Баян АХАТАЕВА,
«Қара шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі:
– Баян ханым, Сыр өңіріне қош келдіңіз! «Қара шаңырақ» қоғамдық қорының негізгі жұмысына тоқталсаңыз? Қай бағытта жұмыс істейсіздер?
– “Қара шаңырақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылып, өз қызметіне кіріскеніне көп болмаса да, өз мақсатына сай ұлттық құндылықтарды ұлықтауда біршама жұмыстар атқарды. Соның ішінде бірлестік кеңес мүшесі Тұрар Саттарқызының жетекшілігімен “Сырлы Сарыарқа”, “Ертегі – ел ертеңі” клубтары пандемия әкелген қиындықтарға қарамай өз тыңдарманына жүйелі түрде қызмет етті. Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа аудандық әкімшілігі жанында “Жас отау” жас жұбайларға кеңес клубы аудандық АХАЖ бөлімімен бірігіп қызмет көрсетті. Осы клуб жиырмаға жуық жұптың ажырасуының алдын алды. Ажырасу қалыпты жағдайға айналған кезеңде бұл жақсы көрсеткіш деп білемін. Бүгінгі күні бірлестіктің еліміздің тоғыз өңірінде филиалы бар. Бүгінде ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, өңірлік Әйелдер кеңесімен бірлесіп, “Ана әлдиі” жобасын республика көлемінде жүзеге асыруда. Мақсат – тәрбиенің тал бесігін тербеген әлдидің үнін еліміздің барлық өңірінде әуелету. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, насихаттауда “Тілге бойлау” жобасы іске қосылады деп жоспарлануда.
– Қателеспесек, «Ана әлдиі» конкурсы қордың алғашқы ауқымды жобасы. Жалпы конкурстың өту деңгейі көңіліңізден шықты ма?
– “Ана әлдиі” республикалық деңгейдегі алғашқы шарамыз болғандықтан ұйымдастыру барысында кеткен кемшіліктер бар. Мысалы, еліміздің барлық өңірі қатыса алмады. Қазір өңірлік қорытынды кезеңге де кеп жеттік. Қызылорда әдеттегідей алғашқылардың қатарында. Өңірлік сайыс жеңімпаздары республикалық сайысқа жолдама алды. Бұйыртса, әуені мен әуезі келіскен әлдилерді әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихаттаймыз деген мақсатымыз бар.
– Сыр өңірі келіндерінің белсенділігіне қандай баға бересіз? Ұлттық дәстүрді берік ұстауда қай қала алдыңғы қатарда?
– Қызылорда – еліміздің қазақылығын, тіл тазалығын, ата дәстүрді сақтаған өңірлердің бірі. Бұл жолы да белсенділік танытуда. От басы, ошақ қасы отырған келіншектердің суырылып шығып, бесік жырын сайыстың шартына сай паш ете білуі, нақышына келтіре орындауы мен бейнероликтердің талғаммен жасалуы – жас аналардың руханият деңгейінің биік көрсеткіші. Бала тәрбиесінің темірқазығы іспетті аналар биік болса балалар да биік болады.
– Облыстық іріктеуден өткен жеңімпаздар енді республика көлемінде бақ сынайды. Онда қандай талаптар қойылады?
– Республикалық сайысқа жолдама алып, жол тартқан жеңімпаздар құрамында танымал композитор, жазушы, әнші және тіл маманы бар қазылар алқасының қатаң сынынан өтеді. Негізгі талап – әлди әуенінің құлаққа жағымдылығы, сөз сапасы, бейнероликтің мазмұнды, мағыналы көркем жасалуы.
– Қордың алдағы жоспарларына тоқталсаңыз?
– Өз тарапымнан жас, көпбалалы, жалғызбасты аналармен жан-жақты жұмысты жандандыру, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастыру, қоғамдағы ата, әке, аға мен іні, жалпы ер адамдардың рөлін нығайтуға бағытталған жүйелі, жоспарлы шараларды тәрбие мен білім беру орындарында ҮЕҰ бірлесе отырып жасаса деген ниет білдіремін. Себебі, Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әр отбасының беріктігі, ынтымағы, берекесі – Отанымыздың мызғымастығының кепілі. Біздің бірлестік те ортақ мақсатта тізе қосып қызмет қылуда аянып қалмайды. Елдегі ажырасу мәселесінің алдын алуда ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Бастапқыда біреудің жеке өмірі сияқты болып көрінгенімен, оның ар жағында тұтастай ұлттың тағдыры жатқанын әркез мойындауымыз керек. «Қара шаңырақ» жобасының мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін, мемлекеттік идеяның негізі болып отырған патриотизмді насихаттау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру. Ұлттық құндылықтарды темірқазық еткен, бәсекеге қабілетті, білімге құштар, бірлігі мықты қоғам құруда әрқайсымыздың еңбегіміз жана берсін!
– Қала қонағы ретінде қаланың даму бағытына қандай пікір қосар едіңіз?
– Негізі мен Сыр елінің тумасымен. Осында тұрмыс құрып, жолдасымның қызмет бабымен 17 жыл бұрын Астанаға қоныс аударған болатынбыз. Қазір қаламыздың сәулеті көз тартарлықтай, таза әрі әдемі. Жылдан-жылға қала аумағы да кеңіп келеді. Мәселен, Сол жағалау ықшам ауданы да қала қонақтарының көңілінен шығуда. Тек ғана ойландыратын мәселе – өңірдің климаты. Жалпы бұл мәселе өңір халқын ғана емес, әлемді алаңдатып отыр. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру қажет. Ауылдар да қартайып бара жатқандай көрінеді. Бір ғана Нағи Ілиясов ауылымен ғана мақтана аламыз. Осындай көпке үлгі боларлықтай ауыл санын арттырып қана жастардың ауылға деген махаббатын, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттыруға болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбатасқан
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!