бұған дейін көңіл бөлінбеді. Палеонтологиялық жәдігерлерге назар салынбады. Неге?

– Себеп біреу. Бізде мамандар жоқ. Палеонтологтар жоқ. Мамандар болмағанның өзінде біз осы елдің перзенті ретінде үлкен палеонтологиялық аймақ ретінде тіркеп, мемлекеттік қорғауға алуымыз керек. Ол жер жай жатпау керек. Қазақтың кең даласында осындай қанша құндылық жатыр. Көз алдымызда тұр. Ал орыстар оны 70 жыл бұрын зерттеп кетті. Олар жазбасында Қазақстанда, Қызылордада, Қармақшыда табылды деп жазады. Бірақ тапқан, іздеген орыстар. Бұл аралозаврды мен ұлттық музейден де көрген жоқпын. Есесіне, Қызылордада, облыстық музейдің төрінде тұр. Мақтаныш емес пе?! Әрине.

– «Ештен кеш жақсы» дейді ғой. Бәлкім, туристік аймаққа айналдыру керек шығар…

– Әрине, бұл жерден біз палеонтологиялық кешен ашуымыз керек. Қазақстанда өзі 7-8 ғана палеонтологиялық кешен бар. Біз Шах-Шахты тағы зерттер болсақ, ол жерді үлкен аймақ етіп, қоршап, тарихи кешен ретінде мемлекеттік тіркеуге алуымыз керек. Жан-жағындағы табиғаты да керемет. Каньондардың өзі неге тұрады? Өзіміздің жерімізде де осындай кереметтер бар екенін көрсетуіміз керек. Қармақшыдан 80 шақырым жерде ғана жатыр. Жолын салып, баруға жағдай жасасақ, қандай керемет. Қазақтың кең жусанды даласы. Ол жерде тек Шах-Шах емес, бірнеше тарихи жер бар. Арғы жағында Жауқашты – жоңғарларды тоқтатқан жер. Тасын түртсең, тарихы төгіп салатын кереметтер бәрі. Біздің бір қасиетіміз, кері тартатынымыз. Әлеуметтік желіге салғанда да қоғамда орны бар, салмақты сөйлейді деген тұлғаларымыздың өзінің ойы ауласынан аспай тұр. Көп адам руханияттан алыстап, дүниенің айналасында қалған сияқты. Кейбірі тіпті Құран Кәрімде динозавр болмаған дегенді де айтып жүр.

– Дей тұрғанмен, палеонтология – адам қызықтыратын сала. Облыстық музейдегі аталған бөлімге келушілердің қызығушылығы жоғары шығар…

– Әрине, Еуропадан келген туристердің қызығушылығы керемет. Өйткені мұндай бөлім біздің елде аз. Алматыда бар, ұлттық музейде және Павлодардағы Ертіс музейінде бар. Көп жерде экспонаттар аз.

Асхат САЙЛАУ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: Шах-шах шатқалын палеонтологиялық кешенге айналдыру керек

– Кеше Шах-Шахтан табылған сүйекті біз палеонтология залынан көре аламыз ба?

– Ол сүйектерді Қармақшы ауданына тапсырдық. Динозаврдың омыртқа сүйегі болуы мүмкін. Сосын тағы біреуі тырнақ немесе тіс. Бұл жағдай ақпарат әлеміне шығып кеткен соң бізге жан-жақтан хабарласты. Ресей ғалымдары шықты.

Егер біз жоғарыда айтқандай, палентологиялық аймақ етіп қоршап, туристерге жағдай жасасақ, бір үлкен динозаврдың мүсінін қойсақ, қандай керемет. «Парк юрского периода» деген фильм бар. Сондағыдай етіп, динозавр мүсінін, суретін көрсетіп, танытсақ, әлем бізге ағылады. Ол жердің табиғаты осыған сұранып тұр. Адам қолы тимеген, қазылмаған жер көп, ЮНЕСКО-ға да ұсынсақ, өтіп кететіні анық. Ал оған енген аймаққа міндетті түрде туристер барады.

Тағы бір айта кетерлігі, шатқалға қарап тұрып, кезінде бұл маңда теңіз болғанға ұқсайтынын байқадым. Шатқалда судың іздері сайрап тұр. Бәлкім, осы жердің бәрі теңіздің табаны болуы ғажап емес. Мұхит болуы да мүмкін. Қазір Аралдың теңізінің орны бар ғой, бұрынғы жағасы. Дәл сондай болып тұр. Олай деуімізге тағы бір себеп: Рождественский бұл жерден тек динозавр емес, құстардың да сүйегі табылғанын айтқан.

– Палеонтология залына кіргенде алдыңызда аралозаврдың қаңқасы тұр. Бір уақытта дауыс шыға бастайды. Қай тұсымнан келіп қалады екен деген қорқыныш та болатынын айту керек. Осы дауысты қалай, қайдан алған?

– Қазір әлемдік ғылым көп дамыған. Динозаврдың табылған бас сүйегіндегі кеңсірігі, тұмсығы, ауа жұту тесіктері арқылы оның дауысының да қалай шыққанын анықтай алады. Ауыз қуысын зерттеу арқылы динозаврдың дауысын салатын дәрежеге жеткен. Ал біз қазақ «әлемде динозавр болмаған» деп әлі жүрміз. Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Қазаққа ғылымның шыңын бағындыратын уақыт әлдеқашан келді.

– Біздің музейде тұрған экспонат – аралозавр. Оны кім, қалай жасады?

– Музейді жасаған жігіттерге біз Алматыдағы музейге кезінде бельгиялық ғалымдар тапсырған сүйектердің барын айттық. Соған бағыт-бағдар бердік. Олар сипаттама бойынша жасап шығарды. Жасауға болды, өйткені оның бас сүйегі тұтас табылған. Міне, сол бойынша жасап шығарған аралозавр қазір біздің палеонтология залында көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Егер арыстанозавр, батырозаврлардың бас сүйектері табылып жатса, дене тұрқы зерттеліп жатса, оларды да жасап қоюға болады.

Қазіргі балалар мұндайды тек ертегіден, фантастикалық кинолардан ғана көрген. Биіктігі екі жарым метр, ұзындығы 8 метр, салмағы 5 тоннаға дейін барған, жағында үш қатар тіс, мың шақты тісі бар аралозаврды көру, жанына жақындап бару олар үшін өте қызық болары сөзсіз. Тек балаларға ғана емес, үлкендерге де ерекше қызық.

– Ендігі жоспар қандай? Шах-Шах шатқалы келер жылы зерттеле ме?

– Жоспар бар. Келер жылы барлау жұмыстарын жасағымыз келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!