Өркениетті елдердің дамуының алғышарты – мәдениетінің, өнердің озық болуы. Өңірде мәдениет саласының өркендеуіне аудандар мен ауылдық мекендердің қосар үлесі мол. Осы орайда Жалағаш ауданындағы Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінің басшысы Ерболат Ғабденұлымен сұқбаттасқан едік.

Мәдениет және спорт министрлігінің бірігуіне қаншама адам қарсы болды. Құптағандар да бар. Сіздің көзқарасыңыз қандай? Не өзгерді?
– Халықтың мәдени-рухани дамуы мен салауатты өмір салтын ұстануы үшін екі саланың маңызы өте жоғары. «Екеуі егіз ұғым» десек артық емес. Дегенмен де, мәдениет пен спорт өз алдына бөлек үлкен салалар. Сондықтан бір-бірінің көлеңкесінде қалып қоймай, әрқайсысының функциясына сәйкес жұмыстары өз дәрежесінде жүруі қажет деп білемін.
– Аудан мен ауылдарда мәдениет саласы дамымай қалды десек, қате. Қаншама таланттар бар. Дегенмен өнерге құштарлығы артып, енді ғана қадам басқан жас өскінге бағыт-бағдар беретін кәсіби мамандар айлығы шайлығына жетпейтін ауылдық жерге барғысы келмейді. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынуда? Үйірмелер жүргізуге, аспап үйретуге облыс орталығынан арнайы алынған мамандар бар ма?
– Қазіргі таңда аудан мен ауылдық мәдениет ошақтарында таланттарды тәрбиелеуде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Оларға жетекшілік жасап, бағыт-бағдар беріп жатқан тәжірибелі мамандар да жоқ емес. Десек те, ауылдық жерлерде маман тапшылығы бары жасырын емес. Сонымен қатар салалық министрліктің нормативіне сәйкес бекітілген штаттық кестеде ауылдық деңгейдегі мәдениет ұйымдарында мәдени қызмет көрсетуді үш ғана маманмен шектеген. Бір ауылдың мәдениетін, руханиятын дамытуда үш ғана маманмен жұмысты өз деңгейінде жүргізу әрине оңай емес. Жерлесіміз, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы да мәдениет саласындағы осы түйткілді мәселені жақсы көтерді. Алда бұл мәселе өз шешімін табады деген ойдамыз.
Мемлекет басшысы Жолдауында елдің әлеу­меттік-экономикалық қуатын арттырумен қатар мәдени-рухани келбетімізге де аса мән беруіміз керектігін ерекше атап өткенін білеміз.Бұл ха­лықтың рухани көңіл-күйін құлдыратып алмау жолындағы мемлекет ұстанып отырған оң саясат екені анық. Сонымен қатар, мәдениет саласы қызметкерлерінің де әлеуметтік жағдайы оң жолға қойылып, 2025 жылға дейін жалақы 2 есеге жоғарылайды деп күтілуде. Қазіргі таңда 70 пайызы жалақыға қосылып та үлгерді.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызмет­керлері күніне орай облыс әкімінің қолдауымен халықтық атағы бар «Алтын-Арай» халық ән-би ансамбліне тарту берілді. Бұл – сала қызметкерлеріне үлкен қолдау деп білемін.
Жалағаштық оқушыларға тегін не ақылы түрде қанша үйірме бар?
– Жастарды дәстүрлі халықтық көркемөнерге тартуда үйірме жұмысы маңызды рөл атқарады. Осы үйірме жұмыстарында жастардың шығармашылық белсенділігі мен дербестігін дамытуға жағдай жасалып, олардың бейімділігі мен қабілеттерінің қалыптасуының негізіне айналды.
Мәдениет үйі бойынша ақысыз негізде барлығы 13 үйірме жұмыс жасайды, оларға жалпы саны 141 өнерпаз қатысады. Үйірмелерге бірнеше таланттарды тәрбиелеген өз ісінің мамандары жетекшілік етеді.
Мәдениет үйі жанындағы үйірмелердің барлығы ақысыз негізде жүргізіледі. Мәдениет үйінде талантты жастарды халықтық өнерге баулуда, көркемдік шеберліктің тәсілдеріне үйретуде «Бозторғай» ән үйірмесі, «Алтын-Арай» би үйірмесі, «Тұмар» ұлттық би үйірмесі, «Домбыра-дастан» домбыра үйірмесі, «Мұрагер» фольклорлық балалар ансамблі, «Ғибрат» жыр-терме үйірмесі, «Ерке» балалар хоры, «Алтын-Арай» вокалды аспапты ансамблі, «Яксарт» этно-рок ансамблі, «Жас толқын» көркемсөз үйірмесі, «Қорқыт сазы» қобыз үйірмесі, «Жігер» этно-фольклорлық тобы, «Балдәурен» балалар драма үйірмелерінің ықпалы зор. Мәдениет үйіндегі үйірме жұмысының нәтижелерін, аудан, облыс, республика көлемінде өткізіліп жатқан мәдени шаралар мен байқау-конкурстардан байқауға болады. Атап айтар болсақ, биыл балалар мен жастар шығармашылығына арналған «Жұлдызды жұп» ретро ән орындаушыларының облыстық байқауына «Бозторғай» ән үйірмесінің жас өнерпаздары қатысып, жүлделі орындарды иеленсе, Қызылорда қаласында өткізілген «Биле, биле» атты облыстық бишілер байқауына «Алтын-Арай» би ансамблі қатысып, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, «Бозторғай ХХҮІ» облыстық балалар шығармашылығы байқауында «Алтын-Арай» би ансамблі жүлделі І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алса, «Тұмар» ұлттық би тобы мен «Эверест» би тобына жүлделі ІІ орын бұйырды.
Өнерпаздар бұл жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алда болатын байқауларда да үздік нәтиже көрсететініне сенім мол.
Мәдениет үйі жанында халықтық атағы бар үш ұжым жұмыс істейді. Соның бірі халық театры Е.Төлейбайдың «Жеңгетай» қойылымын облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс тұрғындарының назарына ұсынды.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын елімізде ғана емес, түркі елдерінде тойлау жоспарланған. Халық театры да қоғам қайраткерін ұлықтау мақсатында, Р.Отарбаевтың «Темір Нарком» тарихи драмасын сахналайтын болады. Қазіргі таңда ұжым дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің алғашқы қарлығаштарының бірі, ұжымда еңбек сіңірген жерлес ағамыз Жұмабек Аққұловтың 80 жылдық мерейтойына орай «Жыр-ғұмыр» атты облыстық жыршы-термешілер байқауын өткізу жоспарлануда.
Алдағы уақытта да мәдениет үйі жас өнерпаздарды, дәріптеу, аудан мәдениеті мен өнерін ілгерілетуде жаңашылдықпен жұмыс жасай береді.
Сұқбатыңызға рақмет!


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!