Қызылорда облысы, Сырдария ауданының тумасы Азиза Іздіқұлова – мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Облыстық филармония жұмысының көркемдік деңгейін арттыруға үлес қосып, репертуар таңдаудағы талғампаздығы, концерттер мен гастрольдерді ұйымдастырудағы ұшан-теңіз еңбегі шығармашылық ұжымды жаңа деңгейге көтерді. Оның бастамасымен әртүрлі жанрдағы концерттер саны артып, әртістердің кәсіби өсуіне жағдай жасалды.

Азиза Гәжденбекқызының 30 жылдық еңбегі – мәдениет пен өнерге адалдықпен, жауапкершілікпен қараудың нағыз үлгісі. Мереке қарсаңында Қызылорда облыстық филармониясының режиссері, Мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұловамен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Азиза ханым, ең алдымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймыз! Барлық сұрақты балалық шақтан бастайықшы. Әнге, жалпы өнерге неше жасыңыздан бастап қызығушылық таныттыңыз?

– Мәдениет, өнер деген дүниені бала кезімізден түсіндік пе білмеймін, бірақ сол бала күнімізден ән салдық. Менің әке-шешем шопан кісілер болған. Әр төбенің басында «үшағаш» деп аталатын белгі болатын. Сол жерге шығып, құлашымызды сермеп тұрып, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Алла Пугачева, София Ротару секілді небір керемет әншілердің әндерін орындайтынбыз. Нешінші сынып екені нақты есімде жоқ… Бәлкім, мектеп табалдырығын енді аттаған кезім болар, үйде домбыра бар еді. Әпкелерім сол домбыраны ойнағанда қызығып жүріп, мен де шертіп бастадым. Содан бастап домбыра тартуды үйрендім. Музыка тілімен айтқанда аккордтарын тауып баса алған екенмін.

Анамыз марқұм ерте дүниеден өтті. Бізге апамыз, яки әкемнің туған қарындасы қарасты. Мектеп бітіргенімде сол апам менің педагогикалық институтта оқығанымды қалады. Бірақ мен көнбедім. Мұғалім бола алмайтынымды айттым. Әпкем музыкалық колледжде вокалда білім алатын. Бірге оқитын қатар құрбылары үйге келіп, пианиноға отырып ән шырқағанда қатты қызығатынмын. Мен негізі орыс мектепте білім алдым. Алғашында төрт жыл интернатта оқыдым. Ол кезде №1 Ю.Гагарин атындағы қазақ мектебінде малшылардың балалары білім алатын. Төртінші жылы оқуда жүргенімде анам дүниеден өткен соң денсаулығым сыр бере бастады. Сөйтіп мені ауылдағы орыс мектебіне ауыстырды. Әпкеме қызығып жүріп іштей шешім қабылдап, мен де музыкалық білім алғым келетінін апама айта бастадым. Апам маған вокалға емес хор дирижерлығына оқуға түсуді насихаттады. Расында да мектеп қабырғасында жүріп өзім хор құрамында ән айтатынмын. Мені педагогикалық институтқа оқуға түсірмек болып жүргенде музыкалық учелищенің емтихан тапсыру уақытынан кешігіп қалдым. Педагогикалық институтта білім алуға тіпті құлқым жоқ. Ақырында екеуінен де қағылдым. Сөйтіп бір жыл қырманда зертханашы болып жұмыс істедім. Кейін құрылыста да сылақшы-сырлаушы болып еңбек еттім. Сол уақытта ауылда қарқынды құрылыс жүріп жатқан кезең еді. Бір жыл тынымсыз еңбек етіп тапқан қаражатымның басын құрап, келесі жылы «хор дирижеры» мамандығы бойынша музыкалық учелищеге оқуға түстім.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Мәдениет майданына қадам басқан алғашқы жылдарыңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Мен мектеп бітірген жыл кеңес одағы тарауымен тұспа-тұс келді. Еліміз еркіндік алып, енді аяққа тұрып, өз теңгесін шығарып жатқан кезең болатын. Халық қиын жылдарды бастан өткеріп жатқанда біз студент едік. Расында да жұртпен бірге көп қиындықты көрдік. Музыкалық учелищені тәмамдаған соң бірден жұмысқа орналастым. Ауылда «Гүлдәурен» атты балабақша болатын. Басшысы учелищеге хат жазып, мені балабақшаға көркемдік жетекші ретінде жұмысқа қабылдайтынын айтып, хабардар етті. Солай оқуымды аяқтай сала ауылға беттедім. Бірақ балабақшада балалармен аз ғана уақыт жұмыс істедім. Себебі құлдырау кезеңі жүріп жатқан шақта балабақшалар да жабылды. Сонан соң ауылдағы клуб үйіне жетекші болып жұмысқа орналастым. Кейін жаңа заң бойынша ауылдардағы клубтар түгел «Мәдениет үйі» статусын алып, мәдениет үйінің директоры қызметін атқардым.

