Қай қоғамда болмасын жастардың рөлі қашан да маңызды. Халық даналығындағы әрбір өскелең ұрпаққа қатысты нақыл сөз бен өткір тәлім-тәрбие сөзімізге дәлел. Мемлекеттің қозғаушы күшіне айналған жасөспірімдердің бүгінгі әлемге деген көзқарасы өзге, түсінігі бөлек. Осы орайда қазіргі жастарға қатысты философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиевпен әңгіме-дүкен құрған едік.

Расында заман өзгерген сайын,өмір заңдылығына сәйкес адамдардың да таным-түсінігі өзгеше рең алғаны рас. Ұлт үмітін ақтаған бозбала мен бойжеткеннің рухани, моральді тұрғыда қалыптасқан құндылықтары елдің болашағына тікелей әсер етеді. Дегенмен қазір атап өткен құндылықтардан құралақанбыз ба? Өткенге көз жүгіртсек, нендей дүниені ұғамыз, ал неден кендеміз?

– Өткеніміз бен келешігіміздің алтын дәнекері болып отырған бүгінгі жастың тәрбиесі – қашан да елді толғандыруы тиіс өзекті мәселе. Бұл әрқашан қоғамды алаңдататын жайт және уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, жалғасын таба беретіні сөзсіз. Өйткені елдің болашағы – жастардың қолында.

Қазіргі жастар қоғамда белсенді әлеуметтік топ ретінде ерекшеленеді. Әр дәуірдің өзіндік құндылықтары бар болғандықтан, бұрынғы мен бүгінді салыстыру қиын.

Кеңес дәуірінде жастарға білім алуға, жұмыс істеуге мүмкіндіктер берілгенімен, олардың саяси белсенділігіне кейбір жағдайларда шектеу қойылғаны рас. Себебі ол кездегі жүйе тоталитарлық сипатта, жеке басқа табынушылық пен жабық қоғам жағдайында болды.

Қазіргі жастар – бақытты ұрпақ дер едім. Бұлай деуіме себеп көп. Жаңа буынның жасқанбай білім алуына, еш қысымсыз, пікірін ашық айтуына, қоғамда өзгеріс тудыруға көп мүмкіндік қарастырылған. Кез келген саланың есігі ел жасөспірімдері үшін айқара ашық және қолжетімді, – дейді кейіпкеріміз оралмас шаққа көз жүгіртіп.

Жастарға еңбекқорлықтың маңыздылығы әрқашан айтылып келеді. Қоғамда өз орныңды табу үшін ең алдымен табандылық пен тынымсыз тірлік қажет. Тек ерінбей еңбек етіп, үздіксіз өз білімін жетілдіріп отырған тұлға ғана табысқа бір табан жақын болады. Бұл орайда жастардың тек материалдық байлыққа ұмтылмай, рухани дамуына да көңіл бөлуі өте маңызды.

– «Жастарға ең алғаш нендей дүниені қалыптастыру керек?» десе, ойланбастан еңбекке деген сүйіспеншілікті дер едім. Жастар тынбау керек. «Адамды адам қылған – еңбек» демекші, өскелең ұл-қыздарымыздың болмысына болаттай сіңуі керек дара қасиет, – деп еңбектің маңызын атап өтті ф.ғ.д. Баймырза Қожамберлиев.

Ел демократиясын нығайту мен дамушы елдердің қатарында топ бастауымыз үшін саяси білім мен осы бағытта белсенділік танытудың айрықша орны бар. Қазір озық технология бәрімізге қолжетімді. Ал осы ресурсты қолдану арқылы «мықты саяси иммунитет» қалыптастыруға болады.

– Саяси оқиғалар елімізде жиі орын алатын құбылыс. Күні кеше АЭС-ке қатысты референдум өтті. Бұған дейін де Президент сайлауы, партия сайлауы секілді ірі саяси маңызы бар науқандар орын алды. Мұндай оқиғалардан да жас өрендер шет қалмауы тиіс, себебі мұндағы басты мәселе – халық тағдыры. Әрбір саяси шешім халықтың жағдайына тікелей әсер ететіні белгілі. «Немқұрайлылық» таныту келешекті құрдымға жіберетін қатер. Ал жастар бұл ұғымды тамырымен жойып, кез келген ел мәселесіне жанашырлықпен қарауы керек.

Білім саласына ойыссақ. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген халық нақылы жастарды білімге баулудың маңызын айқындайды. Өмірдегі жетістіктерге қол жеткізудің негізгі кілті білім екенін түсінген жас әрдайым оқуға, ізденуге және өзін-өзі дамытуға тырысуы тиіс. Себебі елдің дамуы, әлемдік аренадағы орны да білімді, бәсекеге қабілетті жастардың арқасында нығаяды, – дейді профессор.

– Тәуелсіздік алған жылдардан кейін «Болашақ» бағдарламасы қабылданды. Бұл жоба арқылы Қазақстандағы мыңдаған бозбала мен бойжеткен шетел асып, ең ірі деген ЖОО-ларда білім алу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтатын болсақ, «Oxford», «Cambridge», «Harvard», «Stanford» секілді алпауыт білім ордаларының қауқарын сезінуге жағдай жасалды. Тек білім алып қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге, шетелдік жастармен тәжірибе алмасудың қолайлы сәті түсті. Шетелдік данышпандармен иық тіресе, тіпті маңдайалды бой көтерген жастарымыз да бар. Олар елдегі ұрпаққа идеал болуы керек. Түптеп келгенде саясат та, еңбек те осы білімге келіп тіреледі. Алайда олар бір-бірінсіз мәні жоқ, – деп жас өрендерді білімге шақырды ол.

Философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев білім мен ғылым, еңбек пен саясаттан бөлек, рухани құндылықтардың маңыздылығына тоқталып өтті. «Қазір театр аралап, кітапхана жағалайтын жас аз. Осы олқылықтың орны ойсырап тұр. Аймаққа гастролдік сапармен келетін өнер ұжымдарының қоятын спектакльдері, олардың халыққа жеткізуге тырысатын әрбір туындысында бір сыр болады» деді Баймырза Қожамберлиев сөзін түйіндей келе.

Қоғамның игілігі үшін аянбай еңбек етіп, адамзаттың дамуына өз үлесін қосатын жаңа буын өкілі көп болса екен дейміз. Жалынды жастардың жүрегі әлемге деген махаббатқа, білімге деген құштарлыққа, ақиқат пен адалдыққа толы болса, ел болашағына сеніммен қарары сөзсіз.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!