Аспан әлемі шексіз кеңістікке деген құштарлықпен, ізденіспен өрілген адамзат баласының ежелгі арманының бірі. Көкте самғау, бұлттарды кесіп өту, қыран құстай еркіндікке ұмтылу – жанға жақын ерекше сезім. Әуеге көтерілу алғаш рет қанат жайған балапанның ұясынан ұшып шығуымен тең. Ол жаңа әлемге жол ашып, жан мен тәннің жеңілдігін сезіну, шексіздіктің құдіретін тану, өзіңмен өзің қалу сәті десек қателеспейміз.
Мұндай сезім мен эмоцияны авиация саласының мамандары жақсы біледі. Ұшқыш болу – тек мамандық емес, бұл арманды шындыққа айналдыру, көк аспанның құпиясын ашу және адамзаттың қолы жетпейтін биіктерге қол жеткізу жолы. Осы орайда «Азаматтық авиация академиясының» үздік түлегі, «Qazaqair» әуекомпаниясының ұшқышы Мәди Оразбаевпен әңгімелескен болатынбыз. Мәди – өз ісіне берілген, көкке самғаған 23 жастағы жас ұшқыш. Ол – бала кезіндегі арманын мақсатқа айналдырып, талпыныс пен еңбектің арқасында кәсіби маман атанған жастың бірі.
– Сұхбатты жиі қойылатын сұрақтардың бірімен бастасақ. Неге авиация саласын таңдадыңыз? Бұл бала Мәдидің арманы ма?
– Иә, кішкентай Мәдидің арманы десем болады. Бала кезімнен авиацияға қызығып өстім. Ұшақ пен әуежайды көргенде тұла бойым ерекше сезімге бөленетін. Осылайша болашақта ұшқыш боламын деген нақты шешім қабылдадым. Арманымды мақсатқа айналдыру үшін қолымнан келгенше іздендім, оқыдым, білім алдым.
Авиацияға келудегі алғашқы қадамның бірі 2013 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсу болды. Оқу барысында космонавтика саласы, оның ішінде ракета құрылысын зерттеуді бастадым. Бұл ғарыш әлеміне құштарлығымды бұрынғыдан да арттырды.
2018 жылы үлкен өмірге аяқ басып, «Азаматтық авиация академиясына» оқуға түстім. 5 жыл теория мен практиканы ұштастырып, тәжірибе жинадық. Өткен жылы маусымда академияны үздікке тәмамдадым.
– Алғаш ұшқаныңыз есіңізде ме? Қандай әсер алдыңыз?
– Әуеге бірінші рет көтерілуім жадымда мықтап сақталды. Сол бір қас-қағым сәтте өзімді аспан әлеміне көтеріліп, қанаттары жайылып, еркін самғап бара жатқан қырандай сезіндім. Әрине, қуаныш пен толқу да болды. Терезеден көрінген кең дала мен асқар таудың көрінісі ертегідей әсем, ерекше әдемі болатын. Ұшақтың самғаған сәтіндегі тыныштық пен жеңілдік сезімі – мен үшін бұл дүние жүзіндегі ең керемет сәттердің бірі еді. Сол кезде аспанның құдіретін, шексіздігін және біздің арман мақсаттарымыздың да соншалықты биік болуы керегін түсіндім.
Нақтырақ айтатын болсам, алғаш рет 2020 жылы жеңіл ұшақпен жалғыз өзім Тараздан Түркістан қаласына ұштым. Бұл академиядағы практикалық дәріс болғаннан кейін жалғыз ұшуға мүмкіндік берілді. Ал кәсіби маман ретінде алғаш рет Астана-Петропавл бағытындағы ұшақты тізгіндедім.
– Мансабыңызға тоқталсақ, бүгінде қай жерде жұмыс істейсіз? Қандай ұшақты басқарасыз?
– Академияны аяқтағаннан кейін Қазақстандағы әуекомпаниялардың бірі «Qazaq air»-ге жұмысқа шақырту алдым. Бұл мен үшін керемет мүмкіндіктің бірі болды. Еңбек жолыма кіріспес бұрын Швеция мемлекетінің астанасы Стокгольм қаласында 1,5 ай оқу оқыдым. Бүгінде Bombardier Q400 әуе кемесінің екінші ұшқышы қызметіндемін.
– Әуедегі Мәди мен өмірдегі Мәдидің айырмашылығы бар ма? Ұшқыш болу сіздің жеке өміріңізге қалай әсер етеді?
– Аспанда да, жерде де әрдайым жақсы көңіл-күймен жүруге тырысамын. Әрине, әуеде ұшып жүрген сәтте керемет сезімге бөленеміз. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұшқыш болу – бүкіл өміріңді осы мамандықпен байланыстыру деген сөз. Сол себепті уақытыңның көп бөлігін жұмысқа арнайсың. Бұл жеке өмірге уақыттың тым аз болатынын білдіреді. Дегенмен адам кез келген жағдайда өз өміріне уақыт тауып, барынша үлгеруі тиіс деп ойлаймын.
– Назарбаев Зияткерлік мектебінде космонавтика саласын зерттегеніңіз туралы айттыңыз. Ракета тізгіндеу ойда бар ма?
– Мектеп кезінде авиацияға құштарлығым осы космонавтикадан басталған болатын. Бір сөзбен айтқанда, авиацияға келуіме себепкер болды. Болашақта космонавтикаға келуге қандай да бір мүмкіндік болса осы салада жұмыс істеп, өзімді сынап көргім келеді.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «аспандағы өмір» деген жазбаны байқадым. Аспан сіз үшін нені білдіреді?
– Аспандағы өмір – менің өмірімнің мәні. Сондықтан бұл тіркес мен үшін маңызды рөл атқарады. Аспан әлемі керемет сезімдер сыйлайды және де мені шабыттандырып, болашаққа деген үмітімді арттырады. – Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!