Тасбөгет – Сырдария ауданының орталығы болатын. Біздің тікелей басшылық осында еді. Мені концерттерге қатысуға жиі шақыратын. Тасбөгетте «Мереке» атты ансамбль бар. Бірі вокалды-аспапты ансамбль болса, екіншісі әзіл-сықақ отауы. Осы кісілермен бірге концерттерге қатысатынбыз. Ол кезде маман жетіспегендіктен, автоклубтың, ауылдық клубтардың мамандарын түгел жұмылдыратын. Орталыққа жиналып, концерт беретінбіз. Кейін ауылдық клубтан Сырдария аудандық мәдениет үйіне ауыстым. Баспана болмаған соң, құрбылардың үйіне қоныстандық. Сырдария ауданына қарасты барлық ауылды аралап, концерт өткізетінбіз. Сол жылдардың қиындығы айтуға да ауыр. Бір ауылда су болмаса, енді бірінде жарық, бірінде жылу жоқ. Мәдениет үйлері тіпті құлдырап кеткен кезең еді. Жылуы жоқ мәдениет үйлерінде пеш жағып отыратын. Сап-салқын залда көрермендер қалың сырт киіммен отырғанда біз сахнада жұп-жұқа көйлекпен өнер көрсететінбіз. Елді мекендерге жеткізетін көлік табылмайды. Көлік табылған күннің өзінде жанармай табу екіталай болатын. Гастрольдік сапарларға «таблетка уазиктермен» шығатынбыз. Тіпті кейде ағайларымыздың «москвич» маркалы көліктеріне тиеліп алып кете беретін едік. Өзі жүріп болмайтын, итеріп оталдыратын көліктер көптің есінде шығар. Сол кезеңде бізде алып бара жатқан табыс та жоқ. Халықтың да тұрмысы ауыр болғаны соншалық, концертке тиын таба алмай, орнына жұмыртқа, айран ұсынып кіргеніне де куә болғанбыз.

Рас, мәдениет саласында жағдай болмады. Мен кейін облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығында продюссерлік бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген уақытта осыған көзім жетті. Мәселен, Арал ауданына қарасты 22 ауылдық клубты аралап шыққанда, сөздің шыны керек, мүлде жағдай жасалмаған еді. Қазір қарасаң соның бәрі ертегі секілді. Не жағдай болса да бас тартпай, әрі қарай мәдениет үйі болып жұмысын жалғастырып кетуі осы ауылдарда мәдениетте жүрген қыз-жігіттердің еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Олардың еңбегі көбіне ескерілмей, назардан тыс қалып жатады.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Талантыңызды танып, оны шыңдауға үлес қосқан, бағыт-бағдар берген «ұстазым» деп кімді айтар едіңіз?

– Мәдениет саласында әнді де айттым, биді де биледім, аспаппен де ән салдық, әзіл-сықақ театрында да өнер көрсеттім. Мені барлық қырымнан ашып, өнерге баулыған ұстазым – Тілеген Бекарыстанов есімді ағамыз. Тілеген Ысқақұлы жалпы осы мәдениет пен өнер мектебінен өткізді мені. Екінші жоғары оқу орнын «Өнертану» мамандығы бойынша тәмамдадым. Біздің өңірде нағыз режиссер маман жоқ. Театр, драма режиссерлерін емес, концерттік режиссерлерді айтып отырмын. Әрине, ағайларымыз болды, Шайтұрсын Әбдібаев ағайымыз, Жеңіс ағайымыз қоятын. Ал хареографияда марқұм Болат Қаржаубаев есімді жігіт болды. Осындай кісілер жұмыс істейтін.

