Транспорттың түр-түрі саяхатқа бірдей қолайлы емес. Әсіресе ұзақ сапарда жолда қалу қауіпі жоғары. Десек те Дәулет Мүрсал мен жары Карина Мүрсал көлікпен саяхаттаудың кереметін айтуда. Шартарапты шарлаған отбасымен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Мамандығыңыз –  медицина. Ал көлікпен саяхатқа уақытты қалай табасыз және идея қалай келді?

– Иә, хирург дәрігер ретінде жеке емханада жұмыс істеймін. Жылына 30 күн еңбек демалысым бар. Саяхаттау үшін сол уақытты пайдаланамыз және мейрам күндерін де қалт жібермейміз. Келіншегім екеуміз әр сәттің есте қаларлықтай өткенін қалаймыз. Мәселен, Наурыз мейрамында 1 аптаға Грузияға, шілде айында Маңғыстауға барып келдік. Ал қарашада еңбек демалысының жартысын алып, Түркияны шарлап қайттық. Осылайша 10 мың шақырым жолды артта қалдырдық.

Тоқтаусыз көлік жүргізу оңай емес. Түркияға жеткенше және кері жолда 5 күн бойы 12-14 сағаттан рөлде отырдым. Күш-қуат соған кетеді, жалығып кетесің. Бірақ қиыншылықтың бәрі ұмытылады. Есте тек саяхаттың ерекше әсері қалады. Қалаған жеріңе аз шығынмен барам десең, құрбан ету керек. Біздің жағдайымызда бұл уақыт пен жол.

Блогымыздан саяхаттауымыздың эволоциясын байқауға болады. Алғашқыда қолымызда түк болған жоқ. Соған қарамастан 2019 жылы Өзбекстанға бардым. Хостел және коучсерфингтарда тұрып, қоғамдық көліктермен саяхаттадым. Кейін таныстардан палатка, төсекқап және рюкзак алып, автостоппен Қырғызстан мен Маңғыстауға сапар шектік.

2020 жылы саяхаттық жабдықтарды алып, әкем берген приора көлігімен саяхаттай бастадық. Өткен жылы 22 күнде Өзбекстанды сол приорамен аралап келдік те, саяхат барысында бізге автоүй керек деп шештік. 2023 жылдың тамызында Volkswagen T3 минивэн көлігін алып, Шығыс Қазақстан облысына бардық.

– Көлікпен ұзақ сапарға шығудың қауіпі де бар. Осы жағына тоқталсаңыз. Келеңсіздік орын алды ма? Немесе қандай қызықты жайттар болды?

– Көлікпен ұзақ сапарға шығуға қорықпау керек. Ең бастысы, сенімді көлік. Біздің көлік 1986 жылғы. Бірақ 10 мың шақырымды сыр бермей өтіп шықты. Әрине көлікке жақсылап көңіл бөлген жөн. Жолға шықпас бұрын алдын ала дайындалып, қосымша бөлшек пен кілттерді алып жүремін. Екі жылдық көлікпен саяхатымызда мәселелер туындаған жоқ. Бір рет Өзбекстанда дөңгелек дискі майысып қалып, шиномонтажға апарып түзеткеніміз бар.

Ал 2022 жылы Ақтөбе облысының Аққұм жеріне барып, құмына батып қалғанбыз. Солай Алтай Батыр ауылының жігіттері көлікті шығаруға көмектесті. Мұның бәрі саяхаттың қызық естеліктері ретінде естен кетпесі анық.

 – Көлікпен саяхат жасау қаншалықты ақша үнемдейді? Бұдан өзге артықшылықтары қандай?

