Бейбіт ОРАЗБЕКҰЛЫ, мұнай-химия саласының ғылыми-техника магистрі,

SinGO фильтр жобасының идея авторы:

Мұнай бағасы қоғам үшін қашанда құн­ды. Бірақ одан алынатын шикізат­ты өңдеу бөлек  мәселе. Салада білікті мамандардың жетіспеушілігі де алаңдатады. Осы тұста жас маман Бейбіт Әбдібекпен саланың болашағы мен назар аударуды қажет ете­тін мәселелер жөнінде әңгіме қозғадық.

‒ Бейбіт, сіздің Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік түлегі екеніңізден хабардармыз. Ғылым мен білімді тоғыстырған мектептегі ізденісіңіз жоғары оқу орнында, тәжірибе алаңында қалай жалғасты? Қазір қандай жобалар бойынша жұмыс істеудесіз? Әңгімемізді салаға қадам басқан сәтіңізден бастасақ…

‒ Мұнай-химия саласына келгеніме жылға жуықтады. Бұл сферада сол уақытқа дейін жұмыс істеп көрмедім әрі менде тәжірибе де болмады. Бірақ мамандығыма деген қызығушылығымның арқасында саланы зерттеуге құштарлығым артты. Өзіңіз білесіз, Қызылорда қаласында мұнай өңдеу, мұнай өнімдерінен материал дайындау төмен деңгейде, бізге Атырау, Ақтөбе қаласындағы жоғары инфраструктура жетіспейді. Қазіргі таңда осыны егжей-тегжейлі зерттеу үстіндемін, оған қоса ғылыми-педагогикалық бағытта жобалар жасалуда.

‒ Суды тазалайтын SinGO фильтр жобасын жасауға идея қайдан келді және бұл құрылғының мүмкіндіктері қандай?

‒ Бұл жобаны бастау, зерттеу жұмыстарын жүргізу тікелей ғылыми жетекшіммен байланысты болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми жетекшім, профессор Азат Сейітханмен бірге Алматы қаласындағы барлық ауыз суға зерттеу жүргіздім. Тынымсыз еңбек пен білімді талап ететін ізденіс нәтижесінде су тазалығы өте нашар, ішуге жарамсыз екенін байқадым. Біз жасап шығарған SinGO су тазалау фильтрлары суды барлық ауыр металдар (Fe,Cu) мен хлордан (Cl) тазалайды. Қазір осы жобаны әрі қарай дамыту жоспарлануда.

‒ Бұл саланың жылдар бойы зерттеліп келе жатқаны белгілі. Десек те шикізат өңдеудің ғылымға беймәлім тұстары қандай?

‒ Дұрыс айтасыз, мұнай-химия саласы толық зерттелген сфераның бірі. Бізде мұнай өңдеу аппараттарының жұмыс істеу сатысы стандартты саналады. Өкінішке қарай шикізат өңдеу кезінде адам ағзасына көп зиян келеді, олар жұмыс барысында белгілі бір деңгейде улы газдар жұтады, сол себепті сала мамандарының қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлу керек деп ойлаймын.

‒ Мұнайдан шикізат алудың артықшылығы көп. Кемшілігі жайлы не айтасыз?

‒ Иә, мұнайдан 99 түрлі өнім шығады деген  ақпарат бар, сол себепті мұнайды бағалы қазба ретінде қарастыруға болады. Қазіргі таңда елімізде мұнай өңдеу саласында толық дамыған технологиялар қолданылады. Көбіне бізге Қытай және Германиядан технологиялық қондырғылар жеткізіледі, бірақ оларды сатып алу, жөндеу жұмыстары қымбатқа түседі. Сондай-ақ  білікті мамандар жетіспейді. Саланың басты кемшіліктері деп осыны айтар едім.

‒ «Болашақта мұнай қоры таусылуы мүмкін және сала мамандарының жұмыссыз қалу қаупі бар» дегенді айтады зерттеушілер. Сіздің пікіріңіз қандай? Елде мұнай өңдеу ісін жолға қою үшін не істеу керек?

‒ Елімізде мұнай қоры әлі де көп, шамамен 100 жылға жетеді деп болжанған. Әрине, “қара алтын” күннің бір уағында таусылуы мүмкін, сол себепті де ақырындап альтернативті энергия көздеріне ауысудамыз. Бірақ өзге мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы өндіріс әлі күнге артта келе жатыр. Сондықтан тезірек күн энергиясы, жел, су сынды баламалы қуат көздеріне ауысу қажет. Бұл ‒ уақыт күтірмейтін мәселе.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!