1995-1998 жылдар аралығы болуы керек, өнерпаз қыз-жігіттер бірге сценарий жазамыз, шулап жүріп дайындаламыз. Сырдария ауданында керемет таланттар болды. Мысалы Сәбит Ұлықпан осы күні де «Мереке» тобында өнер көрсетіп жүр. Айнаш Жүрсінова, Гүлсім Ибраева есімді ғажап әнші қыздар бар еді, бүгінде өнер саласынан алыстап кетті. Айгүл Алшынбекова есімді құрбымыз бар, қазіргі уақытта Астанада мүлде басқа салада қызмет етіп жатыр. Ешқандай дайын мәтінді қажет етпейтін, көрерменді өз сөзімен-ақ үйіріп әкететін нағыз конферансье болатын. Барлығы Тілеген ағайдың мектебінен өтті. Осындай командамен кәсіби деңгейде жұмыс істедік. Сахнадағы қателік кешірілмейді. Әр концерт аяқталған соң міндетті түрде талдау жасалады. Кеш барысындағы кем-кетігіміз айтылып, жақсы тұсымыз да талқыланады. Ал бүгінгі уақытта концерттен кейін мұндай талдау жасалмайды. Мәселен, өзім концерт барысында кеткен қателіктерді жазып қоямын, бірақ көп жағдайда айта бермеймін. Себебі қазір өнерпаздар жасаған талдауыңның өзін сын деп қабылдайды. Шын мәнінде бұл сынау емес, алдағы уақытта осы қателіктер қайталанбауы үшін айтылатын һәм айтылуы керек дүние.

1999-2000 жылдары Сырдария ауданы тарқаған соң біз қалаға ауыстық. Ол кезде ауданаралық жарыс көп ұйымдастырылатын. Фестивальдер, әншілердің байқауы жиі өтетін. Аудандарда қанша мәдениет қызметкері бар, барлығы бір-бірін таниды. Сайыста жеңсе де, жеңілсе де бірін-бірі қолдап-қолпаштап, іс- шара сондай позитивті деңгейде өтетін.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Облыстық филармониядағы қызметіңіз қай жылы басталды?

– Қалалық мәдениет үйіндегі көркемдік жетекші қызметінен облыстық филармонияға 2008 жылы ауыстым. Нағыз жұмыс осында басталды десем болады. Ол кезде ұжымда адам өте аз. Күлән апам бастаған эстрадалық орындаушылар бар. Қателеспесем алты қыздан құралған «Томирис» би-ансамблі бар. Жалпы 2009 жылдан бастап филармонияда жаңа өнер ұжымдары құрыла бастады.

2014 жылы көркемдік жетекші штатын алып тастаған соң мені директордың көркемдік жұмыстар жөніндегі орынбасары штатына ауыстырды. Осы аралықта әкімдер ауысты, басшылық өзгерді. Камералық оркестр, одан кейін симфониялық оркестр құрылды. Хор ұжымы жұмысын бастады. Кеше жақында би ұжымы ашылды. Филармонияның жұмысы алға басып, кеңейе түсті, ғимарат берілді. Бұл филармония тарихындағы үлкен бір өрлеуі, кәсіби деңгейге көтерілуі.

Осы ғимаратқа келерде көп жұмысты жолға қойдық. Мысалы, филармония құрамының кәсіби деңгейін арттыруға үлкен жұмыстар жасалды. Шеберлік сағаты, гастрольдер, меморандумдар арқылы өзге филармониялармен тәжірибе алмасу секілді, айта берсең бір кітаптық дүние жазылатын жұмыстар атқарылды.