– Негізі көлікпен саяхаттау арзан емес. Баға қалтаға қонымды болу үшін белгілі талаптарды ескеру керек. Мәселен, газ, яғни арзан жанармай қолдану қажет. Екі адамнан артық болмау. Сондай-ақ палатка немесе көлікте қонуды жоспарлаған жөн. Бұл да шығынды азайтады. Тіпті тағамды да сыртта сатып алмай, әзірлеген тиімді. Егер осы шартты бұзбаса, көлікпен саяхат арзан болады. Шекарадан өткеннен кейін қойылатын талап та бар. Яғни көлік құжаты таза әрі сақтандыру да мерзімінде болу тиіс.

Көлікпен саяхаттың басты артықшылығы – еркіндік. Қайда, қай жолмен баратыныңды, қай жерде тоқтайтыныңды өзің шешесің. Ешкім асықтырмайды. Қазақстанның көп жерлерінде дұрыс инфрақұрылым жоқ. Сондықтан бұл саяхат түрі ең тиімді деп ойлаймын.

 – Саяхатқа деген қызығушылығыңыз артпаса кемімейтін тәрізді. Жалпы, сіз үшін саяхат деген не?

– Саяхат – кең дүниені тану. «Ауылынан шықпағанның ақылы ауылдасынан озбайды» деген сөз бар. Саяхат ой-өрісті кеңейтуге, таным-түсінікті арттыруға мүмкіндік береді. Стереотипті бұзады. Әлемнің алыптылығын, адамдардың жақсылығын және әртүрлілігін түсіндім. Барып, өз көзіңмен көргенге дейін ой түйіндеу қате шешім. Сондықтан әлемді аралауға, жайлы күйді сезінуге кеңес берер едім.

Осыған дейін саяхаттаған жеріміз аз емес. Әзірше жылына 2 мемлекетке баруды жоспарлап жүрміз. Одан бөлек, еліміздің көз жауын алатын, тарихқа тұнған, тұмса табиғаты бар өңірі өте көп. Оларды аралап жүру де шетелге барғаннан кем емес. Әйтеуір саяхатымыздың саябырсымайтыны сөзсіз.

Жақында оқырмандар арасында сауалнама жүргізген болатынмын. 40%-ында шетелдік төлқұжат жоқ, шетелге де шығып көрмеген. Егер шынайы статистикаға жүгінсек, жағдай одан да жаман екенін көреміз.

– Саяхаттауда тіл білудің маңызына тоқталсаңыз. Жалпы шетелдіктер сырттан келген туристі қалай қабылдайды?

– Тілді жетік білмеймін. Ағылшын тілінен деңгейім Pre-Intermediate деп ойлаймын. Бірақ шетелдіктермен сөйлесуге ұялмаймын. Айтарымды анық түсіндіре аламын. Тіл білмеу – әбестік емес. Соның салдарынан шеңберден шыға алмау бұрыс. Гаджеттер арқылы тікелей аударма жасап, тіл та­бы­суға бо­ла­ды. Түркияда болғанда түрік тілін тез үйрендік, өйткені ол қазақ тіліне ұқсайды. Адамдармен түрікше-қазақша-ағылшынша ара­ластырып сөйлестік.

Сая­хат бары­сында ад­ам­­­дар­ға жы­­лы қа­рай­мыз. Өкінішке қарай, көбі өзбек, қырғыз қазақ­тарды жек көреді деп ой­лай­ды. Шындығында жағдай мүлдем басқа.  Егер сәлемің түзу, ниетің дұрыс, сол елдің мәдениеті мен тілін құрметтесең, саған да ықылас білдіреді. Бізге Ресейден басқа барлық жерде жылы қарады. Қонақжайлығын көрсетуге тырысады. Қолдан келгенді аямайды. Неғұрлым туристік емес, жергілікті халық тұратын жерге барсаңыз, соғұрлым сол халықтың қонақжайлығын көру мүмкіндігі жоғары. Өйткені туристік жерде туристерді ақша ретінде ғана көреді. Түркияға саяхатымызда тіпті танымайтын түріктердің үйінде де қонып шықтық.

Сұхбаттасқан

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!