Блогер – заманауи ақпарат кеңістігінде жарқырап көрінетін жарық «жұлдыз». Олар әлеуметтік желі арқылы қоғамға ой салып, пікір қалыптастырады, сананың тереңіне үңіліп, қоршаған әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді. Әрбір жазылған мәтіні мен түсірілген бейне, бөліскен суреттері де креативке толы.

Өнер иелері, аузы дуалы би-шешен, сүлейлер, кейінірек инноваторлар шыққан Сыр елінде қазір білгенін сана сүзгісінен өткізіп, кең аудиторияға ой сала білетін блогерлер бар. Қызылордада Aveadikus-тың есімі жұртшылықтыққа жақсы таныс. Іnstagram-ды аша қалсаңыз, оның контентін көзіңіз бірден шалады. Осы орайда халықтың сүйікті блогеріне айналған, оқырманды қызықтырып, шолулары арқылы көрнекі орындарды насихаттап жүрген, Aveadikus лақап атымен танымал Әділет Әшірбекпен әңгімелестік.

Сұхбат барысы кейіпкеріміздің балалық шағынан басталды. Білуімізше, ол мектепті үздікке тәмамдаған. Ал бала Әділет нені армандаған екен?

− Әкем, анам, жалпы туысқандарым интелегент отбасы болды. Әжем 35 жыл білім саласында еңбек еткен ардагер, анам да мұғалім. Әпкелерім мектепті үздікке оқыған. Сабақ оқуға құштарлығымыздың жоғары болуы ата анамыздың еңбегі. 4 жасымнан бастап хрестоматия мен көркем- әдеби кітаптарды оқуға баулыды.

Мектепті жақсы оқыдым. Ол уақытта ҰБТ-ның шекті балы 125 еді. Бұл тесттен 116 ұпай жинадым. Мектеп қабырғасында жаратылыстану бағытындағы пәндерге икемім болмады. Бірақ бойымдағы талпыныс пен ұмтылыстың арқасында білуге, оқуға, ізденуге жақын болдым. Өзімді қинасам да, алғыр болуға ұмтылдым. Бала Әділеттің арманы бүгінгідей халық алдында жүру еді. Өз пікірімді, идеологиямды жеткізсем деген ой болды, − дейді ол.

Бүгінде қызылордалық жастармен қатар аға буын өкілдері де Aveadikus-тың шолуларын үзбей қарайды. Оның парақшасындағы видеолар жоғары қаралым жинап жатыр. Айтуынша, блок жүргізуге ешнәрсе түрткі болмаған. Кезінде оқушы Әділеттің әлеуметтік желісіз-ақ «тірі» оқырмандары болған.

− Ол кезеңде Іnstagram болмады. Бірақ өз ортамда танымал едім. Қазіргі тілмен айтқанда, мектепте «тірі» оқырмандарым болды. Ал әлеуметтік желі пайда болған соң барлығы виртуалды әлемге айналды. Блок жүргізіп бастауыма ешнәрсе түрткі болмады. Бұрындағы хит желінің бірі агент пен Вконтактеде де оқырмандардың саны көп болды. Енді Іnstagram-ға ауыстық, − деп жауап берді Әділет.

Халықпен, айналамен тығыз байланыс орната білген кейіпкеріміз 12 жасында өзін блогер ретінде сезінген. Әрине, ол тұста мұндай түсінік болмады. Бірақ камерасы бар ұялы телефоны арқылы сол жылдардың өзінде-ақ шолу түсіріп, жариялаған. Ал 2016 жылы адамдар қызығушылық танытып, көшеде тани бастаған. «Қазір әбден үйреніп қалдық» деп сөзін жалғады ол.

«Блогерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары»

− Блогер халыққа өнім ұсынғандықтан, оның қоғам алдындағы жауапкершілігі өте жоғары. Себебі аңдамай сөйлеу, жат қылық халықтың ойында қалады. Сонымен қатар аудитория тарту мәселесінде де абай болған абзал. Сол үшін біз жарнама қабылдауға қатаң қараймыз. Мәселен, тағамдарды жарнамалайтын болсақ, алдымен сол жерге барып, өзіміз көз жеткізуге тырысамыз. Егер сәл болса да дұрыс емес әрекет байқасақ, біз ол тауарды халыққа ұсынбаймыз. Арнайы критерий бойынша талап қоямыз. Алкоголь, лоторея, букмекерлік кеңселер секілді адам жинауға бағытталған, халықты адастыратын бағыттағы өнімдерді мүлде жарияламаймыз.

Парақшадағы видеолардың 60% жарнама. Ал қалған бөлігі өзімнің қызығушылығыммен, өз қаржыма түсірілген бейнелер.

Қазақ тілді контенттің өткені, бүгіні мен болашағына тоқталсақ, бұрын ахуал нашарлау болды. Қазақ тіліне сұраныс қанағаттандырылмады, контент мүлде болмады. Әуеліде өзімізге таныс Youframe, Nagumusha сынды жастар блог бастады. Әрине, орыс тілінде. Ал YouTube платформасындағы қазақ тілді контентті өзім бастадым. Халық көрді, сұраныс артты. Бүгінде қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген блогер көбейді. Сол үшін ана тілдің болашағы жарқын болатыны сөзсіз, − дейді Aveadikus.

YouTube желісін тілге тиек еткенде, арнайы курсы туралы сұрастырдық. Әділет бүгінде 2 курс бойынша оқыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Канал ашу, жүргізуі, дамыту, видеоны ұсыну секілді маңызды тақырыптармен қатар монетизацияға өту және ақшаны қалай алу туралы да үйретеді. Кейіпкердің өзі ютубер ретінде шолу видеоларын тамашалағанды ұнатады.

«Мұнша адам келеді деп ойламадық»

Әр адамның өмірінде естен кетпес, жүрегіне жылу сыйлайтын оқиғасы болады. Әділеттен блогерлік өміріндегі есте қалған қызықты оқиға туралы айтып беруін сұрадық.

– Әрине, есте қалған сәттер өте көп. Солардың бірі − қызылордалық оқырмандармен кездесу еді. Онда 50- 60 адам көлемінде ғана адам келеді деп ойладық, бірақ жалпы есеппен 100 адамға дайындалып, сыйлықтарымызды әзерлеген едік. Нәтижесінде мыңнан аса адам жиналды. Елестетіңізші… Шок күйде болдық шынымен.

Ал алдағы уақытқа жаңа жоба әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ өзгеше стильдегі видеолар түсіреміз, − деп жауап берді ол.

Блогерлікпен қатар Aveadikus кәсіп жолындағы алғашқы бастамасын қолға алды. Оның айтуынша, анасы мен келіншегіне ашып берген «Avebobek» онлайн дүкенінің тұтынушылары көп. Бұл дүкенде 6 жасқа дейінгі балаларға арналған сапалы киімдер сатылады. Болашақта дүкен ретінде ашылулары да мүмкін екенін айтты.

Құрметті оқырман, «Ақмешіт жастары» газетінде жастар мәселесін көтерумен қатар, сіздерге пайдалы һәм мотивация беретін сұхбаттар әзірлеуге тырысамыз. Сол үшін бүгінгі кейіпкерімізден жастарға қандай кеңес беретінін сұрадық.

− Ең басты айтарым, 18 жаста бір іспен ғана шектелуге болмайды. Өзіміз де «25 жаста ақыл тоқтатамыз» деп айтамыз ғой. Сол үшін 25 жасқа дейін түрлі салада еңбек етіп, өзіңіздің мықты тұсыңызды анықтау қажет. Ересек жасқа келгенде сіз өзіңізге не қажет, қай бағытта жұмыс істеуіңіз керек екенін білесіз. Сұрағыңызға нақты жауап тапқан соң, сол салада еңбек етіп, білікті маман, жетістікке жететін, орны қалыптасқан тұлға боласыз, − деді Әділет Әшірбек.

Расымен, жастық шақ − бұл ізденіс пен өсу кезеңі, ал осы уақытты тиімді пайдалану болашақтағы кәсіби жолды айқындайды.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!