Мендегі қағида – қолда бар нәрсенің қадірін білгенді дұрыс санаймын. Әлдекімдер ұжымдағы өнерпаздарды қажет не қажет емес деп бөліп- жарып, баға беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Әр өнерпаздың өз орны, өзінің ашылмаған қыры бар. Оны ыңғайына қарай жарата алмасаң өз кемшілігің. Бірақ кейде бұл іс өнерпаздың өзіне де қажет болмай тұрады. Осы нәрсеге қарным ашады.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Орынбасарлық қызмет пен режиссерлікті қатар атқару оңайға соқпаған болар?..

– Әрбір шығармашылық ұжымға, мейлі ол үлкен филармония болсын, мейлі ол шағын мәдениет үйі болсын, онда міндетті түрде режиссер маман болуы керек. Не үшін? Бұл маман осы жұмыстың барлығын рет-ретімен жүзеге асыратын, кез келген идеяның басында тұратын адам. Осы маман өте тапшы. Қай концерт болмасын режиссерлігін өзімнің директор орынбасары қызметіммен қатар атқарып жүрдім. Бірақ бұл ресми болып саналмайды. Маман жоқ болған соң көлеңкеде қалып жұмыс атқаруға тура келді. Әлдебіреуге барып, концертті жасап бер деп айтқан күннің өзінде ол үлкен қаражат талап етеді. Қашанғы сырттан режиссер шақырамыз…

Бұл жұмысты мен үлкен тәжірибемен, 30 жылда меңгердім. «Концерт режиссері қалай жұмыс істеуі керек? Қандай тақырыптарды ашуға болады? Көрерменге қандай концерт қызық?» деген ойлармен үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Бірақ «мынау қызық болады екен» деп жаңадан шыққан әр трендті қуалап, хит әндердің соңында кете беруге болмайды. Біздің басты міндетіміз көрерменді рухани тұрғыда дамытатын жоба жасау. Әр концерттің айтар ойы, мазмұны болуы керек. Біз осы арқылы тәрбиелейміз. Келген көрермен эстетикалық тұрғыда рухани демалыс алып қайтуы керек. Бізде бір ғана бағытта жұмыс жасайтын концерттер өте көп. Бұл – қате дүние.

Барлығының тезисін жасап, жоспарлап, көрерменге жеткізу үшін режиссер жұмыс істеуі керек, мықты сценарист болуы қажет. Директор орынбасарлығымен қатар концерттердің сценариін де жазып, режиссурасын да жасап жүре бердім. Бірақ нәтижесінде қатты шаршағанымды түсіндім. Бір күнде бір емес, қатарынан бірнеше концертті дайындау өте ауыр жұмыс. Оркестр концерті, фольклорлық ансамбльдің концерті, бишілердің, эстрада өнерпаздарының, жеке, жұптасып, топтасып беретін концерттер бәрі-бәрі айналып келгенде сценарийсіз, режиссерсіз өтпейді. Осының бәрін қатар алып жүргенде сөздің шыны керек, соңғы он жылда өзімді энергиялық тұрғыда тауыстым десем болады. Директор орынбасары ретінде мұнда да жауапкершілік бар. Басшылық құрамда болған соң ұжымдағы жағдайлар, ішкі мәселелер, жоспарлар бар. Бұл шектен тыс жүктемелер маған ауыр болды. Осының бәрін саралай келе не орынбасарлықты, не рижиссерлікті таңдау керек болды.

Әлемде пандемия жүріп жатқан кезеңде көп жұмыс атқардық. Үрей үстіндегі халықты сабырға шақыру үшін өнерпаздар жұмыла кірісті. Бәрінен бұрын осы іс-шараларды ұйымдастыру оңай болмады. Психологиялық тұрғыда да, техникалық тұрғыда да ешқандай дайындығымыз жоқ. Арамыздағы қызметкерлер де сол дерттен қайтыс болып жатты. Алдыңғы аға буын, мүйізі қарайғайдай майталмандардан айырылып қалдық. Сөйте тұра абдырап қалмай, жағдайды бақылауда ұстадық. Әр шығармашылық ұжымға лайықтап бірнеше онлайн рубрика ұйымдастырдым. Сонда өнерпаздар тапсырманы өз үйлерінде отырып түсіріп, монтаждап, бір-бірімізбен тек әлеуметтік желі арқылы ғана байланыс орната отырып, көп жұмыс атқардық. Сол уақытта қажығаным сонша өзіме «осы кезеңнен аман-есен шықсақ, қызметімнен ерікті түрде бас тартып, қарапайым өнерпаз болып қаламын» деп уәде бердім. Шындығында өнерге ән айтып келген жанмын, әншілікке бет бұрамын да бұл жұмысымды қоямын деп шештім. Мұның барлығы бес жыл бұрынғы оқиға. Індеттің беті қайтып, ел ішінде жағдай түзеле бастағанда басшылықтан мені режиссерлікке ауыстыруын сұрадым. Дегенмен басшылық филармонияның енді ес жиып жатқанын алға тартып, жолға қоятын жұмыстар бар екенін меңзеді. Кейін жаңа ғимаратқа көшетінімізді естігенде әлгі ойымды тағы білдірдім. Себебі жас қосылған сайын уақыт өзінікін алады. Бұрынғыдай барлығын бастап, алға сүйреп жүретін күш-жігер менде азайып бара жатқанын ұқтым. Бірақ басшылық бұл жолы да кейінге қалдырды. Былтыр жаңа ғимаратқа келіп орналастық. Орынбасарлық қызметті тапсырғым келіп, жұмыстас білікті музыкант жігітке қолқа сала бастадым. Өзара келісіп, басшылыққа ұсыныс жасадық. Ұсынысымыз қолдау тапты. Сөйтіп режиссураға ауыстым да, шығармашылыққа бет бұрдым.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Жеке шығармашылығыңызға ден қойып, орындауыңызда жаңа әндерді жарыққа шығарып жүрсіз. Талғамыңызға сай туындыларды іздеп табасыз ба, әлде арнайы жаздырасыз ба?

– Болатбекова Жанар есімді құрбымыз бар. Ол да отыз жыл өнерге қызмет еткен мәдениет саласының майталманы. Қаншама жұмыстарды бірге атқардық. Қалалық мәдениет үйінің директоры болып жұмыс істеді. Нағыз өз ісіне адал, іскер жан. Жанардың ән жазатын қабілеті бар. Ақын жерлесіміз Асылзат Арыстанбекті көпшілік атпай-ақ танитын болар, ғажап ақын. Осы ақын мен сазгер тандем құрып, әдемі әндерді дүниеге әкеле бастады. Қызылордада шығармашылық кеш жасап, маған орындауға екі ән берді. Бұрын ән айтқанымды Жанар жақсы біледі. «Азизадай әнші болсақ деуші едік, неге әннен алыстап кеттің? Мына әнді өзің орындашы» деп ұсыныс білдірді. Шұғыл түрде өнердегі достарыма хабарласып, әннің аранжировкасын жасатып, сахнаға шықтым. Осылай әншілікке бет бұрып, жеке шығармашылығымда үлкен жаңалық орын алды.

Шынымды айтайын, «маған осындай туынды керек» деп ән іздеген емеспін. Жалпы маған өзге біреудің репертуарындағы дүниені қайталап орындау ұнамайды. Орындайтын әнім өз өміріммен байланысты болуы керек. Арнайы жазылған туынды болмаса, бұған дейін концерттерде орындаған әндер мені қанағаттандырмайтын. Себебі оны менен бұрын басқалар жарыққа шығарып, ел тыңдап, танылып қойған туындылар еді. Ол әнді керемет етіп орындап жүрген әншілер бар. Олардан асырып орындамаған соң, қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Ән жазарда Жанар мен Асылзатқа өз ойымды айтамын. Бірақ толыққанды менің идеяммен жазылады деуден аулақпын. Қыздар өздері менің болмысыма, тағдырыма қатысты етіп жазады. Бүгінде орындап жүрген әндерімнің ешқайсысы жайдан-жай туған шығарма емес. Барлығы ғұмырыма қатысты әндер. Соның ішінде «Бір шырақ» атты әнді ерекше атап өткім келеді. Бұл ән – менің өмірімдегі ең үлкен трагедия мен ең үлкен қуанышты тоғыстырған туынды. Жеті жасымда жеті бірдей бауыр болып анамыздан айырылып қалу – мен үшін ғұмырымдағы ең үлкен қасірет. «Анам нені жақсы көрді, қалай киінуді ұнататын, қандай сөздерді жиі айтатын, қалай ұйықтап, қалай оянатын, қай іс-әрекетім не мінезім оған ұқсайды екен» деген сұрақтар мені өмір бойы мазалап келеді. Анамның көп суреті де жоқ. Сәби күнімде фильмнің үзінділері секілді көз алдымда сақталып қалған бейнесін қайта-қайта еске алып тұрамын. Оның өзі жылдар өтіп, жас ұлғайған сайын бұлыңғыр тартады екен. Елдің айтуынша мен әкеме ұқсаймын. Дегенмен жүз пайыз ұқсауым мүмкін емес қой. «Анама да ұқсайтын тұстарым бар шығар, сол қай тұсым екен» деп жиі ойланамын. Бұл сұрақтар мен үшін өте маңызды. Генетикалық тұрғыда анаммен қандай ұқсастығым бар екенін білгім келеді. Кейде біреулер «осы бір мінезім шешемнен айнымайды» деп айтып отырады, мен олай айта алмаймын мәселен. Ал ең үлкен қуанышым өмірімде қызымның пайда болғаны. Құдайдан сұрап алған перзентімді күнде ұйықтар алдында міндетті түрде маңдайынан сүйіп, шүкір айтамын. Сондықтан «Бір шырақ» атты әнім – мен үшін қымбат туынды.

Жанар мен Асылзат жазып берген туындылар ішінен бүгінде алты әнді жарыққа шығарып, концерттерде орындап жүрмін. Өзім осы әндерден рухани ләззат аламын. Тың идея туындап, өмірге басқа қырынан қарауға әннің септігі көп. Сенімділік пен серпіліс сыйлайды. Алдағы уақытта жанды дауыста шығармашылық концертімді бергім келеді. Қазір соған жұмыс жасап жатырмын.

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Осы отыз жыл ішінде қанша концертке режиссерлік жасадыңыз? Шабытты қайдан аласыз?

– Күні бүгінге дейін қанша концерт жасағанымды санап айтып бере алмаймын. Мысалы, бір жылдық жоспарымызда 240 шараға дейін өтеді. Соның 99,5 пайызының сценариін дайындап, режиссурасын жасайтын өзім. Сондықтан нақты санын айта алмаймын. Дегенмен осы кейінгі екі-үш жылдың көлемінде сценарист штатына адам қабылданды. Қазір осы сценаристпен ақылдаса отырып дайындаймыз. Қай жерде не айтылуы керек, жалпы концепциясын құрып беремін. Сол бойынша мәтінін жазып шығады. Шындығында жауапкершіліктің басым салмағы маған артылған.

Концерт жасағанды жаным сүйеді. Оның ауыртпалығын, одан қаншалықты шаршайтынымды жақсы білемін. Кейде осынша еңбектенуге татиды ма деп ойланамын. Бірақ концерт барысында қаншама өнерпаз сахнаға шығып, елге рухани ләззат сыйлап жатқанда менің де жан-дүниемде айтып түсіндіре алмайтын қуаныш орнайды. Мейлі сахнаның артында назардан тыс жүрейін, мейлі атым аталмаса да бұл маған үлкен серпіліс сыйлайды. Себебі осынау шара үшін қанша жұмыс істегеніңді жүрегің біледі. Мысалы оркестрде 60 адам отырады, бірақ сол оркестрдегі әрбір адам өзінің маңызды екенін сезінеді. Сол секілді менің де мұндағы рөлімнің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін.

Өзгелер шабытты, идеяны демалыстан алуы мүмкін. «Үзіліс жасап, тынығып келсем идея туындайды» деп жатады. Менде керісінше, демалғанның өзінде уақытты босқа өткізгендей шаршап қаламын. Адамдармен әңгімелесу барысында, галереяда сурет тамашалағанда, кітап оқып отырып немесе ән тыңдағанда түрлі идея туындайды.

– Көрерменнің көз алдындағы өнерпаздар танымал келеді. Режиссерлер ше?..

– Жалпы өнерпаз сахнаға шығып өнер көрсетуі үшін көпшілікке көрінбей, сахна сыртында қызмет етіп жатқан қаншама маман бар. Олар, мысалы, стейджмендер дейміз, жарықпен, LED-пен, музыкалық аппаратпен жұмыс істейтін техник мамандар, әдіскерлер, музыкалық жетекшілер, көркемдік жетекшілер, балетмейстерлер, т.т. осындай қаншама маман сахна сыртында еңбек етіп жатыр. Дегенмен қай концерт болсын режиссердың есімі аталуы керек деп ойлаймын. Аталғанда да аты-жөнін айтып, сахнаға шығаруға түбегейлі қарсымын. Себебі бұл спектакль емес, концерт. Сөздің шыны керек режиссерлердің аты аталып, халыққа таныстырмағандықтан сахна сыртында қалып қоя береді. Бір қуантатыны бүгінде ұйымдастырылған концертті соңынан әлеуметтік желіге жариялап, режиссердің есімі ескеріліп жатады. Ал театрлар әу бастан-ақ хабарландыруға режиссерды міндетті түрде жазады. Қойылым соңында да әртістер режиссерды хормен ортаға шақырып, құрмет білдіреді. Сондықтан театр режиссерлері ел ішінде кеңінен танымалдыққа ие. Олардың жұмысын біздің жұмыспен салыстыруға келмейтін де шығар. Сайып келгенде бірін артық, бірін кем деп айтуға болмайды. Екеуі де үлкен қажыр-қайратты талап етеді.

Шынымды айтсам, маған театрмен жұмыс істеген ұнайды. Балалардың қатысуымен бірнеше жоба жасадым. Көрермен назарына қойылымдар ұсындық. Жасаған жұмысымды тізбектеп, тау қопардым деп айтудан аулақпын. Бірақ отыз жылдың ішінде көп жұмыс атқарғанымды жақсы білемін. Оның барлығы үлкен жүк, жауапкершілік. Тіреп тұрған әкем не көкем, танысым болған емес. Барлығына өзімнің маңдай теріммен, Жаратқанның дарытқан өнерімен және 99 пайыз еңбекпен жетіп келе жатырмын. Сондықтан шүкір айтамын!

Азиза ІЗДІҚҰЛОВА: Режиссура - сахнадағы үйлесім шеберханасы

– Сұхбатымызды қорытындылай келе, өзіңіздей білікті режиссер болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Шеберлік сағатын өткізуге қалай қарайсыз?

– Уақыт жоғалтпау керек. Ізденіс керек. Кейінге қалдырмай, бүгін жасау қажет. Бүгін істеген ісіңнің нәтижесі араға жылар салып саған жұмыс істейтін болады. Имидж қалыптастыру керек. Ол жай ғана жылтыраған сөз емес, артында таудай еңбек тұруы тиіс. Қазір байқасам креативті ойлана алатын талантты жастар өте көп. Бірақ мейлі әнші болсын, мейлі биші болсын бұл нәрсенің уақытша екенін ұмытпауы керек.

Орныңды алмастыра алмайтындай мықты тұлға болу керемет шығар. Бірақ орныңды баса алатын адамды өзің тәрбиелейтіндей тұлға болуың керек. Өнер саласындағы кез келген адам ізінен еретін шәкірт тәрбиелей білуі тиіс. Жаныма келіп, үйренуге талпыныс жасағандардың ешқашан меселін қайтармаймын. Қолыңнан келетін дүниені, білетін біліміңді өзгеге үйретпей, өзіңмен бірге алып кеткеннен өткен жаман нәрсе жоқ. Қанша командамен жұмыс істедім, үйретуден аянып қалған емеспін. Талпынған біреу табылса бұл саланың қыр-сырын көрсетіп, ашып айтып, ертіп жүріп үйретуден жалықпау керек. Тәжірибелік тұрғыда үйрену дегеніміз теориялық тұрғыда үйренуден әлдеқайда бөлек. Осыны есте сақтау керек.

– Әсерлі әңгіме, сүбелі сұхбат үшін алғысымды білдіремін! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сұхбаттасқан Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!